Саясат

ОҢАЛТУ ІСІНІҢ ОРНЫ БӨЛЕК

ОҢАЛТУ ІСІНІҢ ОРНЫ БӨЛЕК

  Мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында облыстағы бұқаралық  ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу секілді басқа да жұмыстардың атқарылуына қатысты баспасөз туры ұйымдастырылды. Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері Тараз қаласындағы ерекше балаларды оңалту, түзету және инклюзивті білім беру ісімен айналысып отырған ұйымдардың жұмысымен танысты. Алдымен журналистер қауымы облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жанынан ашылған «Қамқорлық» оңалту орталығына барды. Бұл қазақ еліндегі бірден-бір инновациялық орталықтың бірі. Онда нейроортопедиялық аурулары бар, оның ішінде церебральді сал ауруы бар балаларды оңалтудың әлемдік үздік әдістемелері мен заманауи тәсілдері енгізілген екен. Аталған балалар ауруханасының бас дәрігері Ержан Шайзадаұлының айтуынша, «Қамқорлық» оңалту орталығында мамандар әр балаға аурудың ерекшеліктерін ескере отырып, қалпына келтіру емінің жеке бағдарламасын жасайды. Оңалту үшін қозғалыс дағдыларын дамытудың заманауи технологиялары қолданылады. Оңалтудың арнайы техникалық құралдары, тренажерлер, аппараттар мен аппараттық-бағдарламалық кешендер пайдаланылады. – Балалар мен жоғары білікті невропатологтар және реабилитологтармен қоса психологтар, дефекторлар айналысады. Сонымен қатар механотерапия жүргізіледі, бізде тұз шахтасы, шунгит бөлмесі бар. Орталық ашылғаннан бері 5 847 бала ем қабылдады, оның ішінде 1 839-ы церебральді сал ауруы бар балалар, – деді Ержан Шайзадаұлы. Екінші нысан – Тараз қалалық білім бөлімінің психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті. Бұл түзету кабинеті ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға және олардың отбасыларына тиімді көмек көрсету мақсатында «ДАРА» қайырымдылық қорының қолдауымен 2016 жылы ашылған екен. Мекеменің міндеті – тірек-қимыл аппаратының, қарым-қатынас пен әлеуметтік өзара әрекеттестіктің, есту қабілетінің, психикалық дамуының тежелуінде, сөйлеу тілінің әртүрлі бұзылыстары бар балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсету. Мекеменің материалдық-техникалық базасы талапқа сай жабдықталған. Мұнда балалардың дамуына және бұзылыс деңгейіне байланысты қолжетімді орта құрылған. Қимыл-қозғалыс бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы құралдар, құрылғылар, кеңейтілген есіктер орнатылған. – Бұл жерде арнайы мамандардың балалармен түзету-дамыту жұмыстарын жүргізу үшін Монтессори кабинеті, педагогпсихолог, логопед, сурдопедагог, әлеуметтіктұрмыстық бейімдеу кабинеттері және емдік денешынықтыру залы бар. Балалармен жұмыс істейтін мамандардың кабинеттері оңалту құрал-жабдықтарымен, әдістемелік материалдармен, әдеби және ойын арқылы дамытатын материалдарымен жабдықталған. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде арнайы мамандар кәсіби және кешенді көмек береді. Олар – педагог-психолог, дефектолог мұғалімі, олигофренопедагог, сурдопедагог, логопед мұғалімі, әлеуметтік педагог, емдік денешынықтыру нұсқаушысы және сазды ырғақ маманы. Балаларды психологиялықпедагогикалық түзету кабинетіне қабылдау психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясының қорытындысы бойынша жүзеге асырылады. Бүгінгі күні мекемеде 276 балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, тірек-қимыл аппаратының, қарым-қатынас пен әлеуметтік өзара әрекеттестіктің, есту қабілетінің, психикалық дамуының, әртүрлі сөйлеу бұзылыстары бар балалар қамқорлыққа алынған. Түзету-дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, 100-ден астам бала әлеуметтік ортаға бейімделіп, басқа балалармен қарымқатынасқа еркін түсуге дағдыланған соң мектеп және мектепке дейінгі ұйымдарға оң нәтижемен ауысты, – дейді мекеме меңгерушісі Ұлмира Садырова. Бұдан кейін БАҚ өкілдері «Дара бала» жетекші түзету орталығына ат басын бұрды. Бұл – үш жылдан бері ерекше балалармен АВА-терапия, сенсорлық интеграция және нейро түзету бағдарламалары арқылы табысты және толыққанды жұмыстар жүргізіп отырған жеке орталық. Орталықта қажетті материалдықтехникалық база және сапалы сабақтар өткізу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Мұнда білікті, сертификатталған мамандар заманауи әдістерді қолдана отырып жұмыс істейді. Нұрым СЫРҒАБАЕВ