Жаңалықтар

Қай банктің картасы тиімді?

Қай банктің картасы тиімді?

Елімізде төлем карталарының бірнеше түрін кез келген қазақстандық банктен ашуға болады. Оларды қолдану түрі, ұсынылған қызметтер мен шарттары сіздің таңдауыңызға әсер етуі мүмкін. Тіпті соңғы кездері қолма-қол төлем жасағаннан гөрі банк картасымен сауда жасау жиі кездеседі. Себебі банк картасы жалақы алу үшін ғана емес, ақша аудару, ақшаны сақтау, бонус жинақтау, бөліп төлеу және несие алу үшін де қолданылады.

«Ranking.kz» сайтының ақпаратына сүйенсек, еліміздегі карталардың жалпы саны 51,5 миллионға жетті, оның 27,5 миллионы белсенді банк карталары. Яғни төлем карталарының саны оларды пайдаланатын азаматтар санынан бірнеше есе артық. Бұл кейбір банк клиенттері әртүрлі мақсаттар үшін бірнеше карталарды қолданатынының дәлелі. Десек те карталардың қолданылу мақсатына байланысты банктер пайда табуы мүмкін. Кешбэк қай банктерде жоғары? Кешбэк – бұл көптеген банк карталарының иелеріне бұрыннан таныс. Бұл картамен төлем жасаған кезде белгілі бір пайызын бонус немесе нақты ақша түрінде қайтару. Қазақстандық ірі банктердің клиенттеріне сатып алудан шамамен 1 пайыз мөлшерінде кешбэк алуға кепілдік берілген. Екінші деңгейлі банктердегі жоғары кэшбекті сүйікті тауарлар санатын орнату арқылы алуға болады. Сондай-ақ бонустың жоғары болуына банктің серіктес дүкендеріндегі арнайы акциялар мен сатып алулар әсер етуі мүмкін. Мониторингтік агенттік сарапшыларының пікірінше, сүйікті санаттар бойынша «ForteBank»-тің жағдайы жақсы. Мұнда сіз бірден екі санатты қосу арқылы 15 пайызға дейін бонус алуыңызға болады. Екінші орынға азаматтардың таңдауын ескере келе, 10 пайызға дейін бонус қайтарылатын «Банк ЦентрКредит» орналасты. «Еуразиялық банкте» кешбэк 5,5 пайызды құрайды. Қазақстандық бес банкте арнайы серіктестік желілерде төлеу кезінде алуға болатын барынша жоғары кешбэктер бар. Оның ішінде бұл «Bank RBK»-де 5 пайыздан, «ForteBank» пен «Банк ЦентрКредит» банкінде 30 пайызға дейін қарастырылған. Сонымен қатар банктер үнемі арнайы акцияларды ұсынады. Ең жақсы акциялық ұсыныстар «Jusan Bank»-те 25 пайызға дейін, ал «BerekeBank»-те 20 пайызға дейін тіркелді. Қай банк ақысыз қызмет көрсетеді? Енді соған тоқталайын. Картаны таңдауға оның қызмет көрсету құны да әсер етуі мүмкін. Еліміздің банктері «Gold» санатына дейін бір жыл тегін қызмет көрсетуді ұсынады. Дегенмен ақылы жылдық қызмет көрсету тек «Еуразиялық банк» және «Bank RBK»-да «Platinum» карталары бойынша ғана бар. Ал бір жыл тегін қызмет көрсету мерзімі өткеннен кейін де ақысыз негізде бірнеше банк клиенттер үшін өз жұмысын жалғастырады. Олар – «ForteBank», «Банк ЦентрКредит» және «Altyn Bank». Қалған банктерде оның құны екінші және одан кейінгі жылдары 600 теңге мен 1 995 теңге аралығын құрайды. Қай банктердің клиенттері арзан аударымдар жасай алады? Банктер арасында аударымдарды жиі жасайтын клиенттер үшін мүмкіндігінше аз комиссия беру маңызды. Айта кетейік, банк ішінде картадан картаға оның мобильді қосымшасы арқылы қаражат аудару тегін. Елімізде басқа банктердің карталарына комиссиясыз төрт банкке ақша жіберуге болады. Бірақ белгілі бір шектеулер бар. Мысалы, «ForteBank» клиенттері басқа банктердің карталарына айына 1 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде тегін аударымдар жасай алады. Бұл лимиттен асқан жағдайда 0,9 пайыз мөлшерінде комиссия алынады. «Банк ЦентрКредит» банкінде бұл лимит айына 200 мың теңгеге дейін, одан жоғары сомаға 1 пайыз комиссия белгіленген. «Еуразиялық банкте» 75 мың теңгеге дейін лимит болса, одан асқан жағдайда комиссия құны – 0,9 пайыз. «Altyn Bank» телефон нөмірі бойынша банкаралық аударымдарды тегін жүргізеді. Қалған жағдайларда комиссия 50 теңгені құрайды. Банкаралық аударымдар үшін, яғни аударылатын сомаға байланысты емес тіркелген комиссиялар «Halyk Bank» – 150 теңге, «Jusan Bank» – 200 теңге және «Bank RBK» – 250 теңге болып белгіленді. «Kaspi» мен «BerekeBank»-те басқа банктің картасына ақша аудару үшін комиссия мөлшері соманың 0,95 пайызын құрайды. Келтірілген деректерді ескере отырып, әр клиент көздеген мақсаттарына қарай өзіне лайықты төлем картасын таңдай алады. Назерке БАЙЖАН, журналист