ТҰРМЫСТЫ ЖАҚСАРТУДЫҢ БІР ТЕТІГІ – ИНФРАҚҰРЫЛЫМ НЕГЕ АЗАЙЫП КЕТТІ?
ТҰРМЫСТЫ ЖАҚСАРТУДЫҢ БІР ТЕТІГІ – ИНФРАҚҰРЫЛЫМ НЕГЕ АЗАЙЫП КЕТТІ?
Көптен бері ауызсу, газ мәселелері өзекті тақырып ретінде күн тәртібінде жиі қаралып келді. Күнделікті тұрмыста үздіксіз қолданылатындықтан да елді мекендерде инфрақұрылымның рөлі айрықша. Ауылдарға газ жүргізу, ауызсумен қамту үшін арнайы мемлекеттік бағдарламалар да жүзеге асырылды. Нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізу көрсеткіші қалаларда 419 мың адам немесе 91 пайыз, ауылдық елді мекендерде 612,2 мың адам немесе 88,8 пайызды құраған. Бүгінгі күнге ауылдық елді мекендерде ауызсумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші 90,2 пайызға жетіпті. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, осы жылы 49 сумен жабдықтау нысанының құрылысы жүргізілмек. Оның ішінде 35 нысан жыл соңына аяқталса, 14 нысан құрылысы келер жылға өтпелі. Жыл соңына дейін қалаларды сумен жабдықтау көрсеткішін 425,4 мың адам немесе 92,3 пайыз, ауылдық елді мекендерде 651,8 мың адам немесе 94,4 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бүгінгі күнге, облыс елді мекендерін толық ауызсумен қамтудың картасы әзірленіп, 2025 жылы ауыл және қала тұрғындарын 100 пайыз тіршілік нәрімен қамту көзделген. Жоспарға сәйкес, осы бағытта 15 ауылдық елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, қалған 21 ауылдық елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге кезекті облыстық бюджеттің нақтылауында қаржы қарастырылатын болады. Бұдан бөлек, ауылдық елді мекендерде сапалы ауызсумен қамтылмай отырған 67,8 мың адам немесе 98 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 63,4 мың адам тұратын 67 ауылдық елді мекенге су жүйелерінің құрылысын жүргізу жоспарланса, халық саны 200-ге дейінгі 31 ауылдық елді мекенге суды тазартудың кешенді блок-модульдерін 2022-2025 жылдары орнатып, аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде ауызсумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші қалаларда осы жылы – 92,3 пайыз, келер жылы – 97,5, 2024 жылы – 98,5, 2025 жылы – 100 пайызды құрайтын болса, ауылдық елді мекендерде биыл – 94,4 пайыз, алдағы жылы – 96,2 , 2024 жылы – 98, 2025 жылы – 100 пайыз болмақ, – дейді Құдайберген Нұрсерікұлы. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тапсырыс беруші және әкімші болып табылатын салалар бөлінісі бойынша ауызсу, табиғи газбен қамту, жылу энергетикасы және тұрғын үй жөндеу бағытында 133 жоба қарастырылған. Өткен жылмен салыстырғанда бөлінген қаражат 39 пайызға өсіп отыр. Облыста 371 елді мекенде 1 150,1 мың адам тұратын болса, оның ішінде 4 қалада (Тараз, Қаратау, Жаңатас, Шу) 460,3 мың адам, 367 ауылдық аймақты 689,8 мың адам мекендейді. Қазіргі уақытта өңірде 257 елді мекен (69,3 пайыз) немесе 1 018 мың адам (88,6 пайыз) табиғи газбен қамтамасыз етілген. – Биыл 18 газдандыру нысанының құрылысы, оның ішінде 10 нысанның құрылысы осы жылы аяқталса, 8 нысан құрылысы 2023-2024 жылдарға өтпелі. Осы жылдың 4 тоқсанындағы қорытындысымен 17 елді мекенде 11,3 мың тұрғын табиғи газбен қамтылып, жұрттың көгілдір отынмен қауышу деңгейін 89,5 пайызға (1 029 мың адам) жеткізу жоспарланды. Жалпы елді мекендерді газдандыру ісі бойынша бүгінгі күнге 114 елді мекен немесе 117,6 мың адам газдың қызығын көре алмай отырса, оның ішінде 44 елді мекенде жеткізуші газ құбырларының құрылысы жүргізілуде. 6 елді мекенде жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджеттің кезекті нақтылауына ұсынылды. Тағы 22 елді мекенге аудан әкімдіктері тарапынан жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, ал 14-іне аудан әкімдіктері тарапынан жоба әзірлеу қажет, – дейді Қ.Қорғанбаев. Ал жылу мәселесіне келсек, облыста 9 негізгі жылу энергиясын өндіруші кәсіпорын бар екен. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар нысандарда жалпы 565 автономды қазандықтар орналасқан. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 348,2 шақырым, оның ішінде 106,6 шақырым магистральды, 241,6 шақырым ішкікварталдық желілер. Тозу деңгейі – 48,5 пайыз. Осы жылы 7,7 шақырым жылу желілерін жөндеуден өткізіп, тозу деңгейін 2,2 пайызға төмендету немесе 46,3 пайызға жеткізу жоспарланған. 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымы кезеңінде 1,1 миллион Гкал жылу энергиясы өндіріліпті. Онымен облыс бойынша жалпы 782 білім, 388 денсаулық сақтау, 467 мәдениет саласы нысандары мен 1 622 көпқабатты тұрғын үйлер қамтамасыз етілген. Облыс нысандарының 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліпті. Соған сәйкес дайындық іс-шараларын осы жылдың 10 қазанына дейін аяқтау қажет, білім нысандарының 100 пайыз дайындығын 1 қыркүйекке дейін қамтамасыз ету керек дейді сала мамандары. Әлеуметтік нысандардың автономды қазандықтары үшін жоспарланған көмір отынын тұтыну көлемі 60,8 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде білім нысаны – 51,4 мың тонна, денсаулық сақтау нысаны 5,2 мың тонна, мәдениет нысаны 4,2 мың тонна қатты отын қажет. Былтырғы тұтынылған қатты отынмен салыстырғанда бұл 6,6 мың тоннаға төмен көрсеткіш. Халық үшін күзгі-қысқы маусымдағы жоспарлы көмір отынын тұтыну көлемі 160,3 мың тоннаны құраған. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда, қажеттілік 27,6 мың тоннаға төмендеген. Бұл көрсеткіш өткен жылы газдандырылған 20 елді мекеннің арқасында орындалып отыр. – Коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар және халық үшін көмір өнімін тұтынудың 2022-2023 жылдар кезеңіне арналған жоспары әзірленіп, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келісілді. 2021 жылдан облыс бойынша 156 әлеуметтік нысанның қазандықтарын табиғи газға ауыстыру жұмыстары басталды. Ол үшін кезеңдік іске асыру іс-шаралары бекітілген. Оның ішінде Байзақ ауданы бойынша 10 нысан, Қордай ауданы – 86, Т.Рысқұлов ауданы – 16, Меркі ауданы – 9, Талас ауданы – 17, Шу ауданы – 18 нысан. Былтыр 39 әлеуметтік нысанның қазандықтары газға ауыстырылды, оның ішінде республикалық және облыстық бюджет есебінен – 9 жоба (мектептер), жергілікті бюджет және демеушілер есебінен – 30 жоба (мәдениет, денсаулық, білім нысандары). Олардың аудандардағы бөлінісіне тоқталсақ, Байзақ ауданында – 6, Қордайда – 10, Т.Рысқұловта – 12, Меркіде – 4, Таласта – 2, Шу ауданында 5 нысан бар. Осы жылы жалпы құны 35 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газға ауыстыру жобаларын іске асыру жоспарланып, бүгінге күнге республикалық бюджеттен 8 жоба қолдау тапты. Қалған 27 жобаны қаржыландыру облыстық бюджеттің нақтылауында қаралуда. Жалпы, 156 нысанның барлығын 2025 жылға дейін газдандыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, газдандырылған елді мекендерге қарай қосымша нысандардың қазандықтарын газдандыру жобаларын іске асыру көзделуде. Бүгінге облыста электр энергиясын өндіретін жалпы қуаты 1587,8 МВт құрайтын 20 нысан жұмыс істейді. Олардың ішінде «ЖГРЭС» АҚ – 1107 МВт, «ТЭЦ» АҚ – 43 МВт және 437,8 МВт құрайтын қолданыстағы 18 жаңартылатын энергия көздері объектілері бар. Өткен жылы облыста 3,2 миллиард кВт/сағ электр энергиясы өндіріліп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 25% өсімді көрсетті. Ағымдағы жылы облыста өндірілетін электр энергиясының көлемі болжаммен 5,1 миллиард кВт/сағ құрайтын болады. Яғни өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 57 пайызға арттыру көзделіп отыр. Облыста электр энергиясын тұтыну 2021 жылы 4,4 миллиард кВт/сағ құрады, оның ішінде облыстың энергия көздерінің үлесі 72,2 пайызға жетсе, солтүстік көздерден сатып алу 27,8 пайызды құрап отыр. Ағымдағы жылы оңтүстік өңірде қалыптасқан электр энергиясына жетіспеушілікті жою мақсатында «Жамбыл ГРЭС» 2021 жылғы қарашада 3 блогы, ал 2022 жылғы қаңтарда 4-ші энергоблок іске қосылып, бұл жиынтығында ГРЭС жүктемесін 600 МВт-қа ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бүгінде станса 2-блокты режимде жұмыс істеп, сағатына 228 МВт электр энергиясын өндіруде. Сондай-ақ Жамбыл ГРЭС-і Қызылорда, Түркістан, Қостанай, Ақмола, облыстарын қамтамасыз етуде, – деген Құдайберген Нұрсерікұлы тұрғын үйлердің бүгінгі жағдайын да айтып берді. Облыс көлемінде 4 қалада барлығы 1766 көппәтерлі тұрғын үйлердің 985-і қанағаттанарлық жағдайда екен. Кондоминиум объектісі ретінде 1504 үй тіркелген. 781 үй жөндеуді қажет етеді. 490 үй жөндеуден өткен. – Облыстағы 4 қалада 2011-2021 жылдары (Тараз – 410, Жаңатас – 11, Қаратау – 34, Шу – 35) 490 үй жөндеуден өтті. 2021 жылы облыста барлығы 73 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен Тараз қаласында 57 үй, жергілікті бюджет есебінен 8 үй (Тараз қаласы – 6 үй, Шу ауданы – 2 үй), қайтарым қаражат есебінен 8 үй (Тараз қаласы – 5 үй, Талас ауданы – 3 үй) жөнделді. 2022 жылға республикалық бюджеттен Тараз қаласындағы 50 үйге күрделі жөндеу жүргізу қарастырылды. Қосымша ағымдағы жылы Шу ауданында 3 көппәтерлі тұрғын үйге жөндеу жүргізу жоспарлануда. Нәтижесінде күрделі жөндеуді қажет ететін кондоминиум объектілерінің үлесін 51,9 пайыздан 48,4 пайызға дейін төмендету жоспарлануда, – дейді аталған басқарма басшысы. Халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартудың бір тетігі инфрақұрылым екені белгілі. Қазіргі техника ғасырында көптеген істі тындыратын құрылғылар электр тогымен, көгілдір отынның көмегімен жұмыс істейді. Ал су – тіршілік нәрі. Осылардың бәрі қамтылса, елдің де еңсесі биік болмақ.
Қамар ҚАРАСАЕВА