Күнкөрістен кетіп, табысқа кенел!
Күнкөрістен кетіп, табысқа кенел!
Өмір түрлі сынаққа толы. Күні ертең не болатынын болжау әсте мүмкін емес. Дәл қазір жағдайыңыз тұрақты болғанымен бәрі әп-сәтте өзгеріп сала беруі ғажап емес. Соның ішінде қаржылық тұрғыдан мәселе мәңгілік тұрақты болып тұра бермейді. Бұл жерде қаржылық сауаттылыққа жетік болу аса маңызды. Кез келген адам өзін «қаржылық жағынан қауіпсізбін, қорғалғанмын» деп айта алмайды. Өйткені көпшілігінің бір ғана табыс көзі, шектеулі айлықақысы бар. Мейлі ол жалдамалы жұмысшы болсын, бизнес иесі болсын табыс көзі біреу болса, қауіп көп деген сөз. Қаржылық тұрғыдан қауіпсіз сезінуі үшін адамда бірнеше табыс көзі болуы керек .Осы орайда мәселені экономика тілінде қаузап көрсек. «Белсенді» табыс – бұл белгілі бір қызметтен алынған тұрақты табыс. Мысалы, ол сіздің бизнесіңізден алынған жалақы немесе тұрақты жұмысыңыздан түсіп тұратын айлық. Қосымша табыс, яғни пассивті кіріс – бұл сіздің күнделікті іс-әрекетіңізге қарамастан үнемі түсетін ақша. Пассивті кірісті күтпеген жағдайларда немесе негізгі кіріс көзі тоқтап қалған жағдайда «қауіпсіздік қорғаны» деп санауға болады. Пассивті табыстың болуы не үшін маңызды? Ақша табудың түрлі көзі бар. Қазіргі заманауи өмірде онлайн жұмыстың дәурені жүріп тұр. Түсіне білсеңіз, пассивті табыс – сіздің күнделікті өмірден бөлек, қосымша керек-жарағыңыз үшін аса маңызды. Активті табыс – киетін киім, ішетін тамақ пен коммуналдық шығындарыңызды өтесе, пассивті табыс – көңіл көтеру, саяхаттау, көлік алу сынды арман-тілектеріңізді орындауға тікелей әсер етеді. Пассивті кірісті жоспарлауға байыппен қарау керек. Алдымен оны қалыптастыру үшін қанша қаражат қажет екенін және сізде осындай соманың бар-жоғын анықтау қажет. Егер жоқ болса, оны негізгі кірістен кейінге қалдырып отырған ләзім. Қосымша табыстың негізгі көздері болып банк салымы жатады. Банктегі депозит – бұл пассивті кірісті құрудың классикалық тәсілі. Бұл кірісті реттеудің ең оңай жолы. Сіз банкте біраз ақша сақтайсыз және ол сізге пайыз төлейді. Сіз осы арқылы кепілдендірілген және тұрақты табыс табуыңызға болады. Бірақ мұндай пассивті кіріс сіздің барлық қажеттіліктеріңізді қамтуы үшін қомақты сома салу керек. Немесе бағалы қағаздарға инвестиция құю қажет. Пассивті кірістің бір түрі – қор нарығындағы инвестициялар. Инвестициялаудың негізгі заңы бойынша табыс тәуекелге пропорционалды, табыс өссе, тәуекел де өседі. Егер сіз тәуекелге дайын болсаңыз, сізде бос қаражат бар және сізге кепілдендірілген депозиттер ұсынғаннан гөрі көп ақша тапқыңыз келсе, биржада сатылатын бағалы қағаздарға инвестиция салуды игерген жөн. Қосымша табыстар туралы қаламыздағы қаржыгер маман Айсана Тымбаева ой бөліскен еді. – Алғашында табыс табуды аз мөлшерде инвестициямен бастасаңыз болады. Істі жаңадан бастау үшін ең оңай жол – биржада ұсынылған бағалы қағаздарды сатып алу және белгілі бір уақыттан кейін жоғары бағамен сату. Мұндай табыс соқыр сәттілік емес, жақсы ойластырылған әрекеттердің нәтижесі. Инвестициядан шынымен табыс табу үшін оның қыр-сырын зерттеуге көп күш жұмсау керек. Оның жылжымайтын мүлік, пәтерді жалға беру деген секілді түрлері бар. Бірақ мұндай табыс шығын және тәуекелдермен бірге жүреді. Оның барлық шығындарын ескеруіміз қажет. Мысалы, жалдау ақысы, салықтар, жөндеу және басқа шығындарды ескерген жөн. Жағымсыз салдардан аулақ болу және заңды бұзбау үшін жалдау шартын жасағаныңызға көз жеткізіңіз. Күтпеген жағдайлардан қорғану үшін пәтерге сақтандыруды рәсімдеген жөн. Сонымен қатар жалға алушылар уақытында төлемеуі немесе мүлікті бүлдіруі мүмкін. Зияткерлік меншікті, хоббиіңізді жаңа табыс көзіне айналдырсаңыз болады. Мысалы, әртүрлі әшекей бұйымдарды жасау қолыңыздан келсе, әлеуметтік желілердің көмегімен онлайн тапсырыс қабылдауға болады. Дизайн жасай алсаңыз, әртүрлі тематикада графикалар жасап, өз сайтыңызды ашып, сол жерде ақылы жүктеу функциясын орналастырсаңыз да болады, – дейді ол. Бастапқыда айтқанымыздай, онлайн жұмыстың бүгінгі күні түр-түрі бар. Бірақ онлайн іс оңай екен деп ойламаңыз. Ғаламторда бизнес әліппесін жетік меңгерген маркетолог пен кәсіпкер семинар-тренинг өткізуге әуес. «YouTube» видеохостингінде тауарды сату, жеткізу, сақтау жолы кеңінен насихатталады. Мың бір түрлі тауарды сату үшін кез келген адамға ақша керек. Ахметбек Нұрсила, Жұлдыз Ақболат, Адия Аралбай секілді жүздеген бизнес және маркетолог өкілі тауарды сатудағы және кәсіпкерлік бастаудағы негізгі элементке тоқталып жүр. Яғни онлайн сауда бастасаңыз да болады. Немесе онлайнмен жұмыс істеудің тілдерін үйретіңіз. Немесе газеттің, журналдың дизайнын жасаңыз. Тәуір журналдарға ақылы мақалалар жариялап тұруға болады. Қандай жақсы қырыңыз бар, содан ақша жасауға мүмкіндік көп. – Бұл ретте тауар сату бизнесі де жарнамалық сайтқа келіп тіреледі. Қазіргі уақытта өзге мемлекеттен тауар әкелу жолын үйрету де жұмыссыз адамды қызықтыратыны жасырын емес. Қымбат бұйым, ыдыс-аяқ, брендке айналған киім, озық технологияны тасымалдау қызметі жақсы дамыған. Мәселен, Түркия мемлекетінен тауар әкелу үшін арнайы бағдарлама мен сайттың көмегіне жүгінеді. «YouTube» хостингінде зауыттан бір дана тауардан бастап, жүздеген затты алуға болатыны туралы жарнама жеткілікті. Бірнеше бағытта жүргізілетін жарнаманы көрген көпшілік сауда-саттықпен айналысуға бел буады. Осы уақытта ғаламтордың қарыштап дамуына байланысты жаңа мамандық желісі пайда бола бастады. Мәселен, онлайн жұмыстың бір түрі «таргетолог» деп аталады. Таргетолог мамандығын меңгерген адам әлеуметтік желі парақшасын жүргізеді. Ірі кәсіпорын және сауда-саттық дүкеннің тауарын жарнамалау таргет арқылы жүзеге асырылады. СММ маманын дайындау соңғы жылдары жақсы дамыған. Жарнаманы жасау барысында сапалы сурет өңдеу, бейнеөнім дайындау, тауарды сипаттау аса маңызға ие. Әлеуметтік желіге оқырман тарту үшін арнайы ойын, акция ұйымдастыру да осы қызмет түріне кіреді, – дейді онлайн жұмыстың қыр-сырын меңгерген Айсара Тәшімбетова. Оның өзінің Қытайдан тауар әкеліп сататын бизнесі бар. Сонымен бірге копирайтинг мамандығы көпшілік арасында сұранысқа ие. Копирайтинг дегеніміз – сатылым әкелетін жарнама мәтінін жазу. Мысалы, жарнама сайтына хабарландыру беру кезінде сапалы мәтін жазу айрықша рөлге ие. Әрбір тауарды жарнамалауда өзінің кілт сөзі болуы тиіс. Тұтынушыны сендіре алатындай сапалы мәтін жазуға дағдыланған жөн. Копирайтинг мамандығының бірнеше түрі бар. Оның әдіс-тәсілін меңгерген маман қазақ менталитетіне келетін жарнаманы көптеп жасауға тырысады. Осы жылы тренд болатын топ 6 мамандық жайлы сөз арасында айтып кеттік. Оның ішінде, таргетолог, сайтолог, копирайтинг, SММ маманы, веб-дизайнер, мобилограф мамандығы бар. Бұлардың барлығын меңгере отырып, сәтті игеріп кетуге қажырлы күш пен ұтымды уақыт керек. Ең бастысы бұл аталған қосымша жұмыстар негізгі жұмысыңызға кедергі келтірмейді. Және әжептәуір табыс көзін әкеледі. Тағы да бірнеше қосымша табыс көздеріне тоқталайын. Келесі бір табыс көзі – курьерлік. Қазір кафе-ресторандардан асты көпшілік тапсырыспен алдыртады. Еліміздің ірі қалаларында «Glovо», «Wolt» секілді тамақ тасумен айналысатын сервис түрлері бар. Курьерлер бір барып келгеніне кемінде 400 теңге алады екен. Сондықтан мұнда екі сағаттың ішінде шамамен 2 мың теңгеден астам ақша табуға мүмкіндік бар. Курьерлер көбіне велосипедпен жүреді. Велосипедті «OLX» сайтынан ұсталған түрін сатып алуға немесе ірі қалаларда өзінің арнайы картасы арқылы күн сайын жалға алуға болады. Бос уақытта таксист болып ақша тапсаңыз да болады. Егер көлігіңіз бар болса, бұл да табысты жұмыс. Зерттеуімізше, Тараз қаласында таксистер күніне 12-15 мың теңге табады екен. Соның ішінде телефонға орнатылған «InDrive», «ЯндексGo» немесе жай ғана автостоп арқылы да жолаушы тасымалдауға болады. Бұл табыспен байып кетпесеңіз де күнделікті қалта шығынын жауып отырғанға айтарлықтай сеп болады. SMM саласы – әлеуметтік желідегі жұмыс, мұнда ақша көп. Қазір әлеуметтік желіде бизнестің басым бөлігі жатыр. Оның қыр-сырын «YouTube»-тан-ақ оқып алуға болады. Соның ішінде парақша жүргізу, сайт жасау, жарнама мәтінін жазу секілді қызметтер бар. SMM саласы мамандарының табысы – айына кемі 70-80 мың теңге. «Instagram» желісінде өтетін лайк-таймға қатыссаңыздар да болады. Мұнда сіз адамдардың жазған постына пікір қалдырып, лайк басқаныңыз үшін ақы аласыз. Бірақ бұл жерде алданып қалудан абай болған жөн. Себебі лайк-тайм ұйымдастыратындардың кейбірі ақшасын дер кезінде төлемей қойған жайттар да кездеседі. Ақша табудың тағы бір амалы – «Naimi.kz», «OLX» сайттарына жарнама беру. Мәселен, клининг саласы. Жұмысбасты әйелдердің үй жинауға қолы тимейді, уақыты болмайды. Таразда бір бөлмелі пәтерді жинау 5-10 мың теңгенің аралығында. Сіз сенбі-жексенбі күндері екі адамның үйін жинасаңыз, 15-20 мың теңге таба аласыз. «Naimi.kz» сайтында «Духовка тазалау», «Тоңазытқыш жуу» деген қызмет түрлері де бар. Оның бағасы – үш мың теңге. Осындай сайттарға тіркеліп, жарнамаңызды беру арқылы өзіңізге ыңғайлы уақытта тапсырыс ала аласыз. Жастарға арналған келесі жұмыс – даяшылық. Бұл студенттер үшін өте ыңғайлы. Кафелерде мәзір жаттау қиын болса, тойханаларға барып, бір тойда қызмет ету арқылы 5-6 мың теңгені алып кетуге болады. Сондай-ақ ол көп жерлерде бала қарау, оның сабағын оқыту секілді қызмет түрлерінің де бар екенін ескеру керек. Бірнеше сағатта біреудің баласының сабағын оқытып, репититор болсаңыз, ол да тамаша қосымша табыс. Жақында ғана көршім қызына ағылшын және орыс тілін үйрету үшін репетитор жалдағанын, ол үшін үш сағатқа 15 мың теңге төлейтінін айтты. Мұғалім аптасына бір рет келеді екен. Әлгі оқытушы өзі мектепте мұғалім көрінеді, сөйте тұра ол әлгі көршімнің қызы секілді бірнеше оқушыны оқытуға алыпты. Одан бөлек бастауышта оқитын баланың сабағын дайындатуға да болады. Жұмысбасты ата-аналарға кешке үйге келгенде баланың сабағын оқыту өте ауыр. Көп ата-ана қиналады. Алысқа бармай-ақ көршілерден бастауға да болады. Айта берсе мысал өте көп. Тек еріншектіктен арылу қажет. Ұлы Абай айтпақшы, «есектің артын жусаң да мал табу» керек. Әйтпесе бала-шағаңмен бірге аш қалуың мүмкін. Сосын ұл-қызыңа қалай үлгі боласың?! Сенбі-жексенбі күндерге немесе түнгі аусымға зауыттарға жүк тасушы немесе «фасовщица» болып орналасуға болады. Тауарларды өлшеп салып, қораптарды жинап отыру да жұмыс. Бұл жұмыстарға көбіне сағатына және қолма-қол ақша төлейді. Соңғысы – бала бағу және желілік бизнес. Менің танысым осындай кәсіппен айналысады. Ол тойға, қонаққа баратын, түнде жұмыс істейтін аналардың балаларын алып қалады. Бірақ екі баладан артық қабылдамайды. Екі ананың төлеген ақшасы оған әжептәуір табыс. Желілік бизнестің көзін тапқандар жетерлік. Алысқа бармай-ақ журналист әріптесіміз Гүлжан Рахманды алайық. Ол екі жыл болды желілік бизнесте жүр. Осы екі жыл ішінде қолына алатын жалақысы бір миллион теңге шамасында. Оның үстіне сыйақысы тағы бар. Жылына екі рет шетелге тегін шығады. Жақында ғана осы желілік маркетинг арқылы көлікті болды. – Кезінде Дональд Трамптан бір журналист «Түгіңіз жоқ кедейсіз, жұмысты неден бастар едіңіз?» деп сұрапты. Сонда ол: «Желілік бизнестен бастаған болар едім. Ол арқылы тез баюға болады», деп жауап берген екен. Мен өмір бойы республикалық басылымдарда журналист болып жұмыс істедім. Сондағы тапқаным ары кетсе 500 мың теңге болған шығар. Соның өзінде Астанада тұрғанда үш газетте бірдей істеп, арасында торт жасап, қиналып табыс табатынмын. Ал қазір мен нағыз өз ісімді таптым. Желілік бизнес менікі екен. Тек қорықпай бастау керек. Қолыңнан не келеді, содан бастаған абзал. Мен бастапқыда торт та саттым. Қолдан келгеннің бәрін жасадым. Елдің бәрі желілік бизнеске келсін демеймін, тек бір жалақымен өмір сүрмеңіздер. Ары тартса ары жетпей, бері тарса бері жетпей өмір сүрген ұнай ма? Қалағаныңды алып, қалтаңда артық ақшаң жүрген жақсы емес пе? – дейді Гүлжан Рахман. Бүгінгі күні екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүргендер аз емес. Бұл кеңестерді сондай жандарға аз да болса көмегі тиіп қалар деген оймен жариялап отырмыз. Жұмысы барлардың да несиесі, қарызы бастан асатындықтан елге қажетті кеңес болсын, ойымыз бір қажетке жарасын дедік. Көпшілігіміздің бір ғана табыс көзі, шектеулі еңбекақымыз бар. Мейлі ол жалдамалы жұмысшы болсын, бизнес иесі болсын табыс көзі біреу болса, қауіп көп. Егер ісіңіз жүрмей, жұмысыңыз тоқтап қалса не болады? Уайымсыз жүру үшін қосымша табыс болғаны жөн. Тіпті міндетті деп айтар едік. Бұған дейін бұл жайлы ойланбаған болсаңыз, істі бастауды кейінге қалдырмаңыз. Эльмира Байназарова