Жаңалықтар

Тәулігіне 2,5 тонна өнім дайындайтын цех

Тәулігіне 2,5 тонна өнім дайындайтын цех

2015 жылдан бері тараздық белгілі кәсіпкер, макарон өнімдерін шығарумен айналысатын«Mark of Perfection» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Болат Жетпісбаев жұрт арасында ауызекі тілде «бесбармақ», «бешбармақ» деп аталып жүрген ұлттық тағамымыздың ресми атауын «ет асы» деп өзгертейік деген орынды мәселе көтеріп жүргені белгілі. Бірақ бұл ұсынысқа құлақ асқан ешкім болмаған-ау, сірә. Себебі арада сегіз жыл өтсе де мәселе «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалып отыр. Жақында «Asatu», «Бір асым етке» атты бренд жаймаларымен танымал болған, макарон өнімдерін шығарумен айналысатын тараздық аталған кәсіпкер өз ойын бізбен тағы да бөліскен еді. Бұл кәсіпорын бүгінгі таңда жайманың төрт түрін шығарады. Жылына жалпы 500 тонна жайма өндіреді. Жайма шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысып, жұмысшыларымен сөйлестік. Елімізде «Ет пен қамырдан жасалатын басты ұлттық тағамымызды қалай атаймыз?» деген сұрақ талқылану жағынан күн тәртібінен түспей келеді екен. Көпшілікке мәлім «Бесбармақ» атауымен қатар, бұл ас көпшілік арасында «ет» деп те аталып жүр. Жалпы Болат Жетпісбаев кәсіпке 2012 жылы бет бұрған. Бастапқыда осы кәсіпті әріптесі Олег Панкеев пен Александр Гереев үшеуі бастаған екен. Бренд атауын «Asatu» деп ойлап тапқан да, ұсыныс жасаған да Олег Панкеев көрінеді. – Нұсқаның көптігі мен қате түсініктер, атауды бұрмалау сияқты жайлар осы мәселені егжейтегжейлі зерттеуге итермеледі. «Жайма» нанды шығарушы ретінде біз бұл мәселеге немқұрайды қарай алмаймыз. Сондықтан біздің компанияның жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Біз бұл мәселені өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қаузадық, филолог мамандардың көмегімен арнайы зерттеу өткіздік. «Ет» қарапайым тілде «бесбармақ» деп атала бастады, ал ғылыми әдебиет пен мейрамханалардың ас мәзірінде «қазақша ет» деп жазылып жүргенін зерттеу барысында білдік. Бірақ шындығына келгенде бұл бөтен сөздер мен жат ұғымдар. Мысалы, «қазақша ет» атауы қайдан шықты десеңіз, оның «мясо по казахский» деген орыстың сөзінен алынған калька аударма екенін аңғаруға болады. Бұл сөз тіркесінің мағынасы «қазақтар етті осылай дайындайды» деген ұғымды білдіреді. Бұлай тіл білмейтін кез келген бөтен бақылаушы айтуы мүмкін, – дейді Болат Жетпісбаев. Шындығында, «бесбармақ» сөзінің шығу төркінін зерделей келе, «Бұл сөз қайдан келді?» деген мәселе төңірегінде ой қозғасақ, өзге түркітілдес халықтарда осы атауға ұқсас тағамдардың бар екеніне көзіміз жетеді. Мысалы, башқұрт пен татардың «бишбармағы» мен қырғыздың «бешбармағы» осы сөзімізге дәлел болады. Осы өзге тілдің сөздері қазақ тілінің фонетикасына бейімделіп, осылайша ауызекі тілде «бесбармақ» деген атау пайда болған. Болат Жетпісбаев та бүгінде біздің алдымыздан шығып отырған осындай мәселелер кірме сөздердің ықпалынан туған салдар деп есептейді. – Ұлы Абай «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы» демеуші ме еді. Сол секілді бөтен сөздер тілімізге еніп, өскелең ұрпақтың санасында бекіп кетті. Ең сорақысы сол, осы кірме сөздер қазақ мәдениеті мен асханасы жөніндегі барлық анықтама әдебиеттерде қолданылады. Ауызекі тілде, құжаттарда, әлеуметтік желіде – барлығында біз өзіміз қате жазып, қате сөйлеп жүрміз. Біздің компания жаңа сөз іздемеуге, бөтен ұғымды үлгі етпеуге шақырады. Бізге бар болғаны мәселенің анық-қанығына жетіп, барлығын өз орнына қойсақ болды, – дейді ол. Кәсіпкердің айтуынша, тағамның атауы бірқатар талапқа жауап беруі шарт. Кез келген атау жекеше түрде атау септігіндегі зат есім болып, екінші мағынаға ие болмауы керек. – Тілімізде қолданылып жүрген үш нұсқа бар. Ол – «ет асы», «ет тағамы» және «ет ауқат». Бірақ «ет тағамы» мен «ет ауқат» атауларын кез келген әдіспен, суға пісірілген, не майға қуырылған еттен жасалған тағамға қолдануға болатындықтан олар ұлттық тағамымыздың атауы бола алмайды. Яғни жалғыз дұрыс атау қалды. Бұл тек «ет асы» атауы, ол бірқатар жағдай салдарынан, уақыт өте келе, өзінің екінші бөлігін жоғалтты. Ол осы атауды қайта жаңғыртып, жылдар бойы жалғасып келе жатқан дауға нүкте қою керек, – деп ой бөлісті Б.Жетпісбаев. Ауызекі тілде және күнделікті тұрмыста тағамды қалай атасақ та өз еркіміз. Алайда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мақала жазылғанда немесе сюжет эфирден берілгенде және қоғамдық тамақтандыру орындары тұтынушыға өз қызметін ұсынғанда, қонақүй және туристік салада тілдік норма, яғни бірізділік сақталуы керек. Әсіресе бұл бүгінгі күні аса маңызды. Еліміз, ұлтымыз төрткүл дүниеге мәшһүр болып жатыр. Сондықтан біз өзіміздің мәдениетті дамыған мемлекет екенімізді көрсететін кез келді. Ұлттық тағамдарымыздың атауын түпкілікті бекітіп алуымыз қажет. Қоғамдық тамақтану орындарының ас мәзірін бір ретке келтіру керек. Дәлірек айтсақ, елімізді өзгелерден ерекшелейтін басты элементтің бірі деп отырмын. Кез келген мемлекеттің немесе халықтың образы осы ел мен өңірдің ерекшеліктер жиынтығынан тұрады. Яғни ол ел туралы сөз болғанда бірден еске түсетін элементтер. Олар жағымды да, жағымсыз да болуы мүмкін. Бүгінде осы жайларды бақылауға болады және бұл қажет іс. Сол үшін халық пен мемлекеттің мәдениетінде негізгі ерекшелік элементтері қалыптастырылады. Ерекшелік элементтері дегеніміз – елді оның көршілерінен едәуір айыратын образдар жиынтығы. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Жапонияны мысалға алайық. Соңғы 70 жылда жапондар өз мәдениетін күллі әлемге тарата алды. Ол үшін осындай ерекшелік элементтері таңдалып, таныстырыла бастады. Яғни олар самурай, саке, әскери өнер, суши және тағы басқа элементтер. Бәсекеге қабілетті болу үшін біз мәдениетіміздің өзгешелігін таныстыра алатын образдар тізімін анықтап алуымыз шарт. Олар эпикалық дәстүр негізіндегі «Ұлы дала» елінің образын толықтырып тұруы тиіс. Бұл мәдениет пен бизнес қайраткерлері үшін негізгі бағдар болуы шарт. Қоғамдық тамақтану орындары біз сөз етіп отырған тағам түрін ас мәзірінде «ет асы» деп көрсететіндей мүмкіндікке қол жеткізсек, сертификаттау секілді тағы басқа тірліктермен қатар қоғамдық тамақтандыру орындарының салт-дәстүрге қатысты білімі тексерілсе, осы істің елеулі нәтижесі болар еді. Сертификаттау тамақтану орындарының кәсіби мамандануына, салт-дәстүр жөніндегі білімін жетілдіруге сеп болары сөзсіз. Бүгінде ғаламтордағы навигациялық карталарды ашып қарасаңыз, сіз ол жерде белгіленген мейрамханаларды көзіңіз шалады. Бұл мәліметті туристерге көмектесетін, смартфондарға арналған көптеген қосымша қолданады. Мысалы, «Орда» мейрамханасы немесе «Киш-миш» кафесі дегенді көресіз. Бұл туриске не береді? Ештеңе де бермейді. Ал егер мейманхана ісімен айналысушыны «Орда» – қазақы тағам мейрамханасы, «Ет асы – дәстүр» немесе «Ет асы – өнер» деп жазуға үйретсек ше? Бұл әлдеқайда тартымды болар еді. Осы сияқты көптеген саланы бөліп көрсетуге болады. Еліміздің заңнамасы бойынша оны тек бір әдіспен ғана жасауға негіз бар. Қоғамдық пікір жинау қажет, содан соң Үкіметтің жанындағы терминологиялық комиссияға өтініш жолдау керек. Біз кәсіпкермен әңгіме-дүкен құрғаннан кейін кәсіпорынның ішін араладық. Кіргеннен иығымызға ақ халат іліп, аяғымызға бахила кидік. Көзімізге бірден қолдан жасалған диірмен, кептіру құралдары түсті. Цехтағы құралдардың бәрі кәсіпкерлер мен жұмысшылардың өз қолдарынан жасалған екен. Кәсіпті ештеңеге қарамастан нөлден бастаған кәсіпкер кей жылдары 2-3 жұмысшыға еңбекақы бере алмаған кездеріміз болған дейді. Қиындыққа, түрлі кедергілерге шыдадық деп отыр. Ал бүгінде бұлардан асқан мықты кәсіпкерлер жоқ. Жұмысшылардың айлығы жоғары. 100 мың мен 300 мың теңге аралығында айлықақы алады. Және ай сайын оларға 5 келі күріш, сұйық май сынды азық-түлік өнімдері беріліп тұрады екен. Мұндағы әрбір жұмысшы қадірлі. Еңбегіне қарай бағалаймыз деп отыр. Өнімдер салынатын түрлі мөлшердегі арнайы қораптардың сырты да ұлттық ою-өрнектермен нақышталған. Осылайша кәсіпкер отандық өніміміздің брендтік жаңа түрін қалыптастыруда. Олардың салмағы да әрқалай, 160 грамм-3 килограмм аралығында. Ал өндіріске қажетті ұн Қостанайдан жеткізілуде. Үлкен астауға салынған ұн цехта қамырға айналдырылып, одан жаю аппаратына түсіп, кесуден өткен соң транспортер лентасы арқылы тізбектеліп келіп кептіру құралына рет-ретімен түсіп жатыр. Жалпы цехта тәулігіне 2,5 тонна дайын өнім шығарылады. Брендтік өнім өндіру технологиясы да қарапайым. Алайда жайма дайындаудың өзіндік құпиясы да бар екен. Кәсіпкер азамат оны коммерциялық құпия ретінде бізге айта қоймады. Ең бастысы – астың дәмді болуы. Әзірге тұтынушылардың мұндағы ұн өнімдеріне айтар өкпесі жоқ. Әзірге еліміздегі ең сапалы, өтімді жайма осы зауытта өндірілуде. Эльмира БАЙНАЗАРОВА