Заң

ЗОРЛЫҚТЫҢ ДА ТҮБІ – ҚОРЛЫҚ!

ЗОРЛЫҚТЫҢ ДА ТҮБІ – ҚОРЛЫҚ!

Отбасы – шағын мемлекет. Отбасындағы ынтымақ пен береке мемлекетті құраушы сапалы адами капиталды құрауға тікелей әсер етеді. Отбасы болған соң, әрине, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Дегенмен мамандар жыл өткен сайын елімізде зорлық-зомбылықтың көбейіп, шырқы бұзылып жатқан отбасылар санының артып келе жатқанын айтады.

Ішкі істер органдарының басым бағыттары­ның бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықты, әсі­ресе әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбы­лықтың ал­дын алып, онымен күресу. Тараз қалалық полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Анар Мұсаеваның айтуынша, күнделікті тіркелген қылмыстарға мониторинг жасалып отырады екен. Мәселен, орта есеппен күніне қала бойынша отбасы-тұрмыстық салада 6-7 хабарлама келіп түседі екен. Отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғасының сотта қаралғаны өткен жылмен салыстырғанда биыл 32,7 пайызға артыпты. – Жәбірленушінің жеке және отбасылық өмірі туралы мәліметтер құпия ақпараттар болып табылады, сондықтан жария етілмейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі туралы ішкі істер органдарына хабарласып, дер кезінде көмек көрсетілген отбасыларда одан әрі өршу деңгейі де төмен болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алуының отбасындағы құндылықтардың төмендеуі, маскүнемдік, жұмыссыздық, күнкөріс деңгейінің төмен болуы, қызғаныш сынды бірнеше себептері бар. Соңғы деректер бойынша, отбасындағы дау-жанжалдың туындауының басты себебі – ішімдік. Әйелдерге қарсы жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары өте үлкен проблемаларды тудыратыны белгілі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніміз – отбасының бір мүшесінің екінші мүшесіне немесе бірге тұратын, бірге тұрған жақын туыстарына, бұрынғы күйеуіне, не бұрынғы әйеліне көрсеткен зорлық-зомбылық түрі. Егер бір адам екінші адамға қатысты құқықбұзушылық немесе қылмыс жасамаса да, өзінің іс-әрекеттері арқылы екінші адамның өмірін қиындатса, ізіне түссе, жұмысына барып мазасын алса, ауызша немесе телефон арқылы хабарласып, туыстық, достық қарым-қатынастарды пайдаланып, қорқытып, психологиялық әсер етсе, жәбірленуші құқық қорғау органдарына шағымдануына болады. Оның өтінішінен кейін полиция қызметкерлері құқық бұзушымен профилактикалық әңгіме жүргізеді. Профилактикалық әңгіме жеткіліксіз болған жағдайда жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жәбірлеушіні полицияға жеткізіп, оған қорғау туралы нұсқама жазылады. Нұсқаманың арқасында оған тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, жәбірленушінің еркіне қарсы оны іздеуге, қудалауға, ауызша және телефон арқылы әңгіме жүргізуге, басқа да амалдарды қолданып байланыс жасауға, сондай-ақ денсаулыққа зиян келтіретін дене күшін немесе психикалық залал келтіретін әрекеттерге тыйым салынады. Қорғау нұсқамасы он алты жасқа толған, ақыл-есі дұрыс адамға қатысты шығарылады. Оның шығарылған уақыты мен орны, кімнің шығарғанын және кімге қатысты шығарылғаны, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасалған орны, уақыты және мән-жайлары көрсетіледі. Қорғау нұсқамасын шығару өткен жылмен салыстырғанда 32,7 пайызға артып отыр. Қорғау нұсқамасын бұзған тұлға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 461-бабы, 73-бабы («Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-әрекеттер»), 73-1, 1-1-бабы («Денсаулыққа жеңіл деңгейде зиян келтіру»), 73-2, 1-1-бабы («Ұрып-соғу») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Зорлық-зомбылық көмек көрсету мәселелері бойынша дағдарыс орталықтарымен өзара іс-қимыл жасасып отырады. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы өмірдің қиын және дағдарыс жағдайларына түскендерге уақытша паналауға жағдай жасау үшін 27 жатын орынға дейін қабылдай алады. Тәулік бойы 8 (7262) 45-59-57 сенім телефоны жұмыс істейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері күш көрсету, психикалық, сексуалдық және экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін. Жолданғандардың көбі күйеулерінің тарапынан зорлық-зомбылық көрген, баратын жер, басатын таулары жоқ әйелдер. Биыл жыл басынан бері облыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығынан 33 әйел, 84 бала көмек алған. Ал өткен жылы 22 әйел, 66 бала орналастырылып, көмек алды, – дейді Анар Бекзатқызы. Бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заңбұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдаулы. Ынтымағы бекем, ауызбіршілігі жоғары, тыныштық ұялаған шаңырақтың ұрпағы да саналы әрі дербес болады. Сондықтан отбасы берекесін кетірмей, татулықта ұстау – есті азаматтар ескеріп жүретін жайт. Айжан Өзбекова