Әлеумет

БАЛА тәрбиесі – БАСТЫ НАЗАРДА

БАЛА тәрбиесі – БАСТЫ НАЗАРДА

Баланың жақсы болмағы – тәрбиеден. Оларға есі кіргеннен бастап мемлекет балабақша, мектеп секілді мемлекеттік не жекеменшік мекемелер арқылы білім мен тәрбие беру саясатын жүзеге асырғанымен ұрпағына ата-ана үйде дұрыс тәрбие бермесе, онда олардың тағдыры күл-талқан болатыны сөзсіз. Сондықтан мемлекет те, қоғам да баланың дұрыс тәрбие алуы, лайықты біліммен қамтылуы, денсаулығының қалыпты болуы мәселесіне келгенде бұған бейжай қарай алмайды. Ұрпағының болашағына алаңдамайтын ата-аналар да бар Абай атамыздың он тоғызыншы қара сөзі: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» деп басталады. Баланың мектеп жасында болса да кеш бата көше кезіп немесе басқа да оғаш қылық көрсетуі, бірдеңеге ұрынуы – негізінде үйдегі жасы үлкендер тарапынан дұрыс қадағаның болмауынан. Кейбір жасөспірім жақсы бала болғысы келгенімен оған отбасындағы жағдайы ырық бермеуі мүмкін. Мысалы: ата-ана ішкілікке салынса, нашақорлық жолға түссе немесе басқа да жағдайлармен отбасы, ошақ қасында ұрыс-керіс көбейсе, ол баланың жүйкесіне әсер етіп, мінез-құлқы өзгеретіні анық. Мектепте кейбір оқушының «қиын бала» немесе «девиантты мінез-құлықты бала» атануының түбі осында жатыр. Негізінде біз құрып отырған қоғам мұндайға жол бермейді. Баланың заңды құқығы сақталады, ата-ана балаға тәлім-тәрбие беруге лайықты болмаса, шара қолданылады, ата-аналық құқынан айырылады. Мұндай іспен жергілікті жердегі аудандық, қалалық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия айналысады. Комиссия мүшесі қатарында полиция, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қорғау органдарының өкілдері мен мәслихат депутаты, Қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйым мүшелері енгізіледі. Кәмелетке толмағандарға қатысты мәселе бойынша комиссия отырысында аудандық прокуратураның өкілі қатысып, тиісті комиссияның шешіміне ұсыныстарын енгізіп, ол бойынша ұсыныстары тұрақты назарға алынады. Мәселен, Талас ауданында осындай комиссияның жылдық жоспары бекітіліп, ҚР қолданыстағы заңнамасы шеңберінде тиісті жұмыстар жүзеге асырылып жатыр екен. – Өмір болғаннан кейін қоғамда әртүрлі отбасы болады. Балалардың барлығының тағдыры біркелкі емес. Жасөспірім тәрбиеленіп жатқан отбасы жайсыз болса, ата-ана бала тәрбиесіне немкеттілікпен қараса немесе отбасында ұрыс-жанжал көптеп орын алса, ата-ана ішкілікке салынса немесе басқа да жат қылыққа, ыңғайсыздыққа бой алдырса, онда сол отбасындағы бала күйзеліске түсетіні бесенеден белгілі. Одан кейін ол баланың сабақ оқуға, мектепке баруға зауқы соқпауы мүмкін. Одан бөлек балалардың мұндай оғаш қылық көрсетуіне сыртқы орта да әсер етуі мүмкін. Біреуден қысым көруі немесе қатарластары секілді киімге, басқа да зат пен ақшаға қол жеткізе алмауы секілді жоқшылық тудырған мәселелер оның мінезіне әсер етпей қоймайды. Тіпті кейбір бала сәби кезінде отбасында айрықша қамқорлыққа, еркелікке ие болып, өсе келе ата-ананың махаббаты одан кейінгі туған бауырына ауса, мұндай жағдайда да бала өзгеріске ұшырайды. Түптеп келгенде, мұндай мінез-құлық жасөспірімнің ішкі жандүниесінің дағдарысқа ұшырауынан пайда болады. Сондықтан аудандағы білім ошақтарында баланың сабаққа келуі, оның білім алуға деген үлгерімі жіті қадағаланып отырады. Мінезінде, жасаған қылығы мен әдебі, әдетінде, мәдени танымында өзгеріс пайда болған оқушының жағдайына зерделеу жүргізіледі. Одан кейін сол баламен мектептегі психолог секілді мамандардың қызметі арқылы көмек көрсетіледі, – дейді Талас ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының хатшысы Гүлмира Қалықұлова. Гүлмира Қалықұлованың айтуынша, ауданда айына екі мәрте комиссия отырысы өтіп тұрады екен. Одан бөлек аудан әкімінің төрағалығымен бір, көшпелі негізде тағы бір және кеңейтілген үш отырыс өткізіліпті. Осы жылдың қаңтар-тамыз айларында комиссияның 17 отырысында 34 мәселе қаралыпты. – Білім бөлімінің ұсынысымен – 7, аудандық полиция бөлімінің ұсынысымен тағы осыншама, комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес 20 отырыс өтті. Девиантты кәмелетке толмағандарға қатысты – 5, ата-ана міндетін атқармайтын ата-аналарға қатысты – 5, кәмелетке толмағандарың құқығын қорғау бойынша 8 мәселе қаралды. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 127-бабы бойынша ата-ана міндетін атқармаған 6 ата-анаға айыппұл, тағы алтауына ескерту берілді. Ата-аналық міндеттерін атқармаған отбасынан былтыр – 2, биыл 3 отбасындағы 5 бала Тараз қаласындағы «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйіне орналастырылды. Өткен жылы екі жасөспірім, осы жылы 2 отбасындағы 3 бала өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жіберілді. Комиссия отырысы барысында заңды өкілдерге ата-ана міндеттерін орындау бөлігінде ҚР заңнамасы түсіндіріліп, отбасының қолайсыздығын жою жөніндегі шаралар ұсынылды, жағдайды түзету үшін белгілі бір мерзім берілуде. Комиссия мүшелері тарапынан ата-аналарға консультативтік және құқықтық кеңестер, оның ішінде жұмыссыз ата-аналарды жұмысқа орналасу бағытында көмектер, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжаттар жинауға, медициналық мекемелерге жүгінуге және тағы басқа көмек көрсетілді. Соның нәтижесінде 1 ана қоғамдық жұмысқа орналасса, 2 отбасына құжаттары рәсімделіп, Тараз қаласына емделуге жіберілді, 1 ана тұрақты жұмысқа тұрды. Әжесінің тәрбиесінде болған кәмелетке толмаған 2 бала әкесінің қомқорлығына қайтарылды. Биылғы 8 айда кәмелетке толмағандар арасында суицид және оған ұмтылу фактілері орын алмаған. Ерте жүктілік бойынша 17 жасар қыз бала тіркелген, қазіргі уақытта жасөспірім аман-есен босанып, ата-анасымен бірге тұрып жатыр. Осы жылдың қаңтар-тамыз айларында жасөспірімдер жасаған қылмыстың 3 дерегі анықталса, былтыр 7 жағдай тіркелген болатын. Аудандық полиция бөлімінде өткен жылы кәмелетке толмаған 6 отбасынан 18 бала, бүгінгі таңда 17 баладан тұратын 4 жайсыз отбасы тіркеуге алынды. Жайсыз отбасылардың үшеуі толық емес, біреуі толық отбасы. Мәселесі қаралған отбасылардағы қолы бос 4 ата-анаға жұмыс ұсынылып, бір ата-ана еңбекпен қамтылды. Екі отбасыға 73 373 теңгеден 146 746 теңге көлемінде материалдық қолдау, бір отбасыға құжаттарын рәсімдеуге көмек көрсетілді. Ал мектепішілік есепте 22 бала есепке қойылған. Есепке алынған балалар бокс, күрес, футбол секілді спорттық секцияларға тартылған, – дейді ол. Жетім көрсең, жебей жүр Қазақ халқы әу бастан-ақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Әйтсе де өмір болғаннан кейін ата-анасының әртүрлі жағдайға душар болуынан буыны бекіп, бұғанасы қатпаған талай баланың жетім атанып жатқаны өмір шындығы. Оның ішінде ата-анасы мезгілсіз өмірден өту, денсаулығына байланысты не бұрыс жолға түсіп, баласына қарай алмау, туған ата-анасы безбүйректік таныту секілді толып жатқан жайттар бар. Ал мемлекет қандай жағдай болмасын жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың маңдайынан сипап, қатарға қосу мәселесін назардан тыс қалдырмаған. Ауданда мемлекеттік қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыратын орган, яғни аудандық білім бөлімінің әдіскері Жарқынбек Оразымбетовтің айтуынша, Талас ауданы бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 60 бала бар болса, оның ішінде 52 баланың 32-сі жетім, қалғаны ата-анасының қамқорлығынсыз қалған екен. – Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 8 бала 2 отбасындағы патронаттық тәрбиеге берілген. Осы сегіз жасөспірімнің төртеуі бір, қалғаны екі отбасының қамқорлығына алынған. Бүгінгі күнге аудандық білім бөлімімен бірлесіп 34 отбасыдағы 60 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрмыс жағдайлары толық зерделеніп, олардың заңды өкілдеріне профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді – дейді Ж.Оразымбетов. Жалпы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, асыраушысынан айырылған демей бала біткен түрлі үйірмелер және оқыту курстарымен мүмкіндігінше қамтылуы қажет. Жасөспірім бос уақытында кино көріп, кітап оқуға, өзінің ұнататын хоббиімен айналысуға құқылы. Олардың спорттық секцияларға қатысып, жас дарынның талантын ашатын әртүрлі клубтарға жазылуына болады. Сабақтан тыс уақытта, үлкендердің қадағалауымен бірауық табиғат аясына шығып, саябақтарда қыдыруына, демалуына, театрға барып, қойылым тамашалауына қоғамда ешкім кедергі келтірмейді. Мұндай жағдай баланың бойын сергітіп қана қоймай, санасының тұнық болып, көкірек көзінің ашылуына, ой-өрісінің кеңеюіне ықпал етеді. Сондықтан да әркез балалардың пайдалы іспен шұғылдануының мәні зор. Егер жасөспірім мұндай жағдайды бастан өткермей үнемі жалғыз қалса, ересектердің қадағалауынан, көңіл бөлуінен, қамқорлық танытуынан тыс қалса, бойын бойкүйездік жайлап, мінез-құлқында өзгеріс пайда болуы мүмкін. Әсіресе ақыл-ой қызметін дамытатын, дене бітімін қалыптастыратын спорттық, әдеби, мәдени, рухани секілді тағы да басқа үйірме түрлерімен қамтылғаны дұрыс. Сондай-ақ олардың қандай тағам тұтынып, қандай киім киетіні, ұйқыға қай кезде бас қойып, қай уақытта немен шұғылданатыны жоспарлы түрде жүзеге асырылуы керек. Олармен кез келген мәселені ересек адамша талқылап, арасында «мынаны қайтсек дұрыс болады?» деген секілді ортақ тақырып тастап, ақыл-кеңесін алған кейіп танытуда оларды қанаттандырып, өз іс-әрекетінің дұрыс екеніне сенімін арттырады және болашақта өз бетімен дұрыс шешім қабылдауына оң ықпал етеді. Баланың жазғы демалысы да «демалыс деген осы екен» деген түсінікпен смартфондағы түрлі ойындарды ойнау, таңнан қара кешке дейін қызық қуу секілді алдамшы, бос желөкпелікпен өтпеуі керек. Біз сөз етіп отырған мәселелер Талас ауданында жүйелі жолға қойылыпты. Нақты айтқанда, балалардың жазғы уақытын тиімді пайдалану бойынша арнайы жұмыс жоспары бекітілген. Осы мақсатта оларды спорттық, мәдени іс-шараларға тарту, жазғы демалыс орындарымен қамту жүйелі жүргізіліп келеді. Ауданда бала құқығының сақталуының бір көрінісі – осы. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша ауданда 16-35 жас аралығында 103 жас жұмыспен қамтылыпты. Оның ішінде біз сөз етіп отырған санаттағы 16-18 жас аралығында 20 бала бар көрінеді. заңсыздыққа жол берілмейді «Жасөспірімдер қылмысқа қандай жағдайда, неліктен барады?» деген сұрақ көпті толғандыратыны анық. Тамағы тоқ, көйлегі көк бала да, ашқұрсақ жүрген қарадомалақ та отбасында және мектеп тарапынан қадаға болмаса, жасөспірімдердің не істеп, не қойғанына көңіл бөлінбесе, мұндай еркіндікте өскен кәмелетке толмағандар сөзсіз бірдеңе бүлдіреді. Балалардың кейбірі саналы түрде, әдейі қылмыс жасамаса да балалықпен құқықбұзушылыққа жол береді. Бір-бірімен шекісіп қалған балалар арасындағы оқиға кейде топтық төбелеске ұласып жатады. Сонымен қатар араласатын ортасы баланы бұзуы мүмкін. Кейбір балалар буллиңге, яғни әлімжеттікке шыдай алмай өз бетінше әрекет етуі де ғажап емес. Біреуден жәбір көрген немесе қысымға ұшыраған баланың құқығы аяққа тапталмауы керек. Сол себепті кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – ең өзекті мәселенің бірі. Талас ауданында жұмыс жоспары бойынша алда тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты болдырмау, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын заңбұзушылық көрсеткіштерінің өсуіне жол бермеу. Ауданда жалпы білім беру мекемелерінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатындағы жұмыс Үкіметтің 2020 жылғы 30 наурыздағы №156 қаулысымен бекітілген «Баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған» Жол картасы шеңберінде іске асырылып жатыр екен. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2023 жылғы тапсырмасына сәйкес Президент Әкімшілігі бекіткен балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне жедел ведомствоаралық ден қоюды және зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға құқықтық көмек беру жұмысы жүйелі жолға қойылған. Сондай-ақ зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар тұратын отбасыларға уақытылы кешенді көмек көрсету және қолдау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдардың іс-қимылдарының келісімдігін қамтамасыз ету мақсатында «Балаларға зорлық-зомбылық жасау фактілеріне жедел ден қою алгоритмі» және «Балалардың суицидтік және аутоагрессивті мінез-құлқының алдын алу және түзету жөніндегі қызметі жандандырылуда. Осы жұмыстарды үйлестіруге және ведомствоаралық өзара іс-қимылға бағытталған іс-жоспары бойынша заң аясында әрекеттер жүргізілуде. Жалпы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша аудандағы білім беру мекемелерінде «Буллиң, кибербуллиң дегеніміз не?», «Жасөспірімдер арасында әлімжеттіктің алдын алу», «Бала әлімжеттікке тап болса не істеу керек?» тақырыптарында «Заң және жасөспірім» атты кездесу жоспар бойынша өтіп тұрады екен. Нақты айтқанда, «Балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалану үшін спорттық, мәдени, мектептен тыс үйірмелерге тарту жоспары», «Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралардың жоспары» және «Кәмелетке толмаған балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуді ұйымдастыру бойынша жұмыс жоспары» бекітіліп, жұмыстар жүргізіліп келеді. – Осы жылдың 20-30 мамыры аралығында аудандағы мектептер мен колледждерде жасөспірімдер арасында әлімжеттік, буллиң, кибербуллиңнің алдын алу мақсатында «Жасөспірім және заң» тақырыбында құзырлы органдармен бірлескен 27 кездесу өткізілді. Суға шомылу маусымының ашылуына байланысты маусым-шілде айларында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шомылу орындарында «Абайлаңыз, балалар»! атты іс-шара өткізіліп, шомылу уақытында сақтық шараларын сақтауды, суға бату барысында алғашқы көрсетілетін көмектер туралы 5000-ға жуық жадынамалар таратылды. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні және «Соңғы қоңырау» күні мобильдік топ мүшелері бірлескен күндізгі сағат 12:00-ден түнгі 02:00-ге дейін рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, 4 050 балаға 3 765 250 теңге демеуші есебінен, 382 000 теңге жергілікті бюджет арқылы көмек көрсетілді. Сонымен қатар «Бала еңбегін қанауға жол жоқ», «Түнгі қаладағы балалар», «Отбасы акциясы» бойынша күндізгі және түнгі 25 рейдтік іс-шараны жүргізіп, көзге түскен балалардың отбасылары арасында профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы орта білім беретін мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен психологтарының қатысуымен «Жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқының алдын алудағы пәнаралық көзқарасы: мәселелер, қиындықтар және заманауи шешімдер», «Балалардың репродуктивті және жыныстық тәрбиесін қалыптастырудағы ата-ананың рөлі», «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: құндылықтар және оны іске асыру жоспары» тақырыбында семинарлар ұйымдастырылды. Кәмелетке толмағандар арасында салауатты өмір-салтын қалыптастыру және тіркеуге алынған балаларды спорттық шараларға тарту арқылы тәрбиелеу жұмыстарын жүргізу үшін аудан көлемінде алты бірдей спорт мекемесі жұмыс атқарады. Оның ішінде төртеуі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, біреуі аула клубы, тағы бірі бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы. Аудандағы спорт мекемелерінде спорттың 16 түрі бойынша секциялар бар. Оның ішінде 9 олимпиадалық, 5 олимпиадалық емес, 2 ұлттық спорт түрі. Осы спорттық үйірмелерге 7-ден 18 жасқа дейінгі спортпен шұғылданатын 2 679 бала тартылған. Мысалы, балалар және жасөспірімдер спорт мектебі арқылы 2 252 жасөспірім, аула клубы бойынша 427 бала спортпен шұғылданады. Бұл балалардың 27,3 пайызын құрайды. Жалпы ауданда 223 нысан бар. Тарқата айтқанда, 1 стадион, 3 спорт кешені, 92 спорт алаңшасы, 32 спортзал, 82 футбол алаңы, 8 икемделген спортзал аудан тұрғындары үшін қолжетімді. Аталған нысандарға спортпен шұғылдану арнайы кестесі бекітіліп, аудандық басылымға және аудан әкімдігінің ресми сайтына жарияланған. Есепті мерзімде аудан бойынша салауатты өмір салтын насихаттау бағытында барлығы 135 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 6 000 адам қатысты, оның арасында кәмелет жасына толмаған спортпен шұғылданатын балалар да бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №725 қаулысымен бекітілген «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру барысында Талас аудандық орталық ауруханасында «Алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек беру» бөлімшесі қызмет атқарады. Бөлімше жанынан «Алау» жастар денсаулық орталығы құрылған. Аудан жастарының денсаулық жағдайын жақсарту және салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында Қаратау қаласының білім мекемелеріндегі оқушылар мен жастарына медициналық-психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек көрсетеді. Балалардың денсаулығының қалыпты болуына, лайықты білім алуына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына қатысты құқықтық және басқа да көмектер осылай көрсетілуде, – дейді Талас ауданы ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Жанғали Көпжасаров. Осы жылдың 8 айында «Зиянды әдеттердің алдын алу», «Жастар арасында нашақорлық пен алкоголизмнің алдын алуы», «Ішімдіктің адам ағзасына әсері», «Темекіге әуестіктің, нашақорлықтың, ішімдіктің алдын алу» барысында өткізілген 22 іс-шараға 644 адам, 20 семинар-тренингке 582 адам тартылыпты. 29 маусым – Халықаралық нашақорлықпен және заңсыз есірткілер айналымына қарсы күрес күніне орай Қаратау қаласының орталық көшелерінде, «Диас», «Тәтті себет», «Firkan» дүкендерінде акция ұйымдастырылып, жастарға 150 бүктеме парақша таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген екен. «Алау» жастар денсаулық орталығында мектеп жасындағы оқушылар арасында есірткі мен темекінің алдын алу мақсатында дәріс оқылып, оған 12 оқушы қатысыпты. «Репродуктивті денсаулық» жобасы аясында жастарды салауатты өмір салтын сақтау маңыздылығы туралы хабарлау, өз денсаулығына ғана емес, қоршаған адамдардың денсаулығына жауапкершілігін жоғарылату, сонымен қатар жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығы және ерте жүктіліктің алдын алу барысында «Ерте жүктіліктің алдын алу», «Қыз – болашақ ана» «Ерте жүктіліктің зардабы және алдын алу», «Қызбала тәрбиесі», «Қыздар арасында ерте жүктілікті блдырмау» тақырыптарында 14 семинар өткізіліп, бұл бойынша 374 қыз қамтылған. Жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күніне орай «Өзіңді туберкулезден қорға!» ұранымен акция ұйымдастырылып, 29 іс-шара, 11 «дөңгелек үстел» өткізіліпті. «Өзіңді туберкулезден қорға!» тақырыбында 375 оқушы мен білімгерлерден сауалнама алынған екен. Сонымен қатар «АИТВ/ЖИТС-ң алдын алу» мақсатында 6 іс-шара ұйымдастырылып, оған 171 адам қатысқан. «Психикалық денсаулық» бойынша жастар тәрбиесіндегі кедергілерді жою және түрлі бағытта ағартушылық жұмыстарды жандандыру мақсатында оқушылар арасында суицидтің алдын алу жұмысын кеңінен жүргізу, психологиялық ағарту жұмысын ұйымдастыру мақсатында «Өмір маған қымбат!», «Суицидтік мінез-құлық факторларының алдын алу», «Күйзеліске жол жоқ!», «Өзіңнің қорқынышыңды басқар», «Жасөспірімдердің психикалық денсаулығы», «Жасөспірімдер арасында туындаған жанжал», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап», «Татулық достық кілті», «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», «Қылмыстық жауаптылық және оның негіздері», «Суициалды әрекеттің алдын алу, түзету», «Баланы тәрбиелеу профилактикасының негізгі қағидалары» тақырыбында 37 іс-шара өткізіліп, оған 1 024 адам тартылған. Ауданда 35 мектепте 43 психолог жұмыс атқарады. Сонымен қоса барлық білім беру ұйымдарында «Әкелер кеңесі», «Аналар кеңесі» жұмыс істейді. 2022-2023 оқу жылында «Үштік одақ: ұстаз, ата-ана және оқушы», «Әке – тұлға, рухты ұрпақтың тірегі» тақырыбында аудандық ата-аналар форумы өткізіліпті. Форумға 35 мектептің ата-аналары мен комитет төрағалары қатысып, бала тәрбиесі бойынша ата-аналарға арналған кеңестер мен тренингтер ұйымдастырылған. Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың, жыныстық тиіспеушілік пен өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу бағытында білім бөлімімен бірлескен 72 құқықтық оқу, 212 ата-аналар жиналысы, 118 құқық қорғау органдарымен бірлескен кездесу, «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», «Бала құқығы – адам құқығы», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім – Заң – Қауіпсіздік», «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі», «Бала еңбегін қанауға жол жоқ» атты акциялар ұйымдастырылып, өткізілді және бірлескен 586 рейдтік іс-шара жүргізілген. Ауданда кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың, жыныстық тиіспеушілік пен өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу бағытында 4 мобильдік топ жұмыс істейді екен. Сонымен қатар мобильдік топтың жұмысын жандандыру мақсатында Қаратау қаласында 5 топ және ауылдық округтерде 13 мобильдік топ құрылып, әр топқа бекітілген жауапты мамандар мен құзырлы органдар өздеріне бекітілген мектептерде рейдтік және профилактикалық іс-шаралар атқарып жатқан сыңайлы. Алдағы уақытта да балалардың құқығын қорғау, оларға қажетті жағдай жасау мақсатында тиісті жұмыстар өз жалғасын тауып, іс-шаралар атқарыла беретініне сенімдіміз. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com Талас ауданы