Ауыл шаруашылығы

МЕМЛЕКЕТКЕ 8,3 МИЛЛИОН ГЕКТАР ЖЕР ҚАЙТАРЫЛДЫ

МЕМЛЕКЕТКЕ 8,3 МИЛЛИОН ГЕКТАР ЖЕР ҚАЙТАРЫЛДЫ

Жуырда Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен игерілмей жатқан заңсыз берілген жерлерді қайтару жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылығы Министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің дерегі бойынша, өткен жылдың басынан бері мемлекетке 8,3 миллион гектар жер қайтарылды. Тексеру қорытындысының нәтижесі бойынша, Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері 835,9 мың гектар аумақта жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 615 ұйғарым енгізген. Бұдан бөлек 271,5 мың гектар бойынша 183 іс сот органдарының қарауында жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша, 797 жағдайда заңбұзушыларға жалпы сомасы 156,3 миллион теңге айыппұл салынып, оның 68 пайызы өндірілген. Атап өту керек, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 689 мың гектар ауылшаруашылығы жерлерін қайта игеруге кіріскен. Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың айтуынша, былтыр жалпы жерді ерікті қайтару 72,2 пайызды құраған. Биыл бұл үлес 62 пайызға дейін төмендеген. – Әкімдіктер қабылдаған жер учаскелерін беру туралы шешімдердің заңдылығына келетін болсақ, өткен жылдан бастап тексеру қорытындысы негізінде 526,3 мың гектар бойынша 515 заңсыз шешім анықталды, оның 135-інің күші жойылды. Қалған 380 шешімнің күшін жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дейді комитет төрағасы. Пайдаланылмаған жерлерді қайтару процесі бірнеше маңызды факторлардың салдарынан қиындайды. Негізгілері – талап қою шағымдарының рәсімдері бойынша соттармен келіспеушіліктер, өткен жылы енгізілген Кәсіпкерлік кодекстің жаңа талаптарына байланысты бұрын берілген нұсқамалар бойынша бақылау тексерулерін жүргізу мүмкін еместігі және Жер ресурстарын басқару комитетінің өңірлік бөлімшелерінде адам ресурстарының жетіспеушілігі. Биыл жер иелерінің өз учаскелерін және жергілікті атқарушы органдарды ауылшаруашылығы жерлерін берудің заңдылығы бойынша пайдалану жауапкершілігі күшейтілді. Осы жылғы наурызда жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жер заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігін белгілеу бөлігінде «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Биылғы 8 қазаннан бастап 1 тамызда қабылданған жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры инфожүйесі шеңберінде мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары күшіне енеді. Сонымен қатар Үкімет қаулысының жобасы әзірленді, оған сәйкес мемлекеттік жер инспекторларының саны артады. «Жер біздің басқа да табиғи ресурстарымыз сияқты Қазақстан Конституциясымен халыққа тиесілі деп айқындалған. Пайдаланылмайтын жерлерді қайтару мәселесі оларды мемлекеттік меншікке қайтару ғана емес, әрі қарай әділ бөлу болып табылады. Мемлекет басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясын дамытуды ынталандыру міндетін нақты атап өтті. Бірақ егер ауылдарда жайылымдық жерлер болмаса, онда қандай даму туралы айтуға болады? Жерлер бюрократиялық кедергілерге байланысты пайдаланылмай қалмауы тиіс, оны ел экономикасы үшін жұмыс істету керек. Бұл мәселені тезірек және әділ шешудің басқа тәсілдері мен тетіктерін әзірлеу қажет. Барлық көтерілген мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтап, оларды шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізу қажет. Ал әкімдіктерге өнеркәсіп, цифрлық даму, ауылшаруашылығы министрліктерінің үйлестіруімен жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын толтыру және өңірлік геоақпараттық жүйелерді іске қосу жөніндегі жұмысты жеделдету керек», деп атап өтті Серік Жұманғарин. Сондай-ақ жұмыс барысын бақылауды күшейту мақсатында Комиссия отырыстарын тоқсанына бір рет емес, ай сайын өткізу туралы шешім қабылданды. Жуырда Қордай ауданында да арнайы жұмыс тобы зерделеу жүргізіп, нәтижесінде бірқатар елді мекендердегі жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ауданнан сайланған облыстық мәслихаттың депутаттары Талғат Сәрсембаев, Айман Әшімовалар бар жұмысшы топ қайтарылған жерлерге және өзге де атқарылып жатқан жұмыстарға зерделеу жүргізген еді. Жұмысшы топ алдымен Кенен ауылында болды. Округте 4 мың гектарға жуық жер кері қайтарылыпты. Әлі де болса ол бағытта жұмыстар жалғасуда екен. Зерделеу жұмысы барысында Кененде «Ауыл аманаты» жобасының екінші және төртінші бағыттары бойынша несие алып, кәсібін дөңгелетіп жүрген жандардың да жұмысы сараланды. Солардың бірі – ауыл тұрғыны Самал Рыскелді. Көпбалалы ана белді бекем буып, кәсіпкерлікке ден қойған. Сол үшін мемлекет көмегіне жүгінген. Нәтижесінде өз жобасын сәтті қорғап, 1 225 200 көлемінде грант ұтып алып, ол қаржыға кондитер өндірісіне арналған құрал-жабдық сатып алған. Қазіргі кезде жас кәсіпкер кондитерлік тағамдар, торт, тәттілер және тағы да басқа өнімдер дайындап, саудаға шығаруда. Сұраныс та жаман емес. Тұрақты клиенттері де бар көрінеді. Ең бастысы Самалдың өнімдері жерлестерінің көңілінен шыққан. Қазір цехты кеңейтуді қолға алыпты. Зерделеу барысында «Кенен – Береке» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысымен де танысты. Кездесу барысында кооператив өкілдері бірқатар көкейкесті мәселелерді көтерді. Олардың ішінде жайылым жайы да айтылды. Көтерген сұрақтарды жұмысшы топ мүшелері назарға алатын болды. Осыдан соң Алға ауылдық округіне барып, онда мемлекет меншігіне қайтқан алқаптарды көріп, жауапты мамандармен жолықты. Ал келесі күні құрамына халық қалаулылары кірген жұмысшы топ Қарасу ауылдық округінде болып, жер мәселесі, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша зерделеу жұмыстарын жалғастырды. Аяулым Жаманқара