Жаңалықтар

ВЕТЕРИНАРлық қауіпсіздік – басты міндет

ВЕТЕРИНАРлық қауіпсіздік – басты міндет

Ветеринария саласында бүгінде түйткілді мəселе көп. Мысалы, жыл басынан бері тұрғындар арасында Сібір жарасы ауруының белгілері 17 адамнан анықталған. Саладағы осы және өзге де мәселелер кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат жиынында талқыланды.

Ең алдымен, облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев жыл басынан бері салада атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Айтуынша, биылға ветеринариялық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізуге республикалық және жергілікті қазынадан барлығы 3,4 миллиард теңге бөлінген. Ауылшаруашылық жануарларының төлдерін бірдейлендіру жоспарына сәйкес жыл басынан 1,4 миллион төл бірдейлендіріліпті. 9 айда дерекқорға барлығы 4,9 миллион ауылшаруашылық жануары тіркелген. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда облыстағы мал санының өсімі 3 пайызды құраған. Бұл республика бойынша – екінші орын. Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес 18,2 миллион вакцинация, 4,3 миллион диагностикалық жұмыстар жүргізілген. Ветеринариялық іс-шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері облыс аумағында анықталған ауру ошақтарында қолданыстағы заңнамалар аясында сауықтыру және жою жұмыстары толық атқарылған. Іс-шаралар жоспары бойынша, эндемиялық аудандардың 37 елді мекенінде барлығы 2,9 миллион шаршы метр аула мен қора-жай, 195 мың шаршы метр буферлік аймақ және 506 мың ауылшаруашылық жануарына көктем және күзгі кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары толық жүргізілген. Алайда залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгенімен аймақтарда кенеден қауіп азаймай отыр. – Осыған орай 2018 жылы Қырым гемморагиялық қызбасы бойынша эндемиялық аймаққа енген 79 елді мекен және қосымша 2022-2023 жылдары енгізілген 4 елді мекенді қоса алғанда барлығы 83 елді мекенге алдын ала есептеулер бойынша кенеге қарсы залалсыздандыруға қажетті препараттар сатып алуға 129 миллион теңге бөлінді. Залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге 109 миллион теңге, барлығы 239,1 миллион теңге қаражат қаралып, барлық 83 елді мекенді толық залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындауда, – дейді басқарма басшысы. Басқарма басшысы Сібір жарасы бойынша оң нәтиже көрсеткен барлық адам қажетті емдеу шараларын қабылдап, сауығып шыққанын айтты. Өңірдегі 5 ауру ошағында (Талас ауданында – 3, Жуалы ауданында – 1, Тараз қаласында – 1) аурудың көзін жою бойынша жұмыстар толық жүргізілген. Баяндаманы мұқият тыңдаған облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы басқарма басшысының жұмысын сын тезіне алды. Дәлірек айтқанда, қаңтар айында Ауылшаруашылығы министрлігінен жеткізілген вакцинаның дер кезінде салынып-салынбағанына күмән келтірді. Себебі Сібір жарасының вакцинасы тірі күйінде келеді. Ол егілген соң жануарлардың бойында 21 күннің ішінде иммунитет пайда болуы керек. Алайда облыста Сібір жарасы секілді аурулардың саны өскен. – Әдемі слайд, баяндамаларыңыз елге қажет емес. Жұмыстың нақты нәтижесі керек. Қажетті вакцина көлемі жеткізілді. Демек, кінә өзімізден. Жұмысты дұрыс үйлестіріп, тиімділігін арттыру маңызды. Тікелей бақылау, жауапкершілік болмаса оң нәтижеге қол жеткізе алмаймыз, – деді Ербол Қарашөкеев. Сонымен бірге бұл бағыттағы жұмыстарды жеке өзі қадағалайтынын баса айтты. Жиында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, жуырда «Хабар 24» арнасында Майтөбе ауылында малдардың қырылып жатқаны туралы материал жарияланғаны, онда ветеринария мамандарының жұмысына қатысты жергілікті жұрттың наразылығы көрініс тапқанын жеткізді. Сондай-ақ малға егілетін вакцинаның сапасы туралы атап өтті. Ербол Шырақпайұлы Сібір жарасы ауруларының басым бөлігі шыққан Жуалы ауданының және үш ауру ошағы тіркелген Талас ауданының әкімдерінен жауап алды. Облыс басшысы ветеринария басқармасының басшысына аудандарды аралап, инспекторлардың жұмысын саралауды тапсырды. Қажет болған жағдайда кадрлық шешімдер қабылдануы керек екенін, тікелей сараптама болмаса нәтиже болмайтынын атап өтті. Жиында облыс әкімі күн тәртібіндегі мәселе бойынша орынбасары Қанатбек Мәдібекке саладағы қордаланған мәселелер бойынша арнайы кеңес өткізуді тапсырды. Басқосу барысында облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары мен орындалмау қаупі бар индикаторлар бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндады. Облыс әкімі көрсеткіші төмен аудан әкімдері мен салалық басқарма басшыларынан жауаптар алып, жыл аяғына дейін жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Әсіресе индикаторлары орындалмаған, шағымы көп денсаулық пен білім саласы басшыларына нақты нәтиже көрсетіп, жұмыстарының тиімділігін арттыруды тапсырды. Айжан ӨЗБЕКОВА