Электромобильді көлік қуаттайтын орын ашылмақ
Электромобильді көлік қуаттайтын орын ашылмақ
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен «Бизнеске арналған үкімет» орталығында облысқа инвестиция тарту, инвесторлардың ұсыныстарын қарау бойынша кеңес өтті. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша «BNK Irrigation» компаниясының бас директоры Ниязали Бейсенбаевтың машина құрастыру жобасы таныстырылды. Бұл компанияда 15 инженер-монтажник жұмыс істейді екен. Облысымыздан өз ісін ашып, ауыр және жеңіл көлік өндірісін жолға қоймақшы. Екінші болып үш кәсіпкерден біріккен «Bauyr Sag» компаниясы туралы Ғалымжан Шалабаев әңгімеледі. Олар облыс аумағында үш жерден электромобильді көлікті қуаттайтын орын, қонақүй, дәмхана, яғни қызмет көрсету орнын ашпақшы. Жобаны таныстырушы электрлі көлікті зарядтау стансасы жанынан жолаушыларға арнап биоәжетхана, тамақтану орындарын ашатынын тәпіштеп түсіндірді. Үшінші болып Қазақ Тау-кен металлургия институтының директоры Нұрлан Рыспанов жаңбырлатып суару машинасы жайлы жобасының жай-жапсары айтып берді. Сөздеріне сенсек, кезінде бизнес саласында Алматы облысында ауқымды жетістіктерге жеткен олар енді біздің облысқа да өз пайдасын тигізбекші. Әкімдік тарапынан аталған ұсыныс қолдау тапса, жыл соңына дейін жоба ел игілігіне ұсынылмақ. Үш кәсіпкерді де тыңдаған облыс әкімі бұл жобалардың халық үшін өміршеңдігін айтты. Ербол Шырақпайұлы әсіресе жаңбырлатып суару машинасының болашағы зор екенін атап өтті. Реті келгенде Ниазали Бейсенбаевқа жобаны толықтырып, қайта ұсынуға кеңес берді. Ал жол бойынан қызмет көрсетуге ниеттенген инвесторға барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Бірақ бұл шаруа аукцион арқылы да шешілуі мүмкін екен. Себебі дәл осындай сұраныспен түркиялық компаниялар да әкімге кірген көрінеді. Эльмира БАЙНАЗАРОВА