Әлеумет

ХАЛҚЫНА ҚАДІРЛІ ҚАРЫМБАЕВТАР

ХАЛҚЫНА ҚАДІРЛІ ҚАРЫМБАЕВТАР

«Отан – отбасынан басталады» деген аталы сөзге назар аударсақ, арғы астарында отбасы құндылықтарының маңызы тұрады. Шынымен де адамның өсіп-жетілуіне отбасындағы тәрбиенің маңызы зор. Әр отбасы өзінің ортасын қалыптастырады. Сондықтан әр үйде тәрбиеленіп жатқан балалар белгілі бір деңгейдегі ортаны қалыптастырады. Ал сол ортаның мәдениеті мен тәрбиесі қоғамның айнасына айналады.

Қазіргі таңда түрлі династия өкілдерінен құрам тапқан ұйымдар мен мекемелер бар. Біз династия отбасыларын өзінше бір орта ретінде қабылдаймыз. Олардың отбасы мүшелерінің біртұтас бір қызметте болуы да тегіннентегін емес болса керек. Біз сөз еткелі отырған Қарымбаевтар әулеті сөзімізге дәлел. Тарқатып айтар болсақ, 1947 жылы Шу локомотив пайдалану депосында паровоз машинисінің, кейіннен тепловоз машинисінің көмекшісі болып еңбек еткен Қуаныш Қарымбаев теміржол саласында 38 жыл жұмыс істеген. Ұлы Отан соғысының ардагері, өкінішке қарай, 1997 жылы жарық дүниемен қоштасқан. Алайда «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деп ғұламалар айтпақшы, Қуаныш Қарымбаевтың артынан ерген 5 ұл, 1 қызы да жолын жалғастырған. Тіпті немерелері де отбасылық династия қалыптасуына өз үлестерін қосып, әулеттің теміржол саласындағы ізін айқындай түседі. Үш буын үзілмей жұмыс істеген Қарымбаевтар әулетінің жалпы теміржол саласында қызмет етіп жүргеніне 295 жыл болған. – Әкемізден 5 ұл, 1 қыз дүниеге келген. Өкінішке қарай, әкеміз 1997 жылы, анамыз Үмітжан Бегімбекова 2008 жылы дүние салды. Әкеміз теміржол саласында терін төгіп, нанын жеген. Ал анамыз 40 жылдан аса сатушы болып қызмет атқарған. Ата-анамыз қиын-қыстау кезеңді бастан кешіріп, ұстасқан қолдары жазылмай, бізді мәпелеп өсірді. Ата-анамыздың бізге берген тәрбиесі бізге ғана емес, ұрпақтарымызға да өнеге деп білемін. Өйткені сол кісілерден алған тәрбиені біз өз ұл-қыздарымызға беріп келеміз. Отбасының берекесі де, ұйытқысы да бола білген анамыз әкемізді қатты ардақтап сыйлайтын. Ешқашан да әкеміздің жұмысына кедергі жасап, «кимей қалдым, ішпей қалдым» деген кісі емес. Қайта тапқан дүниесін аз болса да көптей көріп, бізді асырауға жұмсаған. Әкеміз де елге қиянат жасаған адам емес. Еңбек етпей, тер төкпей келген мал-дүниенің қайыры болмайды деп айтып отыратын. Айтса айтқандай, сол кезде ата-анамыздың ақылын енді еске алсақ, өте дұрыс айтқан екен. Әке-шешеміздің тәртіп пен тәрбиені қатар алып жүргендіктерінің арқасында біз де жаман болмадық, –дейді Есенкелді Қарымбаев. Қарымбаевтар әулетінің үлкен ұлы Есенкелді Қуанышұлы 1956 жылы 17 қаңтарда дүниеге келген. Алматы көлік инженерлерінің институтында «Инженер-механик» мамандығы бойынша білім алған. 1973-2019 жылдар аралығында жұмысшы, слесарь, бригадир, шебер, технолог, өндірістік оқыту шебері, өндіріс жұмысы бойынша директордың орынбасары, бас технолог, техникалық бақылау қызметінің бастығы, диспетчер, еңбекті қорғау инженері қызметтерін атқарған. Жалпы теміржол саласында 46 жыл қызмет атқарған. Отбасында 3 ұл тәрбиелеп жатқан Есенкелді Қуанышұлы көптеген Алғыс хаттардың, Құрмет грамоталарының иегері. Ал екінші ұлы Нұржан болса, 1960 жылы 14 ақпанда дүниеге келген. Алматы көлік инженерлерінің институтында «Инженермеханик» мамандығы бойынша білім алған. 1982- 2023 жылдар аралығында шебер, нұсқаушы, Шу қалалық комитетінде спорт және туризм басқармасының бастығы, локомотив жөндеу депосы директорының орынбасары, техникалық бақылау қызметінің бастығы, өндіріс учаскесінің бастығы қызметтерін атқарған. Отбасында 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған Нұржанның теміржол саласындағы еңбек өтілі – 41 жыл. Бар ғұмырын теміржол саласына арнап, өз мамандықтарына адалдық танытқан Қарымбаевтар отбасының үшінші ұлы Бақытбек Қуаныш 1963 жылы 11 наурызда дүниеге келіп, 2004 жылы өмірден өткен. 1983-2000 жылдар аралығында машинистің көмекшісі, локомотивтерді жөндеу слесары қызметтерін атқарған. Теміржол саласындағы еңбек өтілі – 17 жыл. Отбасында 1 қызы бар. Ал төртінші ұлы Жақыпбек Қуанышұлы 1966 жылы 11 тамызда дүниеге келген. Шу қаласының арнайы кәсіптік-техникалық училищесін «Механик» мамандығы бойынша бітірген. 1985 жылдан бері локомотивтерді жөндеу слесары қызметтерін атқарып келеді. Теміржол саласындағы еңбек өтілі – 38 жыл. «Қамқор локомотив» жаупкершілігі шектеулі серіктестігінің «Үздік маман» төсбелгісімен марапатталған және көптеген Алғыс хаттардың, Құрмет грамоталарының иегері. Ал кенжесі Құрманғазы Қуанышұлы 1970 жылы 17 ақпанда дүниеге келген. Шу қаласының арнайы кәсіптік-техникалық училищесінде «Машинист көмекшісі» мамандығы бойынша білім алған. 1988 жылдан бері слесарь, машинист көмекшісі қызметтерін атқарған. Теміржол саласындағы еңбек өтілі – 35 жыл. – Еңбекті адамзаттың құндылығы деп қарауымыз керек. Жұмыс істеп, адал ниетпен еңбек еткен адамның жолы ашық болады. Біздің теміржол саласында еңбек етіп келе жатқанымызға да бірнеше жылдың жүзі болды. Бір білгенім, әркім өзінің сүйген жұмысын істесе ғана одан нәтиже шығады. Біз әкеміздің үлгісін көріп өскендіктен мамандықты таңдау аса қиындыққа түсе қоймады. Енді балаларымызға да өзіміз көзбен көрген сала болғандықтан осы жолды нұсқап отырмыз. Алайда олардың таңдау еркіндігін өздеріне береміз. Меніңше, баланың бетін қақпай өсіру керек. Әрине, бұл бетімен жіберу деген сөз емес. Бала тәрбиесінде біз оның мамандық таңдауына, өзінің болашағын нұрлы етуіне кесе-көлденең тұрмауымыз керек деп ойлаймын. Өйткені бала қашан ержетіп, өзіне-өзі келгенше көрсем, білсем деп ұмтылып тұрады. Әне, сондай кезде оның көріп-білуге деген ынта-жігерін сөндіріп алмау қажет. Тіпті сондай сәттерді ұтымды пайдаланып, оны істеме, анау жаман, мынау жаман деп құры айтқаннан көрі алдын ала сол жұмыстың ауыртпалығын айтып түсіндіріп, баланың немен айналысып жүргенін білу маңызды. Ал ұрыссаңыз, бала бәрібір оны сізден жасырып істеуі мүмкін. Сондықтан қазақ «балаңмен дос бол» деген аталы сөз қалдырған. Міне, бұл сөздің арғы астарында бала тәрбиесіне деген жауапкершілік жатыр. Біз сол жауапкершілікті толықтай сезінгенде ғана ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты нық бекемдей түсеміз. Біз кейде отбасында жұмыстың қызықты сәттері мен қиындықтарын әңгімелеп отырамыз. Балаларым бұл саланың қиындығын да, қызығын да біліп өсті. Сондықтан да оларға таңдау еркіндігі берілгенде осы мамандықты таңдады деп ойлаймын, – дейді Нұржан Қарымбаев. Қа р ы мба е вта р ә ул ет і н і ң е ң ү л к е н немересі Меруерт Нұржанқызы 1983 жылы дүниеге келген. 2005 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Эксперт аудитор» және 2008 жылы Қазақ қатынас жолдары университетін «Қаржы бакалавры» мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі таңда «Қамқор локомотив» ЖШС Тараз локомотив жөндеу депосында бас есепші, жалпы теміржол саласында 17 жыл үздіксіз қызмет етіп келеді. Депо директорының Алғыс хатымен марапатталған. Отбасында 4 қыз тәрбиелеуде. Ал ең кенже немересі Мақсат Есенкелдіұлы 1990 жылы дүниеге келген. 2008 жылы Қазақ көлік университетінің жанындағы тех н и к а л ы қ - э к о н о м и к а л ы қ к ол л ед ж д і «Жылжымалы құрамды пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету» және 2009 жылы Қазақ қатынас жолдары университетін «Көлік бакалавры» мамандығы бойынша аяқтаған. Теміржол саласында 14 жыл үздіксіз қызмет етіп келеді. «Қазақстан теміржол жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалы Жамбыл локомотив пайдалану депосында машинист көмекшісі қызметін атқарып келеді. Отбасында 1 қыз тәрбиелеуде. «Ұлдарың ұрымды, қыздарың қырымды жауласын» дегендей, қазіргі таңда Қарымбаев әулетінің бірінен кейін бірі өсіп келе жатқан немерелерінің өзі жер қайыстырар қалың қол сынды. Қарасаң көзің тояды. Ел мақтаса мақтағандай, өсіп-өнген әулеттің балалары десе дегендей-ақ. Әрі бұлардың барлығы да өз болашақтарын осы теміржол саласымен байланыстырады. Олардың жүріс-тұрысы мен киінген киімдерінен-ақ қандай ортада тәрбиеленіп шыққандығының менмұндалап тұратындығына қуанасың. Олар ертең өз Отанының теміржол саласына өлшеусіз үлес қосатындығына біз сенеміз.   Шапағат ӘБДІР