Жаңалықтар

ДӘРІГЕР ТАПШЫЛЫҒЫ ЖЫЛ САНАП ШЕШІЛІП КЕЛЕДІ

ДӘРІГЕР ТАПШЫЛЫҒЫ ЖЫЛ САНАП ШЕШІЛІП КЕЛЕДІ

Тараз қаласында өңірлік коммуникациялар қызметінің бастамасымен баспасөз туры ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бірқатар денсаулық сақтау нысанын аралады.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының, медициналық ұйымдардың күнделікті қызметін, саладағы мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын таныстыруды мақсат еткен баспасөз турына қатысушылар алдымен облыстық көпбейінді ауруханаға ат басын бұрды. Журналистерді жылы шыраймен қарсы алған аурухананың бас дәрігері Марат Жұманқұлов емдеу мекемесіне экскурсия жүргізді. – Облыстық көпбейінді аурухана шұғыл және жоспарлы стационарлық, білікті мамандандырылған, жоғары технологиялық медициналық көмек, сондай-ақ облыс тұрғындарына емдеу-диагностикалық, профилактикалық қызметтер көрсетеді. Клиниканың құрамында тәулік бойы жұмыс істейтін 12 клиникалық бөлімше жұмыс істейді. Жақында құрылғанына 150 жыл толатын аурухананың заманауи құрылғылары мен инновациялық технология жетістіктері мен көрсеткіштері ауыз толтырып айтарлық деңгейге жоғарылаған. Облыстағы ірі емдеу мекемесі жүрек ауруларын емдеу және хирургиялық оталар жасау, сапа биіктігі мен жетістігі жағынан алдыңғы орында тұр. Мамандарымыз түрлі шет мемлекеттерден тәжірибеден өтіп келген, біліктілігі мен білімі сай мықты дәрігерлер, – деді М.Жұманқұлов. Мұнан кейін журналистер облыстық перинаталдық орталыққа барды. Бас дәрігер Асхат Сейтжанов жүкті әйелдерге, босанатын әйелдер мен босанған әйелдерге, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге арналған жансақтау және қарқынды терапия бөлімшелерімен таныстырды. – Облыстық перинаталдық орталық 2015 жылы ашылды. Жобалық қуаты 275 орынға есептелген. Орталықта жүкті әйелдерге, босанатын әйелдерге, негізінен анағұрлым ауыр патологиясы бар босанған әйелдерге, жаңа туған балаларға, оның ішінде туабітті ақаулар кезінде хирургиялық көмекке мұқтаж балаларға және гинекологиялық науқастарға мамандандырылған медициналық көмектің барлық түрлері көрсетіледі, – деді Асхат Сламбекұлы. Нәрестелер күтімі бөліміндегі құрылғылар мен сәбилерге жасалып жатқан жағдай туралы айтқан бас дәрігер облыста ана мен бала денсаулығын сақтау мен арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Баспасөз туры барысында облыстық онкология және хирургия көпсалалы орталығына барған БАҚ өкілдері емдеу мекемесінің жұмыс барысын, тыныс-тіршілігін, халыққа көрсетіп отырған медициналық қызмет түрлерін көзбен көрді. Орталық жаңа медициналық жабдықтармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен толықтай жабдықталған. Бас дәрігер Айваз Әлихановтың сөзіне сүйенсек, орталықта жаңа жабдықтармен және Карл Сторц лапароскопиялық тірегімен жабдықталған төрт операциялық зал бар. Бұл бір уақытта 4 операцияны жүргізуге мүмкіндік береді. Баспасөз турының қорытындысында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың қатысуымен брифинг өтті. БАҚ өкілдерімен кездесуде Жанар Мықтыбекқызы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы кезең-кезеңімен 2,5 есеге дейін ұлғайтылғанын атап өтті. Мәселен, осы жылғы 1 қаңтардан бастап облыстың денсаулық сақтау ұйымдарында 11 896 медицина қызметкерінің жалақысы орта есеппен 20 пайызға өсті, дәрігердің жалақысы орта есеппен 453 427 теңгеден 589 455 теңгеге дейін, ал орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 204 000 теңгеден 244 800 теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар биыл санитарлардың, жүргізушілердің және көптеген жылдар бойы өспеген басқа да қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 18 пайызға өседі. Атап айтқанда, 3 430 санитардың жалақысы орта есеппен 124 854 теңгеден 147 327 теңгеге дейін өсті, – деді Ж.Оспанова. Сондай-ақ спикер кадр тапшылығы мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Бүгінгі таңда облыста дәрігерлердің жетіспеушілігі есепті кезеңмен салыстырғанда біршама төмендеген. – Кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында тиісті шаралар қабылданды. С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде жергілікті атқарушы органның гранты бойынша 42 жалпы медицина маманы оқиды. Аталған университетте жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқуды бітіргеннен кейін облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдарында бес жыл жұмыс істеу міндеттемесімен өткен жылы 16 дәрігер, биыл 19 дәрігер жұмысқа келді. Республикалық бюджет есебінен біздің өңірге 90 маман дайындалуда. Бүгінгі таңда облысқа 60 жас маман келді. Сонымен қатар жас мамандарды қолдау мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 119 дәрігер 800 мың теңге көлемінде ақшалай төлем алды. 9 жас маман республикалық бюджет қаражаты есебінен 1500 АЕК-тен аспайтын мөлшерде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит алды. Бұл ретте 36 жас маман республикалық бюджеттен 100 АЕК көлемінде көтерме ссуда алды. Аудан әкімдігі тарапынан 4 жас маман қызметтік пәтермен қамтамасыз етілді және 2 жас маманға бір жылға жалға берілетін пәтер қаражаты төленді. Коммуналдық қызметтер 27 маманға төленді, – деді Ж.Оспанова. Сондай-ақ басқарма басшысы Меркі, Жамбыл, Талас аудандарының орталық аудандық ауруханалары мен №2 және №5 қалалық емхана базаларындағы «Үздік тәжірибелер орталықтары» жұмысының оң нәтижелері туралы айтып берді. Облыстың бас дәрігері баспасөз мәслихатын қорытындылай келе, денсаулық сақтау саласының ақпараттық саясатын іске асыруға үлес қосып, тығыз байланыста жұмыс істегені үшін журналистерге алғысын білдірді.