БІЛІМДІ жастар – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
БІЛІМДІ жастар – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Тәрбиешілердің жалақысы 30 пайызға өсті Ұлттық жобада көзделген міндеттердің бірі – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін, сапасын қамтамасыз ету. Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек, қазіргі таңда облыстағы 573 мектепке дейінгі ұйымда 60 мыңға жуық бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Бүгінгі күні министрлік тарапынан балабақшалардағы орындарды бөлу кезіндегі ашықтықты қамтамасыз ету үшін облыстардағы электрондық кезектер республика бойынша бірыңғай базаға енгізіліп, біріктірілу жұмысы жүргізілуде. 2023 жылы облыста аталған жүйені пилоттық жобаға енгізу жоспарланған. Осыған орай мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын дербестендірілген қаржыландыру (ваучерлік) арқылы орналастыру көзделген. Сонымен қатар тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттыру мақсатында 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап осы сала қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға өсті. Айтулы бәсекелерде алдыңғы орындамыз Ұлттық жобадағы екінші міндет – орта білім беру сапасын арттыру, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты қысқарту (PISA) мақсатында кешенді шаралар қабылдануда. Білім сапасы педагогтің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. 2023 жылы академик Асқар Жұмаділдаев атындағы және IMPACT /импакт/ ашық шығармашылық байқауларында математика, физика және информатика пәндерінен сабақ беретін 25 педагог жеңімпаз атанып, командалық есепте республикада II орынды иеленді. Сонымен қатар республикалық 4 байқауда 14 ұстаз жеңімпаз болса, халықаралық олимпиадалар мен байқауда 9 ұстаз жүлделі орындарға ие болды. Аталған жетістіктер облыс мұғалімдерінің шығармашылық әлеуетінің жоғары екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Жыл сайын облыста білім сапасы жоғарылап келеді. Өткен оқу жылында 12 115 түлек мектеп бітірді. 305 түлек «Алтын белгі» төсбелгісін алса, 852 түлек мектепті «Үздік аттестатпен» аяқтады. Оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 67,6 пайызды құрады. ҰБТ-дағы орташа балл – 84,4. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 1,9 балға жоғары. Сондай-ақ 100-ден жоғары балл алған мектеп бітірушілер үлесі өткен жылы 1 218 болса, биыл 1 587-ге жетіп, 13,9 пайыздан 17,4 пайызға артты. Ал шекті деңгейден өтпегендер үлесі 2022 жылы 509 болса, биыл 314-ке дейін төмендеп, 5,8 пайыздан 3,4 пайызға кеміді. 2022-2023 оқу жылында республикалық ғылыми жобалар байқауына облысымыздың 59 оқушысы қатысып, 35-і алтын, күміс, қола медальдарды жеңіп алды. 23 оқушы жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болды. 2-7-сынып оқушыларына арналған XVIIІ республикалық «Зерде» конкурсынан жас зерттеушілер 20 медаль иеленді. ХІІІ Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша халықаралық зерттеу жобалар конкурсына 11 оқушы қатысып, 9-ы жеңімпаз атанды. Халықаралық «Математика және жобалау» конкурсына қатысқан 5 оқушы жеңімпаз атанды. Төкен Омаров атындағы республикалық ғарыштық физика мен астрономиядан оқушылардың ғылыми жарысына қатысқан 2 оқушы қола медаль иеленді. Республикалық «ProEco» экологиялық жобалар конкурсына қатысқан 4 оқушы жеңімпаз атанып, 3 алтын және 1 күміс медальді иеленді. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша 9-11-сынып оқушылары арасындағы республикалық пән олимпиадасына 39 оқушы қатысып, 17 оқушы жеңімпаз атанды. Оның ішінде 3 оқушы республикалық құрама команда құрамында халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Сонымен қатар олимпиаданың жеңімпаздары атанған «Білім-Инновация» лицей-интернатының түлектері Ахметбек Қаршыға, Амангелді Темірлан, Элик Шыңғысхан Қазақ-Британ университетінің 100 пайыздық грантына ие болды. «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Шарел Марғұлан Түркия мемлекетінің Анталия қаласында өткен математика пәнінен халықаралық Балкан олимпиадасынан қола медаль иеленсе, халықаралық математикалық «Жібек жолы» олимпиадасынан қола медаль, халықаралық Жәутіков олимпиадасынан күміс медаль, геометриядан халықаралық Иран олимпиадасынан алтын медаль иеленді. Биыл тамыз айында Шарел Марғұлан Жапония мемлекетінің Чиба қаласында өткен математикадан халықаралық олимпиадаға қатысып, қола медаль иеленді. Осы жетістігі үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 29 шілдесіндегі №347 бұйрығына сәйкес 500 АЕК мөлшеріндегі сертификатқа ие болды. Әлемнің 21 мемлекетінен келген дарынды оқушыларының қатысуымен Астана қаласында өткен химия пәнінен халықаралық Менделеев олимпиадасына «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Диас Қоршыбек қатысып, қола медаль иеленді. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша 9-11-сынып оқушылары арасындағы республикалық пән олимпиадасына 32 оқушы қатысып, 21 оқушы жеңімпаз атанды. Нәтижесінде облыстың командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» болып танылып, облыстар арасында жүлделі І орынды иеленді. Облыс әкімінің қолдауымен биылғы оқу жылынан бастап 43 оқушыдан жасақталған облыстың құрама командасы жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән олимпиадасына дайындалу мақсатында оқу-жаттығу жиындарына қатысатын болады. Сонымен қатар биыл маусым айында республикалық, халықаралық деңгейдегі пән олимпиадалары мен ғылыми жоба конкурстарының жеңімпаздарына облыс әкімі тарапынан 100 оқушыға 100 мың теңгенің сертификаты берілді. Әрине, жалғастыра берсек, оқушылардың жоғары жетістіктері тек мұнымен ғана шектелмейді. Айта кетерлігі, облыс оқушылары білім бәйгелерінде ғана емес, көркемсөз оқу байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Балаларды қосымша білім берумен қамту – ұлттық жобадағы негізгі міндеттердің бірі. Қазіргі таңда облыстағы 78 қосымша білім беру мекемесінде 68 570 оқушы, мектептегі үйірмелерде 121 596 оқушы қосымша біліммен қамтылып, қамту көрсеткіші 80 пайызды құрап отыр. «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасының көрсеткішіне сәйкес жыл соңына дейін қосымша біліммен қамтылған оқушылар үлесін 81,1 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Республикалық көрсеткішке қол жеткізу үшін облыстағы жекеменшік мектептерді қосымша біліммен қамту және мемлекеттік орта білім беру ұйымдарындағы мектеп үйірмелерінің жұмысын жандандыру қолға алынған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2 сауықтыру орталығының және 4 қосымша білім беру мекемесінің құрылысы жергілікті бюджет есебінен жоспарланып отыр. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасымен облыстағы резиденция ғимараты жыл бойына жұмыс істейтін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы болып қайта ашылды. Бірінші ауысымда 50 бала қамтылып, ауысымның ұзақтығы 15 күнді құраса, қыс мезгілінде 20 күнге дейін демалуына мүмкіндік жасалған. Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары тарапынан мемлекеттік тапсырыс аясында спорт (6 818 бала) және шығармашылық (5 273 бала) үйірмелермен 12 091 бала қамтылған. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады. Мектеп қауіпсіздігі маңызды Ұлттық жобадағы маңызды міндеттердің бірі – мектептердің жайлы, қауіпсіз және заманауи болуы. Жоба шеңберінде 2023 жылы 25 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 9 мектеп және 5 мектептің қосымша құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. 2023 жылдың 1 қыркүйегінде Жамбыл ауданының Шоқай ауылындағы 150 орындық мектеп ашылып, балалардың игілігіне берілді. Қалған 8 мектеп және 5 мектептің қосымша құрылыстары жұмыс кестесіне және келісімшартқа сәйкес 2023 жылдың қараша, желтоқсан айларында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал 11 нысан құрылысы келесі жылы аяқталады. Бұдан бөлек 17 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 4,4 миллиард теңге қарастырылды. 7 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 10 білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстары осы жылдың қазан-желтоқсан айларында аяқталады. Облыстың білім беру ұйымдарында қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау, балалардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті болып отыр. Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Қазіргі таңда балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары мемлекеттік 690 білім беру ұйымында жүргізілуде. Бүгінгі күні 690 білім нысаны 100 пайыз бейнебақылау камерасымен қамтылды. Білім беру ұйымдарының 302-сі интеграцияланған, 346-сы дабыл түймесімен жабдықталған. Кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алу мақсатында облыстың барлық мектептері «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесіне қосылды. Буллингтің, әлімжеттік оқиғаларының алдын алуда мектеп психологтарының рөлі зор. Осыған орай мектеп психологтарының жұмысын автоматтандыру және психологиялық көмекті қажет ететін оқушыларға дер кезінде көмек көрсету мақсатында облыс мектептері HR+ психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесіне қосылды. Бүгінгі күні мектеп психологтарын аталған жүйемен жұмыс істеу тәртібі бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылуда. Облыстағы 445 мектепте 419 мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 200 мектеп директорларының құқықтық тәрбие жөніндегі орынбасары, 565 педагог-психолог, 432 әлеуметтік педагог қызмет атқарады. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыс бойынша облыстық прокуратура, полиция департаменті мен білім саласы қызметкерлерінің 1 224 өкілінен құрылған 91 мобильдік топ жұмыс істейді. Бұдан бөлек Тараз қаласындағы колледждер (21 колледж) бойынша 63 мүшеден тұратын 7 мобильдік топ құрылған. Облыс әкімдігі, облыстық прокуратура, полиция департаменті арасында Жол картасы бекітілген. Облыс мектептерінде буллингтің алдын алу жұмыстары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің «Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидаларын бекіту туралы» 2022 жылғы 21 желтоқсандағы № 506 бұйрығына сәйкес жүргізілуде. Мүмкіндігі шектеулі балалар – мемлекет қамқорлығында Ұлттық жоба бойынша, даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте түзетумен қамту көзделген. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларды қоғамға бейімдеу бойынша жұмыстарды да күн тәртібінен түсірмеуге тиіспіз. Өткен оқу жылында демеушілердің қолдауымен 150 миллион теңгеге психологиялық-медициналық-педагогикалық кабинеттердің материалдық базалары нығайып, қызметтік автокөліктер алынды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен Қаратау қаласындағы облыстық «Үміт» мектеп-интернаты 28,7 миллион теңгеге қажетті құралдармен қамтылды. Аталған қорға алдағы уақытта 8 мекеменің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 654 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтардың жобалары әзірленіп, жолданды. Бүгінгі күні ата-аналардың ұсыныстарын ескере отырып, «Асыл Мирас» аутизм орталығында күндізгі ұзартылған топтарды және мектеп олимпиадалары мен мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта да осы санаттағы балаларға арналған үйірмелерді ашу үшін қосымша ғимарат салу бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасында техникалық және кәсіптік білім беру бағыты аясында жастарды қолжетімді және сапалы техникалық біліммен қамтамасыз ету көзделген. Облыстағы 44 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 26 164 студент білім алса, 16 284 мемлекеттік білім тапсырысы аясында білім алуда. Жастарды талап етілетін мамандықтар бойынша 2023-2024 оқу жылына 6 350 орын мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында 32 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік аттестациялау өткізілді. Нәтижесінде 5 колледж немесе 15,6 пайыз алғашқы реттен аттестаттаудан өтті. 27 колледж қайта аттестаттаудан өткізілді Колледждерде контингенті жоқ, бос тұрған лицензия қосымшалары кері қайтарылды. Биыл 2 колледжде ротациялау жүргізілді. 2020, 2021 жылдары колледждердің материалдық базасын жетілдіріп, сапалы білім беруге қол жеткізу мақсатында «Жас маман» жобасына облыстағы 11 колледж 14 мамандық бойынша 3,7 миллиард теңгеге заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілді. Ірі кәсіпорындарға шефтік қамқорлыққа 18 колледж бейіндері бойынша беріліп, үшжақты меморандумдар жасалынды. 2022-2023 оқу жылында 44 колледждің 37-сі 57 мамандық бойынша 6 406 студентті дуальдік оқытумен қамтыды. 2022-2023 оқу жылында кәсіпорындардың нақты сұранысына сәйкес 257 орын мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысына студенттер қабылданды, яғни 96 жұмыс берушімен колледж арасында келісімшарт жасалынды. 2023-2024 оқу жылына бұл көрсеткіш 350 орынға артты. 2022 жылы барлығы 5 921 бітіруші түлектің 4 679-ы жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік тапсырыс негізінде 3 627 түлектің 3 018-і еңбек жолын бастады. Айдын ОРЫНБЕКҚЫЗЫ, облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары