Заң

Бүгінгі ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен екінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды. Заң мен тәртіп үстемдік құрған мемлекеттің тұғыры қашанда мықты болады», деп атап өтті. Осы орайда республикалық «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен елімізде іске асырылып жатқан «Жастардың құқықтық сауаттылығын және жастардың құқық қорғау органдарына деген сенім деңгейін арттыру» жобасы дер кезінде қолға алынды деп айтқым келеді.

 Жобаны іске асыру үшін бекітілген кестеге сәйкес нақты, кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды. Жуырда Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде, Құлан агротехникалық жоғары колледжінде ауқымды іс-шаралар өтті. Сол сияқты қыркүйек айының басында Сарысу ауданында өткен басқосуда мемлекеттік қызметтің имиджін жақсарту, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормасы мен тәртібі, мемлекеттік органдарға деген сенімін, қызығушылығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік таныту, халыққа адал қызмет көрсету мәселелері әңгіме арқауына айналды.

Аталған іс-шараларға «АMANAT» партиясының «Жастар рухы», «Студенттік Альянс», «Саналы ұрпақ», «Жас қыран» және «Жастар парламенті» клубының еріктілері, депутаттар қатысты. Ұлттық статистика бюросы жүргізген сауалнама бойынша, елімізде өртке қарсы қызметке сенетіндердің үлесі 72,1 пайызды, полиция органдарына се­­нетіндер – 57,5, прокуратураға сене­тін­дер – 57,1, сот жүйесіне сенетіндер– 55,2, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­метке – 43,4, экономикалық тергеу қыз­­­метіне сенетіндер үлесі 40,2 пайызды құ­раған. Көріп отырғанымыздай, бү­гін­де халықтың өртсөндірушілерге, поли­ция мен прокуратура органдарына сенетіндер үлесі жоғары. Елімізде қолға алынған мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениеті – «Ең алдымен адамдар» (алдымен идеология) қағидаты қалыптасуда.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да халықтың мемлекеттік қызметке сенімін арттыруда. Сол сияқты мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту туралы 2022 жылғы 13 сәуірде қабылданған заң да мемлекеттік органдарға деген жұртшылықтың сенімін жоғарылатуға бағытталған. Облыста мемлекеттік қызметтің 373 түрі көрсетіледі. Жылдың бірінші жартыжылдығында 7 миллион 180 мың 831 қызмет көрсетілсе, оның 98,2 пайызы – электронды түрде. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 1,2 пайызға артқан. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Берікбол Байхожаевқа осы жартыжылдықта 121 өтініш түсіп, 88 азамат жеке қабылдауында болған. Жастарға қатысты жасалатын қылмыстардың бірі – «некеге тұру» мақсатында жас қыздар мен әйелдерді ұрлау жағдайы.

Әдетте мұндай жағдай зорлау, жыныстық зорлық-зомбылық, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлау, бас бостандығынан заңсыз айыру, кейде өзін-өзі өлтіруге дейін әкеп соғады. Кінәлілер Қылмыстық кодекстің 125-бабы, яғни «Адам ұрлау» бойынша сотталады. Көп жағдайда жастардың құқықтық сауатсыздығынан мұндайға қылмыстық жауапкершілік бар екенін білмейді. Сондықтан Қылмыстық кодекстің 125-бабына «Неке қию мақсатында адамды ұрлау» деген жаза түрін қосу ұсынылады. Жыл басынан бергі 6 айлықта мемлекеттік органдардың 14 басшысы өздеріне бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның 8-і құқық қорғау органдарының, бесеуі орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, біреуі жергілікті атқарушы органдарының басшылары. Бұл органдарға халықтың, олардың ішінде жастардың сенімі, әрине, төмен болады.

Тағы бір күрделі мәселе – ол дәстүрлі ислам құндылықтарын жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру, себебі бүгінде мешіттерге барып жатқан қалың халықтың көбі жастар. Шындығында, діни сауатсыздықтың мәселесі қазір өте шиеленісті халде. Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын облыста іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары және «2022-2025 жылдарға арналған жастар арасында отансүйгіштік рухты тәрбиелеуге, құқықтық мәдениетті көтеруге, рухани-ізгілік және патриоттық құндылықтарға баулуға, жұмыссыздықты жоюға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді жоспар» облыстық прокуратурамен бірлесіп бекітілген.

Жоспар аясында жастар мен кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, рухани-ізгілік және патриоттық құндылықтарға баулу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың профилактикасы, отбасы-тұрмыс саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу бағыттарында 5 976 іс-шара өткізіліп, оған 172 340 адам қамтылды. Оның ішінде құқықтық кеңес беруге бағытталған 16 342 адамды қамтыған 657 іс-шара өткізілді. «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалымен бірге «Жастардың құқықтық сауаттылығын және құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру» атты «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді. Басқарманың «Қоғам сақшысы» жобасы аясында ғимараттардың қабырғаларындағы синтетикалық есірткі заттарын жарнамалайтын граффити жазуларды жою бойынша да жұмыстар атқарылған.

Тараз қаласындағы ықшамаудандардағы үйлердің қабырғаларынан және мектеп, балабақша қоршауларындағы есірткі заттарды жарнамалайтын кодтық сөздері мен байланыс нөмірлері бар 600-ден аса граффити жазу анықталып, облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің және волонтерлердің қатысуымен оларды өшіру бойынша 20-дан аса акция өткізіліпті. Сондай-ақ жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлесе кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз түнгі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы және түнгі уақытта қала көшелерінде жүрмеуін қадағалауға байланысты жедел рейдтік іс-шаралар және түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылуда.

Осы жылы 528 бірлескен рейд өткізілді. Сонымен қатар биыл «Jas-JOBALIKE» жастар арасында мемлекеттік бағдарламалар, кәсіпкерлік және стартап идеялар туралы ақпараттандыру және құқықтық, қаржылық сауаттылықты ашу жобасы іске асырылуда. Жоба аясында жастарға арналған ақпараттық медиа-платформа және әлеуметтік желіде парақшалар ашылды, сондай-ақ жақын арада «YouTube» арна ашу жоспарланған. «Jas Motive» атты жетістікке жеткен түрлі сала мамандарымен, жас жеке кәсіпкерлермен сұхбаттар, подкастар түсірілуде. Осы арқылы жастарға ақыл-кеңестерін жеткізу, тәжірбиесімен бөлісу, құқықтық қаржылық, кәсіптік сауаттылықтарын ашу көзделген. Одан бөлек әртүрлі санаттағы жастардың жазғы оқыту лагері ұйымдастырылды. Жоба аясында түрлі бағытта кәсіби біліктілік арттыру курстары, құқықтық сауаттылық, қаржылық сауаттылық және мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бойынша сабақтар жүргізілді. Жастардың құқықтық сауаттылығын, құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жалғаса береді.

Қасымхан Төлендиев,

«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс»

РҚБ облыстық филиалының директоры