Отанын сүйген ҚАЙЫРБЕК АҚЫН
Отанын сүйген ҚАЙЫРБЕК АҚЫН
Патриотизм – адамды ізгілікке жетелейтін асыл қасиет. Патриот адамдардың көбеюі – Отанның байлығы. Сондай патриоттардың қатарына ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тараз қаласының Құрметті азаматы Қайырбек Асановты жатқызуға болады. Қайырбек ақынның жүріс-тұрысы, жастар тәрбиесіне алаңдап жүруі, елімізде жүзеге асқан жақсылықтарға қуануы отаншылдық сезімге толы екені анық. «Бар қасиет жатыр менің тілімде, Тіл арқылы талпынамын білімге, деп жырлаған ақын Қайырбек Асановпен Айша бибі ауылылындағы Айша бибі орта мектебінде «Үш тұғырлы тіл – заман талабы» атты апталық аясындағы кездесу кеші өтті. Қайырбек ақын мектеп партасында отырған өрімдей өрендердің алдында Отанды сүю, өз елінің патриоты болу тұрғысынан ой толғады. Қазақ үшін қасиетті «тіл», «ақын», «Отан» сөздеріне тоқталып, мағыналарына басымдық бере отырып, тағылымның тиегін ағытты. Өз өлеңдерін оқып, өмір жолынан естеліктер айтты. Кеш барысында Қайырбек ақын мен оның жұбайы, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың өлеңіне жазылған ән экран арқылы білім алушыларға тарту етілді. Бұл ғажайып әннің авторы Әуезхан Салабеков болса, тамаша туынды Жазира мен Жанболат дуетінің орындауында тыңдарманға жол тартқан екен. Ақын аталарының білім ордасына келуі шәкірттерге де шабыт бергендей. Мектеп мақтанышы, облысқа танымал айтыскер Алина Айдаралы домбырамен «Орта Меркі» әнін тарту етсе, барша қазақтың жүрегінде жүрген ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңін 10-сынып оқушысы Асылбек Шанжар толғана оқып берді. Ал білім алушы Жансая Жауылбаева өз өлеңдерін оқыды. Бұл кешті мұғалім Құралай Райымбекованың ұйымдастырғанын және қызықты жүргізе білгенін айта кеткен жөн. Кеш барысында ақын Есет Досалы сөйлеп, ақын Қайырбекпен қай кезден байланысы барын және аға болмысын жоғары бағалайтынын айтып, өзінің бірқатар өлеңін оқып берді. Іс-шара соңында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Маманова қорытынды сөз сөйлеп, сыйлы ақынға құрмет көрсетіп, алғысын білдірді. Ал Қайырбек Асанов: «Бүгінде біз үшін ең үлкен белес – ұрпаққа ұлағат сыйлар қазыналы қария болып қартаю», деп мектеп ұжымына алғысын айтып, оқушыларға батасын берді. «AR-AI»-ақпарат Жамбыл ауданы