«NEURO VITA» – МАҚТАУЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ
«NEURO VITA» – МАҚТАУЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ
Қазіргі таңда облысымызда Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде талай жылдан бергі қордаланған мәселелердің түйіні тарқатылуда. Облыс орталығы Тараз қаласында ғана емес, аудан орталықтарында оңалту және бейімдеу орталықтары ашылып, ерекше жағдайдағы азаматтар мен балаларға барынша қолайлы жағдай жасалуда. Осы орайда мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде азаматтарды оңалтумен айналысатын жекеменшік медициналық орталықтардың да саны көбейіп жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын жұмысын бастаған «Neuro vita» медициналық орталығы бүгінде ерекше қамқорлыққа зәру жандардың жанына жылулық, санасына серпіліс сыйлап жүр. Орталықтың құрылтайшысы, директоры Айгүл Айтбаеваның айтуынша, алғашында Ниетқалиев көшесінің бойында ғимарат жалдап, медициналық көмек көрсете бастайды. Арада бір жыл өткенде халықтың да орталыққа сенімі артып, емделушілердің қатары көбейіп, жаңа және кең ғимаратқа көшу қажеттілігі туындайды. Сөйтіп, «Аса» ықшамауданындағы бұрынғы «Аруана» мейрамханасын сатып алып, 5-6 ай жөндеу жұмыстарын жүргізеді. 2023 жылдың 1 наурыз, яғни Алғыс айту күні орталық жаңа ғимаратқа көшіп, халықтың алғысын арқалау бағытындағы жұмысын жалғастырады. – Өкінішке қарай, қазіргі таңда инсульт дерті дендеп келеді. Сондай-ақ жол апатына түсіп немесе басқа да түрлі оқыс жағдайларға ұшырауынан тірек-қимыл жүйесі бұзылған, мүгедектер арбасына таңылып жатқандар да көп. Яғни оңалту орталықтарының қызметін алушылар саны жыл санап өсіп келеді. Сондықтан да алғаш ашылғанда халыққа орталық қызметінің тиімділігін көрсету мақсатында көп еңбектенуге тура келді. Негізі орталықта күндізгі стационарда ем-дом қабылдап жатқандарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен тегін қызмет көрсетеміз. Орталық 100 миллионға жуық қаржыға заманауи медициналық және технологиялық құрал-жабдықпен толықтай жабдықталған, – деді орталық директоры Айгүл Айтбаева. Жалпы орталықта инсульт алғаннан кейін тірек-қимыл жүйесі бұзылған, жарақаттардан, жүрекке, миға және буындарға операция жасалғаннан кейінгі жағдайдағы пациенттер емделе алады. Арнайы физио-сәулемен емдеу, ине салу, парафин, массаж, емдік-денешынықтыру, атап айтқанда: кинезиотерапия, механотерапия, эрготерапия науқастарды кешенді, жүйелі реабилитациямен толық қамтуға мүмкіндік береді. Орталық мамандарының сөзіне сүйенсек, емдеу-денешынықтыру жаттығулары жүруге қажетті барлық бұлшықеттер мен ми қыртысының дұрыс қалыптасуына көмектесіп, науқастың тез оңалуына ықпал жасайды. Бір сөзбен айтқанда, мұнда емделушілерге барлық жағдай жасалған. – Орталық барлығы 68 орынға (45 орын – тәуліктік, 23 орын – күндізгі стационар) арналған. Қазірдің өзінде күндізгі стационарда 52 науқас ем алып жатыр. Мамандарымыз әрбір емделушіге жеке-жеке көңіл бөліп, тезірек оңалып, ұмытып қалған дағдыларын ояту үшін аянбай еңбек етеді. Орталықта білімді, тәжірибесі толысқан, қызметіне қалтқысыз берілген иглотерапевт, невропатолог, реабилитолог, эндокринолог, кардиолог 5 дәрігер және түнде кезекшілікке түсетін 4 реаниматолог дәрігер жұмыс істейді. Сондай-ақ психолог, логопед мамандармен қамтылған. Біздің басты мақсатымыз – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету. Қиын жағдайда келіп, тиісті ем-дом алғаннан кейін аяққа тұрып кеткен науқастарды көргенде төбеміз көкке жеткендей болады. Алдағы уақытта да емделушілердің алғысын арқалап, қайтадан жаңа өмірге аяқ басуы үшін қал-қадірімізше еңбек ете береміз. Сол мақсатта заманауи роботтар алуды жоспарлап отырмыз. Жалпы қазір қажетті медициналық құрал-жабдықтың барлығы бар десек те болады. Дегенмен соңғы технология саналатын роботтар оңалту шараларын жүргізуге көп көмегін тигізетін еді, – деді Айгүл Айтбаева. Орталық ғимаратын аралап шыққанда байқағанымыз, бөлмелердің барлығы мұнтаздай тап-таза. Жатын бөлмеге, асханасына енген адам құстың ұясындай жылылықты, қыздың жиған жүгіндей ұқыптылық пен әдемілікті бірден сезінеді. Кең дәліздегі дивандарда әңгіме-дүкен құрып отырған емделушілерді сөзге тартып көріп едік, бәрі бірдей бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай орталық қызметкерлеріне алғысын жаудырып, ризашылығын білдірумен болды. Осылайша ашылғанына көп болмаса да талай жанның алғысын алып үлгерген «NEURO VITA» медициналық орталығының оңды істерін көзбен көріп, орталық директорымен, қызметкерлерімен, емделушілермен риза пейілде қоштастық.