Жаңалықтар

МОМЫШҰЛЫНЫҢ МІНЕЗІ, ШӘЙМЕРДЕНОВТІҢ ШАҒЫМЫ

МОМЫШҰЛЫНЫҢ МІНЕЗІ, ШӘЙМЕРДЕНОВТІҢ ШАҒЫМЫ

«Ұлы адамдар туралы майдалықты халық қаламайды».

Б.Момышұлы.

Әдебиетке шөліркеп жүрген кезіміз. Туған-туыстарымыздың үйінен бір кітап көрсек, соны аттай қалап сұрап аламыз да, қашан оқып біткенше асығамыз. Шаймерденовтің дүниелерімен мен осындай албырт шақта танысқан едім. Қаһармандарының ішінен Марғау деген төбеті ғана есімде қалыпты. Кейін Жамбыл облыстық қазақ драма театры ауыл клубына әкеліп қойған «Әнім сен едің» атты («Қарғаш» повесінің желісі бойынша – К.С.) пьесасын тамашаладым. Дана ақсақалымыздың бірегейі болған Д.А.Қонаев айтпақшы, ақиқаттан аттауға болмас, Шаймерденовтің бозбала шағыма алданыш болған сол дүниелері туралы бүгінде «анаусы анандай, мынаусы мынандай еді» деп жамандап, күнәһар болғым келмейді. Ұнағаны рас. Бірақ өзім де журналист, жазушы атанып, әдебиетшілер қауымымен араласа келе Сафуан Шаймерденовтің шығармалары туралы емес, керісінше оның жеке басы туралы айтылған кейісті пікірлерді көп ести бастадым. Айтушылардың жеткізуінше, ол шолақ белсенділер заманындағы «шаш ал десе, бас алатын» әпербақандардың тәсілімен аты аңызға айналған біртуар батыр Баукеңе тіл тигізіпті. Бірақ мен С.Шаймерденовті айыптаушыларға «үрит» деп қосыла кетуден гөрі: «Бәлкім, Шаймерденовтің артында біреулер «осылай деп жаз» деп дігерлеп тұрған шығар, әйтпесе ол айға шауып мерт болатын ақымақ арыстан емес қой» деген ойды көп қаузадым. Сол ойым дұрыс екен. Сонау 1961 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Кәрі күйеу» деп аталатын фельетонның авторы С.Шаймерденов болғанымен, желкесінде «жаз» деп қыдиып тұрушылар да болыпты. Бірақ бұл уәж «ат» дегеннің де, «атқанның» да айыпты болатынын жоққа шығара алмаса керек. Баукеңнің «Судьба (Тағдыр)» деген тамаша естелігі бар. Сонда өзін өлердей сүйген әйелмен қалай танысып, қалай жұптары жарасқанын, оның үйелмелі-сүйелмелі қыздарына әкесі сияқты қамқорлық жасағанын майын тамызып әңгімелей келіп, былай деп жазады: «...В Алма-Ате находился вновь назначенный заместитель главного редактора «Литгазеты» Барабаш. Он сообщил мне, что 6 декабря будут напечатаны в их газете два подвала моих материалов, посвященные ХХ летию победы под Москвой. Они уже не только одобрены, но и набраны. По случаю этой даты намечался и у нас в Казахстане ряд мероприятии в печати, радио, телевидению... Как председатель ВК СПК, я выдвигал эти мероприятия. Чтоб согласовать и уточнить некоторые вопросы, я пошел в СПК. Когда я вошел в кабинет, там стояли Мусрепов, Шашкин, Шаймерденов. Они сразу прекратили разговор. На мое приветствие Мусрепов не ответил, а те последовали его примеру. – У меня есть к вам некоторые вопросы. Вижу вы очень заняты. – Завтра или послезавтра поговорим, – ответил Мусрепов. Выходя от них, я сидел в партбюро у Байтанаева (заместитель секретаря) вошел З.Шашкин (секретарь) со своей кошачьей улыбкой протянул мне свои руки. – У вас не хватило мужество поздороваться со мной минут десять тому назад, а теперь ваш привет не принимается, товарищь секретарь партбюро. – Ну что вы?.. Я завтра ложусь в больницу. – Завтра Мусрепов улетаеть в Москву, вы ложитесь в больницу, а С.Шаймерденов будет выполнять ваши поручения. Какую свинью вы решили подложить мне? – Ну, что вы? О вас не было разговора... – Хорошо. Узнаем через несколько дней. Придя домой все это рассказал ей. 1 декабря 1961 года. Я спал. Меня разбудила она. – Міне, алғын, Сафуан иттік істепті, – этими словами она показала мне свежий номер газеты «Қазақ әдебиеті». Она была возмущена до предела. Я ей сказал, что ничего неожиданного не случилось. Все это проделки Мусрепова, а на остальных не стоит обижаться. Пошел в Союз Писателей, все смотрели в окна. Когда я поднялся в вестюбиль, там стояли пять-шесть писателей, кольцом окуржая коптированного секретаря С.Шаймерденова. Со всеми поздоровался за руку и, задержав руку С.Шаймерденова сказал: – Из всех твоих произведение самое талантливое – это твоя сегодняшняя статья. Все рассмеялись... Как прилетел в Москву, Г.Мусрепов позвонил Г.Корабельникову и другим членам редколлегии и добился снятия моей статьи (рассказ) из «Литературной газеты». Начались всякие хулиганские звонки к нам домой.». (Б.Момышұлы, 30 томдық. 10-том. 205-206-беттер). Дар ағашының алдында апарып қойса да өтірік айтпайтын батыр Баукеңнің бұл дерек пен дәйегін С.Шаймерденов кейін өзінің «Ағалардың алақаны» атты естелік кітабында басқаша тәпсірлейді. Бұл сөзімізді дәлелдеу үшін журналист Нұрлытай Үркімбайдың мақаласынан үзінді келтірейік. Ол ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлына нақақтан-нақақ күйе жағылғанын С.Шаймерденовтің тірі кезінде жазған журналист. «... «Кәрі күйеуде» автор 1962 жылы (Б.Момышұлы 1961 жыл десе, Н.Үркімбай 1962 жыл дейді, бірақ бұған аса мән бермеуді өтінеміз – К.С.) «Қазақ әдебиеті» газетінің бір ғана нөмірінде жарияланған Момышұлының жеке тағдырына қатысты екі мақаланың бірін өзі жазғандығы жайында баяндай келіп: «Есімде қалғаны – Аристотельден келтірілген қорытынды сөзім: «Человек вне общества – или бог, или зверь». Бауыржан өзін қайсысымын деп түсінеді екен? – деп аяқтағаным», дейді. Автор 1962 жылы жазған өз мақаласын 1987 жылы (Баукең 1982 жылы о дүниелік боп кеткен еді – Н.Ү.) жарық көрген жинағында осылайша еске алады. ...Мен түрегелдім. Бауыржан қолын шекесіне апарды: – Жазғандарыңның ішіндегі ең тәуірі «Қазақ әдебиеті» газетінің кешегі санында жарияланған мақалаң болмақ. – Жолдас полковник, мен де тап солай ойлаймын, – дедім сабырлы кейіппен». Баукеңнің жазуында фельетон авторымен Қазақстан Жазушылар одағының вестюбилінде кездестім демеп пе еді. Сонда кім өтірік айтып отыр? Алла Тағала біліп, білмей істеген күнәларын кешірсін, марқұм Шаймерденовтің «Бауыржан қолын шекесіне апарды» деп, өзін құрметті адам ретінде көрсетіп қойғаны несі? Журналист Н.Үркімбай бұдан әрі Бақытжан Момышұлы ағасы мен Зейнеп Ахметова жеңгесінің қамқорлығы арқасында Баукең архивінен аты шулы фельетон жарияланған газетті өз көзімен көргенін және фельетонның тұсына: «Сафуанның шығармаларының ішіндегі ең таланттысы да, әйгілісі де осы болмақ. В его биографии это будет стоять особняком», – деп бұрыштама жазылып, қол қойылғанын баяндайды. Батыр Баукең бір нөмірде өзі туралы фельетон мен мақаланың (мақаланың авторлары – Ш. Артықбаев, Ш. Өтепов. Оның көшірмесі біздің қолымызда бар – К.С.) қатар жарияланғанына шыдамай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне, Қазақстан Жазушылар одағының бастауыш партия ұйымына арнап хат жазыпты. Онда былай делінген: «Мен екі жүздей ұрыстарға қатысқам. Жеті травма алғанмын. Қан майдандағы қимылдарымнан болсын, идеялық, материалдық жақтарынан болсын халыққа, партияға, мемлекетке зиян келтірмегендердің бірімін. Қалайша мен «человек вне общества - или бог, или зверьмін?» Менде де кемшіліктер бар. Олардың көбін өзім де білем, түзетуге тырысамын. Айыбым болса – оны мойныма алуға менің ерлігім жетеді. Орынсыз табалап, кемітіп, әдепсіз балағаттап айтылған сынның құйрығы келте болғанымен, оларға да көңіл бөлемін. Қорытынды шығарамын. Бірақ та арқамды кім болса, соған тоса бермеймін. Ведь у бьющего тоже рука устает» дегенді «шоқпарбайлардың» ойына салғым келеді - шаршаған жұдырық түбінде таяқ жейді». («Парасат» журналы 12-нөмір, 1990 жыл.). Баукеңнің көзі тірісінде, яғни 1980 жылы арқалы ақын Олжас Сүлейменов «Лениншіл жас» газетінде «Менің Бауыржаным» атты мақала жариялапты. Үзінді келтірейік. «...Оның Бостандық аралына келуін жазған бір бума газет материалдарымен таныстым... Сурет үстінде ірі әріптермен былай деп жазылған: «Ұлы совет жауынгері, полковник Бауыржан Момышұлы, Куба жеріне қош келдіңіз!». Мен осынау газеттерді қарап отырып, мақтаныштан жарылардай едім және... өзіміздің жергілікті әдеби газетте ол туралы мақаланың, мақала емес-ау, фельетонның шыққанын кубалықтар біле ме екен?» – деген үрейлі ой құшағында болдым. Мұндай да кереғарлық болады екен! ...Сондағы қайта-қайта ойлағаным, әлдебір ақынның «Жақыннан іріні көре алмайсың, ұлы нәрсе алыстан көрінеді», – деген сөзі еді. Биіктегіні көру үшін, биікте тұру керек секілді. Адам бойындағы басты нәрсені бағалау үшін тірліктегі ұсақ-түйек жайлардан көтерілу керек секілді». Қазір адуынды ақын Олжас Сүлейменовті «ана тілін білмейді» деп жерден алып, жерге салып жамандаушылар көп. Олардың арасында кеңестік дәуірдің қызығын көрген зиялылар да бар. Бірақ өкінішке қарай, солардың бірде біреуі Баукеңнің басына бұлт үйіріліп жатқанда Олжас ақын сияқты Алаш жұртының «Араша» деген сөзін айта алмады. Тағы да Н. Үркімбайдың мақаласына жүгінейік. «...Кенет бір тосын материалдың көзіме оттай басылғаны. 1962 жылғы «Қазақ әдебиеті» газетінің сарғайған бір нөмірі. Бірінші беттің редакторлық бағанасында Баукеңді «сойып салған» мақала. Ішкі бетте қос автордың Баукеңді түйреген фельетоны. Әлгі жерде, осыларға байланысты Олжекеңнің қынжылысқа толы баяғы мақаласы ойыма бірден сап ете түскені. – Аға, мен осы газетті іздеп жүрген едім.. – Ондай болса, Нұрлытай, мен саған бір қызық дүниені көрсетейін... Осы мақалаларға байланысты әкемнің жазған хаты бар. Хат болғанда да Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне, Қазақстан Жазушылар одағының бастауыш партия ұйымына арнаған еді. Жазуын жазса да, кейін ойлана келіп: «Сол «шоқпарбайлардың» деңгейіне түсіп қайтем! Тиіссе, тиісе берсін» деді де жеке архивіне тастай салды, – деп Бақытжан аға жазу машинкасымен басылған қос парақ қағазды қолыма ұстатты. Сол жақ шекесіне «В архив!» деп Бауыржан ата өз қолымен бұрыштама жазған екен. Үйіме келісімен «Қазақ әдебиеті» газетін, содан кейін оған байланысты жазылса да еш жерге жіберілмеген Баукеңнің әлгі хатын, Қайсенов, Сүлейменов эсселерімен қатар Шаймерденовтің 1987 жылы шыққан (ал Баукең 1982 жылы қаза болған-ды) «Ағалардың алақаны» кітабын қатар қойып, хронологиялық тәртіппен қайта таныса бастадым. Оқып шықтым да Баукеңнің биік те кесек болмысына одан әрі көзім жете түскендей болды. Енді мақаламды бастыру ісіне келер болсақ... Жарық көрмей, он айдай жатып қалды. Өзім қызмет ететін басылымға ұсынуды жөн көрмедім. «Өзі отырған соң шығартқан ғой..» дер, деп. Жайлап отырып, бір беделді басылымға ұсындым. Оқып шығысты да: – Бұлтартпас дәлелдермен мықты жазыпсың. Бірақ біз баса алмаймыз. Құлағымызға тыныштық керек. Сафуан бәле қылады, – десті. – Бұл жерде жалған ешнәрсе жоқ қой?! Неге қорқасыздар? Шындықтан ба? – Түсін бізді... Сонда ғана маған мынандай ой келді: «Бәлкім басылымды емес, батыл редакторды іздеуім керек болар!». Сөйттім де «Өркен» атты республикалық жастар басылымына бардым... Бір күні мен отырған бөлімге Асекең, Асқар Сүлейменов кіріп келе жатты. Оқып шығып, арнайы алғысын айтуға келген екен. Қалам ұстаған ағайындарға айтар әрбір жылы сөзі сатулы Асекеңнің мына келісі мені қайран қалдырды. – Не үшін алғыс? – Мәселені ашып айта білгеніңіз үшін, – дейді ол кісі. Сөз арасында өзімен бірге ала келген Шаймерденовтің қолтаңбасын көрсетіп жатыр. – Мұндай мойындауды ол кісіге қалай жаздырып алғансыз? – Өлтіре дәлелдеу арқылы, – дейді Асекең асау мінезіне басып. – Асеке, шынын айтқанда, бұл жерде мені Шаймерденовтің жазушылығының қай деңгейде екені мүлдем қызықтырған жоқ. Ол кісінің халық санасына, оқырман болмысына жасамақ болған қиянатына төзе алмадым. Өзіңіз де байқаған боларсыз, бұл мақалада Шаймерденов жайлы менің сөзім – жоқтың қасы. Бар болғаны ағалар пікірлерін жүйелеп, жазып шықтым. Сондықтан алғысыңызды сол кісілерге айтқаныңыз жөн болар! – деп мақтаулардан қашқақтаудамын. – Оның ... екенін өзіне талай рет дәлелдегенмін. Ауызша! Дегенмен осы мақалаңыз туралы ойымды Сафуанға міндетті түрде өзім жеткіземін. – Солай етсеңіз, маған шексіз көмектескен болар едіңіз... – Та-а-ак, Нұрлытай бала, бұдан былай сіздің жазғандарыңызға зер сала жүрермін, – деді де Асекең қош айтысып, асыға басып, бөлмеден шығып кетті.» . («Жас Алаш», 2010 жыл). Бауыржан Момышұлы: «Ұлы адамдар туралы майдалықты халық қаламайды» деген екен. Сол халық С. Шаймерденовтің де майдалығын қаламасы анық. Өйткені ол қазақтың қас батырына тіл тигізгені аздай Колбинге жарамсақтанып түркі жұртының тәубе дейтін тағы бір тұлғасы қызметтен кетіп, жаптым жала, жақтым күйеден әзіз жаны онсыз да жапа шегіп жүрген кезде соңынан топырақ шаша сөйлеген жоқ па?! Сол сөзін қаз қалпында мысалға келтірейік. 1987 жылғы 23 мамырда Қазақстан Жазушылар одағының пленумы болды. Оған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г. Колбин қатысты. Міне, осы жиында жазушы Сафуан Шаймерденов те сөз алды. Сөзі өте ұзақ екен, сондықтан тақырыпқа қатысты тұсын ғана мысалға алдық. «...Енді тағы бір нәрсе жөнінде айтқым келеді. Дұрысы нәрсе емес, адам туралы... Қонаев туралы. Көпшілік оған ұлтшылдық таңбасын жапсырғысы келеді, өйткені бұрыннан бұғылып жатып, енді-енді аршыла бастаған барлық бақытсыздықтар содан бастау алады деген тұжырым қалыптасқан. Ол қалайша ұлтшыл болсын? Ұлтшыл болу үшін де, талант пен өзінің өмірлік қағидасын жүзеге асыру үшін де табандылық керек. Оның бойында бұл екеуі де жоқ. Ол қырық жылдан астам бойы республикалық басшы қызметте болды. Осы ұзақ жылдар ішінде ол айтқан бір дана сөз халық есінде қалды ма? Жоқ, қалған жоқ! Керісінше, 1959 жылғы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің пленумында Сәбит Мұқановтың Қонаев туралы айтқан: «Қонаев – уәделер қоржыны», деген қанатты сөзі біздің есімізде жатталып қалды. Ол тым сұрықсыз. Сұрықсыздан үлкен сілкініс күтпеңіздер. Ол ұлтшыл емес. Ол өзінің айналасына онша таза емес адамдарды жинап алып, солардың мүдделерімен өмір сүрді. Бірақ оның талантты тумаластары да болғанын айту қажет, мәселен, Бауыржан Момышұлы, ол ұлтының мақтанышы еді ғой (осы арада оған кезінде ер Баукеңе қара күйе жағып, фельетон жазғанын пленумға қатысушы жазушылардың ешқайсысы есіне салмағаны қандай өкінішті – К.С.), сол сияқты Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов – олар өте дарынды, ойлы азаматтар еді, бұлардың ешқайсысын да ол жанына жақын жолатпады. Неге? Өйткені олар: «Қадірлі Димаш, сен мынаны дұрыс істедің, ананы бұрыс істедің» дейтіні сөзсіз. Сұр адамдар ешқашан таланттыларды жақсы көрген емес. Сондықтан да олар партия қайраткерлерінің көңіліне жақпады. Дәлірек айтсақ, Қонаев – нағыз тамыр-таныстықтың жемісі, соның классикалық үлгісі. Біз бәріміз де мұндай биіктікке талантымен келмегенін білеміз. Сол бір кезінде қолында барлық билік тұрған, ал қазір жалғызілікті қалған, бейшара адамға біз ұлтшылдық таңбасын таңамыз. Ол – ешқашан да жалпыхалықтық мүдде биігіне көтерілмеген адам. Ол әрдайым барлық нәрсеге өрісі тар рулық көзқарас талаптарымен қарады. Соңғы 22 жыл бойы ол: «қай тумасың?» деген қазақ халқын жікке бөлетін, жойып жіберетін принциппен жұмыс істеп келді. Сіздер барлықтарыңыз да қазақ мектебі үшін тұңғыш оқу құралын жасаған Ыбырай Алтынсарин, академик Веселовский «орыс державасы үшін Қашқарияны ашқан тұңғыш азамат» деп бағалаған, Шығысты ашқан, құйрықты жұлдыздай өмірден ағып өткен Шоқан Уәлиханов, бостандық пен махаббатты жырлап өткен ақын Біржан сал сияқты қазақ халқының атақты ұлдарын жақсы білесіздер, олар – халқымыздың мақтанышы. Мына қисынсыздықты қараңыздар: Алматы қаласында ХІХ ғасырдағы халқымыздың лайықты мәдениет пен ғылым қайраткерлерінің есімімен аталған бірде-бір елеулі көше жоқ. Неге жоқ? Себебі олардың бәрі де Орталық Қазақстаннан. Ал 30-жылдардағы аудандық көлемдегі қайраткер Түркебаевтың есімі астананың тамаша көшелерінің біріне берілді. Басқасын айтпағанда, ол Қонаев жолдастың туған күйеу баласы ғой. Бұл жерде халық алдындағы еңбектің жөні бөлек» деп тіл безеген С. Шаймерденов солдан кейін Генадий Васильевич Колбинді мақтап: «Қадірменді Геннадий Васильевич! Енді мен тіке Сізге арнап айтайын. Шынымды айтсам, мені сіздің мысыңыз басады. Сіздің қарапайымдылығыңыз, адамдармен қарым-қатынастағы табиғилығыңыз сүйсінтеді. Мен, сондай-ақ сіздің шешендік талантыңызға да ерекше маңыз беремін. Күннен-күнге сіздің ақжарқын адам екендігіңізге де көзім жетіп келе жатқандай. Қазақстанға сіз жақсы мүдделермен келгеніңізге – осынау кең-байтақ өлкені одан әрі көркейту, одан әрі байыту үшін келгеніңізге сенімдімін. Мен бұған сенемін. Мұны сізге жағымпаздану үшін айтып тұрғаным жоқ» деп көсіліпті. «О тоба!» десеңіз де, «Астапыралла!» десеңіз де С. Шаймерденовтің 1987 жылғы 23 мамырда Қазақстан Жазушылар одағының пленумында осы сөзі айтқаны ақиқат («Алматы. 1986. Желтоқсан. 3-кітап. 30-32 беттер.»). С. Шаймерденов Г. Колбинге ұсыныс та жасапты. Олары бірнешеу екен. Біріншісі, Комсомол көшесін Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевский даңғылы етіп өзгерту және оларға ыңғайлы тұсқа ескерткіш қою. Бірақ С. Шаймерденов өзі жерден алып, жерге салып жамандаған Д. А. Қонаевтың шығыс жұлдызы Шоқан Уәлихановқа ескерткіш орнатып, ғылым академиясына атын бергенін бүгіп қалыпты. Екінші ұсынысы қазақ-кеңес әдебиетінің негізін қалаушы Сәкен Сейфуллинге ескерткіш орнатудың жайы екен. «Мұндай ескерткіш үшін Құдайдың өзі сыйлағандай орын бар» деген Шаймерденов ол орынға Абай мен Сейфуллин даңғылдары қиылысқан тұсты лайық көріпті. Бірақ осы ұсыныстарды айту үшін Д. Қонаевтай халық презентін жайлы орын іздеп көшіп-қонып жүрген қатардағы номенклатураның алдында түкке алғысыз ғып тәрк етудің керегі бар ма еді?!. Әрине, жоқ. Өкінішке қарай, содан бері 20 жыл өтсе де С. Шаймерденовтің сол ұсынысын Алматыға әкім болған бірде-бір басшы қолға алған жоқ. Яғни Абай мен С. Сейфуллин даңғылдарының қиылысқан тұсында Сәкен Сейфуллиннің ескерткіші әлі бой көтерген жоқ. Бірақ солай екен деп кезінде Алматыдай ару шаһарға қал-қадерінше басшы бола білген білікті де білімді Ш. Құлмаханов, З. Нұрқаділов, И.Тасмағамбетовтерді «шаймерденовшелеп» шаптыға жамандаса халықтың кім болғаны?! Демек аудан, көше атаулары мен ескерткіш сияқты өз кезегімен реттелер мәселелер үшін ел сыйлаған азаматтарды соншама жеккөрушілікпен жамандау асылық болар еді. Шаймерденовтің Колбинге айтқан үшінші ұсынысы, Солтүстік Қазақстан облысының жай-күйі. Айтуынша, 30-жылдардың басында онда Төңкеріс ауданы болған. Қазір ол аудан жоқ, Пресновский, Жамбыл, Сергеев, Тимириязев және Ақсуат аудандарына бөлініп кеткен. «Бұрынғы Төңкеріс ауданының кереметі мынада» деп, бұл ауданда үш белгілі жазушылар – Иван Шухов, Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсірепов дүниеге келгенін айтады. «Сондықтан, – деген Шаймерденов, – Пресновский, Жамбыл және Сергеев аудандарына осы азаматтардың есімдерін беруді сұрайды. Яғни Пресновский, Сергеев атауларымен бірге жыр алыбы – Жамбыл бабымызды да жер-су атауларынан Колбиннің күшімен «сызып» тастамақ. Әлде Шаймерденовке Жамбыл Жабаевтың Дінмұхамед Қонаевпен аталас болғаны жақпады ма екен?! Сәбит Мұқанов демекші, Д. А. Қонаевты қаралау үшін Шаймерденовтің «Сәбит Мұқанов айтыпты-мыс» деген сөзді мысалға келтіре отырып, батырақ-қаламгердің әдеби беделін алдыға салуы да оған еш қорған бола алмайтын сияқты. Өйткені С. Мұқановтың да кімді сатқанын, кімді мұқатқанын аузы батырлар бүгінде ашық айтып, ашық жазып жатыр. Мінекиіңіз. «... – Мағжан айтқан әңгімелерден есіңізде не қалды? – «Алаш» партиясының мүшесі болғанын, оның басшылары мен қолдаушыларының түгелдей дерлік қуғындалып, қамалғанын айтқаны ойымда қалыпты. Жұмабай Шаяхметов – Сталиннің оң қолы болмақ, Сәбит Мұқанов – Голощекиннің сол қолы болмақ. Асқар Тоқмағамбетов – Мәйкевский (Маяковский дегені – С. Т.) болмақ көрінеді дейтін. Сәбит Мұқановтың түрін бір көрсем деуші еді. Неге олай дейтінін іштей ұғатынбыз. – Одан басқа не әңгімесі есіңізде сақталды? – Сәбиттен зәбір көрген-ау, шамасы. Қазақ зиялыларына жасалған қиянаттардың шет жағасын шығаратын. Қасындағылардың жау болып шыққанын айтатын еді. Бірінші рет Сібір жақта отырып келген екен. Елде жүргенде Сәбит Мұқанов жәрдем етіп, жұмысқа алдырыпты. Кейін «бұл шіріген жұмыртқа тағы шіріп жатыр» деп хабарлапты. Соны айтатын еді. Ол (С. Мұқанов – С. Т.) мәдениет, өнер саласындағы біраз адамды ұстап берді, тек жалғыз кісіні алып қалды деді. Онысы редакцияда бастық болыпты, Түркіменстан жақтың тумасы екен». («Жас Алаш», 23 тамыз, 2011). Бұл үзінді қазақ халқының көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевтың қабірін іздеу экспедициясынан жазылған «Магаданнан Мағжанды іздедік...» атты мақаладан алынды. Әңгімені сұраушы мақала авторы Сәния Тойкен де, айтушы М. Жұмабаевпен Магаданда бірге отырған Атырау облысы, Құласары ауылының жасы тоқсаннан асқан Абдулла Әбдірахманов деген тұрғыны. Ақыл-есі түзу, ширақ қарт Магадан экспедициясына жастармен бірге қатысып қайтыпты. С. Шаймерденовтің «Д. А. Қонаев Баукеңді жанына жақын жолатпады» деген сөзі де жала. Қайта ҚК ОК тоңмойын қызметкерлері ілгеріде батыр Баукеңді Жеңіс күніне арналған салтанатты жиынға шақыруды «ұмытып» кеткенде, Д. А. Қонаевтың өзі іздеттірген. Оқыңыздар. «8 май күні Абай атындағы опера және балет театрында Ұлы Жеңістің 20-жылдығына арналған мерекелік салтанатты жиын өтті. Шабылып, шала бүлініп, соның қамына кірістік. Шақыру билеттері таратылды. Салтанатты жиынның президиумы бекітілді. Бәрімізге театрда міндет жүктелді. Мен Президиум жиналатын тұста кезекшілкте жүрмін. Жиналыстың ашылуына жарты сағаттай уақыт қалғанда президиум жиналатын жерге Қонаев келді. Жұрт қоғадай жапырылып, жол беріп, амандасып жатыр. Жұрттан биік, бойшаң Қонаев алдыңғы топтың қолын алып жатып, төбелерінен шолып төңірегін қарап шыққандай болды. – Бауыржан қайда? – деді Қонаев. Жұрт тым-тырыс тына қалды. Гогольдің «Ревизор» спектаклінің ең соңғы көрінісі дәл осындай болушы еді. Бұл сол көріністі еске салды. Қала басшыларының үні шықпай қалды. Құдай ұрғанда, олар Бауыржанды мүлдем естен шығарыпты. Президиумға шақырмақ түгілі, бүгінгі осы жиналыстың өзіне шақыру қағазы жіберілмепті. Осы жиынға Бауыржан қажет шығар деп ойлаған біреуі болсашы. Бұл да жаңағы жоғарғы басшылар арасындағы менмендіктің, көкіректіктің, партиялық тоңмойын салттың салдары еді. Лауазымы, қызметі, шені барлар тегіс президиумға шақырылғанда, Бауыржан сияқты жауынгерлер, Отан соғысының ардагер-батырлары ұмыт қалған еді. Өздерінің осы бір қателігін, білместігін енді сезді-ау деймін. Дыхнов бастаған қала басшыларының түрі бұзылып, өңі өзгеріп сала берді. Осындай ыңғайсыз жағдайдан қала басшыларын құтқарған Есенәлиев болды. Табиғатынан ширақ, тез қимылдап, тез шешім қабылдайтын пысық жан, бұл жерде де жол тауып кетті. – Қазір келіп қалар, – деп тұра жөнелді. Деру қалалық комитеттің қызметкерлерін жинап алды. Телефон соғып, Бауыржанды шақырып алу керек деп ақыл бергендер де болды. Бірақ олар Бауыржанның мінезі қандай екенін қайдан білсін. – Телефонмен айтқанға Бауыржан келмейді. Дубобаяны тауып әкеліңдер, – деді Есенйлиев. Лида Дубобая – қалалық комитеттің нұсқаушысы, осы жиынның президиумына тиісті билеттерді бастырып, таратқан адам. Жүгіріп Дубобая жетті. – Тез кеңсеге бар, сейфіңді ашып, «Президиум» деп мөр басылған билеттердің біріне Бауыржан Момышұлының аты-жөнін бастырып әкел, – деді Есенәлиев. Дубобая кезекші машиналардың біріне отырып, кеңсеге тартты. Көп ұзамай шекесіне «Президиум» деп мөр басылған шақыру билетін алып жетті. Есенәлиев билетті ала салып, Бауыржанға кетті. Адам жанталасқанда бәріне үлгереді екен, бірер уақыттан кейін Момышұлын ертіп, президиум жақтан шықты. Жалынып, кешірім сұрап, зорға алып келіпті. Жай, анау-мынау жиын болса Баукең әсте келер ме, бірақ мынандай күні Есенәлиев үшін емес, өзіне қымбат ұлы мереке үшін келген сияқты. Бағанадан қылпылдап, жаны мұрындарының ұшына келіп, зәрелері ұшып тұрған қала басшылары көңілдері жай тауып, еркін дем алды. Жиналыс сәл кешігіп барып басталды. Қонаев Баукеңді алдына өткізіп жіберіп, президиумға көтерілді. Тағы бір қызық оқиға болды. Үкімет басшыларынан кейін бес генерал төстеңдеп келіп, орта тұстан орын алып жатыр еді, Баукең араларын жарып, әрі қарай ысырылыңдар дегендей қолын сілкіп, ишарат білдірді. Генералдар мұнысын жаратпаса да ығысып орын берді. Қонаев баяндама жасады. Бір сағатқа созылған баяндаманың ортасында жұрт екі рет ду қол шапалақтап, екі рет орындарынан тұрды. Бірінші рет Сталиннің аты аталған кезде, екінші рет Москва түбінде панфиловшылар, оның ішінде Бауыржан Момышұлы асқан ерлік көрсетті деген кезде зал ұзақ тұрып алды. Мойнына қара лентадан бант таққан Бауыржан асықпай орнынан тұрып, оң қолын көтеріп, жұрттың қошеметін қарсы алды. Жұрт қол шапалақтауын қоятын емес. Бауыржан әлден уақытта «Доғарыңдар!» дегендей қолын қатты сермеп, белгі берді. Жұрт тым-тырыс тына қалды. Баяндама қайта жалғасты. Егер Қонаев болмағанда Бауыржан бұл жиналысқа қатыса алмайтын еді. Сондай сорақылық болған күнде не деп ақталар едік, кімнен көрер едік. Кімді кінәлар едік?». Бұл үзінді ҚК ОК көп жылдар қызмет еткен, жазушы Бекежан Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» атты роман-толғауынан алынды (218-220 беттер). Міне, батырын іздеген осындай ақылман басшыны жамандау үшін Бауыржан Момышұлын «жанына жақын жолатпады» деп қалай жамандауға болады?! Ер Баукеңді Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында Мүсірепов, Шаймерденовтер «көп қатын алды» деп жазғырып жатқанда, Д.А.Қонаев Баукеңді іздеп, президиум төріне шығарғаны адамгершіліктің керемет үлгісі емес пе?! Баукеңнің батыр атағын дер кезінде алмауын да Д.А.Қонаевтан көретіндер бар екен. Мүмкін, олар бұл жұмбақтың жауабын Баукеңді жақтырмайтын жазушылар мен генералдардың Кремль билігіне жеткізген өсек-аяңдарынан іздегені жөн болар. Мақала басында Шаймерденов шығармаларына адалдығымызды мойындағанымыздай, оның Г.Колбинге қарата «аралас неке» саясатының күлкілі жақтары мен ана тілін құрметтеу жайлы өткір пкірлер айтқанын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнар» деген қазақ даналығында айтылғандай, халық алақанына салып, төбесіне көтерген Д.Қонаев қызметінен кеткен кезде жоқ жерден шешенсініп ұлт мақтанышына тіл тигізуі үлкен қателік болды. Д.А.Қонаевтың Алматы қаласын көркейтіп, ал халқын селден қорғайтын алып құрылыс салдыру сияқты тағы басқа мыңдаған еңбектерін былай қойғанда, қазақ жерін Өзбекстан, Түркіменстан және Ресей сияқты елдерге талан-таражға салдырмай, Н.С.Хрущевпен қасарыса күрескені үшін ғана төбеге көтеруіміз керек емес пе?! Мақаланы Баукеңнің мысалымен аяқталық. Коммунистік тәртіп бойынша біреу туралы фельетон жазылғаннан кейін ол жоғарғы және төменгі партия ұйымдарында міндетті түрде қаралуы керек. Баукеңді мұқату үшін фельетон ұйымдастырушылардың да көздеген мақсаты осы еді. Сондықтан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың Бауыржан Момышұлын партиялық тәртіпке шақыруын олар құлақтары елеңдеп, ұзақ күтті. Бірақ «Әп, бәрекелді!» дейтіндей бюро бола қойған жоқ. Дана Қонаев қанында бар кеңдікпен, кішілікпен Мүсірепов міндеттеген, Шаймерденов шулатқан «фактіге» мүлде мән бермеді. Бұл фельетон авторларын, әрине, қатты шамдандырды. Батыр Баукең кейбір ойларын, өлең шумақтарын арабша «шимайлайды» екен. Көзі ашық, көкірегі ояулар ғана оқысын дегені ғой. Сол жазбаларының бірінде батыр: «Өзім батыр, жазушы атағым бар, Көп қатын алды деген шатағым бар. Көк есек оттай берсін жайлауында, Халқым бар баға берер, жанымды ұғар» деп жазады. Бұл шумақтың соңғы екі жолын әзіл-қалжыңмен басқаша айтып жүргендер де бар. Баукеңді мұқатқысы келгендер араб әрпімен жазылған осы өлеңді Д.А.Қонаевқа көрсетеді. Төте жазуды жақсы түсінетін Д.А.Қонаев оны оқиды да, батырдың тапқырлығына, қайтпас қайсарлығына риза болып, күліп жібереді. Сөйтіп Қазақстан КП ОК идеология бөлімі де, оның хатшысы да ер Баукеңе ешқандай жаза қолданбайды. Қонаевтың бұл кеңдігі фельетоншылардың құлағына жетіп, оны ұйымдастырушылар мен авторларына өте ауыр соққы болып тиеді. Ол кәрі кеудеде кек болып сақталып қала береді. Ол кекті қайтарудың сәті 1987 жылы Д.А.Қонаев қызметінен кеткеннен кейін, яғни жағымпаз жазушысымақтардың бәрі Г.В.Колбиннің сойылын соғып, бұрынғы басшыны жамандап жатқан тұсқа дәл келеді. Ол кекті қайтарудың бағы басқа емес, баяғы Ер Баукеңді «кәрі күйеу» деп мысқылдайтын Сафуан Шаймерденовке бұйырады. Менің таңғалатыным, батыр Бауыржанның: «В его биографии это будет стоять особняком» дегені айнымай келуі. Өйткені ел білетін көзі ашық, көкірегі ояу пенделердің бәрі Шаймерденовтің көркем туындылары туралы емес, ең алдымен Баукеңді әжуалап жазған фельетонының дұрыс болмағанын айтады. Оған Г.В.Колбин мен күллі жазушылардың алдында Д.А.Қонаевты қаралап сөз сөйлегенін қосыңыз. Д.А.Қонаев жазушы Геннадий Толмачевпен әңгімелесіп отырып: «Тірілер өлгендердің көзін жабады, ал өлгендер тірілердің көзін ашады» деген шығыс даналығын айтыпты. Сол сияқты бүгінде арамызда Д.А.Қонаев та, С.Шаймерденов те жоқ. Бірақ олардың біліп, білмей істеген қателіктері бүгінгі ұрпақтың көзін ашуда. Жастардан тілейтініміз, аталары мен ағаларының қателіктерін қайталамаса екен.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Жамбыл облысының мемлекеттік архиві» КММ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы.

Тараз қаласы