Жаңалықтар

Бірлік бар жерде береке болады

Бірлік бар жерде береке болады

«Көне-Тараз» этномәдени кешеніндегі «Көркемсурет» галереясында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен еркін форматта кездесу өткізді.

Алдымен басқосудың тізгінін алған Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов кездесудің мән-маңызына тоқталып, сөз кезегін облыс басшысы Ербол Шырақпайұлына ұсынды. Облыс әкімі өңірдің жай-күйі, әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндай келіп, алдағы жоспарлармен бөлісті. Сонымен бірге аймақтың жетістіктерінің бәрінде журналистердің де үлесі бар екенін атап өтті. – Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін түрлі сала ардагерлерімен және өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездестім. Бүгін сіздермен жүздесудің сәті түсіп отыр. Еркін форматта өтетін басқосу барысында сіз бен біз емен-жарқын әңгімелесеміз деген сенімім мол. Жалпы мен қашанда журналистер қауымына ашықпын. Билік пен халық арасын жалғап жүрген тілшілердің айтқан сыны шын болса, нәтиже шығаруға тырысамыз. Шын мәнінде, қазіргі таңда сіздер көтерген мәселелерді билік өкілдері назарға алып, тиісті шаралар қабылдауға дағдыланып келеді. Бұл Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға да зор пайдасын тигізіп отыр. Әрине, өңірімізде бірқатар мәселе бар. Дегенмен атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Тек соны халыққа мобильді және шынайы жеткізу қажет. Біз сыннан қашпаймыз. Бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Ең бастысы, жарияланған әрбір материал қоғамда арандатушылық тудырмауы тиіс, – деді Ербол Қарашөкеев. Жиында сөз алған «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Оралхан Дәуіт Президент Жолдауында айтылған креативті медиа-индустрия саласы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ғана дамып жатқанын тілге тиек етіп, келесі жылы журналистер арасында кең көлемде форум өткізілсе деген ұсынысын білдірді. Оралхан Әбдірашұлының айтуынша, мұндай жиындарға көпшілікке танымал журналистер мен эксперттер шақырылса, өңірдегі қалам ұстаған ағайын үшін тәжірибе алмасу ортасы қалыптаспақ. Аймақ басшысы мұндай ұсынысты қолдауға қашанда әзір екенін айтып, алдағы уақытта тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді. Мұнан кейін «Қарахан» журналының бас редакторы Сатыбалды Досымбеков пен республикалық-аймақтық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай баспасөзге жазылу күн өткен сайын қиындай түскенін, осы мәселеге орай қолдау көрсетуін алға тартты. Бұл ретте облыс әкімі оқырман санын көбейту үшін жарнама бағытына көптеп көңіл бөлген дұрыстығын атап өтіп, тығырықтан шығудың жолын бірге іздеп көруді ұсынды. Жүздесуде аймақ басшысы алдағы уақытта кері байланыс орнату мақсатында әрбір желі қолданушысының өңірге қатысты мәселелерін зерделеп отыратындығын жеткізді. – Қазір әлеуметтік желі ақпаратқа толы. Бірі пайдалы, бірі сенімсіз, жалған, бірі өз мүддесін ойлайтын ақпараттар. Кейде әлеуметтік желі қолданушылары тексерілмеген ақпаратпен де бөлісіп жатады. Алайда заң бәріне ортақ екенін естен шығармаған жөн. Әлдебіреудің өзгенің құқына қол сұғуға, ар-намысына, қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіруге қақысы жоқ. Оның бәрі заңмен реттелуі керек. «БАҚ туралы» Заң талаптарымен журналист те, мемлекеттік қызметкер де санасу керек. Сондықтан қоғамда түсінбеушіліктің алдын алуда әрі аудиторияны нақты, шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуде мерзімді басылымдардың орны бөлек. Сіздер көтерген мәселе тек біздің өңірде ғана емес, бүкіл әлемде бар. Осы себепті бұл тығырықтан шығудың жолын бірлесе іздеген жөн. Өз басым алдағы күндері уақыт тауып, соңғы екі жыл ішінде өңірлік басылымдарда көтерілген мәселелерге назар аудармақ ниеттемін, – деді Ербол Шырақпайұлы. Жиында облыстық «Jambyl» телеарнасының бас директоры Гүлбаршын Құланбаева қазақ әдебиетінің аса көрнекті жазушысы, публицист Шерхан Мұртаза мен қазақ журналистикасының қаранары атанған белгілі журналист Қалыбек Атжан атындағы арнайы жүлде тағайындалса деген ұсынысын білдіріп, жергілікті журналистерге жергілікті биліктен қолдау болса деген тілегін жеткізді. «Taraz24» телеарнасының бас директоры Зарина Қуат Халықаралық Түркітілдес журналистер қорымен бірлесіп журналистер арасында форум өткізуге ықпал етуін және «БАҚ Барысы» турнирін ұйымдастырсақ деген тілегін жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ұтымды ұсынысты қолдайтынын айтып, облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтенге нақты тапсырмалар жүктеді. Мұнан соң «Мерзім» газетінің бас редакторы Азамат Есалы, журналист әрі қоғам белсендісі Жасұлан Әбдіхалық, республикалық «Жас Алаш» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек көкейлерінде жүрген сауалдарына тұшымды жауап алды. Басқосу соңында облыс басшысы екі айда бір рет еркін форматта БАҚ өкілдерімен кездесіп, пікір алмасуға уағдаласты. Айжан ӨЗБЕКОВА aizhan-uzbekova@mail.ru