Руханият

Бейнетсүйгіштік бақытқа бастайды

Бейнетсүйгіштік бақытқа бастайды

Еліміз егемендік алып, етек-жеңін қымтап, тәуелсіздіктің ала таңында жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшіп, өнеркәсіп пен өндіріс және ауылшаруашылық салаларында үлкен өзгерістер жасалып, жаңа бастамалар көтерілгендігі көпшіліктің есінде.

Еліміздің ұлан-байтақ жерін алып жатқан ауылшаруашылығын қайта құруда кеңшарлар мен ұжымдық шаруашылықтарды таратып, шаруа қожалықтарын құру жөнінде ҚР Үкіметінің жаңа бастамалары қолға алынды. Бұл шараға алғаш сенімсіздікпен, күдіктене қараушылар да болды. «Трудовой пахарь» ұжымдық шаруашылығында ұзақ жылдар қант қызылшасында звено жетекшісі болып жұмыс істеген, әр гектардан 450-460 центнерден өнім алып, абыройға бөленген, кезінде аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болған Күлжамилә Сартбаеваның ұлы Жұмаділ Сартбаев отбасымен ақылдаса отырып, 2007 жылы шаруа қожалығын құрған еді. Аталған шаңырақ шаруа қожалығын құрған алғашқы жылдары қатты қиналды. Өйткені қолдарында өздерінің техникалары болмады. Мемлекет тарапынан бүгінгідей көмек те болған жоқ. Алайда жастайынан еңбекпен шыныққан Жұмаділ бұған мойымады. Қайта жастарға үлгі көрсетіп, еңбектің алдыңғы шебінде жүрді. Шаруа қожалығының мүшелері Балғын Қалиева, бауырлары мен ұл-қыздары Жансая, Нұржан, Бекжан, Жандос, Тұрсын Сартбаевтар көктемнен күзге дейін шаруашылықта аянбай еңбек етті. Қолда бар екі жылқы, екі сиыр мен жиырма уақ малды өз төлі есебінен көбейтуді алға мақсат етіп қойды. Күндіз-түні малдың асты-үстіне қарады. Шаруашылық иелігіндегі 7 гектар суармалы жерге жоңышқа және арпа сеуіп, күтіп-баптаудың арқасында жақсы өнім алып отырды. Жемшөбі өзінен болғандықтан бұл күндері шаруашылықтағы мал саны өскен. Шаруа қожалығының жетекшісі Жұмаділ Сартбаевқа агроқұрылым ашқанға дейін «Трудовой пахарь» ұжымдық шаруашылығында жүргізуші болып істеп, ауылшаруашылық саласында жинаған тәжірибесінің көп көмегі тиді. Оған қызылшашы анасынан үйренгендерін қосуға болады. Жұмаділдің өзі ғана емес, балалары да еңбекке бейім. Малшаруашылығында болсын, егін егіп, жинауда әкесінің жанынан табылады. Бұл күнде Ж.Сартбаевтың шаруа қожалығындағы «МТ3» тракторы және «САТ» экскаваторы өздері үшін де, өзге шаруа қожалықтар үшін де егін даласында тынымсыз жұмыс істеуде. Олар мал қыстату науқанына қажетті пішен дайындауда уақытпен санаспай еңбек етуде. – Қоғамда еңбек адамының мәртебесін көтеріп, мерейін асыру мақсатында Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру туралы идеялар кеңінен насихатталуда. Осы орайда еңбек адамдарын, олардың жүріп өткен жолын, еліне жасаған қызметін, үлгі-өнегесін насихаттаудың маңызы зор деп білемін. Өйткені адал еңбек адамды өсіреді. Еңбек – өмірдің тұтқасы, тіршіліктің көзі. Еңбексіз өмір жоқ. Қоғамдағы байлықтың бәрі адам еңбегімен жасалатыны анық. Ер атандыратын да, әр адамның тұрмыс жағдайын жақсартатын да, ақыл-ойын байытып, нұрландыратын да – еңбек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілетіні туралы айтты. Сонымен қатар өз Жолдауында «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деп атап өткен еді. Шындығында, еселі еңбек қашанда еленеді, бағаланады. Лайықты құрмет те көреді. Адал еңбекпен табысқа жеткен жанның әркез мерейі үстем, еңсесі биік болады. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелеу ісі. Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Бала үшін олардан асқан тәрбиеші жоқ. Өмір көрген аға буын өкілдері перзенттерін еңбек етуге, адал табыс табуға, еңбек адамның көркі екендігін айтып, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуге міндетті, – деді кейіпкеріміз. Әрқашан халықтың алғысына бөленіп жүрген еңбек адамы Жұмаділдің мұндай тындырымды тірлігі көпке үлгі. Сондықтан оны ауылдағы үлкен де, кіші де сыйлайды. Шындығында, ол – еңбектен бақытын тапқан жан. Айтмаханбет ТЫШҚАНБАЕВ, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Байзақ ауданы