САЛАНЫҢ ДАМУЫНДА СЕРПІЛІС БАРСЕРПІЛІС БАР
САЛАНЫҢ ДАМУЫНДА СЕРПІЛІС БАРСЕРПІЛІС БАР
Өңіріміздегі мәдениет саласының тыныс-тіршілігі туралы сөз қозғасақ, көңіл қуантатын дүниелер туралы ауыз толтырып айтуға болады. Осы уақытқа дейін облысымыздың түкпір-түкпірінде өтіп жатқан мәдени іс-шаралар легі БАҚ беттерінен баршаға белгілі. 2022 жылдың I тоқсанында да Жамбыл облысының мәдениет, архив саласында жоспарланған шаралар мен көзделген мақсатты индикаторларға қол жеткізіліп, бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылды. Жыл басынан бері бірқатар әртүрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, облыс әкімдігінің қолдауымен Жамбыл Жабаевтың туған күні мен облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдығына орай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. 5 наурызда «Баласағұн» орталық концерт залында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай облыс басшылығының қатысуымен «Асыл ана» атты салтанатты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Балалар жылы аясында заманауи ертегілер арқылы ұлттық және рухани құндылықтарды жаңа технологиялар форматына икемдеп, балаларға аңыздар мен ертегілер арқылы рухани тәрбие беру мақсатында «OrdaGen» балаларға арналған ертегілер жобасы іске асырылуда. Жоба аясында Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен балаларға арналған кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті. Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы М.Әуезов атындағы №33 орта мектебімен бірлесе биылғы Балалар жылына, қазақ балалар әдебиетіне өзіндік үлес қосқан Ескен Елубаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Біздің өлкенің мақтаныштары» атты еске алу кешін өткізді. Сондай-ақ арнайы кітапханада зағип және нашар көретін жандарды қоғам көшінен кеш қалдырмау, халқымыздың рухани және мәдени мұраларын қастерлеп, жаңғырту үшін «Шебердің қолы алтын» атты тифло-тігін жобасы жүзеге асты. Бар ғұмырын киелі өнер жолына арнап, қазақ киносы мен театрының Құлагеріне айналған Асанәлі Әшімов ағамыздың 85 жылдық мерейтойының Әулиата жерінде ерекше атап өтілді. Өңірдегі жас таланттарды іздесу, оларға қолдау көрсету, дарынды жастардың орындаушылық шеберлігінің шыңдалып, танылуына мүмкіндік жасау мақсатында «Жаңа есім – 2022» жобасы облыстың аудандарында өтті. Сондай-ақ облыстық іріктеу кезеңі де ұйымдастырылып, алдағы уақытта гала-концертпен қорытындылау жоспарлануда. К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның құрамындағы шығармашылық ұжымдар жыл басынан бері 67 концерт ұйымдастырып (оның ішінде 5 концерт онлайн), 12 728 көрермен қамтылды. Ал архив саласындағы ауқымды шараларға тоқталар болсақ, облыс көлемінде жалпы саны 12 мемлекеттік архив бар. Ведомстволық архивтердің құжаттарының құндылығы сарапталып, нәтижесінде есептік кезеңде мемлекеттік архивтердің сақтауына 3 154 сақтау бірліктегі құжаттар қабылданды. Іс жүргізу, құжаттарды есепке алу, сақтау, сараптау тәртібі бойынша архивтердің Ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтау көзі болып табылатын 154 мекемеге әдістемелік көмек көрсетіліп, 14 семинар өткізіліп, 206 мекеменің істер номенклатурасы келісілді. Архив құжаттарының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру мақсатында облыстағы мемлекеттік архивтермен осы тоқсанда 4 848 сақтау бірліктің 477 646 парағы цифрлы форматқа көшірілді. Бұл сақтауда тұрған құжаттың 18,4 пайызы. 2022 жылдың І тоқсанындағы сұраныстардың негізінде 4 458 архивтік анықтама беріліп, мемлекеттік қызмет көрсетілді. Сонымен қатар жыл бойына басқарма мен оған қарасты мекемелердің 2022 жылы ұйымдастыратын іс-шараларының жоспары пысықталып, бірқатар ауқымды жобалар жоспарланған. Атап өтер болсақ, М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай халық театрларының «Театр – өмір айнасы» облыстық фестивалі, Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Рухани көсем» атты театрландырылған қойылымын дайындау, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында облыстық-тарихи өлкетану музейінің қорынан көрмелер ұйымдастыру, «Ұрпақтар сабақтастығы: тарихпен болашақ Жамбыл суретшілерінің көзімен» көрме – байқауы, «Өлкелік туризм – кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» жобасы тағы да басқа іс-шаралар өткізілетін болады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты облыстық мәдениет және өнер ұжымдары тарапынан ауқымды жобалар өткізу жоспарымызда бар. Мәдениет саласында мақтана айтатындай жетістіктер де жоқ емес. Күні кеше ғана, нақтырақ айтқанда сәуір айында Өзбекстан Республикасының Хива қаласында өткен би фестивалінде К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Ақкербез» би ансамблі еліміздің атынан өнер көрсетіп, облысымыздың ғана емес, барша халқымыздың мерейін асқақтатты. Ансамбльдің мүшесі Гүлнұр Қасымбек «Аққу» биімен барша фестивальге қатысушыларды таңғалдырып, жүлделі I-орынмен оралды. 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай жыл сайын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыратын «Рухани қазына» фестивалінде биыл да өңіріміздегі кітапхана, музей, архив қызметкерлері бақ сынауда. Бұған дейін фестивальден біздің кітапхана, музей қызметкерлерінің құр қайтпағаны баршаға мәлім. Биылғы жылы Түркістан қаласында ұйымдастырылып жатқан байқаудан жақсы жаңалық күтудеміз. Ауылдық жерлердегі мәдениетті дамыту да назардан тыс қалмауы тиіс. Осы мақсатта ауылдық жерлерді мәдени нысандармен қамту жұмыстары жалғасын табуда. Мәселен, мамыр айында Т.Рысқұлов ауданының Өрнек ауылының тұрғындары қуанышқа кенелді. Ауылда жаңа мәдениет үйінің тұсауы кесілді. Алдағы уақытта аталмыш мәдениет үйінде тұрақты түрде ақысыз негізде 4 үйірме (домбыра, би, көркем сөз, ән өнері) жұмыс атқаратын болады. Сондай-ақ 2022 жылы Жамбыл облысында 4 мәдениет нысанының құрылысы, 32 нысанның күрделі және ағымдағы жөндеуі жоспарланып отыр. Түптеп келгенде, мәдениет саласындағы ауқымды шаралар легі де, жоспарлар да мұнымен шектелмейді. Өйткені мәдениет саласының ауқымы кең және бұл салада қызмет етіп жүрген мамандарға артылған жауапкершіліктің де жүгі жеңіл емес. Сол себепті жылдың бір күнін мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі деп бекітіп, арналуын сала қызметкерлерінің еңбегін бағалау деп білеміз. Бұл да мәдениет және өнер саласына деген құрмет. Сөз соңында барша мәдениет және өнер қызметкерлерін 21 мамыр – кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, шалқар шабыт, шығармашылық табыс тілеймін!
Ерлан ЖҮНІСБАЙ, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы