Қоғам

Өртсөндірушілер оқиға орнында

Өртсөндірушілер оқиға орнында

Жуырда өрт сөндіру қызметінің диспетчерлік орталығына Жуалы ауданының Әбдіқадыр ауылында орналасқан 1 қабатты амбулаторияның өртке оранғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына Қаратау қаласындағы №12 өрт сөндіру бөлімінен 2 өрт сөндіру автокөлігі мен 4 адамнан құралған жеке құрам шығып, өртті 1 сағаттан астам уақытта толықтай ауыздықтады. Өрт салдарынан амбулатория жанып кетті.

Ал Сарысу ауданының Жаңатас қаласында орналасқан құрылысы аяқталмаған үйдің шатыры өртенген. Оқиға орнына Жаңатас қаласындағы №16 өрт сөндіру бөлімінен 1 өрт сөндіру автокөлігі мен 2 от жауынгері жедел шығып, қызыл жалынды 23 минутта ауыздықтаған. Өрт салдарынан үйдің шатыры және белағаштары жанып кеткен. Бір қуанарлығы, жоғарыда аталған өрт оқиғаларынан зардап шеккендер тіркелмеген. Қазіргі уақытта мамандармен өрттің шығу себебі және келтірілген материалдық шығыны анықталуда. Сондай-ақ облыс құтқарушылары қураған шөп пен қоқыстың жану оқиғасына 2 рет, тұрғындардың құлыптанып қалған үйлерінің есігін ашуға 1 рет, полиция қызметіне көмек көрсету мақсатында 1 рет, тұрғын үйден жыланды шығару жұмысына 1 рет жедел шыққан. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті облыс және қала тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға және төтенше жағдайларға жол бермеуге шақырады. Өрт немесе төтенше жағдай туындағанда шұғыл түрде 101 және 112 телефон нөмірлеріне қоңырау шалуды ескертеді. 3 қазанда сағат 14:44-те 101 пультіне Тараз қаласы, «Қарасу» ықшамауданындағы 4 қабатты тұрғын үйдің пәтерлерінің бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына жедел түрде 14 техника мен 50 адамдық жеке құрам жөнелтіліп, өртсөндіруші-құтқарушылар жедел түрде үй тұрғындарын эвакуациялауға кіріседі. Өртсөндірушілердің жедел әрекетінің нәтижесінде 50 адам, оның ішінде 20 бала эвакуацияланды. Өкінішке қарай, барлау барысында өртсөндірушілер төртінші қабатта 1981 жылы туған ер адамның денесін тапты. Ал тұрғындарды құтқару кезінде жеңіл дәрежелі күйік алып, Тараз қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғау аға прапорщигі Бекмұрат Сұрабалдиев ауруханаға жатқызылды. Оның жедел әрекеттерінің нәтижесінде екі тұрғын ажал тырнағынан аман қалды. Бөлімшелердің күшімен өрт 3 сағат 20 минутта тоқтатылды. Өрттің себебі мен шығыны анықталуда. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі