Қоғам

АСАДА МАЛ ДӘРІГЕРЛЕРІНЕ АВТОКӨЛІКТЕР ТАБЫСТАЛДЫ

АСАДА МАЛ ДӘРІГЕРЛЕРІНЕ АВТОКӨЛІКТЕР ТАБЫСТАЛДЫ

Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданының Аса ауылында ветеринариялық ұйымдарға автокөліктің кілттерін табыстады.

– Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында ветеринария саласын реформалау, орталық пен өңірлердің нақты міндеттерін айқындау, үрдістерді цифрландыру, мал дәрігері мамандарын дайындау, жалақыларын өсіру сынды маңызды тапсырмалар берілген болатын. Бұл тапсырмалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ауылшаруашылығын дамыту перспективалары мен оның экспорттық әлеуеті ветеринария саласына тікелей байланысты. Сапалы ветеринарлық қызмет көрсету болмайынша, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мүмкін емес. Азық-түлік қауіпсіздігі – мемлекеттің және оның халқының қауіпсіздігі. Ветеринарлық қызметтің негізгі міндеті – тұрақты эпизоотиялық жағдайды қамтамасыз ету. Сондықтан бүгінгі беріліп отырған автокөліктер сіздердің жұмыстарыңызды жеңілдетуге өз үлесін қосады деген сенімдеміз, – деді Ербол Шырақпайұлы. Айта кету керек, ауылдық елді мекендерде ветеринариялық қызмет көрсететін мал дәрігерлерінің жұмыс жағдайын және ветеринариялық стансалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 2023 жылы облыстық бюджеттен қаражат қарастырылып, 10 «УАЗ» автокөлігі сатып алынған болатын. Сол автөкөліктерді аймақ басшысы облыстың 8 ауданына және Тараз қаласына табыс етті. Сондай-ақ аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табатынын, облыстың ветеринария саласындағы өзекті мәселелері белгілі екендігін, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Шапағат ӘБДІРҰЛЫ