Экология

ШУДА ҚОҚЫС ЖИНАУДАН ЖАРЫС ӨТТІ

ШУДА ҚОҚЫС ЖИНАУДАН ЖАРЫС ӨТТІ

Қоршаған ортаны таза, ұқыпты ұстау әрбір адамның міндеті. Алайда қоғамда табиғат тазалығына немқұрайды қарайтындар аз емес. Уақыт өткен сайын экология мәселесі күрделеніп бара жатқан соң Шу қаласының әкімдігі тазалық сақтауды тұрғындардың бойына дағды ретінде қалыптастырудың тиімді тәсілін тауып, Еңбек күнінде ерекше шара өткізді. 

Мәселен өткен аптаның соңында шаһардың «Қант зауыты» ықшамауданында мазмұны терең «Таза қала» атты экологиялық жарыс ұйымдастырылды. Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиевтың бастамасын Мақсат Шәймерден басқаратын қалалық жастар ресурстық орталығы қуаттап, ерекше жарыстың өтуіне мұрындық болды. Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Шу қаласының әкімі Елдос Бекболатұлы жөні бөлек жарысқа қатысуға ынта білдірген 7 командаға алғысын білдіріп, сайыстың сәтті өтуіне тілектестік білдірді. – Баршаңызды Еңбек күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мерекені жоғары деңгейде атап өту мақсатында осындай шараны өткізіп отырмыз. Мұндағы басты мақсат – тұрғындарды тазалыққа шақыру, жастарды тазалықшылардың еңбегін бағалауға үйрету, сондай-ақ жерлестеріміздің экологиялық мәдениетін көтеру. Алғашқы рет өткізілген шара алдағы уақытта жалғасын табады. Біз бұл бағыттағы барлық бастамаларды қолдауға әзірміз. Бүгінгі жарысқа сәттілік тілеймін, – деді Е.Нұралиев. Жарысқа қатысқан 7 команда жүлдеге тігілген қаржылай сыйлыққа ие болу үшін «Қант зауыты» ықшамауданындағы 14 көшені тазалауға кірісті. Әрі шарт бойынша 2 сағат ішінде өздеріне берілген 15 қапқа қоқыс толтыру қажет. Ал жарыстың бас төрешісі таразы болды. Себебі жеңімпаз жиналған қоқыстың салмағына байланысты анықталады. Қала басшылығының айтуынша, сайыс тазалық туралы шағым көп түсетін көшелерде ұйымдастырылған. Мұндай жарыс бұрын-соңды өтпегендіктен қала тұрғындарының бірі «Облыс әкімі келеді ме?» деп мысқылдаса, енді бірі бастамаға қолдау білдіріп, қатысушыларға көмек көрсеткен. Межелі уақыттан кейін қатысушы командалар қап тиелген көліктерімен мәреге келді. Ұйымдастырушылар алқасы куәгерлердің қатысуымен әр қаптың салмағын өлшеп, жеңімпазды анықтауға кірісті. Тартысты өткен жарыстың қорытындысымен «Дауыл» тобы 192 келі қоқыс жинап, бірінші орынды иеленсе, 180 келі қоқыс жинаған «Проблема жоқ» тобы күміс жүлдегер атанды. Үздік үштікті өз аумақтарынан 171 келі қоқыс жинаған «Опмай-Опмай» тобы түйіндеді. Одан бөлек «Жеңілмейтіндер» тобы – 147, «Таза ауа» тобы – 124, «Бір тілек» – 120, «Ұйқысыздар» 167 келі қоқыс жинаған. Барлығы 100-ден аса қаптан 1 тонна 100 келі қоқыс жиналып, қала әкімшілігінің ауыр жүк көлігіне тиелінді. Осылайша жеңімпаздар 100 мың, 80 мың және 50 мың теңгелік сертификаттарға ие болды. Басқа қатысушылар да құралақан қайтпай, ұйымдастырушылар тарапынан тағайындалған бағалы сыйлықтарға ие болды. Шара соңында шаһар әкімі Е.Нұралиев жеңімпаздар мен қатысушыларға алғыс хатын табыстап, ризашылығын білдірді. – Шараны өткізу туралы бастама көтерілген біз ұйымдастыруға асықтық. Себебі сүйікті қаламызды таза ұстау, жастарды соған шақыру – біздің жұмысымыздың бір бағыты. Әрі бұл форматы бөлек, бұрын-соңды болмаған жарыс. Бүгінгі дода өте тартысты өтті. Тіпті бұрын «сенің қоқысың» деген түсінік «менікі» деген талас тудырғанын көрдік. Қатысушыларға, қала әкімінің аппаратына алғыс білдіремін, – дейді қалалық жастар ресурстық орталығының директоры М.Шәймерден. Сондай-ақ біз қатысушылардың бірі Әйгерім Махамадиеваның пікірін сұраған болатынбыз. – Адал еңбектің қадырын ұғындырған жарыстың Еңбек күнімен тоқайласқанында біз де қуанышты болдық. Бүгінгі жарыс жоғары деңгейде өтті. Біз қаланың көшелерімен жүріп өтіп, 15 қапты барынша толтырдық. Сайыс ережесіне сәйкес бақылаушымен бірге жүріп темір-терсек, тастан басқа қоқыстың бәрін жинадық. Жүріп өткен жолымызға қарап сүйсіндік. Себебі тазалық лезде орнап, сауапты іс жасағанымызды білдік. Сондықтан ұйымдастырушыларға рақметімізді айтамын, – деді №10 колледж мұғалімі. Иә, расымен небәрі 2 сағатта 1 тоннадан астам қоқыс пен қалдықтан құтылған «Қант зауыты» ықшамауданы бір тыныстап қалғандай. Дәл осындай шараға қаланың өзге аумағы да сұранып тұр. Ұйымдастырушылар мұндай шараның жылына кемінде 2 рет өткізуге болатынын айтуда.