Қоғам

Үздіктер марапатталды

Үздіктер марапатталды

Облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқар­масы – өңірдегі еңбек қатынастарын реттеу мен еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру арқылы жұмыскердің еңбек құқықтарын қорғайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы. Сол себепті аталған басқарма тарапынан тұрақты түрде Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін, арыздарын және шағымдарын қарайтыны белгілі. Осы жылдың 8 айында облыс ұйымдары мен кәсіпорындарда жоспардан тыс 79 тексеру мен 11 профилактикалық бақылау жүргізіліп, 159 бұзушылық анықталған екен. Оның 125-і еңбек қатынастарына, 32-сі еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға, екеуі халықты жұмыспен қамтуға қатысты. Анықталған заңбұзушылықтарға қатысты жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 55 нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 5 ескерту және 9 әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулылар шығарылыпты. 2 миллион 800 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынып, олар толық өндірілген. Нәтижесінде 156 еңбек заңнамасының бұзушылықтары жойылып, 370 жұмыскердің құқықтары қорғалған екен. Жыл басында мемлекеттік еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесіп 7 кәсіпорында 404 миллион теңгеден астам жалақы қарыздарын анықтап, олар толығымен жойылған. Бұл туралы жақында облыстық Қазақстан халықтары Ассамблеясы ғимаратының мәжіліс залында Еңбек күні мерекесіне арналған жиында айтылды. Аталған басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Аслан Оразбеков, «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, еңбек ардагерлері, салалық кәсіподақтар, жергілікті атқарушы органдар мен жеке саланың қызметкерлері қатысты. Жиынды облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов ашып, жүргізіп отырды. Жиында алдымен облысы әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Нүркен Сейдалиев баяндама жасап, жоғарыда аталған мәліметтерді сөз еткен болатын. Сондай-ақ ол өз сөзінде бірнеше жылдан бері елімізде аталып келе жатқан Еңбек күнінің артықшылықтарына да тоқталды. – Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашасындағы Жарлығына сәйкес қыркүйек айының әр соңғы жексенбісі елімізде Еңбек күні болып жарияланған. Содан бері айтулы мереке елімізде оныншы рет аталып өтуде. Бұл мерекенің басты мақсаты – жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру шеңберіндегі өндіруші еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау және жұмысшы әулетіндегі көпжылдық дәстүрді нығайту. Осында бүгін әр саланың еңбек ардагерлері қатысып отыр. Олар жанқияр еңбектерімен жастарға тәлімгерлік дәстүрді табыстап, ұрпақтар сабақтастығын сақтап келеді. Бүгінде өз бойларыңыздағы ең бай кәсіби және адамгершілік тәжірибелеріңізді, жастарды еңбекке, жұмысшы мамандықтарына деген сүйіспеншілікке баулу, әрі оларды өз Отанын сүюге тәрбиелеу арқылы жастарға табыстауды жалғастырып келесіздер. Жылдан-жылға Еңбек күнін мерекелеу аясында қоғамға еңбек сіңірген адамдарды дәріптеп, абыройын биіктету мақсатында көптеген іс-шара ұйымдастырылып келеді. Биыл да облыс бойынша ауқымды іс-шаралар қарастырылған. Еңбек күнін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттандыру жұмыстары ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері жергілікті БАҚ-та еңбек адамдарын, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, шағын және орта бизнес аясында жұмыс орындарын ашқан азаматтар, олардың еңбек жолын насихаттау жұмысы жүргізілуде. Адал еңбек – қашанда құнды. Жанын сала еңбек етіп, табысын маңдай терімен тауып отырған адам әрдайым құрметке лайық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбек – бәрін жеңбек. Әрбір еңбек бағалы! Біз еңбекқор ұлт болуымыз керек!» деп жазған болатын. Талас ауданындай елу алты Еңбек Ерін шығарған елімізде өңір жоқ. Сондай-ақ «Еңбек Ері» атағын екі рет алған еліміздегі үш тұлғаның біреуі – «Дала академигі» атанған мойынқұмдық Жазылбек Қуанышбаев атамыз. Кезінде дала төсін дүбірлеткен өңірдің жүзден аса Социалистік Еңбек Ерінің жолын тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ерлері – Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров пен ауылшаруашылық саласының майталманы болған Сайрамбай Дөненбаев, білім саласының үздігі Аягүл Миразова жалғады. Осы уақыт аралығында өз кәсібін атадан балаға мирас етіп қалдырған әулеттер облыста қалыптасты, – деді. Нүркен Мұратұлының айтуынша, әке жолын жалғастырған Жуалы ауданынан Сұрымбаевтар отбасы 2012 жылдан бастап мал, егіншаруашылығымен айналысып келеді екен. Бұл отбасы жергілікті жердегі аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасыларға материалдық, азық-түлік түріндегі көмектерді үнемі көрсетіп жүреді. – Шу аданынан 56 жыл еңбек өтілі бар Оспановтар шаруа қожалықтары династиясы. Бүгінгі таңда 52 адамды жұмыспен қамтып отыр. Көпбалалы 3 отбасыға демеушілік жасап, баспана сыйлаған Мадалиевтер кәсіпкерлер жанұясы да мақтаулы отбасы. Меркі ауданынан жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға қайырымдылық көмектерін жиі жасап тұратын кәсіпкер отбасы Миралиевтер бүгінгі таңда «Күншуақ» медициналық орталығы және балабақшасы арқылы аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуда. Әр салада кәсіби біліктілікпен мамандыққа адалдықтың шынайы үлгісін көрсетіп жүрген азаматтар да аз емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазір еңбек нарығында ауқымды өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Онда цифрлық экономиканың рөлі артып, платформалық жұмыспен қамту жүйесіне қызығушылық артқандығы ескертілді. Платформалық жұмыспен қамту интернет-платформаларды және платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, қызметтер көрсету немесе жұмыстарды орындау жөніндегі қызмет түрін білдіреді. Сондықтан осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдері әзірленуде. Оған қоса Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіріп келеді. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеру жоспарлануда. Осылайша еңбекақының ең төменгі мөлшері үш жыл ішінде екі есеге көбейді. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Жалпы еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкіметке қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекіту тапсырылды. Бүгінгі күні еңбек нарығындағы өзгерістер басты назарда. Осыған орай облыстағы мекемелерде еңбек қатынастарын реттеу мен еңбек заңнамасының сақталуы еңбек инспекциясының бақылауында, – деді Н.Сейдалиев. Бұдан кейін Бағлан Жиенәліұлы, Аслан Ұланұлы, Ерұлан Сабенұлы, «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Калым Нұрғазиевке сөз беріліп, олар жұртшылықты атаулы күнге орай мерекемен құттықтады. Келесі кезекте Нұржан Сәбитұлы сөз алып, Еңбек күні мерекесіне орай бірқатар азаматқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ Б.Қарашолақов та бірқатар сала еңбеккеріне облыстық кәсіподақтар орталығының марапатын табыстады. Бұған қоса жиында өңірдегі әртүрлі сала мамандары мен еңбек адамдары, кәсіпорын, шаруашылық басшылары мен қызметкерлері «AMANAT» партиясының, облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Осы жылдың тамыз айында жыл ішінде ұйымдастырылған аймақтық «Еңбек жолы» конкурсына бірқатар азамат қатысып, үш номинация бойынша жеңіске жеткен екен. Олар өз кезегінде өңір атынан республикалық байқауға қатысып, номинант атанған еді. Осы жиында аталған министрліктің «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Ахметовтер отбасынан Мұрат Ахметов, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша жеңімпазы – «Talas Investment Company» ЖШС қызметкері Калым Боранбайұлы, «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша жеңімпазы – Төле би атындағы №8 гимназияның ағылшын тілі пәні мұғалімі Дәмелі Бақтыбай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дипломына және сыйлықтарына ие болды. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com