Әлеумет

АУЫЛДА ЖҰМЫССЫЗДАР ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ

АУЫЛДА ЖҰМЫССЫЗДАР ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президентін ұлықтау рәсімінде: «Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», деген еді. Жалпы ауыл әкімдері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, салалық министрліктердің, облыс, аудан әкімінің тапсырмаларын, Мемлекет басшысының Жолдауларында көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыруға міндетті. Оның ішінде мемлекеттік және ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру, азаматтардың өтiнiштерiн, арыз-шағымдарын қарау, мәселенің оң шешімін табуы бағытында еңбектену – басты мәселе. Сонымен қатар ауылдық округ әкімі елді мекендегі жұмыспен қамту мәселелерін үйлестіру, шаруа, фермер, кәсіпкер сынды қолынан іс келетін азаматтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, ауылдық жерде орта және шағын бизнестің дамуына түрткі болуы қажет. Негізінде ауылдық жерде шешімін табуы тиіс ең басты мәселенің бірі – жұмыссыздықты жою. Халқына шын жаны ашитын әкім кабинетте отырып тек іс-қағаздарға қол қоюмен ғана шектелмей, халықпен қоян-қолтық жұмыс жүргізуі керек. Қазіргі заманның сұранысына орай малды асылдандыру, халықты цифрлық сауаттандыру, жұрттың гранттар мен несиелерді көбірек алуына жәрдемдесіп, бірінен кейін бірін кәсіпкерлік нысандарды ашып, ауылды абаттандырып, көпбалалы аналарға қарайласып, аз қамтылған отбасылардың жағдайын жасап, еріктілер қызметін дамытып, екі қолға бір күрек іздегендерге лайықты жұмыс ұсына алған әкім ғана сайлаушыларына сыйлы бола алады. Міне, осындай шаруаларды атқаруда ауыл әкіміне артылар жауапкершілік жүгі оңай емес. Бұл ретте ауылдың белсенді азаматтары, кәсіпкерлер мен шаруа қожалық басшылары, зиялы қауым өкілдері елжұртқа, жалпыға ортақ іске жанашырлық танытып, әкімге болысуы керек. Өйткені ауылдық жердегі кем-кетікті бүтіндеу, жоқ-жітікті түгендеу ауылдықтар үшін қашан да ортақ іс деп білемін. Біздің ауылдық округтегі осындай келелі істерді, әсіресе жұмыссыздықты жою бағытында ауыл халқымен тізе қоса қимылдаудың арқасында округтегі негізгі мәселелер өз шешімін тапқан. Өйткені егемен елімізде халықтың тұрмыс сапасы жақсарып, жастарымыз болашаққа нық сеніммен қарауы үшін әрбір ауыл, әрбір елді мекенде халық қамы үшін сапалы қызмет атқарылуы қажет. Жалпы еліміз қазіргі таңда өркениет көшіне ілесіп барады деп батыл айтуға болады. Сол ұлы көште 95 жылдық тарихы бар ауданымыз, сонымен бірге Ақбастау ауылдық округі де бар. Ауылдық округке қатысты Бірлесу-Еңбек және Шоқай елді мекендері заман талабына сай дамып келеді десем, еш қателеспегенім. Әсіресе соңғы жылдары тұрмысы түзелген жергілікті жұртшылық түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың шарапатын, оң өзгерістерді көзбен көріп отыр. Бірден айтар болсам, біздің ауылдық округте жұмыссыздық жоқтың қасы. Тұрғындардың бірқатары ауыл іргесіне тиіп тұрған аудан орталығы – Аса ауылында, Тараз қаласында, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Жаңа Жамбыл фосфор зауытында» жұмыс істеп жатса, халықтың бір бөлігі үлкенді-кішілі шаруа қожалықтарына иелік етіп немесе мүше болып еңбек етіп жүр. Шаруашылықтар негізінен мал ұстау, егіс егу және бау-бақша өнімін өндірумен айналысады. Ақбастау ауылдық округіндегі түйткілді мәселелер кезеңкезеңімен шешімін табуда. Биыл жыл аяғына дейін Бірлесу-Еңбек ауылында бір балабақша пайдалануға беріледі. Ал келер жылы Шоқай ауылында 10 келушіге арналған жаңа фельдшерлік пункт еңсе тіктемек. Бұл дегеніміз таяу уақытта округте жаңа жұмыс орындары құрылатынын көрсетеді. Халқымызда «көпбала – көгергенімізге жақсы» деген сипатты сөз бар. Бұл тұрғыда округте адам санының өсіп келе жатқанын, екі ауылда көпбалалы 1 133 ана тұратынын мақтанышпен айта аламмыз. Олар өсіп-өніп келе жатқан әулет, ешкімге алақан жайып отырмағанын ескерсек, мұны әр отбасының күнкөріс қамы, ұрпақ болашағы үшін еткен еңбегінің жемісі деуге болады. Кіші Аса өзенін бұрыннан жағалай қонған қос ауыл жылдар жылжыған сайын түлеп, өсіп-өркендеп келеді. Әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Екі ауылда да газ құбыры мен таза ауызсу жүйесі тартылып, тұрғындар «көгілдір отынның» қызығын көріп, сапалы судың дәмін талайдан татып отыр. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналып ескерткіштер тұрғызылды, жаңа мешіттер салынды. Округте тұратын 2 190 адамға фельдшерлікакушерлік және медициналық пункттер қызмет көрсетеді. Жұртшылықтың жүрегін жылытқан жағдайдың бірі – 2019 жылы Бірлесу-Еңбек ауылында, осыдан бір ай бұрын Шоқай елді мекенінде заманауи үлгідегі мектептер пайдалануға берілді. Ондағы білім нысандарында ауылдың тұрғындары еңбек етуде. Көшелердің барлығына дерлік асфальт төселген, бірқатарына түнгі жарық орнатылған. Осы жұмыстардың атқарылуы барысында еңбек еткендердің ішінде ақбастаулықтардың да арасында уақытша жұмыспен қамтылғандар болғанын айта кеткім келеді. Клуб және спорт нысандарының жай-күйі де жақсы. Үй салуға кезекте тұрғандарға жер телімдері берілуде. Ауылдарымыз қоныстанған жерлер – нағыз шаруалар мекені, егін мен малшаруашылығын өркендетуге таптырмайтын өте қолайлы өңір. Бүгінде егіншілікке екпін берген диқандар мен төрт түлікке ден қойған мал өсірушілер, яғни 104 шаруа қожалығы мен 1 өндірістік кооператив ризығын мал мен жерден айырып отыр. Ауыл тұрғындарының бірқатарына осы шаруашылықтар жұмыс беруші болып саналады. Қазіргі таңда ауылдық округ тұрғындары 3 503 жылқы, 9 104 қой-ешкі, 2 120 мүйізді ірі қара, 3 602 үй құсын ұстайды. Ауылдықтардың бірі мал тауып, бірі соның малын бағып күн көріп отырған жайы бар. Егістік және жайылым жерлер толық игерілуде. Биылдың өзінде округте талай тірлік тиянақталды. Тұрғылықты халықтың игілігіне бағытталған жарқын істер алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенімдімін. Жұмыссыздық ауылдық округте алдағы уақытта да мәселе ретінде көтерілмейді деген сенімдемін. Өйткені халқы еңбекқор, жастары кез келген істен тартынбайтын ауылдық округ тұрғындары бақыттың тек еңбекпен келетінін жақсы түсінеді. Нұрсұлу ДҮЗЕЕВА, Ақбастау ауылдық округінің әкімі, Жамбыл ауданы