Медициналық қызмет сапасы жіті назарда
Медициналық қызмет сапасы жіті назарда
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен кезекті брифингте Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Манат Сейдуманов департаменттің 9 айда атқарған жұмысы туралы баяндады. 9 айда департамент мамандары 265 өтініш қарапты. Соның ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы өтініш – 9, медициналық көмек стандарттарын бұзу деректері туралы – 32. Осы жылдың 9 айында облыста 5 ана өлімі тіркелген. Барлық жағдайлар бойынша «Медициналық қызметтер сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-230/2020 бұйрығына сәйкес бейінді және тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жоспардан тыс тексерулер жүргізіліпті. Министрліктің мониторингтік тобының жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсетудегі проблемалық мәселелер бойынша жұмыс қорытындылары мен нақты ұсыныстары және оларды шешу жолдары биылғы 22 шілде күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Н.Календеровтың төрағалығымен өткен көшпелі штаб отырысында қаралған екен. Ал аса қауіпті инфекциялар бойынша тексерулерді айтатын болсақ, осы жылдың 9 айында департамент облыс бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті департаментінің шұғыл хабарламасы негізінде эндемиялық емес Шу ауданында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы жағдайлары бойынша тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жоспардан тыс 3 тексеру жүргізіпті. Тексеру қорытындысы медицина қызметкерлерінің сапалы көмек көрсетуге дайындығы мен сақтығының төмендігін көрсеткен екен. – Облыс бойынша дәрілік заттарды өндірумен айналысатын 8 нысан бар. Ал дәріханалар саны – 530, дәріхана пункттері – 4. Облыста ауыл тұрғындарына дәрілік заттардың қолжетімділігі орта есеппен 62 пайызды құрайды. Облыста дәрі-дәрмекке деген ең төменгі қолжетімділік Талас ауданында болса, Қордай ауданында бұл көрсеткіш ең жоғары. 219 елді мекенде дәрілік заттарды сату ұйымдастырылған. Дәріханалары жоқ ауылдық елді мекендерде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қолжетімділігін ұйымдастыру үшін жылжымалы дәріхана пункттерін ашу қажеттілігі бар.