Алғашқы көмек жетілдірілу сатысында
Алғашқы көмек жетілдірілу сатысында
Министрдің айтуынша, МСАК жұмысының негізгі қағидаты – отбасылық қызмет көрсету мен тұрғылықты жер бойынша қолжетімділікті қамтамасыз ету. Көмекті учаскелік дәрігер, үш орта медицина қызметкері, әлеуметтік қызметкер және психологтан тұратын учаскелік көпбейінді командалар көрсетеді. Сонымен қатар А.Ғиниятқызы жиында саладағы өзекті мәселелер туралы да айтты. Бірінші – медициналық көмектің толық қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл мәселелер бойынша Астана, Алматы қалаларында, Ақмола, Атырау облыстарында жиі шағым түседі. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 3 миллионнан астам халық сақтандырылмаған күйінде қалып отыр. Сақтандырылмаған халық саны бойынша ең жоғары көрсеткіш Жетісу, Алматы, Жамбыл облыстарында және Шымкент қаласында тіркелген. Екінші – медициналық кадрларға деген сұраныстың төмендеуіне қарамастан әлі де тапшылық бар. Бұл көрсеткіш Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында басым. Үшінші – медициналық нысандардың инфрақұрылымы әлі де жеткіліксіз. Бүгінде 200-ден астам ауылдық елді мекенде медициналық нысан жоқ. Ғимараттардың тозуы 56 пайызды, медициналық техникамен жарақтандыру 50 пайызды құрайды. Төртінші – халықтың саламатты өмір салты дағдыларын қалыптастыру мәселелері. Елімізде ересек тұрғындардың 21 пайызы темекі тартады, балалардың 20 пайызы артық дене салмағынан, ал 6 пайызы семіздіктен зардап шегеді. 11-15 жастағы жасөспірімдердің тұрақты түрде вейп шегуі 10 пайызды, энергетикалық, тәтті сусындарды ішуі 17,5 пайызды, артық дене салмағының болуы 15 пайызды құрайды. Ажар Ғиният медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың жұмысына тығыз байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты өңірлердің әкімдіктері бекітілген стандартқа сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастыру, денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту қажет. Сондай-ақ емханаларға, ауруханаларға күрделі, ағымдағы жөндеу жүргізу, оларды заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру, сақтандырылмаған халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту да маңызды мәселе. Одан бөлек өңірлердің әкімдіктері әлеуметтік қолдау көрсете отырып, жергілікті жерлерде медициналық кадрларды тарту және бекіту тетіктерін іске асыру, дәрігерлерді, оның ішінде салалық мамандар мен орта медицина қызметкерлерін даярлауға қаражат бөлу, саламатты өмір салты бойынша халық арасында кең насихат жүргізу және саламатты өмір салты орталығын ашуға қосымша қаражат бөлуді қарастыруы қажет. «Осы аталған шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұлғайтылады және ел халқының денсаулығы жақсарады. Қазақстан алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуда көш бастап тұр және бұл мәселені халықаралық деңгейде белсенді түрде ілгерілетудеміз», деді министр. Осы жылдың 22-23 қазанында Астанада Алматы декларациясының қабылдануының 45 жылдығына және Астана декларациясының қабылдануының 5 жылдығына арналған Алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша жаһандық конференция өткізу жоспарланған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус, ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Кетрин Рассел, денсаулық сақтау министрлері бастаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше мемлекеттердің 80-ге жуық делегациясы, денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар қатысады деп күтілуде. «Аталған іс-шараларды өткізу Қазақстанға медициналық-санитариялық алғашқы көмек саласындағы жетістіктерді көрсетуге және үздік әлемдік тәжірибелерді қабылдауға мүмкіндік береді», деді министр. Сонымен қатар Үкімет отырысында бірқатар облыс әкімі күн тәртібіндегі мәселе бойынша өңірлердегі ахуалды баяндады. Мәселен, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің мәлімдеуінше, өңірде 1 222 мың халық тұрса, оның ішінде 946,4 мың адам (78 пайыз) міндетті медициналық сақтандырумен қамтылған. Міндетті медициналық сақтандырумен қамтылмағандар саны – 276 мың адам (22 пайыз). «Облыстағы халықты медициналық сақтандырумен қамту бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Өңірлік деңгейде арнайы ведомствоаралық жұмысшы топ құрылды», деді Е. Қарашөкеев. Өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда міндетті медициналық сақтандырумен қамту 2 пайызға артып (23 мың адам), оң динамика қалыптасып отыр. «Облыста денсаулық сақтау мекемелерінің медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі жыл соңына дейін 97 пайызға жеткізілмек. Медициналық мекемелер ұсынатын медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі 8 айда 91,7 пайызды құрап отыр. Аталған мәселе – тұрақты бақылауда», деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев. Талғат Нұрханов