Жаңалықтар

Ас жайлы ақпарлардың ақиқаты

Ас жайлы ақпарлардың ақиқаты

Ғаламторды ашып қалсаңыз, әлеуметтік желіге кіре қойсаңыз жалған ақпараттан көз сүрінеді. Алайда істің ақ-қарасын ажыратпастан кей оқырмандар сондай контенттерге сеніп, байбалам салып жатады. «Енді ертеңіміз не болады?» деген сияқты сауалдармен өз миын өзі ашытып, үрейленіп жүретіндер де баршылық. Жалған ақпараттар айдарында өткен нөмірлерімізде коронавирус жайлы фейктерді тізіп шығып едік, енді күнделікті тұтынып жүрген тағамдарға қатысты ақылға қонымсыз ақпараттарды бір саралап көрсек. «Coca-Cola» сантехникалық сұйықтық па? Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде Қытайда танымал «Coca-Cоlа» газдалған сусыны ресми түрде сантехникалық сұйықтықтар санатына ауыстырылатыны туралы жаңалықтарға қатысты пікірлерін жазуда. Пайдаланушылар бұл сусынды ішпей тұрып жақсылап ойлануға кеңес береді. Бұл қаншалықты рас, тексеріп көрейік. Қытай тілінде «кока-кола», «қытай» және «сантехника» кілт сөздерімен іздеу еш нәтиже бермеді. Бірде-бір ірі қытайлық БАҚ-та немесе ресми сайтта мұндай ақпарат шықпаған. Ал осы сөздерді орысша жазып көрсек, бұл жаңалықтың бастапқы көзі тез табылды. Бұл «Панорама» сатиралық порталы екен. Аталған портал шынайы жаңалықтарды жылына бір рет – 1 сәуірде жариялайды. Дәл осы ақпарат 2018 жылдың 25 тамызында шыққан, яғни бұл – әзіл. Осыған қарамастан, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары сатиралық порталға сеніп, жаңалықты шынайы деп таратқан. Содан бері ол желіде мезгіл-мезгіл талқыланып, қызу пікірталас тудыруда. Мәселен, хабарлама 2018 жылы, содан кейін 2019 жылы талқыланған, енді осы жылы тағы да адамдардың назарын аударды. Олай болса, Қытайда «Кока-Кола»-ның сантехникалық сұйықтықтар санатына енгізілгені туралы ақпарат – желі қолданушылары бес жылдан бері шындық деп келе жатқан әзіл. тағам құрамындағы мРНҚ Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар тағамға мРНҚ вакциналарын қосатыны туралы жазуда. Бұл туралы иммунолог және вакциналар жөніндегі маман, доктор Байрам Брайдл мәлімдеді. Бұл мәлімдеме рас па? Біріншіден, доктор Байрам Брайдл – ветеринар, ол ешқашан адамдарды емдемеген және балаларды немесе ересектерді қандай да бір ауруға қарсы вакцинацияламаған. Екіншіден, доктор Брайдл COVID-19-ға қарсы вакцина әзірлеуге қаражат алған, бірақ ештеңе жасамаған. Оның орнына ол басқа өндірушілердің вакциналарының қаншалықты жаман екендігі туралы айта бастады, олар улы және өлімге немесе емделмейтін аурулардың дамуына әкеледі деп мәлімдеді. Мұның бәрі оның сөздеріне деген сенімге күдік келтіреді. Сонымен қатар тағамға жасырын түрде қосатын мРНҚ вакциналары туралы бұрыннан айтылып келеді. Бұл мәлімдеме конспирологтар мен вакцинацияға қарсы адамдар арасында өте танымал. Бұған дейін фактчекерлер оны бірнеше рет жоққа шығарған. мРНҚ технологиясына негізделмеген жеуге болатын вакциналарды ғалымдар он жылдан астам уақыт бойы әзірлеп келеді. Мұндай препараттар жануарларға арналған зертханаларда сыналды, бірақ олар адамдарда сынайтын дәрежеге жеткен жоқ. Қазіргі уақытта нарықта бірде-бір жеуге болатын вакцина жоқ, өнімдерге мРНҚ технологиясына негізделген препарат та қосылмайды. Вакцина қосылған өнімдерге белгілі бір белгі қояды деген теориялар да фейк және конспирология. Шоколад және вакцина Әлеуметтік желілерде тараған видео авторы супермаркетте шоколад плиткаларын қарап, қаптамадағы ерекше белгіні көрсетеді. Оның айтуынша, бұл тәтті-дәмдіде вакцина компоненттерінің барын білдіреді. Бұрын мұндай өнімдерге бақаның суреті салынып келген, ал бұл туралы көбіне белгілі болғандықтан логотип өзгертілді. Алайда мұның бәрі өтірік. Бұған дейін желіде бақаның кішкентай бейнесі бар өнімдерде Билл Гейтс жасаған вакциналар бар деген қастандық теориясы тараған. Шын мәнінде, бақа логотипі «Rainforest Alliance» ұйымына тиесілі. Қаптамадағы бейне тауардың немесе қаптаманың экологияға ең аз зиян келтіріп өндірілгенін және оларды жасау кезінде жұмыс істеген адамдардың құқықтары бұзылмағанын білдіреді. Пайдаланушылар «қауіпті» деп таныған логотиптің вакцинаға да, Билл Гейтске де қатысы жоқ. Осы аттас бағдарламаға қатыса отырып, өндірілген өнімдерді жасыл түспен және «Cocoa Life» жазуымен белгілейді. «Cocoa Life» – бұл какао бұршақтарын өнеркәсіптік ауқымда өсіру және жинау процесін экологиялық таза етуге арналған жаһандық бастама. Бастама аясында топырақты тыңайту, зиянкестермен экологиялық күрес, лайықты жұмыс орындарын құру, гендерлік теңсіздікті жою, кедей елдерде білім алуға қол жеткізу және тағы басқа мәселелер шешілуде. Бағдарламаның ресми сайтында вакциналар, фармакология немесе Гейтс туралы сөз жоқ. Билл және Мелинда Гейтс қоры Африкадағы какао өнеркәсібін дамытуға гранттар бөлді, бірақ бұл қаражат «Cocoa life» бастамасының аясында пайдаланылмады. Жалпы «Cocoa life» бағдарламасының логотипі салынған шоколадта немесе басқа өнімдерде вакциналар немесе басқа құпия компоненттер бар деп санауға негіз жоқ. Бұл теория да, «Rainforest Alliance» сертификатталған өнімдерде Билл Гейтс жасаған кейбір дәрі-дәрмектер бар деген пікір де жалған. Сағат 18:00-ден кейін тамақ ішпеу керек пе? Әлеуметтік желілерде тараған хабарламада пайдаланушылар 18:00-ден кейін тамақ ішпеуге кеңес беріледі. Мұндай диета салмақты азайтып қана қоймай, сонымен қатар сауығуға да көмектеседі. Әрине, бұл миф. 18.00-ден кейінгі тамақтану өте зиянды және артық салмақтың тез өсуіне әкеледі деген теорияның ғылыми негізі жоқ және 23:00-де жатып, 6:00-де тұратын қарапайым адамның «классикалық» күн тәртібіне сүйенеді. Қазірдің өзінде ескірген және жоққа шығарылған теория бойынша, осы режимде соңғы рет сағат 18:00-де тамақтану арқылы 12 сағат бойы аш жүру кезеңі қалыптасады. Бұл салмақ жоғалтуға ықпал етеді екен. Шындығында, біріншіден, тамақ ішу мен аш жүру арқылы салмақ жоғалтуға болатынына ғылыми негіз жоқ. Екіншіден, егер адам 23:00-де емес, 2:00-де жатып, 10:00-де тұрса, онда 18:00-ден бастап аш жүрудің ешқандай пайдасы жоқ. Сонымен қатар ғалымдар салмақ жоғалту үшін сағаттарды емес, калориялар жинау мен жоғалтуды есептеген жөн деген қорытындыға келді. Нутрициологтардың пікірінше, ақуыздар, майлар және көмірсулар арақатынасын сақтай отырып, әр екі-төрт сағат сайын тұрақты тамақтанған дұрыс. Бұл ретте тағам тәулік уақытына қарамастан бірдей қорытылады. 18:00-ден кейін тамақтан бас тарту ағзаның сауығуына ықпал ететініне ғылыми дәлелдер жоқ. Керісінше мұндай қатаң шектеулер тамақтану тәртібінің бұзылуына, «рұқсат етілген» уақытта шамадан тыс тамақтануға және бұзылуларға әкелуі мүмкін. Олай болса, денсаулықты жақсарту және артық салмақтан арылу үшін кешкі алтыдан кейін тамақ ішпеу бойынша кеңестер негізсіз. Шалқанның емі керемет Танымал «Telegram» чатта пайдаланушылар шалқанмен көптеген ауруды емдеу құпияларымен бөлісуде. Ежелгі заманнан белгілі бұл тамыр дақылы демікпе, құяң, тіс ауруы, асқазан-ішек жолдары ауруларын, суық тию және тағы басқаларын емдейді. Бұл рас па, анықтап көрейік. Шалқан – өте пайдалы өнім. Онымен кез келген тағамда картопты алмастыруға болады – дәмі жағынан бұл көкөністің дәмі айтарлықтай ерекшеленбейді. Ал калориясы жағынан өзгеше. 130 грамм шалқанның құрамында 36 калория бар, ал осы көлемдегі картопта жүзден асады. Мұны картопта көмірсулардың көп болуымен түсіндіруге болады. Сондай-ақ шалқанның құрамында жасұнық, С дәрумені, фолий, фосфор және кальций бар. Жеуге жарамды бұл өсімдіктің жапырағында А, К және С дәрумендері бар. Ғалымдар шалқанның пайдалы қасиеттерін бірнеше рет зерттеді. Шалқан жасұныққа бай болғандықтан оны қолдану ішек дивертикулитінің даму қаупін төмендетеді деп саналды. Алайда зерттеуде шалқанның адамдарды аталған аурудан емдеу қасиеті туралы айтылмаған. Сондай-ақ шалқанның қан қысымын төмендететіні жазылған жұмыстар да бар. Алайда осы тақырып бойынша қолда бар деректер шалқанның мұндай әсері барын сенімді түрде айту үшін жеткіліксіз. Сондай-ақ ғалымдар шалқанның құрамындағы кейбір компоненттерді қатерлі ісік қаупінің төмендеуімен байланыстырады, бірақ мұнда да нақты қорытынды жасау үшін ғылыми дәлелдер өте аз. Жалпы шалқанның тамыр дақылдарын, оның жапырақтарын жеген денсаулыққа пайдалы. Бірақ мұндай диета аурулардан емдейді деген пікірлер дәлелсіз. Шалқанның демікпе, құяң немесе басқа аурулардан арылуға көмектесетінін нақтылайтын ғылыми дәлелдер жоқ. Тұздың құрамында матрицалық РНҚ бар ма? Мессенджерлерде FDA тұздың көп бөлігін синтетикамен алмастыруды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат тарады. Мұндай жасанды алмастырғыштардың құрамында қауіпті химиялық заттар, тіпті мРНҚ бар, оларды Билл Гейтстің өзі қаржыландырған екен. Бұл рас деп ойласаңыз, қателесесіз. АҚШ-та Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) белгілейтін әртүрлі тағам өнімдеріне арналған сәйкестік стандарттары (SOI) бар. Бұл стандарттар кейбір өнімдердің міндетті құрамын реттейді. Яғни онда өнімде не болуы керек, қандай мөлшерде және қай пропорцияда екені жазылады. Бұған дейін сәйкестік стандарттары бойынша, өндірісте тұз алмастырғыштарды қолдануға рұқсат етілмеген еді. Ал осы жылдың наурызында FDA түзетулер енгізіп, тұзды (натрий хлориді) тұтынуды азайту үшін консервілерді, дәмдеуіштерді және нан өнімдерін жасау кезінде тұз алмастырғыштарды қолдануға рұқсат беруді ұсынды. Өйткені құрамында натрий болғандықтан оны шамадан тыс тұтыну денсаулыққа қауіпті, бұл жүрек-қантамырлар қысымының болу қаупін арттырады және жүрек-қантамырлар аурулары мен инсультке әкелуі ықтимал. Дегенмен басқарма тек ұсыныс қана береді, ол натрийді тұтынуды азайту үшін алмастырғыштарды пайдалануға міндеттемейді. Тұз алмастырғыш – бұл тағамдағы натрийді төмендететін және ұқсас тұзды дәм беретін кез келген өнім. Көбінесе алмастырғыштар кәдімгі тұзбен бірге қолданылады, оның кішкене бөлігі ғана алмастырылады. Ең көп тарағаны – калий хлориді. Сонымен қатар тұзды ішінара дәмдеуіштермен, сондай-ақ лимон шырынымен, сірке суымен немесе сарымсақ ұнтағымен алмастыруға болады. Калий хлоридінен басқа да тұз алмастырғыштар бар. Атап айтқанда, кальций, литий, магний хлориді немесе магний сульфаты. Бұл қосылыстардың ешқайсысында мРНҚ жоқ. Алмастырғыштардың Билл Гейтске қатысы жоқ. Гейтс тұзды алмастырғыштар май, холестерин және тұзды шамадан тыс тұтынудан денсаулығы сыр берген адамдар үшін жақсы жаңалық екенін айтқаны рас. Алайда Билл мен Мелинда Гейтс қоры мұндай алмастырғыштарды өндіруді қаржыландырмаған. Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) да тұз алмастырғыштардың белгілі бір түрлерін немесе өндірушілерін ұсынбаған. Олай болса, тұзды Билл Гейтстің жасанды мРНҚ алмастырғыштарымен ауыстыру туралы мәлімдеме жалған. Біріншіден, тұзды алмастырғыштарда мРНҚ болмайды, сондай-ақ Гейтстің оларға ешқандай қатысы жоқ. Екіншіден, FDA натрийді тұтынуды азайту үшін алмастырғыштарды қолдануды тек ұсына алады. Себебі натрийді шамадан тыс қолдану адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Жеп жүргеніміз күріш пе, пластик пакет пе? Қазнетте қорқынышты видео тарады. Кадрларда мөлдір таспаларда күрішке ұқсас нәрсе шығаратын жабдық көрсетілген. Полиэтилен пакеттерден күріш пен макарон өнімдері осылай жасалады екен, ал оларды қолдану денсаулыққа зиян. Бұл жалған. Роликтің жоғарғы сол жақ бұрышында «SunPring» деп жазылған логотип көрініп тұр. Осы сөз бойынша іздегенде желіден осылай аталатын қытайлық компания шығады. Ол тамақ пен жемге арналған экструдерлерді өндірумен және сатумен айналысады. Экструдерлер – бұл шикізаттан толық дайын өнім шығаратын машиналар. «SunPring» желісінде снэктер, балалар сүт қоспасын, балық, мысық және ит тағамдарын шығаруға арналған экструдерлер бар. Сондай-ақ компания жасанды күріш шығаратын экструдерлер сатады. Жабдықтың осы түріне арналған парақшада жарманы қандай шикізаттан өндіруге болатындығы егжей-тегжейлі сипатталған. Әрине, полиэтилен пакеттерден емес. Жасанды ұзын дәнді күріш жасау үшін күріш, жүгері, тары, бидай, сұлы, соя және түрлі дәрумендерді қолдану ұсынылады. Сонымен қатар компанияның сайтында мұндай күріштің құны табиғи жарманың құнынан жоғары екендігі көрсетілген. Компания өкілдері жасанды аналог әлдеқайда нәрлі екенін айтып отыр. Демек, Қазнетте таралған кадрларда жасанды күріш жасау процесі көрсетілген, бірақ ол полиэтилен пакеттерден емес, ұсақталған күріштен, жүгеріден, тары, сұлы және басқа да дәнді дақылдардан жасалады. Мұндай күріштің құны табиғи күріштің құнынан жоғары болады. Жасұлан Сейілханов