Руханият

Елім деп өткен ер баукең

Елім деп өткен ер баукең

Астанадағы «Педагогика пресс» баспасы бауыржантанушы-ғалым М.Кәтімханның «Арпалыс» романының авторы кім?» атты ғылыми зерттеу еңбегін басып шығарды. «Б.Момышұлы мұрасы ХХІ ғасыр көгінде» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор М.Мырзахметұлы кітапқа жазған алғы сөзінде: «...бауыржантанушы Мұхаметжан Кәтімханның «Арпалыс романының авторы кім?» деп аталатын ізденістері осы күнге дейін оқырманға беймәлім болып келген архив деректері негізінде сөз етілетін мүлде тың жаңа тақырыпты ашып, білгірлікпен ғылыми талдаулар жасауы – оқырмандарды соны ой-пікір, жаңа танымдар бесігінде тербеуімен ерекшеленеді...» деп, кітаптың оқырмандардың Бауыржан Момышұлы туралы көзқарасына жаңаша қозғау сала алатынына әсер ететінін атап көрсеткен.

Кітаптың басталуы қарапайым һәм қызық. Автор өзінің балалық жастық шағында «Москва үшін шайқас» кітабын қалай оқығаны, оған деген қызығушылығы қызғылықты баяндалады. Б.Момышұлының кітабын «Химия» оқулығының мұқабасына орап алып, үйде, мектепте оқып жүруі, оны сезіп қалған әкесі мен мұғалімнің, мектеп директорының іс-әрекеттері зерттеу еңбектің іргетасы сияқты оқырманына әсер етеді, қызықтырып, жетелей түседі. Зерттеу еңбектің басында осынау детальдарды қолданған автордың бұл тәсілін үлкен тапқырлық десек, қате айтқан болмаймыз. Б.Момышұлының кітаптарын балалық шағымызда қой бағып жүргенде, жазғы демалысқа шыққан кезімізде оқығанымыз, қариялардың тапсырысы бойынша оқып беретініміз есімізге түседі. Ал сол дәуірде мектеп оқушылары арасында қалыптасқан мейрамдарда кітап сыйлау дәстүрінің қазір ұмытылып бара жатқаны еске түсіп, сағынышты балалық шақтарды аңсаттырады. Зерттеу еңбек осындай тылсым күшімен оқырманды баурап алып, Б.Момышұлының шығармашылық өмірінің беймәлім, біз білмейтін қатпарларына үңілуге талпындырады. Шынында, А.Бектің «Арпалыс» және Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас» романдары Ұлы Отан соғысының тарихына ғана емес, дүниежүзілік соғыстың тарихынан сыр шертетіні жалпақ әлемге аян. Ең бастысы бұл шығармалар сол ел басына күн туған сәттерде кеңес әскерлерінің, соның ішінде Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясының Мәскеуді қалай қорғағаны, дивизия офицерлері мен сарбаздарының аттары аңызға айналғаны бүкіл әлемді таңдандырғаны да рас. Соның ішінде Б.Момышұлы батальонының фашистерге қалай соққы бергені, қоршаудан қалай шыққаны адам нанғысыз еді. Себебі неміс-фашистері дүрбімен көрініп тұрған Кремльді алу үшін барлық күшін осы тұсқа шоғырландырғаны тегін емес болатын. Волокалам тас жолы арқылы Мәскеуге енгісі келген фашистердің ең сенімді әскерлерінің де осы жерге әкелінгені кейін белгілі болған. Осындай ең қауіпті де қатерлі шепке Б.Момышұлы батальонының орналасуының да біз білмейтін құпия сыры жатыр. Зерттеуші Александр Бектің «Арпалыс» романының жазылу тарихы туралы көптеген деректер келтіріп, бұл роман туралы бұрын-соңды баспасөз беттерінде жарияланбаған тың мағлұматтар келтіреді, өз тұжырымын жасап отырады. М.Кәтімхан бүй деп тұжырым жасайды: «... «Москва үшін шайқастың» бірінші бөлімі 1956 жылы жарық көрсе, «Арпалыстың» бірінші бөлімі 1942 жылы басылды. Шындығына келсек, А.Бек «Арпалыс» романының бірінші-екінші бөлімін ғана жазып, он жеті жыл өткеннен кейін романның үшінші, төртінші бөліміне түгелдей «Москва үшін шайқас» романының «Бірнеше күн», «Панфиловтың резерві» бөлімдерін көшіріп алып, орталық басылымдарға жариялады. Бұл туралы И.Козлова мен А.Кривицкийлер кезінде көлемді мақалалар жазған болатын. Осы жерде Б.Момышұлын «Арпалыс» романының соңғы бөлімінің авторы деп айтуға хақымыз бар...» (52-бет). Жазушы А.Бек пен Б.Момышұлының арасындағы келіспеушіліктердің болғаны, оның кейін үлкен дау-дамайға айналғаны да шындық. «Арпалыс» романын жазу арқылы Александр Бектің даңқы әлемге жайылды. «Арпалыс» романы арқылы Бауыржан Момышұлының Мәскеу түбіндегі ерлігі әлемді таңдандырғаны да рас. М.Кәтімхан А.Бектің «Арпалыс» романы туралы бүй деп тұжырым жасайды: «Момышұлы мен Бектің айырмашылығы – бірі толық дәрежедегі әскери адам болса, екіншісі жай қарапайым жазушы-стенограф. «Арпалыс» романында автор екі бөлімді көшіріп алғанымен қоймай, романдағы кейіпкерлердің біразына өзгерістер енгізіп, жанама кейіпкер ретінде генерал М.Н. Звягин секілді кейіпкерді ойдан қосқан. Осыдан барып автор мен кейіпкер арасында реніш пайда болып, араларына кірбің түседі...» (52-бет). Ғалым одан әрі былай деп ой сабақтайды: «Кейіпкер келісімшарт бойынша қолындағы барлық деректерін А.Бекке беруі тиіс еді. Ол олай істемей, өзінің жазғанына қарағанда, авторға сенбей қалған тұстары болуы да әбден мүмкін. Бек жазушы ретінде түрлі фантазияға беріліп, шығарманы көркемдеп, бояуға әрекеттенген секілді. Әрине, оған кейіпкер келіспеген. Осыдан барып екеуінің арасында келіспеушіліктер пайда болған. Мүмкін, басқа да жағдайлар кедергі келтірген шығар? Соғыстан кейін шығарманы Момышұлының өзі жазуы – заңды құбылыс. Біріншіден, оның жазушылық қабілеті еш жазушыдан кем емес. Екіншіден, бойында жазушылық өнері болса, ол шығарманы неге өзі жазбасқа? Үшіншіден, жоғарыдағы жағдайларды ескере келіп, қолындағы көптеген деректерін біреуге беруге тиісті емес. Төртіншіден, Бек шығармадағы шындықты Момышұлының айтуына қарағанда, аздап болса да бұрмалаған...» (53-бет). М.Кәтімханның тұжырымы кімді болса да ойландырады. Бірінші, Б.Момышұлы турашыл адам, өмір бойы шындықты серік еткен адал жандардың бірі. Әділетсіздікке жаны қас адамның өзі туралы жазылатын шығарманың бұрмаланып көрсетілуіне жол бермейтіні – заңды құбылыс. Менің ойымша, Б.Момышұлы өзі туралы һәм Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясының Мәскеу түбіндегі шайқастары туралы шығарма жазамын деген А.Бекке қатты сенген. Екінші бір мәселе – А.Бектің ұлты орыс. Орыс жазушысының түркі әскерлері туралы шығарма жазуы сол кездегі интернационалдық тәрбиеге қабысатыны рас еді. Б.Момышұлының А.Бекке өзі туралы, батальон, полк жайлы деректер беруіне осы жағдай әсер еткен. Бірақ өзі сенген А.Бектің Мәскеу түбіндегі шайқас туралы жазған шығармасына көңілі толмағандықтан оған бар деректерді толық бермей, шығарманы өзі жазуға отырған. Сонымен бірге М.Кәтімханның болжамы бойынша, Б.Момышұлы соғыстың алдыңғы шебінде жүріп, оқ тиіп опат болуы да мүмкін, мұны Момышұлы да ойлаған, сондықтан Мәскеу түбіндегі соғыстың шындығын жазатын адам Момышұлыға да керек еді. Сондықтан болар, М.Кәтімхан Момышұлы мен А.Бектің арасындағы достық байланыс туралы: «Момышұлы еш уақытта да Бекпен авторлыққа таласқан жоқ. Қайта Бектің «Арпалыс» романының авторы екендігін өмір бойы мойындап өтті. Тіптен оны авторлық құқығынан айырылатын кезде барын салып қорғады...», деп жазды. Бұл жерде Б.Момышұлының ұтқаны – шығарманың тақырыбын «Москва үшін шайқас» деп қойғаны. Егер осы тақырыпты шығармасына А.Бек қойғанда Б.Момышұлы сөзсіз ұтылған болар еді. Бұл жерде шығармаға тақырып қою жағынан Б.Момышұлы тапқырлық көрсетіп, А.Бектің алдын орап кеткен. Әрине, бұл жазушының дарынды екенін айғақтап тұр. «Арпалыс» деген тақырып оқушыны қызықтыра қоймайды. Себебі Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңестік әскерлер барлық майдан шептерінде неміс фашистерімен жан беріп, жан алып арпалысқаны рас. Демек, арпалыс барлық майданда болып жатты. Бұл тақырыптың оқушысын соншалықты елеңдетпейтіні белгілі. Ал романның тақырыбының «Москва үшін шайқас» деп қойылуы кімді болса да қызықтырады. Себебі Ұлы Отан соғысының ең бір шешуші сәті осы Мәскеу түбінде болғаны рас. Сонымен бірге Ресей тарихында Мәскеу бірнеше рет сырт ел басқыншыларының ойрандауына ұшыраған. Сол тарихи соғыстарды баяндайтын орыс жазушыларының шығармаларының тақырыбы да «Москва үшін шайқас» деп қойылған жоқ. Ал Ұлы Отан соғысы тарихында Ұлы Отан соғысының шешуші сәті ғана емес, екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші сәті осы Мәскеу түбінде болды деп айтуға толық хақымыз бар. Біріншіден, Адольф Гитлерден бастап барлық неміс әскерлерінің жоғары қолбасшылығы осы Мәскеу түбінде аса ірі жеңіліске ұшырады. Гитлер жеңілістің себептерін жоғары қолбасшылардың дарынсыздығы деп ұқты. Көптеген жоғары шенді неміс офицерлері Гитлердің бұйрығымен атылды. Неміс қолбасшылығы психологиялық дағдарысқа ұшырады. Міне, осы жағдай бүкіл әлем назарында еді. Бүкіл дүниежүзінің көзіқарақты оқырмандары, соның ішінде әскери адамдар Мәскеу түбіндегі Кеңес әскерлерінің аса зор жеңісінің құпиясын білуге асықты. Міне, тарихи соғыстың ақиқаты Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас» романында бояусыз жазылған еді. Романның және роман авторының даңқы әлемге тарағанының белгілі бір себебі де осында жатыр. Екіншіден, АҚШ, Англия және КСРО әскери одағының құрылуының маңызын қаузайтын болсақ, одақтың бірігіп қимылдау жоспарларының қозғалысқа түсе бастағанын осы Мәскеу түбіндегі кеңес әскерлерінің жеңісінен көре аламыз. Егер де Мәскеу түбінде Кеңес әскерлері жеңіліске ұшырағанда бұл әскери одақтың тағдырының не боларын бір Алла ғана білер еді. Зерттеуші «Арпалыс» романының авторы кім?» атты еңбегінде «Москва үшін шайқас» романының қалай жазыла бастағаны туралы мынадай қызықты дерек береді: «...А.Бек шығарманың үшінші бөлімін жазып біткеннен кейін кейіпкеріне көрсеткен болуы керек. Ол оған ұнамаған шығар. Сөйтіп, романның үшінші бөлімін жариялауға үзілді-кесілді рұқсат бермей, шығарманы өзі жазуға отырған...». Қалай десек те Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын өзі жазғаны дұрыс болды. М.Кәтімхан: «Екі автор бірін-бірі неге қайталағанын жоғарыда айтып өттік. Содан кейін «Арпалыс» романын «Москва үшін шайқас» романының бірінші томы, ал «Москва үшін шайқас» романын екінші томы деп қарауға негіз бар. Оны біз жоғарыдағы мәліметтерде толық дәлелдеп шықтық. Тек А.Бектің қасына Б.Момышұлын қосып, екеуін де автор деп көрсетсе жеткілікті болады...», деп жазады. Меніңше, «Арпалыс» романына қосалқы автор етіп Б.Момышұлыны қосудың қажеті жоқ. Олай істейтін болсақ, А.Бек «Москва үшін шайқас» романына да қосалқы автор болып кетеді. Бізге ұтымды жағы «Москва үшін шайқас» романы авторының Б.Момышұлы болуы. М.Кәтімхан А.Бектің «Арпалыс», Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас» романдарындағы тарихи кейіпкерлер – капитан Шилов, капитан Лысенколар жайлы сөз қозғай келе, екі шығармада олар­дың суреттелуі екі түрлі болғаны жайлы мәлімет береді. Зерттеушінің бұл кітабында оқырмандар Мәскеу қаласының тұрғыны Надежда Леонидовнаның ізгі істерімен танысады. Н.Леонидовна А.Бектің «Арпалыс» романын оқып шығып, көп әсер алады. Ол романның өзіне ұнаған тұстарын дәптеріне жазып алып, қасына баласын, сыныптас жолдасын ертіп, Б.Момышұлының соғыс жүргізген жерлеріне сапарға шығады. Олар Чисмена стансасына, Дубосекова разъезіне, Матренино деревнясына, Нелидово қыстағына барады. Б.Момышұлы басқарған әскерлер осы жерлерде соғыс қимылдарын жүргізгені белгілі, соғыс қимылдары А.Бектің «Арпалыс» романында суреттеледі. Надежда жыл сайын осы соғыс болған жерлерді аралауды әдетке айналдырады. Волоколам тас жолымен жүреді, Лайя өзенінің жағасындағы Яроному Кашино, Тимашенко, Истра, Корпокова қыстақтарына барады, соғыста қайтыс болғандардың ескерткішіне тағзым етеді. 1941 жылдың 18 қарашасында Панфиловты көрген қарияны кездестіреді. Надежда Леонидовна Б.Момышұлы әскерлері қорғаған Бородино, Вязмо қыстақтарына барып, естелікке суретке түседі, суретті альбом жасайды. Жазушы А.Бектің «Арпалыс» романында суреттелетін кейбір ағаттықтарды айтып, оның кемшілігін түзеуге көмектеседі. Орыс әйелінің даңқты батыр Б.Момышұлының асқан ерлік иесі екендігін осылай мойындағаны оқырманын қызықтырмауы мүмкін емес. М.Кәтімхан оқырмандарға белгісіз болып келген бір жайт туралы да әңгімелейді. Ол Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас» романының екінші кітабы туралы. Екінші роман Бауыржанның соғысқа дейінгі досы жауынгер Құрманбек Сағындықовтың соғысқа кіруімен басталады. Мұнда Бауыржан Бекболат деген атпен суреттеледі. Бұл кезде Б.Момышұлы 9-гвардиялық дивизияның командирі. М.Кәтімхан Б.Момышұлының белгілі ғалым-жазушы М.Ғабдуллинмен достық байланыста болғанын айта келіп, «Москва үшін шайқас» романын жазуда М.Ғабдуллинмен ақылдасқанын алға тартады. Б.Момышұлының Ұлы Отан соғысынан кейін Әскери академияны үздік бітіріп, соғыстан соңғы әскери өмірінің аса ренішпен өткендігін, әртүрлі әділетсіздіктерді, қарсыластарын ойсырай жеңіп, жоғары беделге ие болғанын көрсете отырып, қатардағы жауынгерден гвардия полковнигіне дейін көтерілгенін, мұндай атақты түркі халықтары ішінде тек Б.Момышұлы алғанын тереңдей баяндайды. Генерал атағының берілмегенін, бұған Б.Момышұлының қатты ренжігенін, Сібірдегі №49 бригада командирінің бірінші орынбасарлығына күштеп тағайындалғанын, М.Жұмабаевпен кездескенін әңгімелейді. Көп оқырман жазушы А.Бек пен Б.Момышұлының арасындағы келіспеушіліктерден туындаған дау-дамайларды біле бермейді. Бұл дауға «Знамя» журналы мен Ресей Жазушылар одағы араласқаны мәлім. М.Кәтімхан осы оқиға туралы азды-көпті мәлімет береді: «Момышұлы Бекпен арасындағы дауды шешуі үшін Ресей Жазушылар одағының Мәскеу бөлімшесіне жүгінеді. Ресей Жазушылар одағы бұл дауды әділ шешу үшін арнайы комиссия құрады. Бұл комиссияның құрамы 1959 жылы В.В.Иванов – төраға, А.Ю.Кривицкий – орынбасар, Е.Н.Герасимов, В.М.Субботин, З.В.Одинцова мүшелері болып бекітіледі. Екі жазушының өзара келіспеушілігінен туған дау-дамайды шешуге арнайы комиссия бөлінуіне қарағанда, бұл жай ғана кикілжің емес, бір-бірінің авторлық құқықтарына едәуір нұқсан келтіретіндей, аса шиеленіскен, әрі оңай шешімі жоқ дауға айналды. Бұл мәселе жөнінде 1958 жылдары Б.Момышұлы А.Бектің келісімшарттық қателік жіберген бөлімдерін арнайы көрсетіп, Ресей Жазушылар одағының басқармасына бір емес, бірнеше шағым түсірді. Осы шағымдардың негізінде арнайы комиссия құрылып, жоғарыдағы құраммен бекітілді. Алайда бұл комиссия істің ақ-қарасын терең талқыға салған жоқ. Тіптен Момышұлы мен Бектің арасындағы келісімшартты заңсыз деп тауып, 1959 жылы 4 мамырда мәселені Бектің пайдасына шешіп берді...». Оқырмандар М.Кәтімханның бұл кітабынан көп мәліметтер алады. Б.Момышұлы туралы Болгар Армиясының әскери ұшқышы Лило Неновтың естелігінен үзінді келтіреді: «Кітапты жауып, үстел үстіне қойдым. Бірақ менің көз алдымнан Б.Момышұлының соғыстың алғашқы сағатындағы іс-әрекеттері мен тәуекелшіл бейнесі кетпей қойды...». Сонымен бірге Мәскеу түбіндегі шайқас, қазақтың батыр командирі Б.Момышұлы туралы алғаш шығарма жазбақ болып көптеген деректер жинаған, кейін жинаған деректерін А.Бекке беріп қойған жазушы А.Ю.Кривицкийдің өкініші туралы мәлімет алуға болады. М.Кәтімхан қазақ жазушылары Б.Момышұлының шығармалары туралы мардымды пікір білдіре алмай жатқанда, орыс жазушылары Е.Н.Пермитиннің, П.П.Вершигоралардың ыстық ықылас танытқанын ерекше шабытпен баяндайды. Латвияның қарапайым тұрғыны Константин Архангельский Б.Момышұлы туралы: «Б.Момышұлы – тұлға ретінде әлемдік деңгейге көтерілген азамат. Сондықтан да оған берілетін баға өте жоғары болуы керек...», деп жазды. Осындай мәліметтер кітапта кең орын алғаны М.Кәтімханның аянбай тер төккенін дәлелдеп тұр. Шынында, оқырмандар біле бермейтін А.Бек пен Б.Момышұлының арасындағы әдеби «шайқас» Момышұлының да, А.Бектің де, Мәскеу түбіндегі шайқас туралы жазам деп жаза алмай қалған А.Кривицкийдің әдеби өмірі кейінгі жазушы жастарға да сабақ болғаны сөзсіз. Елі үшін еңіреген Б.Момышұлының бүкіл ғұмыры шайқаспен өткен. Неміс фашистерімен шайқас, А.Бек және оны қолдаушылармен шайқас, өзіне қарсы шығып, аяқтан шалған қазақ жазушыларымен шайқас, әскери жүйедегі әділетсіздіктерге жол берген, жол берушілерге қол берген жоғары шенді офицерлермен шайқас, қазақ тіліне немқұрайды қарап, оның қолданыс аясын тарылтушылармен шайқас, т.б. Осы шайқастардың Б.Момышұлының денсаулығына әсер еткені де рас. Ұлы Абай сияқты «мыңмен жалғыз алысқан» Бауыржан Момышұлы тәуелсіздікті аңсап өткен азаматтардың бірі еді. Қатал тағдыр оны көруге мүмкіндік бермеді. Бірақ Момышұлы өз дегеніне жетті. Бүкіл әлемге жер бетінде қазақ деген ұлттың өр ұлт екенін, ерлігі әлемді таңдандыра алатын ер ұлт екенін айғақтап кетті. Бауыржантанушы М.Кәтімханның «Арпалыс» романының авторы кім?» деп аталатын ғылыми-зерттеу еңбегі Бауыржан Момышұлының күрсіністері мен өкініштерінен, қуаныштары мен жеңістерінен сыр шертетін шығарма болып шыққан. Оқырман қауым М.Кәтімханның осы кітабын оқып шығып, А.Бектің «Арпалыс», Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас» романдарының біз білмейтін құпияларына терең бойлай алады. Меңдібай ӘБІЛОВ, ғалым-жазушы