Жаңалықтар

Тұрақты қан тапсыру адам өмірін ұзартады

Тұрақты қан тапсыру адам өмірін ұзартады

Президент Қ.Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында экономикамен қатар әлеуметтік саланың да біраз түйткілді мәселелерін қозғап, денсаулық сақтау жүйесіне әлі де мемлекеттік қолдауды тоқтатпау керектігін атап өтті. Сондай-ақ қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатқанына да тоқталды. Жалпы медицина саласы туралы айтқанда донорлықты да айналып өтуге болмайды. Өйткені қан қызметі денсаулық сақтау ісінің бірден-бір маңызды бөлігі. Соңғы онжылдықта қан компоненттеріне сұраныс көбейіп, ақысыз донор болу мәселесі өзекті болып отыр. Қазіргі таңда негізгі бағыт сапаға бағытталған. Қанның негізгі атқаратын қызметі – заттық алмасу және бірінші кезекте адам ағзасының барлық жасушаларын оттегімен қамтамасыз ету. Қан құрамы плазма және қан клеткалары – эритроциттерден, лейкоциттерден, тромбоциттерден тұрады. Жоғары технологиялық прогрестің арқасында қазіргі таңда донордан толық қан алынып, оны фракциялау әдісі арқылы бөліктерге бөледі. Олар: плазма, эритроциттер, тромбоцит концентраттары. Міне осылар дәрігердің шешімімен жеке-жеке ауруларға құйылады. Кейбір донорлардан PCS-аппараттары арқылы плазмаферез тәсілімен плазма алынады. Көк тамырға ине енгізілген соң аппарат өзі қан алып, одан плазманы арнайы қапшыққа бөліп құйып, донордан тек қана плазма алынып, қызыл түйіршік эритроциттері донордың ағзасына қайтарыла кұйылады. Плазма медицина саласының хирургия, акушерия, гинекология, онкология, гемотология бөлімдерінде кең көлемде қолданылады. Егер әр азамат дер кезінде таныстығына қарамастан біреуге көмек көрсетіп, қан тапсырса, адамдар айтып келмейтін апаттар мен жіті аурулардан анағұрлым көп қорғалар еді. Қан тапсыру арқылы біз адамдарға өмір сүру мүмкіндігін береміз. Ғылыми зерттеулер дені сау адамнан 450 миллилитрге дейін алынған қан оның ағзасына ешқандай теріс әсерін тигізбейтінін көрсетті. Қан үнемі жаңарып отырады. Ғалымдардың жүргізген зерттеулерімен қан тапсыру адам денсаулығына зиянсыз екені дәлелденген. Қан тапсырған кезде ағзада қайта бастапқы қалпына келу үдерістерінің өтуіне байланысты ағза жасарады. Қан тапсыру холестерин деңгейін төмендетеді. Ғалымдар қан тапсыратын адамдар қан тапсырмайтын адамдарға қарағанда инфаркт, ишемиялық аурулармен он есе сирек ауыратынын анықтаған. Қан тапсыру барлық қорландыру, асқорытудың бұзылуын, ұйқы безі қызметінің, бауыр, негізгі алмастыру ауруларының, сонымен қатар иммунды жүйе ауруларының алдын алуда өте пайдалы. Әсел ҚҰЛЫМБЕТОВА, облыстық қан орталығы сапаны бақылау және ішкі аудит бөлімшесінің меңгерушісі