БАЛАЛАРДЫ БІЛІМ БАҒЫНА ЖЕТЕЛЕГЕН БАЛҚИЯ
БАЛАЛАРДЫ БІЛІМ БАҒЫНА ЖЕТЕЛЕГЕН БАЛҚИЯ
Әлемдегі ең қадірлі мамандықтың бірі – ұстаздық. Адамға тәрбие, білім берумен қатар, ізгілікке баулып, жақсылыққа жетелейтін оқытушыға оқушы да, айналасындағылар да құрметпен қарайды. Ұстаздық жолды таңдап, абырой биігіне көтерілген жанның бірі – Балқия Әбілдаева. Б.Әбілдаева 1985 жылы Жамбыл педагогикалық институтының «Шет тілдер» факультетін бітіріп шыққаннан кейін 1990 жылға дейін №37 Сүлейменов атындағы орта мектепте шет тілі пәні мұғалімі болып еңбек етеді. 1991 жылы №47 орта мектепке ауысып, содан бері аталған білім ошағында бастауыш сынып мұғалімі болып 33 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді. 2002 жылы «Әулие-Ата» университетінің бастауыш сыныпты оқыту әдістемесі факультетін бітірген Балқия Үмбетбайқызының педагогикалық еңбек өтілі – 38 жыл. Кейіпкеріміз бастауыш білім беру әдістемесін терең меңгерген, жаңашыл ұстаз. Мектепте «Бастауыш сыныптарда білімді, өмірге икемделген, мәдениеті жан-жақты қалыптасқан оқушы тәрбиеленуі керек» деген тақырып бойынша шығармашылық жұмыс жүргізеді. Біз сөз етіп отырған оқытушы ұстаздық қызметте мол тәжірибе жинақтаған, жаңа технологияның әдіс-тәсілдерін кеңінен қолданып, бала тәрбиесін жете білетін өз ісінің нағыз маманы. Жаңа технологияларды оқытудағы негізгі мақсаты – баланың ашылмаған қабілетін ашу, оқуға белсенділігін арттыру, өзіне деген сенімін күшейту, іздендіру, білімге деген қызығушылығын еселеу. Сабақ өту барысында көрнекі құралдарды орынды пайдалану арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады. Сабақта қолданылған ойын әдісі баланың логикалық ойлану қабілетін, ауызша есептеу дағдыларын қалыптастыруға әсер етеді. Сонымен қатар математика пәнінде зеректікті қажет ететін есептерді шығару, жұмбақтарды шешу, қима қағаздармен жұмыс істей білу – мұғалімнің аса бір шеберлігін көрсетеді. Әрбір сабақты тартымды, әсерлі өткізіп, тақырыпқа сай дидактикалық материалдарды орынды пайдаланып, пәнаралық байланысты жүзеге асыра біледі. Б.Әбілдаеваның шәкірттері осы уақыт аралығында республикалық «Ғылым көкжиегі» жобалар байқауында, «Ақбота», «Пони», «Вопросита», «Bilgen baige», «Кенгуру» сайыстарында жүлделі орындарға ие болған. Ол қалалық бастауыш сынып мұғалімдері арасында «Понарамалық сабақ» атты байқауда І орын, қалалық «Үздік сынып жетекші» байқауында ІІІ орын иеленіп, Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің мақтау қағаздарымен марапатталған. Әр жылдары кәсіподақ ұйымдарының Құрмет грамоталарына және Алғыс хаттарына ие болған. Отбасында 5 бала тәрбиелеп отырған ана, немерелерінің шуағына бөленген бақытты әже, өмірлік мол тәжірибесі бар білікті де, білімді ұстаз. Нұрым СЫРҒАБАЕВ