Руханият

Еңбекпен есейген жан еді

Еңбекпен есейген жан еді

Италиялық ғалым, суретші Леонардо да Винчи «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген екен. Еңбек адамды тәрбиелейді, жігерлендіреді, күш береді, қуантады, бақытты етеді, өмір сүруге үйретеді, ширатады, шынықтырады.

Адамның адам болуында еңбек шешуші рөл атқарған. Адамзат еңбекті, еңбек құралдарын жетілдіре отырып, өзі де жетіліп кемелдене берген. Сондықтан қоғамның даму тарихын еңбек пен еңбек құралдарының өзгеру, жетілу тарихы деуге де болады. Тіршілік жағдайының қиындауы еңбекті күрделендірді. Еңбектің арқасында табиғат заттарын еңбек құралы етіп, отты сөндірмей пайдаланды, топтасып аң аулады, бір-біріне көмектесті. Онсыз бір күн де өмір сүру мүмкін емес. Заттың бәрін адам баласы өз қолы, өз еңбегімен жасайды. Адам өз қолымен жасайтын еңбегі әрі сарқылмас жігерімен құдіретті. Еңбектің арқасында адам жетіліп дами бермек. Еңбек адамның денесін шынықтырып, мінез-құлқын қалыптастырады. Еңбек ету адам баласынан тапсырылған іске деген табандылық пен ынта-жігерді, құндылықты, тындырымдылық пен жауапкершілікті талап етеді. Адам ерінбей еңбек ету арқылы қуанышқа, шаттыққа бөленеді. Еңбексүйгіштікті, еңбекқорлықты бағалай білген адам өмірде құрметке бөленеді. Қай қоғамда да еңбектің маңызы ерекше. Еңбексіз бос жүру адамды моральдық жағынан құлдырауға, жұрт еңбегінің есебінен күн көруге әкеліп соқтырады. Еңбек қана адамның жанын жарастыққа, ризалық сезіміне бөлеп, бақытты етеді. Адам еңбек арқылы адам табиғатқа әсер етеді. Еңбектің техникалық жарақтану дәрежесі, оның дағдысын, әдетін, еңбексүйгіштікті қалыптастыру жеке тұлғаның дамуында ерекше маңызды. Өйткені еңбек демалыс және тұрмыспен қатар адамның өмір сүруіндегі негізгі элемент болып есептеледі. Осындай еңбек етумен аты шыққан жандардың бірі Мұхит Сағындықов еді. Мұхит Сағындықов 1955 жылы Сарысу ауданының Түркістан (қазіргі Әшір Бүркітбаев) ауылында дүниеге келген. Мырзатай қарияның, Әпуза ананың үміт артар, шаңырағының иесі де осы Мұхит болатын. Күлімхан мен Шолпаны өз алдына бір төбе, Мұхиты бір төбе болып өсті. Ер бала екенмін деп ата-анаға еркелеуді жаны сүймейтін. Ол мектепте сабақты жақсы оқыды. Өте зерек, айналасындағы болып жатқан жағдайларға өзіндік көзқарасы бар азамат болып өсті. Оның тік мінезі, бір беттілігі өмірден өз орнын табуына көмекші болғаны анық. Қай қызметте болмасын ол өз пікірін кез келген ортада ашық, анық айта білетін. Бұл бала кезден ата-анадан ауысқан ізгі қасиеттер болатын. Мемлекет және қоғам қайраткері Рахыжан Ерсейітов Мұхиттың нағашысы Жұмағұл Ахатовтың адамгершілік қасиеттерін отбасында мақтанышпен айтып отырады екен. «Жетінші сыныпты бітіргеннен кейін әскерге алынбай тұрғанда салық жинаушы есепші қызметіне орналастым. Осы жұмысқа орналаса салысымен мені колхоздарға уәкіл етіп жіберді. Алғашқы «Үшбас» колхозына бардым. Жұмыстың жөнін де білмеймін, әйтеуір колхоз бастығының жақсылап қарсы алғаны есімде. Барғандағы бітірген жұмысым, сол колхозда бір жақсы ат болатын, сол атқа бір мінсем деп армандаушы едім. Бастықтан сол атқа мініп қайтсам деп сұрандым. «Үшбас» колхозының сол кездегі бастығы Жұмағұл Ахатов деген азамат болатын. Ол кісі уәкіл болып барған тәжірибесіз мені қомсынбай тамақ беріп, құрмет көрсетті. Өтінішімді қайтармай, сол атпен ауылға әкеліп салды. Өткір сөзді, алғыр, елге қамқор азамат кісі екен. Сол кісіден әңгіме, сөз естуге қасында жүруге қызығып, «Үшбас» колхозына баруға құмартып тұратын едім. Бірде қасымда тағы бір уәкіл бар, «Үшбас» колхозына бардық. Жұмекең қарсы алды, уәкіл әр нәрсені тексере бастады. Сондағы Жұмағұл қарияның «Қарағым, жағдайымыз жаман емес, қойымыз қоңданып, қозыларымыз есейіп жатыр. Жүндерін қырқып өткізіп жібердік, сүтін сауып қозысына да бұйыртпай ірімшік, брынза жасап жатырмыз. Қолдан келгенді істеп жатырмыз. «Кәзит» дегеніңді қашан әкеледі, сонда оқимыз. Ошағымызда қазан қайнап тұр, радиоң анау сөйлеп тұр» деген сөзі есімде қалыпты. Мені күлкі қысып бара жатыр. Қазір ойлаймын ғой, қазақта сондай кісілер көп болса, елдің ынтымағы, бір-біріне деген қайырымдылығы анағұрлым берік болар еді-ау деп. Ол кісінің басқаруындағы колхоздан кемшілік шығып, қолайсыз оқиғалар болған емес. Адамдарын татулықта, ынтымақта ұстап отырды. Төрт колхоздың балалары оқитын орталау мектеп те осы колхозда болды», деп отбасын да еске алып отырады екен. Мұхитпен Құдай қосқан құда болдым. Шалғынбай деген інім Мұхиттың Шолпан деген қарындасына үйленді. Құдалыққа Мұхит құданың нағашысы Жұмағұл Ахатовтың баласы, Аса ауылындағы астық дайындау мекемесінің бастығы Бақыт Ахатов та қатысқан болатын. Кейін Тараз қаласына жұмыс бойынша жүк таситын автокөлікпен кетіп бара жатқанда автокөліктің моторы істен шықты. Аса ауылында автокөліктің моторын ауыстыратын зауыт бар екені есімізге түсті. Оған қалай барамыз, құжатсыз жөнделіп шыққан моторды қалай сұраймыз, деп қиналысқа түстік. Бақыт құданың кабинетіне барып, жағдайды айттық. Азамат сөзге келген жоқ, зауыт директорына қоңырау шалып, біздің жұмысымызды табанда шешіп берді. Мотор салып, кешке ауылға қайттық. Жақсының ниеті, адамгершілігі қандай істен болса да байқалатынына көз жеткізген едім. Бақыт ақкөңіл, жайдары жан болды. Жалпы Мұхиттың әкесі Мырзатай қарияның әулеті кісіні сыйлау, еңбек ету жағынан ерекше жандар болды. Сонау зұлмат жылдары үкіметтің озбыр саясаты кезінде жан сақтау үшін бұл әулет Өзбекстанға қоныс аударуға мәжбүр болады. Оның Патсабек деген інісі көп жыл Өзбекстанда қызмет жасаған кісі еді. «Өзбекстанда колхозда еңбек еттім. Менің жақсы жұмыс істегенімді ескеріп, колхоздың ферма меңгерушісі қызметіне жоғарылатты. Дегенмен бір жолы алалаушылықтың куәсі болып, сонда айтылған сөз менің жүрегіме оқ болып қадалды. Шіркін, қазекем: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп тегін айтпаған екен ғой деп дереу елге қайттым», деп отырушы еді ақкөңіл, ақжарқын мінезді Патсабек құда. М.Сағындықов еңбек жолын 1977 жылы «Қаратаухимстрой» тресінде механик болып бастады. Осы қызметті атқара жүріп, Жаңатастағы жолаушылар тасымалдайтын автокөлік кәсіпорнында инженер болып қызмет атқарды. Кейін Байқадам кәсіптік-техникалық училищесінде ұстаз болды. 1980-1981 жылдары Сарысу аудандық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1981-1986 жылдары аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бас инженер-механигі болып еңбек етті. Бұдан кейінгі өмір жолы тікелей ауылшаруашылығы өндірісімен байланысты болды. 1986-1987 жылдары Түркістан совхозында бас инженер қызметін атқарды. 1987-1994 жылдары Түркістан ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып, совхоздың шаруашылық және әлеуметтік құрылымдарының әлеуетін көтеруге зор үлесін қосты. 1994-1995 жылдары Жаңатас совхозының директоры болып қызмет атқарды. «Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ» деген екен Бауыржан Момышұлы. Осы жылдар ішінде Жаңатас совхозының әлеуметтік-экономикалық дамуында оңды көрсеткіштер байқалды. Ол шаруашылықты өркендетудің барлық көрсеткіштерін жақсарту бағытында аянбай еңбек етті. Осыны ескерген аудан басшылығы Мұхит Сағындықовты Байқадам совхозына директорлық қызметке тағайындады. Совхоз жұмысшылары алдында ол өзінің білімділігімен, іскерлімен зор беделге ие болды. Бұл нарықтық экономикаға көшіп жатқан кез еді. Сол шақта совхоз да жекешелендіріліп кетті. Одан кейін Мұхит Сағындықов шаруа қожалығын құрып, жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі ескеріліп, ол көзі тірісінде көптеген жоғарғы орындардың Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2006 жылы ауыр науқастан қайтыс болды. «Орнында бар оңалар» деген, атпал азаматтың артында ұрпақтары қалды. Жан-жары Ділда, ұлдары Ғабит, Сәбит, Хамит Тараз қаласында тұрады. Мұхиттың жары Ділда да жоғарғы білімді, өмір көрген, ұл-қыздарын қанаттыға қақтырмай оқытты, тәрбиеледі, өсірді. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған жан. Қыз балаларының бәрі тұрмыс құрған. Балалы-шағалалы. Ұрпақтарының бәрі жоғарғы білімді, жауапты жұмыстар атқаруда. «Орнында бар оңалар» деген осы. Сөз соңында Жаңатас қаласы орталығынан немесе «Арыстанды» елді мекенінен, қазіргі Әшір Бүркітбаев ауылынан бір көшенің атын Мұхит Сағындықов атымен атауды аудандық ономастикалық комиссия ескерер деген ойдамын. Майлыбай СМАҒҰЛОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі