Әлеумет

Студенттер мамандықтың қыр-сырына қанықты

Студенттер мамандықтың қыр-сырына қанықты

Кеше Тараз қаласында еңбек адамдарымен мотивациялық кездесу өтті. Алғашқы локация бойынша Жамбыл индустриалық-технологиялық колледжінің студенттері мен Тараз қаласында орналасқан «Гаухартас» мейрамханасының басшысы, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаевамен мотивациялық кездесу ұйымдастырылды.

Меруерт Қаттабайқызымен студенттер «Гаухартас» мейрамханасында жолығып, мейрамхананың жұмысымен танысты. Ондағы аспаздар тағам даярлау бойынша студенттерге шеберлік сабақтарын өтті. Іс-шара барысында Меруерт Лештаева өзінің еңбек жолын сөз етіп, ресторан бизнесіндегі қызықты оқиғалар мен өмірлік тәжірибесін бөлісті. Мейрамхананың даму жоспарын таныстырған спикер жастардың қойған сұрақтарына жауаптар беріп отырды. «Гаухартас» мейрамханасы үлкен және кіші залдарында бір мезгілде 600-ден аса адамға қызмет көрсете алады. Қазіргі таңда аталған мейрамхана 30-дан астам азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған. Бұдан кейінгі локацияда аталған оқу орнының студенттері Тараз қаласында орналасқан «AVTO SITY» техникалық жөндеу орталығына барды. Студенттерді кәсіпкер Нұрхат Қонаев қарсы алып, онда жастар техниканы жөндеу жұмыстарының қыр-сырына қанықты. Кездесу барысында автокөліктерге қызмет көрсету бойынша қарапайым май ауыстырудан күрделі қозғалтқышқа қызмет көрсетуге дейінгі жұмыстар көрсетілді. Орталық шеберлерінің көрсеткен тәжірибелік сабағы жастарға көлік қозғалтқышына қатысты тәжірибе жинақтауға арналды. Кездесу соңында Н.Қонаев өзінің кәсіпкерлік саладағы 15 жылдық тәжірибесін тілге тиек етіп, мекеменің бизнестегі әлеуетін әңгімеледі. Сондай-ақ ол студенттерді жұмысқа қабылдау бойынша ұсынысын жеткізді. «AVTO SITY» техникалық жөндеу орталығында жалпы 20-ға жуық маман күніне 50-ден астам атокөлікке түрлі деңгейде техникалық қызметтер көрсетеді екен. Қазіргі таңда маман даярлау ісі бойынша 80 жылдан астам тарихы бар Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінде жұмысшы мамандықтары бойынша 431 студент білім алып жатыр. Колледж наубайшы, кондитер, автомобиль жөндеу слесарі, техник-механик, жол-құрылыс машиналарының машинисі, компьютерлік аппараттық қамтамасыз ету операторы, дәнекерлеуші, электромонтер мамандарын даярлайды. Бұл оқу орны республика көлемінде жүзеге асып жатқан «Жас маман» жобасына қатысушы 180 колледждің қатарына енген. Колледжге институционалдық мамандандырылған аккредиттеу мәртебесі берілген. Оқу үрдісінде дуальдік және модульдік оқыту жүйелері қолданылады. Нәтижесінде студенттер мамандық бойынша екі біліктілік алуда. Бүгінде колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 84 пайызды құрайды. Жастар үшін осындай кездесудің артықшылығы мол. «AR-AI»-ақпарат