ЭЛЕКТРОМОБИЛЬДЕРДІ ҚУАТТАУ БЕКЕТІ САЛЫНАДЫ
ЭЛЕКТРОМОБИЛЬДЕРДІ ҚУАТТАУ БЕКЕТІ САЛЫНАДЫ
Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыстық полиция департаментінің жұмысымен танысты. Департаменттің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жаңартылғанына көз жеткізген аймақ басшысы өңірдегі қылмыстық ахуалдың жай-күйіне қанықты. Облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин салада атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде полиция бөлімдерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатқанын жеткізді. Соңғы үш жылда облыстық полиция департаментіне жергілікті бюджеттен 45 миллиард теңгеге (биыл – 16 миллиардтан аса) жуық қаржы бөлінген. Жедел басқару орталығына барған Ербол Қарашөкеев қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстарды жедел іздестіру және келіп түскен өтініштерге тез арада жауап беру үшін қолданылатын заманауи жабдықтармен танысты. Орталықтың бастығы Әсем Мұхамеджанова қазіргі таңда жедел басқару орталығы мен полиция бөлімшелерінің кезекшілік пункттерінде 8 мың 658 бейнекамера орнатылғанын жеткізді. Биыл аналитикалық функциялармен жабдықталған қосымша 300 бейнекамера орнатылған. Азаматтардың телефон хабарламаларын қабылдау қызметі бар. Орталықтың диспетчерлік 102 қоңырауына 9 айда барлығы 100 121 қоңырау түскен. Жедел басқару орталығының тиімді жұмысының арқасында 129 қылмыс ізін суытпай ашылған. Сондай-ақ аймақ басшысы «Аркан», «Автоураган», «АвтоСканнар» жылжымалы кешендерінің жұмысының тиімділігіне назар аударды. Жалпы облыста 30 жылжымалы кешен жұмыс істейді. Осы жылдың 9 айында жылжымалы кешендер 94 мың 123 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтап, 1 миллиард 247 миллион 411 мың теңге айыппұл салынып, 1 миллиард 162 миллион 424 мың теңге өндірілген. Сонымен қатар облыс әкіміне елімізде құрастырылған «JAC iEV4S» электромобилі таныстырылды. Осы орайда Ербол Қарашөкеев облыста инвестициялық жобалар аясында электромобильдерге арналған қуаттау бекеттері салынатынын айтты. Сондай-ақ облыс әкіміне Қордай ауылы мен Сортөбе ауылындағы аудандық ішкі істер бөлімі ғимараттарының құрылыс жұмыстарының барысы баяндалып, жол қозғалысын автоматты басқару жүйелері таныстырылды. Жиын соңында Ербол Қарашөкеев полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылын күшейтудің маңыздылығына назар аударды. Талғат Нұрханов