ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ алаңдатады
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ алаңдатады
Қоғамдық кеңесте алғашқы сөзді қоғамдық кеңестің хатшысы Сәкен Қондыбаев алып, қала аумағында қоршаған ортаны қорғаудың, атмосфералық ауаның жай-күйі және оның сапасын ҚР Экологиялық кодексі талаптарына сәйкес жақсарту шаралары жайлы баяндама жасады. «Қазақстан Республикасының Конституциясының 31-бабында адамның өмірі мен денсаулығын қорғау, еңбегі мен демалысы үшін қоршаған ортаның қолайлы болуын және қалпына келтіру туралы айтылады. Алайда бұл заң талаптары қаншалықты пәрменді екендігі кей жағдайларда көңілге күмән ұялатады. Өйткені ауа мен суды ластап отырған өндірістік қалдықтар мәселесі күнделікті кес-кестеп алдымызды орағытып жүр. Табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылуы адамдардың денсаулығының нашарлауына себеп болатындығын айтып экологтар да дабыл қағуда. Облыстың ауа бассейнінің ластануы көбінесе қатаң континентальді ауа райына байланысты. Жауын-шашын аз түсетіндіктен ауаның табиғи тазаруы нашар. Ауа бассейнінде табиғи ауа ағыстары әлсіз, соның салдарынан қала аумағы жиі қалың әрі зиянды тұмшамен оранып жатады. Қоршаған ортаның жай-күйін зерттейтін зертханалардың берген деректеріне сүйенсек, облыс орталығында ластағыш заттардың концентрациясының жоғарылауының жиі қайталануы байқалуда. Қала аумағындағы ауада диоксидтің құрамы қалыпты жағдайдан 3 есеге, ал шаң-тозаң 4 есеге артыпты. Қала бойынша шектеулі рұқсат етілген концентрациядан құмырсқа қышқылы 2,7 есе және азот тотығы 1,25-1,5 есе артса, ал Лермонтов-Ташкент, Төле би-Абай, Рысбек батыр-Ниетқалиев көшелерінің қиылысқан аумағында құмырсқа қышқылы мен азот тотығы 2,5 есе, көмір тотығы 3,5 есеге жоғарылаған. Мамандардың пікірінше, қала атмосферасының ластануына автокөліктер мен отынның қатты жағылуы әсер етуде. Қолда бар деректерге сүйенсек, Тараз қаласы бойынша жылына орта есеппен алғанда кәсіпорындардан 28,5 миллион зиянды қалдық ауаға тарайды. Ал облыс көлемінде өткен жылы ауаға тараған лас қалдықтар көлемі 5 пайызға, яғни 82,7 мың тоннаға артқан. Шаң концентрациясы мен азот диоксиді, фтор, формальдегидтің едәуір артуы байқалған, – деді Сәкен Омарәліұлы. Сондай-ақ баяндамашы кәсіпорындар мен өндірістердің қоршаған ортаға, соның ішінде адам өміріне тигізер зияны жайлы да айтты. – Адам өмірі – басты құндылық. Мемлекеттің ең қымбат қазынасы да – адам және адамның өмірі. Бұл – Конституцияда белгіленген басты құндылық. Ал айналадағы ортада адам өміріне әсер етуші факторлар аз емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Қазақстан халқына Жолдауында: «Көптеген металдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соған қарамастан, ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп барады. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымдануда. Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті» деп, алаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар Үкіметке осы жылдың соңына дейін жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдауды, ірі кәсіпорындарда әр 5 жыл сайын технологиялық аудит ұйымдастырып отыруды тапсырды. Қаламыздағы сондай кәсіпорындардың бірі де бірегейі «Қазфосфат» өндіріс орнында техногендік апаттардың пайда болу қаупі жоғары деңгейде қалып отыр. Технология мен жабдықтары да тозған, тазарту құрылғыларының қуаты жетпейді. Олардың техникалық жағдайы жіті бақылауда деп айта алмаймыз. Мысалы, дереккөздерден алынған ақпараттарға сүйенсек, «Қазфосфат» зауытының ауаға улы зиянды заттар шығаратын 678 көзі бар екен. Соның тек 149-ында ғана тазалау қондырғылары бар. Қаламызда өндіріс көлемі артқан сайын зиянды заттар мәселесі де күрделене түсуде. Қазіргі уақытта шығарындылардың негізгі үлесін Т.И.Батуров атындағы Жамбыл МАЭС-і АҚ құрап отыр. Стансада жалпы қуаты 1230 МВт болатын 6 энергия блогы орналасқан. Бұл Қазақстанның оңтүстігіндегі энергетикалық базаның негізін қалаушы блоктік типтегі республикадағы ең алғашқы электр стансасы болып саналады. Сондықтан олардың 30,4 пайызы ескіріп, тозығы жеткен қондырғылар. Бүгінгі таңда аталған кәсіпорынның 3 блогы ғана жұмыс істеп, 450 МВт жүктемемен стансаның жобалық қуатының 30-40 пайызы ғана жұмыс істеп тұр. Соның өзінде сағатына 28 000 текше метр табиғи газ бен 102 тонна мазут жағылуда. Өндіру процесінің нәтижесінде көмірсутекті отынның орасан зор жағуының әсерінен қоршаған ортаға жүз мыңдаған тонна қалдық, ластағыш заттар шығарып, қоршаған ортада адамзатқа гендік деңгейде зиянын тигізетін химиялық заттар жинақталуда. Жүкті әйелдер мен жаңа туған балалар арасындағы ауруға шалдығудың өсу деңгейі осыны айғақтайды. Мысалы, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қаламызда жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелер арасында кездесетін 1 413 ауру тіркелсе, биылдың тек 7 айының ішінде бұл көрсеткіш 1 353-ке жетіп, өткен жылдың 12 айлық көрсеткішінің 95,8 пайызын құрап отыр, – деді Сәкен Қондыбаев. Сонымен қатар баяндамашы облыс орталығындағы күрделі мәселелердің бірі ретінде кәріз жүйелерінің тазарту құрылыстарымен қамтамасыз етілмеуі екенін айтты. Спикердің сөзінше, Тараз қаласы аумағында 47 жерасты ұңғымасы бар. Оның 21-і «Жалпақ төбе» бас су жинағыш қоймасында, 26-сы «Құмшағал» елді мекенінде орналасқан. Қала бойынша 648,78 шақырым болатын су құбыры бар. Қалада шайынды суды тазалау кешенінің болмауына байланысты кәріз сулары жалпы көлемі 197,07 гектар болатын 97 бөліктен тұратын сүзгі алқабына жіберіледі екен. Кәріз су құбырларының ұзындығы 294,15 шақырымды құрайды. Кәріз суларын айдайтын 4 станса, 28 дана қосалқы электр стансалары жұмыс істейді. – Бүгінде қаламызда кәріз суын тазалау қондырғысының жоқтығы әлеуметтік-экологиялық өткір мәселеге айналып отыр. Көптен бері айтылып, бірақ орындалуы ұзаққа созылып келе жатқан кәріз жүйелерінің суы мен шайынды суларын сүзу алаңдарының тазарту қондырғылары көп уақыттан бері жаңартылмағандықтан экологиялық апат қаупін төндіруде. Қазір 400 мыңнан астам халық тұратын қаладан алқапқа жобалық қуаты 40-50 текше метрлік кәріз жүйелері арқылы тәулігіне 80 текше метр қалдық су құйылады. Сондықтан бұл сулардың жылдан-жылға таралу аумағы ұлғайып, салдарынан жағымсыз иіс шығады. Мамандардың айтуынша, шайынды және сарқын су төгілетін аумақтағы бес елді мекеннің пайдаланып отырған су сапасы ешбір санитарлық нормаға сай келмейді. Шайынды су қала іргесіндегі Жамбыл ауданының аумағына, атап айтқанда, Жамбыл, Қостөбе елді мекендеріне жайыла бастады. Судың ластанудағы ең қауіптісі – химиялық ластану. Қазіргі кезде ашық өзен, көл суларымен қатар, жерасты сулары да ластануда, – деді баяндамашы. Ал облыс әкімдігінің берген мәліметі бойынша, Тараз қаласында жаңа кәріз суын тазарту кешенін салу жоспарлануда. «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығының» ақпаратына жүгінсек, Тараз қаласында ағынды суларды тазарту құрылыстарын іске асырудың бірыңғай бағдарламасы аясында облыс бойынша 4 қала енген. Оның бірінші кезеңі Жаңатас, екінші кезеңі Тараз қаласында, одан кейін Қаратау, Шу қалаларында іске қосылады екен. Сонымен қатар ол барша әлемді алаңдатқан қоқыс мәселесіне де тоқталды. – Экологтардың жиі қозғайтын мәселелерінің бірі – қала тазалығы. Өткен жазда облыс және қала әкімдерінің №8 округ тұрғындарымен кездесуі барысында тұрғындар тарапынан қаланың тазалығына байланысты көптеген шағымдар айтылды. Қоқыс тасталынатын алаңшаларда камера орнатылмағандықтан тұрғындар бейберекет қоқыстарды тастап кете беретін болған. Қала бойынша 328 тұрмыстық қатты қалдық алаңшасы бар, олар 1 540 жәшікпен қамтылған. Қаладағы күл-қоқыс алаңшаларынан күнделікті шығарылатын тұрмыстық қатты қалдықтардың орташа көлемі 760-800 текше метрді құрайды. Олар қала маңындағы күл-қоқыс төгетін Жамбыл ауданының аумағында орналасқан арнайы полигонға тасымалданады. Оның аумағы 5 гектарды құрайды. Шығарылатын қалдықтар көлемінің артуына байланысты полигон кейінгі жылдары тағы 3 гектарға кеңейтілген. Қала тазалығымен айналысатын негізгі мекеме «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болғандықтан қалалық қоғамдық кеңес аталмыш мекеменің жұмысын әрдайым қоғамдық бақылауда ұстап келеді. Тек осы жылдың өзінде қоғамдық кеңес төралқасы мен комиссияларының біріккен отырысы «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты 3 рет отырыс өткізді. Қаладағы заңды және жеке тұлғалар жинақтаған қоқыстан тазарту тарифтерінің 2013 жылдан бері адам басына шаққандағы құны 94 теңгеден өзгертілмегендіктен қазан айының бірінен бастап тариф құны 250 теңгеге дейін көтеріледі, – деді Сәкен Қондыбаев. Сонымен қатар ол экологияны жақсарту үшін жасыл желекті көбейту керектігін атап өтті. – Қала аумағында қураған талдар өте көп. Ал осы қураған талдар қатты жел тұрып, дауыл соққанда көпқабатты үйлердің шатырын зақымдап, терезелерді сындырып жатады. Тараз қаласының батыс бөлігінде химиялық зауыттан шығатын қалдық пен түтіннің залалын төмендетеді деп уақытында ағаш егіліп, жасыл белдеу құрылған болатын. Алайда егілген тал-терек қараусыз қалып, бірі қалмай қурап кетті. Ал кәсіпорын мамандары ағаштың қурауына зиянды қалдық емес, судың аз болуы себеп дейді. Бүгінде жаһандық экологиялық саясат жоқ, бірақ жаһандық экологиялық проблемалар бар. Бұдан шығудың негізгі жолы – табиғаттың тепе-теңдігін бұзбай сақтасақ, экологиялық жағдайды қалыпты ұстап тұруға мүмкіндік болады. Қалыпты экологиялық жағдай дегеніміз – ауаның ластанбауы, судың тазалығы, қоршаған ортаның өмір сүруге қолайлы болуы, соның ішінде табиғат байлығын көздің қарашығындай қорғау. Ең маңыздысы – табиғи ресурстарымызды ретімен пайдаланып, сақтай білу. Сондықтан мәселелерді жан-жақты көтеріп, барша халық болып бірігіп тығырықтан шығу жолын қарастыруымыз қажет деп санаймыз, – деп сөзін түйіндеді баяндамашы. 2,5 сағатқа созылған кеңесте тұрғындар да өз сауалдарын жолдап, шағымдарымен бөлісті. Алайда сауалдарға жауап беретін өкілдер болмады. Сондықтан кеңес мүшелері сұрақтарды жазып алып, міндетті түрде жауап берілетінін айтып тарқасты. Байқағанымыз, қаламыздың экологиялық мәселесі біраз жұртты алаңдатады екен. Бұл да бір қуантарлық жағдай.