УАҚЫП – САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНА
УАҚЫП – САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНА
Асыл дініміз Исламда қайырымдылық атаулының ең құрметтісі уақып деп танылады. Тілдік тұрғыда «уақып» сөзі ұстау, тоқтату, кедергі болу деген мағыналарды білдіреді. Шариғатымызда белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалануды уақып деп атаймыз. Әбу Ханифадан басқа Ханафи ғалымдарының және Ислам құқықшыларының көпшілігінің пікірлері бойынша уақып мәндуп сүннет болып есептеледі. Яғни шариғат бойынша істелуі ұнамды болған және Аллаға жақындататын іс. Уақыпқа Құран мен сүннет және ижмағ (Ислам ғұламаларының көпшілігінің мақұлдауы) дәлел бола алады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 267-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!», деп айтқан. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді: жалғасып тұратын садақа, пайдаға асқан ілім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», деген (имам Мүслим). Аталмыш хадиске түсіндірме берген ғалымдар: «Хадистегі «жалғасып тұратын садақа» уақыптан басқа нәрсені меңзеп тұрған жоқ. Егер оның басқа да мағынасы болса уақып та сол мағыналардың ішіне кірер еді», деген. Ибн Омар (р.а.а.) былай дейді: «Омар ибн Хаттаб (р.а.а.) Хайбар соғысында бір жерді иемденеді. Бір күні осы жер хақында кеңесу үшін ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мен Хайбар соғысында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін ие болмадым. Бұл жер хақында маған қандай әмір бересіз?» деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер қаласаң ол жерді уақып қыл да одан түскен пайданы садақа етіп отыр», деп кеңес береді. Хазіреті Омар (р.а.а.) содан кейін ол жерді ешкімге сатылмайтын, мирасқа да берілмейтін етіп садақа етеді. Осы оқиғадағы хазіреті Омардың (р.а.а.) өз меншігіндегі жерін уақып қылуын Ислам ғұламалары «Ислам тарихындағы ең алғашқы уақып» деп санаған. Өйткені хазіреті Омар (р.а.а.) Хайбардағы жерін уақып еткеннен кейін көптеген сахабалар өздерінің мал-мүліктерін, бау-бақшаларын уақыпқа қоя бастаған. Тіпті Жәбір (р.а.а.) есімді сахаба: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) сахабаларының ішінде мал-мүлкін уақып қылмаған ешкім болмаған», деп айтқан. Асыл дінімізді қадірлеп, дәстүрін ардақтай білген ата-бабаларымыз да уақып қадірін жақсы түсінген. Мысалы, Бейбарыс бабамыз Мысыр елінде салған мешіті және Ислам жұртына ардақты үш мешіт: Меккедегі Харам мешітін, Мәдинадағы Пайғамбар мешітін, Құддыс қаласындағы Әл-Ақса мешітін жөндеуден өткізіп кеңейткені белгілі. Құнанбай қажы бабамыз Меккеге қажылық жасауға барған қасиетті сапарында киелі шаһардан «Тақия» атты қонақ үй тұрғызып, уақып жасаған. Әкесінің бұл игі ісі жайында Хәкім Абай: Меккеде уақып үй салып, Пәтер қып, жаққан шырақты. Бір Құдайдың жолына, Малды аямай бұлапты, деген. Сол себепті де уақыптың адамның жеке басына, қоғамның дамуына тигізер пайдасы өте үлкен. Уақыптың мән-мағынасы мен маңыздылығын тереңірек түсінуіміз үшін, мына жайттарды білуіміз қажет. УАҚЫПТЫҢ ЗЕКЕТТЕН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ Уақып – ол зекет емес. Оның зекеттен айырмашылығы зекет – парыз, ал уақып – парыз емес, сүннет амал. Зекетте нисап мөлшері бар. Ал уақыптың белгілі бір мөлшері жоқ. Зекет жылына бір рет берілсе, уақыптың мерзімі бекітілмеген. Адамның өз еркіндегі нәрсе болғандықтан, адам өзі қалағанынша уақып етеді. Зекетке берілетін ақшаны айналымға сала алмайсыз, бірден 8 топтағы адамға таратып беруіңіз керек болады. Ал уақыпта қаржыны айналымға салуға болады. Мәселен, уақып еттім деп біреу он қой берсе, оны бірден таратып жібермей, қой санын көбейтіп, көбейгенін садақаға беруге болады. УАҚЫПТЫҢ ТҮРЛЕРІ Уақып мәселесінде ислам шариғаты заң жағынан жан-жақты зерттеліп, қалыпқа түскендігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ уақыптың көптеген мақсаттары мен түрлері, қоғамда атқаратын рөлімен ерекшеленеді. Шариғат уақыпты мақсатына қарай үш түрге бөліп қарастырады: Бірінші: Діни уақып Қаражатты, мал-мүлікті құлшылық мақсаттарына арнап бөлуді айтады. Мешіт салу, оның ішіндегі төсеніштер мен кілемдер, медресе, оның жылжымайтын мүлкі мен жиһаздарына жәрдемдесу сияқты істер осыған мысал. Ибраһим мен ұлы Исмаилдың Қағбаны салуы уақыптың осы түріне жатады. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 127-аятында: «Сол кезде Ибраһим мен Исмаил үйдің (Қағбаның) ірге тасын көтеріп: «Бізден қабыл ал, Расында Сен тілекті естуші, толық білушісің», деп айтқан. Екінші: Қайырымдылық уақып Жылжымайтын мүлік пен қаражатты әртүрлі қайырымдылық істеріне арнауды айтады. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының қалалық советтен берген өзіне тиесілі үйді соғыстан ұлы қайтыс болған кейуанаға беруі (уақып жасауы) ұрпаққа мәңгі өнеге болып қалды. Қайырымдылық уақыптың мынадай бірнеше бағыттары бар: А) Ғылыми бағыт. Кезінде уақып қорлары университетте оқитындарға қағаз-қалам, ғылыми кітаптар тарататын, оқытушыларды жалақымен қамтамасыз ететін. Көптеген университеттер студенттерді арнайы жатақханамен қамтамасыз етумен қатар оларға шәкіртақы да тағайындайтын. Оған қосымша мыңдаған ғылыми жинақтары бар кітапханалар да Ислам уақыбының себебімен салынған. Осының барлығы да ілім-білімнің кең түрде жайылуына, қоғамның барлық деңгейіне сауаттылық артуына үлкен ықпал еткен. Ә) Денсаулық сақтау саласына жәрдем. Денсаулық сақтау саласына келсек, ислам уақыптары ауруханалар салды, жиһаздармен толтырды, зертханалар тұрғызды, дәрігерлер мен көмекшілерге жалақы тағайындады. Сондай-ақ медицина факультеттерін ашып, оқытушылар мен студенттерге қаржылай көмектесті. Б) Міскіндерге жәрдем. Уақып мұқтаж адамдарды, міскіндер мен пақырларды, жетімдер мен жесірлерді, киіммен, тамақпен, баспанамен қамтуды көздейді. Фиқһ ғалымдары: «Егер уақып етуші кісі мақсатын баяндамай кетсе, онда уақып кедейлер мен міскіндерге арналады», деп ескерткен. Үшінші: Ұрпаққа арналған уақып. Ұрпаққа арналған уақып деп – Ислам дінімен бірге келген, ардақты Пайғамбарымыздың сахабалары кезінен бастау алып, кейінгі ұрпақ үшін қолдануға қалдырылған мүліктер жатады. Қадірменді жамағат! Асыл дініміз өзгелерге көмектесуге, адамдардға жәрдемші болуға үндейді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Адамдардың жақсысы (өзге) адамдарға көбірек пайда тигізгендері», деп айтқан (имам Табарани). Халқымыз: «Өзін ғана ойлаған – жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған – адамдықтың белгісі», – дейді. Алла Тағала баршаларымызды қоғамға пайдалы етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-ниеттерімізді қабыл етсін!
Жұма уағызын жүргізген – Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ, ҚМДБ-ның облыс бойынша бас имамы