Білім

ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН жан

ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН жан

Ұстаз болу – қиындығы көп, жауапкершілігі одан да асып түсетін, жоғары білімді, тәлімді тәрбиені, майдай жұмсақ мінезді қажет ететін мамандық. Сондықтан да ұстаз болу үшін үлкен батылдық керек. Батыл адам ғана өзгені өз дегеніне көндіре алады, сөзіне иландыра біледі. «...ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін ұстаз» деп Ахмет Байтұрсынов та дәл тауып айтқан. Мұғалім болу – әркімнің қолынан келеді, ал нағыз ұстаз болу үшін көп еңбек пен тер төгу қажет. Бүгінгі мақала 35 жылдай саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнап, білім саласында елеулі қызмет еткен нағыз ұстаздың бірі – Абдулла Андыбаев туралы болмақ. Абдулла Сейтханұлы 1983 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы жоғары оқу орнын «Инженер-механик» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. Еңбек жолын қаладағы автомобиль жөндеу заводында өндіріс шебері қызметінен бастайды. Біраз уақыт қаланың Орталық аудандық жастар одағы комитетінде, одан беріде кәсіптік техникалық оқыту мекемесінде филиал меңгерушісі, әскери-техникалық мектепте оқытушы, директор орынбасары, Тараздағы колледждердің бірінде оқытушы, автомектеп директоры қызметтерін атқарады. Өмірден мол тәжірибе жинақтаған ұлағатты ұстаз 2017 жылдан осы уақытқа дейін Тараз қаласындағы техникалық шығармашылық орталығында техникалық бағыттағы «Автокөлік ісі» және «Автослесарь» үйірмелерінде қосымша білім беру педагогі болып еңбек етіп келеді. Абдулла Сейтханұлы баланың жан сезімін тербетіп, әр баланың жүрегіне жол таба білетін маман. Ол әрбір баланың мәселесіне үңіліп, қажетті жағдайда қамқорлығы мен көмегін аямайды. Педагог тәрбиеші ретінде оқушылардың ата-аналарымен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарады. Егер осындай байланыс орнықса, онда бұдан тәрбие процесінің барлық қатысушылары: педагог – бала – ата-ана ұтады. Сол себепті оқытушы ретінде оқу жылының басында әр оқушының ата-анасымен жеке-жеке танысып, баланың үйірмеге деген қызығушылығы, болашақ мамандық таңдаудағы ынтасы, алға қойған жоспарлары жайында маңызды ақпараттар жинақтайды. Оқушының жеке тұлғасын қалыптастыруда педагогтың рөлі ұшан-теңіз. Оқушылардың қоғамда орнығуы педагогтың балаларды тәрбиелей отырып, қалай және қандай әдістерді қолдануына байланысты. Әр баланы барынша дамыту, оның қайталанбас тұлғасын сақтау және потенциалды қабілеттерін ашу – педагогтың негізгі міндеті. Өткен оқу жылында кәсіби бейімделу бағытында біраз жұмыстар атқарылды. Атап өтер болсақ, «Тараз-такси» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Тараз-Лада» техникалық қызмет көрсету мекемесіне және де қаланың автокөлік кәсіпорындарына экскурсиялар ұйымдастырылды. Кәсіпорындармен танысқан білім алушылар мамандық таңдауда мол мағлұмат алады. Сонымен қатар практика жүзіндегі оқу сағаттары жеткіншектердің инженерлік бағыттағы мамандықтарға қызығушылықтарын арттыра түседі. Қазіргі кезде педагогтан тәлім алған көптеген түлектер қаламыздың, республикамыздың әртүрлі оқу орындарында білімін жетілдіруде. Атап айтсақ, Андрей Колотилов, Қайырхан Бекжан, Руслан Сұраев, Ким Вячеслав, Бағдад Трубин, Данил Бурмистров – токарь, Юрий Попов, Ярослав Заставный автомеханик, автокран машинисі мамандықтарын таңдаған. Губерт Райнгольд техникалық қызмет көрсету мекемесінде машина жөндеу саласын игеруде. Көптеген бітірушілер емтиханды ойдағыдай тапсырып, тәртіпті жүргізушілер санын көбейтуде. Педагогтың оқу сағаттарында жүргізушілерді даярлау автомобиль құрылысы, автомобильге техникалық қызмет көрсетумен бекітіледі. Кей жағдайларда жолда жүру ережесі сабақтарында оқушыларды жол қиылысына шығарып, теориялық материалды бекіту мақсатында кәсіби жүргізушілердің іс-қимылымен таныстырады. Автослесарлық үйірмеде автомобильдің ақаулары, оларды анықтау, ақаулардың себептері және белгілері, оларды қалпына келтіру және құрал-саймандармен жұмыс істеуге көп көңіл бөлінеді. Көбіне практикалық сабақтар оқушылардың мамандыққа деген қызығушылығын арттыра түседі. Оқу бағдарымен автомобиль жүргізу практикалық сабақтары болашақта оқушылардың жақсы маман болып қалыптасуына көп септігін тигізеді. Тағы да айта кететін жайт, педагог Абдулла Андыбаевтың «Youtube» каналындағы материалдары оқушылардың күнделікті білім алуда көп кәдесіне жарауда. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан ол әрдайым құрметті тұлға ретінде ерекшеленеді. Осы орайда Абдулла Сейтханұлының білім саласында атқарған еңбегі лайықты бағаланып, мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттармен марапатталды. Тараз қалалық білім бөлімінің техникалық-шығармашылық орталығы