Ұстаз мерейі
Ұстаз мерейі
Жас буынға ұлттың ұлылығын ұлықтап қана қоймай, даналықтың даңғыл жолын дәріптейтін маман, ол – ұстаз. Мұғалім мамандығы сырттай қарапайым көрінгенімен ұлағатты ұстаз мәртебесі кез келген жанның маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Осындай білім берудің барлық сатысынан өткен білікті маман, Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның химия пәнінің мұғалімі – Сәуле Таңатарова. Сәуле Қарпыққызы Т.Рысқұлов ауданының Құмарық ауылында өмірге келген. Бала күнінен мұғалім болуды мақсат еткен кейіпкеріміз арман қуып әсем қала Алматыға білім іздеп барып, қарашаңырақ атанған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнында Жаратылыстану-география факультетінің «Химия-биология» бөлімінде дәріс алады. Іргелі оқу орнын 1985 жылы тәмамдап, ауылына қайта оралады. Еңбек жолын Т.Рысқұлов ауданының Мақпал елді мекеніндегі Қайыңды орта мектебінен бастаған. – Химия пәнінің мұғалімі болып еңбек жолымды бастағанда сол кездегі мектеп директоры марқұм Бейсен Асылбеков ағайдың қамқорлығын көп көрдім. Алғашқы қадамдарымда ұстаздық қызметтің қыр-сырын үйретіп, ұмытылмас өнегесін берген ағайыма алғысым шексіз. Жалпы мәртебелі мамандықтың иесі атануыма білім алған мектебімдегі ұлағатты ұстаздарымның да ықпалы көп болды. Сондай-ақ ұстаздықты таңдауыма себепші болған жанның бірі – әкем. Тоқсанды алқымдаған асқар тауым бүгінде оқушыларының құрметіне бөленген мұғалім атанғанымды мақтан тұтып, әрбір жетістігіме қуанып отырады. Отбасымызда ағам, інім үшеуміз мұғалім болуды таңдадық. Ағам М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінда сабақ береді. Ал ауылдағы қарашаңырақтағы інім мен келінім де ұстаздық жолда жүр. Қиындығы мен қызығы қатар жүрген ұстаздық қызметте жүргеніме де 40 жылға таяпты. Осы уақыт аралығында алдымнан талай шәкірт бітіріп шықты. Қазіргі таңда шәкірттерім әр салада өз мамандықтары бойынша қызмет етіп жүр. Сондай-ақ бүгінде оқушыларым қалалық, облыстық пән олимпиадаларының жүлдегері атанып, мерейімді өсіріп жүргені үлкен мақтаныш. Мектеп-гимназияны «Алтын белгі», «Үздік аттестатқа» бітірген түлектерім қаншама, – дейді Сәуле Қарпыққызы. Кейіпкеріміз мектепте өз бойындағы еңбекқорлығымен, білім беруге деген адалдығымен, жаңашылдығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, жауапкершілігімен ерекшеленеді. Заман талабына сай, қоғамға лайықты білімді әрі білікті ұстаз ретінде жас мамандарға тәжірибесі мен көмегін аямайды. Оқушылар, ата-аналар, әріптестер арасында беделді. Сәуле Таңатарова – еңбек жолында елеулі табыстарға да қол жеткізген педагог. Ол «Үздік әдістемелік құрал» байқауында, химия пәні мұғалімдерінің арасында өткізілген қалалық олимпиадада жүлделі ІІ орынды иеленген. Халықаралық «Умната» конкурсында III орын жүлдесімен марапатталды. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ұйымдастыруымен өткен «Ұлы дала елі құндылықтары және ғаламдық білім беру индустриясындағы интеграция» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда өзін озық қырынан танытқан. Ал 2019 жылы ғылымға құштар ұстаздың жетекшілігімен жаңартылған білім бағдарламасы бойынша 8-сыныпта «Сандық есептер шығару» тақырыбында әдістемелік құралы шығып, іс-тәжірибесі таратылды. Ерекше атап өтерлігі, 2017 жылы Прага қаласында өткен ғылыми-практикалық конференцияда Сәуле Қарпыққызының химия секциясы бойынша «Химия пәнін оқытудың тиімді әдістері» тақырыбындағы мақаласы жарияланды. Сондай-ақ мақала авторына сертификат берілді. Берері мол ұстаздан тәлім алған оқушылары да осал емес. Алысқа бармай-ақ, шәкірттерінің былтыр және биыл өткен қалалық пәндік олимпиадада үздік нәтиже көрсеткендігін мақтанышпен айтуға болады. Ақбота Жаныбек, Аружан Қыстақбай секілді оқушылары химия пәні бойынша пән олимпиадасында III орын иеленген. Тағы бір үлгілі оқушысы Айсәуле Тәліп облыстық пән олимпиадасының II орын жүлдегері. Нұрайым Жолдыбай, Зарина Байділда республикалық «Ақбота» интеллектуалдық марафонында III орыннан көрініп, дипломмен марапатталған. Гүлназ Мэльс, Балнұр Бижан сынды озат оқушылары «Вопросита» блиц-олимпиадасының жеңімпаздары. Сонымен бірге Гүлназ Мэльстің республикалық «www.45minut.kz» ақпараттық порталы ұйымдастырған ғылыми-шығармашылық конкурста «Қазақстанның мұнай-газ аудандарының экологиялық жағдайын бағалау» тақырыбындағы ғылыми жұмысы жүлделі орынға ие болған. Осы байқауда Сәуле Карпыққызы оқушының шығармашылық шеберлігін арттыруда әдістемелік білімінің тереңдігін танытқаны үшін I дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ Мақсат Тұрарбек атты оқушысы химия пәнінен «Инфоурок» халықаралық қашықтық олимпиадасына қатысып, I орынды иеленді. Ұстаздың дарынды шәкірттерін тізе берсек, әрине, бір мақалаға сыймайды. – «Ұстаздық қызмет – ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлы атамыздың сөзі бар. Ұстаз болғаныма, осы мамандықты таңдағаныма қуанамын әрі мақтанамын. Отыз тоғыз жыл аз уақыт емес. Шамам жеткенше өз ұлтыма, қазақ деген ұлы халықтың балаларына сапалы білім мен саналы тәрбие беруге осыншама жылдарымды арнаппын. Еткен еңбегімнің жемісін көріп келемін. Өзім қызмет ететін мектептің директоры Рахия Есеева жаңадан келген жас мамандардың ұстаздық жолдағы шығармашылық деңгейлерінің қалыптасуы мен жетілуіне ықпал жасап, көмектесіп отырады. Ұстаздық қызметтің қызығы мен шыжығын бірге көріп келе жатқан ұжымдағы әріптестеріме де құрметім ерекше, – дейді ұстаз. Ұстаздық деген қиын әрі дара жолды өзінің отбасымен бірге қатар алып жүретін сүйікті жар, аяулы ана, ақылшы ұстаз әлі де ізденіс үстінде. Сондай-ақ бүгінде сүйікті ұстаз бір отбасының өнегелі отанасы. Екі немере бағып отырған бақытты ана. Немерелерінің алды биыл 1-сыныпқа барды. Кейіпкеріміздің жолдасы – дәрігер. Балалары да әкесінің жолын қуып, медицина саласын таңдаған. Үлкен ұлы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін тәмамдаған. Тұңғышы осы оқу орнында өмірлік жарын кездестірген. Үйдегі келіні де дәрігер. Екінші ұлы Астана медицина университетін аяқтаған. Назарбаев университетін бітірген қызы болса, биотехнолог маман. Айжан Өзбекова