Жаңалықтар

ӨЗ ІСІНІҢ НАҒЫЗ МАМАНЫ

ӨЗ ІСІНІҢ НАҒЫЗ МАМАНЫ

Елі үшін жасалған ерлік те, еңбек те ескерусіз қалмайды. Бұл бүгінге дейін де талай батырлардың өмірімен дәлелденіп жүр. Сондай еленген ерліктің бір иесі – Әлімжан Тойжігітов. Ол өзі атқаратын өрт сөндірушілік ісіндегі ерлігімен жақында ғана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерлігі үшін» медалін алып келді.

Әлімжан Досмұханбетұлы Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау сержанты. Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылында дүниеге келген ол Б.Бесбаев атындағы мектепте оқып, М.Х.Дулати атындағы колледжден дене тәрбиесі мамандығын алған. 2015 жылы Алматы қаласы №7 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші лауамызында қызмет атқарған ол 2018 жылы Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қызметін жалғастырды. Әлімжан өрт сөндіру саласында қызмет атқарған мерзімде бірнеше өрт оқиғалары мен төтенше жағдайдарды жоюға белсене қатысты. Соның бірін атап өтуді жөн көрдік. 2019 жылы аталған өрт сөндіру бөліміне Тараз қаласындағы 5 мөлтек ауданында көпқабатты тұрғын үй өртке оранғандығы жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына бөлімінің жеке құрамы, яғни Әлімжан бастаған от жауынгерлері тілсіз жаумен арпалысуға шұғыл аттанып, өрт сөндіру жұмыстарын жүргізген. Өрт оқиғасы орнынан бірнеше адам құтқарылып, 30 адам қауіпсіз орынға көшірілген. Әлімжан Досмұханбетұлы мұнан өзге де түрлі сипаттағы өрт оқиғалары мен төтенше жағдайларды жоюға қатысты. Қиын сәттерде халықты қауіптен қорғау мақсатында көрсеткен көзсіз ерлігі үшін 28 жасар жігіттің мемлекетіміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан «Ерлігі үшін» медалін алуы маманға деген берілген әділ баға деп білеміз. – Еңбегімді елеп, марапатқа лайық деп таныған еліме, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа және өзім қызмет ететін саланың басшылығына ризалығымды білдіремін. Бала күнімнен атам, әкем, ағаларымнан, ұстаздарымнан халқыңның қауіпсіздігі, амандығы үшін ештеңеден аянбауды ұғынып өстім. Әрбір ер азаматқа бұл міндет деп білемін. «Елім» деген ерді халқы да «Ұлым» деп мақтан ететіні белгілі. Жасы үлкендер «Атаңның ұлы болма, халықтың ұлы бол!» деуші еді. Сол өсиеттің үдесінен шыға алғаным үшін өзімді бақытты сезінемін, – дейді ерлігімен марапатталған азамат. Жеке басының мүддесінен елінің бақытын биік қоя білетін азаматтар көп болсын дейміз.

Нұрболат ӨМІРЗАҚОВ, Жамбыл облысы ТЖД «ӨАҚЖҚ» ММ баспасөз хатшысы