Білім

«Ұстаздық еткен жалықпас...»

«Ұстаздық еткен жалықпас...»

Шыр етіп өмір есігін ашқан нәресте сол отбасында ес білгенше тәлім-тәрбие алып, айналаны танып-білетіні баршаға белгілі. Одан кейін қалған білімді мұғалімнен алады, яғни дәл қазіргі заманда ұстаздың алдынан өтпейтін бала жоқ. «А» деген әріптен бастап балаға бар білгенін үйрететін, бұл әлемнің тылсым сырын ашуға жол ашатын ғылымға жетелейтін жалғыз мамандық иесі – ұстаз. Баланың зердесін ашып, санасына білім сәулесін құятын ағартушылық екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Жер бетінде жарты әлемді билеген патша да, білім-ғылым жетістігімен жеті қат көкті жарып өтіп, айға сапар шеккен ғарышкер де ұстаздың өлшеусіз еңбегінің арқасында биікті бағындырғандар. Сол үшін де мұғалімді нағыз еңбек адамы деуге болады. Бұл мамандықтың өзге мамандықтан артықшылығы сол, бала оқыту қандай қиын болса, осы қиын әрі машақаты көп еңбектің берген жемісі соншалықты тәтті болады. Өйткені сол бала қандай да бір биікті бағындырған жағдайда мұғалімінің беделі асқақтап, абыройы арта түседі. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді дана халқымыз. Демек, оқушының болмыс-бітімі, білімімен қоса ақыл-ойы ел сүйсінерлік жағдайда болуы үшін осы талап алдымен сол оқушыға тәлім-тәрбие, білім беретін ұстаздың бойынан табылуы тиіс. Сол үшін адам ұстаздық қызметке қол созбай тұрып өзін-өзі тәрбиелеуі қажет. Себебі ұлт ұрпағын ұлылар жолына жетелейтін мұғалімнің өзі біліксіз, мінезі елге жағымсыз әрі ісі көпке жұғымсыз болса, онда ол ұстаздың қолынан қандай шәкірт тәрбиеленіп шығатыны айтпаса да түсінікті. Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деп текке айтпаған. Өйткені барлық күш-жігер баланың білім алуына ғана жұмсалып, тәрбиесіне аса мән берілмесе, мұның арты қоғамды қордаланған мәселеге апарып тірейтіні анық. Кез келген салаға қатысты ақпаратты бала бойына мұғалімнің көмегі арқылы сіңіріп, білім көкжиегін қанша жерден кеңейткенімен ол ой-өріс, ақыл-парасат, адамдыққа тән мейірімділік, кішіпейілдік секілді өзге де құнды қасиеттер жағынан ақсап жатса, әрине, алысқа бара алмайды. Сондықтан тәрбие адамның жандүниесін нұрландырып, тұлғалық қасиетін қалыптастыратынын бар еңбегін бала оқыту жолына арнаған Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов секілді қазақтан шыққан кемеңгерлер меңзеп кеткен. Тегінде, ұстаз болудың қоғам, адам, бала алдындағы жауапкершілігі мен маңыздылығы айрықша. Кісі баласына жөн сілтеп, оны қатарға қосуда, балалықтан даналыққа қадам бастырып, арман-тілегін ақылға толы құнды ой қазынасымен ұштастыру қатардағы жай адамға оңай емес. Сол үшін де біз сөз еткен қазақтың ұлы тұлғалары ұстаздықтан бұрын кісілікке тән кемеңгерлікті жоғары қойып отыр. Мәселен, қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлы: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға», дейді. Осы тұста қазақтың бас ақыны – Абай атамыздың мұғалімге бала оқыту қызметінде адамның мейлінше ыждағатты болуын, ерінбей-жалықпай ұстаздық еткен адамның оқушыға тәлім-тәрбие, білім беруде абай болған ұстаздың еңбегі далаға кетпейтінін анық айтып тұрғанын байқауға болады. Демек, бұрын да, қазіргі заманда да қоғамды мұғалімнің рөлінсіз елестету мүмкін емес. Бұл жолда мұғалім талмай, танбай, арын, атын былғамай еңбектенгенде ғана қоғамнан оңды баға ала алады. Шәкіртін білімнің биігіне, тәрбиенің парасаттылығына жетелеуді өзіне бұлжымас парыз санаған педагог қана ұстаздық дәрежеге көтеріледі. Негізінде кез келген бас қосу не жиындарда жұрт «осы не айтар екен?» деп ұстаздың аузына қарайтыны белгілі. Әсіресе ауылдық жердегі тұрғындар үшін ұстаз ең ойы озық интеллигент саналатыны анық. Бұрын ұстаз бен кәсіпкер қатар келе жатса, оларға кезіккен адам алдымен ұстаздың қолын алатын. Үйіне қонақ келсе де алдымен жұрт ұстазды төрге оздыратын үрдіс бар еді. Бұл көптің мұғалімге деген құрметі. Осы дәстүрден қазақ қоғамы еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап мұндаға дейін жаңылысқандай болып еді, бүгінде «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң қабылданып, ұстаздың жоғала бастаған беделі қайта оралғандай. Негізі кез келген ұлы іс, яғни адамдық, даналық, білім-ғылым игеру сынды ұлылық жолда оқушыға жөн сілтеп, бағыт-бағдар беруде ұстаз үнемі алда жүруі тиіс. Ұстаздық қызмет мұғалімнің балаға үлгі-өнеге көрсете отырып, өзінің бітім-болмысының қандай дәрежеде екенін, әдеті мен әрекетінің, әдебі мен мәдениетінің салмағын қоғамға анық көрсете алатын айна іспетті. Мұғалімнің өзіндік мәртебесінің аса биік саналуына, қоғамнан лайықты бағасын алуына оның атқарған қызметі мен жүріс-тұрысы, мінезі, болмысы өлшем бола алады. Мұғалімнің өз отбасында да кемшілік болмауы керек. Ұстаздың мамандығынан бөлек, отбасылық жағдайы, отбасылық тұрмыс-салты кісі қызығарлықтай болуы шарт. Мұғалімнің бауырынан өрбіген бала-шағасының да жүріс-тұрысы мен мәдениетінен олардың ұстаздың отбасынан шыққаны айқын аңғарылып тұруы керек. Өйткені өз баласының тәрбиесі ақсап жатса, мұғалімнің кісі баласына қаншалықты тәрбие-білім беріп жатқаны қоғамды ойландырмай қоймайды. Сондықтан да тағдыр тауқыметі қанша қыспаққа алса да мұғалім өз отбасын бақытты етуге барын салады. Міне, біз сөз етіп отырған ұстаздық мамандықтың ауыртпашылығы мен жауапкершілігінің бір парасы осындай. Қазіргі заман мұғаліміне оқушымен қарым-қатынас жасаудағы сұңғылалықпен қатар, ата-аналармен педагогикалық ынтымақтастық орнатуда да толып жатқан талаптарды орындауға тура келеді. Осындай үдеден шығып жүрген ұстаздардың еңбегі қашан да ерен. Осы орайда еркеше тоқталғым келіп отырған бір жайт бар. Биыл Тараз қаласының «Барысхан» тұрғын алқабынан заманауи үлгіде №62 жаңа орта мектеп бой көтерген болатын. Разия Оспанова басқаратын жаңа мектеп ұжымының педагогтары бұрын әртүрлі білім ошақтарында жемісті еңбек етіп келген мұғалімдер. Жаңа оқу жылы басталғалы мектебіміз озық дәстүрлер мен әлемдік білім кеңістігіндегі кемел идеяларды ұштастыра отырып, жаңа білім арнасына түсіп үлгерді. Педагогикалық ұжым ынтамақтастықта еңбек ете отырып, демократиялық қағидаларды іске асыруға бет бұрған. «Көргеннен, білгеннен аспау, барды қанағат қылу, жоқты іздемеу – ой мешеулігі», дейді Ғабиден Мұстафин. Қазір ұжым мүшелерінің бір-бірінен үлгі алуы, тәжірибе алмасуы, ішіндегі жақсысына еліктей жүріп білмегенін үйренуі, біріне-бірі бағыт-бағдар сілтеуі Ғ.Мұстафин айтқан ескертпе қағиданы бағдаршам еткендей. Себебі ұжымда 71 педагог қызмет ететін болса, оның екеуі жоғары және бірінші санаттағы педагог. 11 модератор мен 10 сарапшы, 8 зерттеуші, 40 қатардағы педагог бар. Мұғалімдердің жиырма шақтысы жас маман. Бала тәрбиелеп, білім беру ісінде артына жақсы із қалдырып жүрген мамандар оларды қанатының астына алып баулуда. Биыл жаңадан оқушы қабылдап, оларды білім нәрімен сусындатуға кіріскен жаңа ұжым мүшелеріне кәсіби мерекемізге орай сәт-сапар тілеймін. Мақсатымыз – ұстаз деген атқа лайық еңбек ету, үдеден шығу. Гүлназ КЕНБАЕВА, № 62 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Тараз қаласы