Қоғам

АРМАНЫ АСҚАҚ АНЗОР

АРМАНЫ АСҚАҚ АНЗОР

Әлемдегі қатері мен қаупі көп мамандықтың бірі – өртсөндіруші қызметі. Өртсөндіруші болу жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмір арасында арпалысып жүрген батырлардың ерен еңбегі кез келген құрметке лайықты. Өртсөндірушілердің ел үшін атқарып жатқан елеулі еңбегін қалың оқырманға таныстыру мақсатында бүгін біз Тараз қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінде аға өртсөндіруші қызметін атқаратын Анзор Юсупұлы туралы қалам тербемекпіз. Анзор Бешли-оглы Тараз қаласының маңындағы Бурыл ауылындағы қарапайым отбасында дүниеге келген. Жастайынан Анзор әкесіне еліктеп, жылтыраған түймелері бар әскери киімде елімізге қызмет етсем деген қиялға беріліп өседі. Әкесі Юсуп өрт сөндіру саласында бірнеше жыл қызмет атқарған. Юсупты әріптестері мамандығына шынайы берілген жан ретінде жақсы таниды. Бүгінде Юсуп өрт сөндіру саласының құрметті ардагері. «Әке көрген оқ жонар» демекші, арман қуған баласы Анзор да кейіннен мектепті аяқтаған соң Қарағанды қаласындағы құрлықтағы әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтейді. 2013 жылы 22 жасында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметіне жұмысқа орналасып, Шу қаласында, кейіннен Тараз қаласындағы өрт сөндіру бөлімдерінде өртсөндіруші қызметін атқарып, шеберлігін шыңдай түседі. – Кішкентай кезімде әкем форма киіп, жұмысына кеткен сайын қайтып оралуын тағатсыздана күтетінмін. Кейде әкем өзінің жұмыс орнына жетелеп алып баратын. Сонда өскен кезде сіз сияқты өртсөндіруші боламын деп айтатынмын. Сол айтқан сөзім арманымның ақ жалауы болып қалыптасқан сияқты. Бүгінде сөзіме адал болып, өртсөндіруші болып қызмет атқарамын. Әкем тәжірибелі маман болғандықтан алғашында үнемі ақыл-кеңесін беріп отыратын. «Өртсөндіруші болуды өзің таңдадың, енді кейін өкінбейтіндей қызмет жасаңдар. Адал еңбекпен, таза жолмен жүрсеңдер ел алғысына бөленесіңдер. Біреудің тағдыры, өмірі сендердің іс-әрекеттеріңе байланысты» деп айтып отыратын. Әкемнің сондағы айтқан сөзінің мән-мағынасын кейін келе түсіндім. Шынымен де өртсөндіруші мамандығының ауыртпалығы мен қиыншылығы көп. Алайда бізді бұл жолға ешкім итеріп, алып келіп тастаған жоқ. Өзіміз таңдаған жол болғандықтан бәріне өзіміз жауаптымыз. Көпқабатты үйлерден өрт шыққанда бірінші кезекке тұрғындардың қауіпсіздігін қоямын. Қызыл жалын шарпыған пәтерге кіргенде алдың тұманданып, көзің ештеңе көрмей қалады. Қиындықтарға қарамастан адамдарды іздей бастаймын. Егер тауып алған адамым тірі болса, қатты қуанамын. Ал керісінше болса, салым суға кетеді. Қалай болған күнде де айтпағым, бір адамның өмірін құтқарып қалғаннан артық бақыт жоқ, – дейді Анзор Бешли-оглы. Расында да Анзордың бала арманы өзін алдаған жоқ. Кейіпкеріміз қызметке жаңадан аяқ басқанда Александр Павленко, Самат Исмаилов, Мұқтар Жексенбиев секілді бұл жұмыстың қыр-сырын бір кісідей меңгерген өртсөндірушілер тәлімгерлік етіп, бар білген-түйгендерін үйретеді. Ал қазір Тараз қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінің басшылығы оны қызметкерлердің алды деп мақтан тұтады. Еңбек еткен жеті жылдың ішінде Анзор қатыспаған өрт оқиғалары кемде-кем. Мысалы, 2015 жылы Тараз қаласындағы 9 қабатты әкімшілік ғимарат өртке оранғанда Анзор автосатымен жоғары өрлеп, өртті сөндіріп, адамдарды қауіпсіз орынға көшіру жұмыстарымен айналысады. Ал 2016 жылы 5 қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтер өртке оранғанда пәтер балконынан әріптестерімен бірге автосаты көмегімен 5 адамды құтқару жұмысына атсалысады. Мұнан өзге түрлі сипаттағы төтенше жағдайлар мен дала өрттері кезінде өміріне төніп тұрған қауіпке қарамастан әрдайым белсенділік танытып, бірнеше жанның өмірін ажалдан арашалауға үлкен үлес қосады. Анзордың қызметіне адалдық танытып, осындай дәрежеге жетуін жоғарыдағы тәлімгерлердің берген сапалы кәсіби нұсқауының, әкесіне тартқан жігерлілігінің арқасы десек, қателеспейміз. Әрі кейіпкеріміздің қазақшаға судай ағып сөйлейтіні бізді таңғалдырды. – Біз үйде ата-анамызбен қазақ тілінде сөйлесетінбіз. Мектепте де, жоғары оқу орнында да қазақ тілінде білім алдым. Сондықтан да қазақ тілін жетік білемін. Өзіме де қазақ тілінде сөйлеген ұнайды. Әрі барлық мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің қазақша сөйлескені жарасымды болып тұрады деп санаймын. Араласатын қазақ достарым да көп. Олардың кеңпейілдігі, адамгершілігі, қамқорлығы маған қатты әсер етеді. Адам қай салада жүрсе де адалдыққа, достыққа, адал ниетке зәру болатыны шындық. Міне, сондай сәттерде достарыңмен отырып сырлассаң немесе өзара тәжірибе алмассаң сергіп қалатының анық. Өмірде дос тапқанға, біреумен жақсылығыңды бөліскенге жетер ештеңе де жоқ деп ойлаймын дейді, – А.Бешли-оглы. Бүгінде Анзор үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидасын берік ұстанып, әрдайым кішіпейілділік пен елгезектік секілді асыл қасиеттердің үлгісі болып келеді. Ендігі арманы – әкесі секілді иығында жұлдыздары жарқыраған офицер болу. «Талпынған жетер мұратқа» демей ме дана халқымыз. Біз де өз тарапымыздан Анзор секілді талабы зор жастарға әрдайым алдыңа мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында тынбай адал еңбек ете білсе, кез келген жанның алмайтын қамалы жоқ дегіміз келеді. Ендеше егемен еліміздің көк байрағы биіктен желбіреп, туған жерімізде тек бейбітшілік орнап, ұлттар достастығы мәңгілік жасасын! Анзордай еңбегіне адал мамандар көбейсін дегіміз келеді. Шапағат Әбдір