Руханият

ТАҒАНЫҢ ТАРИХЫМЫЗДАҒЫ ОРНЫ БӨЛЕК

ТАҒАНЫҢ ТАРИХЫМЫЗДАҒЫ ОРНЫ БӨЛЕК

Шежіремізді ақтарсақ, өз тарихымызды бес мың жылдан ары апарып тастайтынымыз бар. Иә, рас. Біздің жер бетіндегі өркениеттерді жаратушы және таратушы ұлт болғанымызды ешкім де жоққа шығара алмайды. Ал жер бетінде металл өндіруді алғашқылардың бірі болып қолға алған да біздің ата-бабаларымыз болатын. Алтыннан түрлі әшекей бұйым жасаса, мыстан қазан құйып, темірден таға жасаған.

Таға жасау ата-бабамыздың жылқыны қолға үйреткен­нен кейінгі ойлап тапқан алғашқы тапқырлығы десек те болады. Осы бір кішкентай ғана бұйымның бойында біздің қаншама жылдық тарихымыз жатыр. Алайда тағаны қанша жерден көшпенділер ойлап тапқан дүние деп танығанымызбен, дүниенің төрт бұрышындағы халықтардың да бұл тұрғыда өз айтары бар. Мысалы, кейбір тарихи деректерге назар аударсақ, VI ғасырда тағаны немістер мен славяндар және вендалықтар да жасап шығарған деген дерек бар. Ал гректерде де ат тағалау бар екені туралы IX ғасырда айтылса, Еуропада жаппай ат тағалау ХІІІ ғасыр еншісінде екені де белгілі. Мейлі қалай болмасын, жалпы адамзаттың ортақ игілігіне жараған тағаның көшпенділердің өмірімен тығыз байланысты екені анық. Сондықтан да таға туралы ауыз әдебиетімізде де, жыр-дастандарымызда да жиі кездеседі. Мысалы, Қабанбай батырдың жырында: «Әй шағалақ, шағалақ, Неғып жүрсің жағалап. Қубас атты алып кел, Төрт аяғын тағалап» деген шумақ бар. Мұның астарында батырдың жорыққа дайындаламын, соғысқа аттанамын деген ойы жатыр емес пе? «Ең мықты деген қубас аттың өзін тағаламай мінбеген екен-ау?» деген ой да келеді кейде көкейге. Демек, тағаның қазақ батырларының өмірінде алатын орны зор. Әр нәрсенің нарқын білген қазақтың баласының мұндайда «тұлпарды алтын тағамен тағаласа, есек те емексіп аяғын көтеріпті» деген тәмсілі бар. Немесе «есегін жоғалтқан – тағасын іздейді» деген де сөздің астарында тағаның құны туралы айтылса керек. Кейде «ақсақ атқа – алтын таға» деген сөздің айтылуы тегін емес. «Атыңның жүрісі болмаса, тағаңның күмісі кімге керек» деп шалқаятын да осы қазақ. Бұдан біз тағаның орны қай кезде де ерекше болғанын аңғара аламыз. Тіпті қазақтың халық эпостарында: «Арғымақтың аяғын алтынменен тағалап, Күміспенен шегелеп, Игі Жібек тұрғанда, Арқанменен тұсар ма?!» деген шумақтардың жүруі де бекерден-бекер емес. Ел арасындағы «Шеге тағаны, таға атты, ат ерді ұстайды. Ер елді ұстайды» деген мәтелдің де нарқы мен парқы өзгеше. Артатын жүгі де, арқалайтын аманаты да ауыр сөз. Бүгінгі таңда тағаны бақыттың, жолы болғыштықтың нышаны ретінде төріне, есігіне қыстырып қоятындар да бар. Бір жағынан ырым болса, енді бір жағынан жылқыны сыйлаудың бір белгісі сыңайлы. Тағаға ырымшыл көзқараспен қарау бүгін ғана пайда болған үрдіс емес. Ыбырай Алтынсариннің балаларға арналған мынадай нақыл әңгімесі бар. «Бір адам он жасар баласын ертіп егіннен жаяу келе жатса, жолда аттың ескі тағасын көріп, баласына: – Балам, анау тағаны ала жүр! –дейді. Бала әкесіне: – Әке, сынып қалған ескі таға ғой, пайдасы жоқ, не қыламыз оны, – дейді. Әкесі үндемейді. Тағаны өзі иіліп жерден алады да жүре береді. Олар қалаға жақындайды. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, әкесі жолда тапқан ескі тағаны сол ұсталарға үш тиынға сатады. Одан біраз жер өткен соң саудагерлерден үш тиынға шие сатып алады. Әкесі шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бір-бірден жеп, баласына қарамай жүре береді. Біраз жер өткен соң әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Соңынан ілесіп келе жатқан бала жерге түскен шиені жерден алып, аузына салады. Біраздан соң әкесінің қолынан тағы бір шие түсіп кетеді. Содан кейін тағы бір шие жерге түседі. Сөйтіп, бала әр жерде әкесінің қолынан түскен шиені он рет иіліп, жерден алып жейді. Ең соңында әкесі тұрып: – Көрдің бе, тағаны жарамсыз деп жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға ерініп едің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Бұдан былай есіңде болсын, аз жұмысты қиынсынсаң – көп жұмысқа тап боласың, азға қанағат ете алмасаң, көптен де құр қаласың, – дейді. Бала ұялып, әкесінің сөзін түсініп, өмір бойы ұмытпаған екен. Міне, осы әңгіменің арғы астарынан да кішкентай ғана темірдің біздің көшпенділердің өмірінде алатын орнының соншама үлкен екендігіне көзіміз жетеді. Мәселе кішкентай темірде емес, неге ол бұйымның таға екендігінде. Ал атақты батыр, жырау Махамбет Өтемісұлының: «Арғымаққа айдай таға қақ­тырса, Кілегей қатқан Еділдің, Көкше мұзынан таяр ма? Ата ұлының баласы, Асыл ерге малың бер, Малың бер де басың қос, Басыңа тарлық түскенде, Ардақтаған әділ жанын аяр ма?!» деген өлеңіндегі айдай таға сөзінің қолданылуы да жоғарыда айтқан сөздерімізді дәлелдей түседі. Ал үй есігіне таға ілу дәстүрі Ежелгі Египеттен және Рим империясынан бастау алады. О заманда тағалы аттар тек аса бай адамдарда ғана бо­лыпты. Аттардың тағасы түсіп қалатын болса, мұны сәтсіздікке балаған деседі. Ал Үндістан, Ресей, Еуропа елдерінде темір таға «бақыт тұмары» саналыпты. Әгәрәки жолау­шы көшеден таға тауып алатын болса, үйіне әкеліп, есігіне шегелеп қояды екен. Бір қызығы, жылқының тек артқы аяғының тағасын айрықша құрметтеген. Аңыз бойынша, зұлымдық атаулы темір ұсталар мен олардың жасаған тағасынан қорқады екен-мыс. Сонымен бірге таға табысқа жетуге, тілекті орындауға, бай болуға, отбасы махаббатын арттыруға көмектеседі деп сенген. Міне, мұның бәрінің негізгі астары мәдениетімізбен, руханиятымыздағы тағаның орнын көрсетіп тұрғандай. Шапағат ӘБДІР