«Аманат хоум» қандай ұйым?
«Аманат хоум» қандай ұйым?
Соңғы кездері әлеуметтік желілерде, интернет сайттарда «Аманат хоум» жобасына жарнама жасады деген айыппен белгілі айтыскер Балғынбек Имашевтің есімі көп айтыла бастады. Айтыскер бұл қаржы ұйымына жарнама жасап қана қоймай, өзінің тікелей де қатысы бар көрінеді. Желіде желдей есіп жүрген жазбаларға сенсек, «Аманат хоум» салымшылары Б.Имашевтің тірлігінен қаржылық алаяқтықтың иісі аңқитынын айтып арыздануда. Анығында сондай ма, ақпараттарды бір шолып көрсек. «Elorda.info» сайты таратқан материалға көз жүгіртсек, «Аузында Алласы бар, бетінде сақалы бар...»: Балғынбек Имашев елді алдап жүр ме?..» деген бейнематериалда айтыскер ақынның басы бәлеге қалғаны айтылады. Яғни 1-кезекке ену 150 мың теңге тұрады деген әйелдер оның қорына ақша салып, алданып қалған. Мәселен, алты баланың анасы айтыскердің қорына 325 теңге салып, оңбай алданып қалғанын жеткізген. «Жалпы 2021 жылдың тамыз айында айтыскер ақын өз парақшасында қор ашып жатқаны жөнінде хабарлап, пост қалдырды. Кооператив пе, әлде қор ма, сондай бірнәрсе. «Кезекке тұрсаңыздар, осы қор арқылы 300 мұқтаж адамға үй алып береміз деген. Бірақ өздері де дұрыс түсіндірмеді. Бір анығы, «Қаласаңыздар, кезекке тұрыңыздар. 1-кезек 150 мың теңге тұрады» деді. Сол кезде алтыншы балама аяғым ауыр болып, жәрдемақы түскен кезде бірден сол қорға салып жіберіп едім. Түбіртек, барлығы бар, 205-болып кезекке тұрдым. Ол кісі аузынан Алланы тастамай, намазына берік болған соң қатты сеніп едім», дейді келіншек аталған бейнематериалда. Видеода қорға 300-дей адам ақша салғаны да айтылады. Дегенмен бұл дау «Аманат хоумға» қатысы бар болғандықтан қорды құрып, аяққа тұрғызған меценат Көңілбай Шүкеновтің де аты жиі атала бастады. Ол ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында Балғынбек Имашевтің арқадан «пышақпен ұрғанын» айтып ақталуда. Сондай-ақ ол өзіне қарсы шабуыл жасап, біраз жалған ақпарат таратылғанын да жеткізді Көңілбай Шүкенов жақында өзіне қатысты айтылып жүрген түрлі қауесеттерге жауап берді. «Ақшамызды алды, уәдесінде тұрмады» деген айыптауларды да аз естімедік, бұл қауесет неден шықты?» деген журналистер сұрағына ашық жауап берген кәсіпкер мәселенің неден шыққанын тарқатып айтқан. «Кейінгі кезде осындай сұрақтар көбейіп кетті. «Аманат хоум» және «Аманат драйв» деген көптеген жобаны жасап шығардық. Біздің басты мақсатымыз – баспананы, автокөлікті пайызсыз беру. Осы бағдарламаның авторы ретінде осыны жазған кезде өзіме тікелей пайда келсін деп, күнімді көре алмай жүріп жазған жоба емес. «Аманат» тауарлық белгісі менің атыма патенттелген, Қазақстанның зияткерлік меншік құқығын алғам. Бірақ дауыс беру арқылы компания сізден кетіп қалады. Аты бар да, заты жоқ. Олар менен кеткеннен кейін атын өзгертуі керек болған. Кез келген жобаны бастарда заң, маркетинг, экономика, стратегиялық даму жоспарларын жазып шығасыз ғой. Сол кезде сырттан, іштен келетін қауіптер бар, соның бәрін есептейсіз. Ең үлкен қауіп – инфляция, девальвация деп санап келдік. Бірақ бізге қауіп қасымда жүрген адамдардан келді, бұл мен күтпеген оқиға болды. Мен ешқашан өзіміз құрған жобадан шеткері қаламын деп ойламаппын. Елді пайызсыз баспанамен қамтуға арналған «Аманат хоум» деген жоба бізден бөлініп кетті. Өзім құрған жобаның қаржысы көбейгенде құжатқа жауапты қызметкерлерім қулықпен бөлініп кетті», дейді кәсіпкер сұхбатында. Сондай-ақ ол бірге намаз оқып, дастарқандас болып жүргендер арқасынан «пышақпен ұрғанын» ашып айтты. «Ашығын айтайын, сол кезде Балғынбек маған хабарласып, «Сенің он компания ашатындай басың бар ғой, ақылға кел. «Аманат хоум» деген атты бізге қалдыр» деді. Мен келістім. Бірақ оларға қосылмаймыз деген 160 адамның ақшасын қайтарып беруді міндеттедім. Сонымен келістік. Мен өзімнің уәдемде тұрдым. Ал олар сөзінде тұрмады. Адамдар баспана, көлік алуға сеніп, қаражатын береді. Ал қордағы есепшіден бастап жауапты адамдар жағдайды хабарлап отыру керек. Берілген тапсырмалар орындалып, жоспар жайлы біліп отыруым керек. Ал қордағы бірнеше әйел құжатқа тікелей жауапты болды. Кейінгі кезде олар есеп беруден жалтарып, түрлі созбалаңға сала бастады. Кейін маған қарсы неше түрлі компраматтар жинала бастады. Ақыры салымшылар да, қордағы адамдар да екіге бөлінді. Елдің қаралауына ілесіп, «Аманат хоумда» қалып қойған адамдар ақшаларын да, үйлерін де әлі ала алмай жүр», деген Көңілбай Шүкенов қауесеттің неден шыққанын да тарқатып айтқан. Сондай-ақ ол белгілі азаматтар өзіне қарсы шабуыл жасап, бірнеше жалған ақпарат шығарғанын жеткізді. «Заңға және ішкі жарғымызға сәйкес дауыс беру процесі болды. Заңгерлер оны өткізді. Жан-жақтан адамдар келді. Бұл жерде халық таңдау жасады. Әрине, басында 2000-дай адам маған дауыс беріп, жеңіске жетуге дайын отырған сәтте өздеріңізге белгілі азаматтар маған қарсы шабуыл жасап, біраз жалған ақпарат шығара бастады. Сонымен, көпшіліктің таңдауы бойынша «Аманат хоумның» басшылығы, Алматы қаласындағы қыздар және менен жобаны алып қойған танымал адамдардың бәрі бірігіп, бөлініп кетті. Командама қосылған адамдар көп құпияны біліп, миллиардтаған ақшаны көргеннен кейін ойлары өзгеріп, жеке бөлініп кетті. Олар өздері ғана кеткен жоқ, қордағы салымшыларды да алдаусырату арқылы өздерімен ерте кетті. Ең жаманы, «Іштен шыққан жау жаман» демекші, қасымда бірге намаз оқып, дастарқандас болып жүргендер арқамнан «пышақ ұрды», дейді кәсіпкер. Кейінірек бұл іске елімізге белгілі блогер, заңгер, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек те араласты. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында жазба қалдырып, Балғынбек Имашевке қарата үн қатады. «Аманат хоум» салымшылары көмек сұрап маған шығып жатыр! Балғынбек Имашев, сізге сеніп ақша салғандардың ақшаларын қайтарып беріңіз жылатпай, ұят болады!» деп, ҚР Бас прокуратурасын, ҚР Ішкі істер министрлігін тегтеп, «Қылмыстық істі неге қозғамай отырсыздар? Міндетті түрде халық өзін өртеу керек пе? Бәрі арыз жазған екен, «іс қозғалмай тұр» деп жазып жатыр. Жылдам қозғап жіберіңіздер, Балғынбек ағамыз арнауын сот залында айтсын!» деп түйіндейді жазбасын белгілі блогер. Әзірге айтыскердің өзінен нақты бір ресми жауап болмады және бұл жөнінде құзырлы органдардың да мардымды мәлімдемесін көре алмай отырмыз. Қысқасы, бұл атышулы істің әзірге немен аяқталары белгісіз. Жасұлан БАҚЫТБЕКҰЛЫ