Облыс кітапханалары оқырман талабына сай
Облыс кітапханалары оқырман талабына сай
Аймақта облыстық дәрежедегі 3 кітапхана бар. Яғни Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы мен облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы және Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы. Біз бірінші болып облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасына ат басын бұрдық. Мұнда қазіргі таңда оқырмандардың рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізеді. Кітапхана жан-жақты қызмет көрсету бойынша зағип азаматтарға, отбасы мүшелеріне және басқа санаттағы мүмкіндігі шектеулі жандарға ұлттық рухани құндылықтар мен әлем мәдениетін тарату, білім беру, мәдени-рухани сауықтыра отырып, бос уақытын тиімді өткізу орталығы ретінде мейірім мен жылу шаңырағына айналған. Сонымен қатар кітапханадан алыс облыс көлемінде тұратын зағип оқырмандарды кітаппен қамтамасыз ету бөлімдері қызмет етеді. Қазіргі таңда бұл кітапхана қызметкерлері «Тифломузей», «Тифлоасхана», «Тифлоэкскурсия», «Инклюзия және театр», «Балалардан балаларға», «Үй тапсырмасы», «Кітапхана TV», «Ерекше балаларға – ерекше кітаптар», «KENESTIMЕ»,«Шексіз кино әлемі», «Қауіпсіздікті сақтайық», «BOOK FM» «IZI.TRAVEL» деген сияқты 13 жоба бойынша жұмыс істейді. Әр жобаның өз ерекшеліктері бар. Сонымен қатар көзі әлсіз көретін жандардың кітап оқуына барлық жағдай жасалыпты. Тіпті оларды қоғамға бейімдеу, түрлі өнерге баулу, кәсіппен шұғылдану сияқты жан-жақты мәліметтермен қамтамасыз етеді екен. Келесі кезекте біз бармақ болған Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада жаңарту жұмыстары жүріп жатқандықтан ішіне кіріп танысуға мүмкіндік болмады. Алайда бұл облысымыздағы ең үлкен кітапхана болғандықтан оның ішкі аурасын барлық оқырман қауым қолдың бес саусағындай біледі. Бүгінгі күнде кітапхананың кітап қоры 255 815 басылым болса, оның 79 461 данасы мемлекеттік тілдегі кітаптар. Жылына кітапханада 300-ге жуық мәдени іс-шара өтеді. Сонымен қатар кітапхана аудан, қала көлемінде орталықтандырылған кітапханалар жүйесін үйлестіру міндеттерін атқарып, оқырмандар қызметіне, басқа кітапханаларға да жетекшілік қызмет көрсетеді. Кітапхана қала мен облыстың кітапханалық мекемелеріне білім беру шараларын өткізуге және оқу бағдарламаларын әзірлеуге, ғылыми-әдістемелік, консультативтік көмек көрсетеді. Үшінші кезекте біз 2017 жылы маусым айының 27-сінде облыс әкімінің №133 қаулысына сәйкес Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі берілген Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына бардық. Бүгінде бұл кітапхананың қоры 108 311 кітапқа жетіп,оқырман саны жылына 10 800-ден асқан. Кітапханада «Әлемді кітап арқылы танимын», «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте!», «Дара бол!», «Мен оқимын,сен оқисың, бәріміз де оқимыз», «Үлкенге 100 сұрақ» жобалары мен байқаулары дәстүрлі түрде жүзеге асырылады. – Қазіргі таңда біздің кітапханада балалар мен жасөспірімдердің қызығушылықтарына қарай көптеген үйірмелер мен клубтар жұмыс істейді. Соның ішінде жоғарғы сыныптар мен білімгерлерге арналған «Жас қаламгер», «Атамекен» клубтары, «Сиқырлы қылқалам», «Шебер қолдар», «Гүлдер» би үйірмелері тақырыптарына сәйкес балалармен кездесіп, түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіп, жас оқырмандардың кітапханаға деген ерекше ықыласымен қызығушылықтарын оятып отырады, – дейді кітапхана директоры Гүлфайруз Қапарқызы. Біз кітапханалардың жай-күйімен танысу арқылы қазіргі таңда кітапхана қызметкерлерінің жұмысы ауырлағанын, оларға қойылатын талаптың да күшейгенін байқадық. Бұрынғыдай кітап беріп, қайта қабылдау ғана емес, олардың қазіргі жұмысы заманауи техникалардың тілін меңгеріп, әр оқырманмен тіл табыса білуі керек екендігін, әрі озық технологиялармен жұмыс істей алатын маман болуы тиіс екенін ұғындық. Сонымен қатар жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туған күніне орай А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында мектеп оқушылары арасында «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» атты драма үйірмелерінің фестивалі өтті. Фестивальға облыс аумағынан барлығы мектеп жасындағы балалар арасынан 7 ұжым қатысуға ұсыным берген (барлығы 55 оқушы қатысуда). Оның ішінде 1 мектеп ұжымы Қордай ауданындағы Шерхан Мұртаза атымен аталатын оқу орны. Сондай-ақ шараға Қоғамдық келісім мекемесінің өзге ұлт өкілдерінен құралған «Достық» драма үйірмесінің қатысушылары мен облыстық зағиптар және көзі әлсіз көретін азаматтар кітапханасының «Театр және инклюзия» жобасының қатысушылары да үлес қосты. Фестивальда жазушының «Домалақ ана», «Ай мен Айша», «Интернат наны», «41-ші жылғы келіншек» шығармалары және жазушының ғұмырнамасына арналған «Найзағай», «Шерханның шерлі ғұмыры» сынды шығармалар сахналанады. Фестивальға қатысушылардың өнерін мәдениет, өнер саласының ардагері, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Асқарбек Сейілхан, Қазақстан Республикасының Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі Көсемәлі Сәттібайұлы, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Театр қайраткерлері одағы Тараз филиалының директоры Жүніс Әлімбеков, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, профессор, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мәдениет және өнер кафедрасының меңгерушісі Айгүл Қабиева, және облыстық орыс драма театрының директоры Ақылдос Тәжиев бағалады. Іс-шараны Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиұлы салтанатты түрде ашып, онда облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталық пен «Қарақат» өнер мектебінің дарынды балалары өз өнерлерін көрсетті. Фестиваль соңында барлық қатысушылар «Мыңбұлақ», «Бойтұмар», «Жолашар», «Мылтықсыз майдан», «Қара маржан», «Қызыл жебе», «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» номинацияларымен марапатталды. 9 оқушы «Үздік сомдаған образы үшін», «Үздік басты рөл үшін», «Ерекше есте қалған образ үшін» номинацияларымен марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушыларға «Айша косметикс» дүкендер желісінің иесі Меруерт Аппазованың атынан арнайы сыйлықтар тапсырылды. Шапағат ӘБДІР