Коронавируспен қоса келген қауесеттер
Коронавируспен қоса келген қауесеттер
Қазнетте тараған ролик кейіпкері COVID-19-ға қарсы егілгені жайлы айтып, вакцинациядан кейін «Bluetooth» сигналын шығара бастадым деп мәлімдейді. Әрине, мұның бәрі фейк. Ол видео желіде 2021 жылдың мамырында тарады. «Reuters» порталының фактчекерлері жазғандай, ролик бастапқыда пайдаланушы «TikTok» желісінің «@al_janabi» аккаунтында орналастырылған. Кейін видео жойылды, бірақ басқа әлеуметтік желілерге таралып үлгерді. Видеодағы адам айтып отырған вакциналардың ерекше «жанама әсері» дәлелсіз. Вакцинация нәтижесінде адамдар «Bluetooth» сигналдарын шығармайды және қабылдамайды. Қандай да бір сигналдарды жіберу немесе қабылдау үшін антенна қажет. Оның ұзындығы белгілі бір сигнал түрінің толқын ұзындығына байланысты болады. «Bluetooth» технологиясында антенна үш сантиметрден сәл асуы керек. Сондай-ақ видеода ер адам «AstraZeneca» вакцинасымен егілгенін айтады. Бұл препараттың бір құтысында сегіз адамға арналған доза бар. Демек, видео авторының логикасы бойынша, сегіз антенна болуы керек. Олардың барлығы пациенттерге көрінбейтін және препаратты шприцке құйып, оған антеннаның түсуін қамтамасыз ететін медбикелерге көрінетін болуы қажет. Бұның мүмкін емесі анық. Сонымен қатар препараттың құрамында антенналар мен басқа металл заттар жоқ. «AstraZeneca» вакцинасын ресми түрде мақұлданған әлемнің 149 елінде жүздеген мың адам алды. Бұл мемлекеттерде «Bluetooth» сигналдары түріндегі жанама әсерге қатысты ресми органдарға келіп түскен жаппай өтініштер тіркелген жоқ. Демек, таралған ақпарат ғылым мен ақылға қайшы келетін ескі фейк. Оған сенудің қажеті жоқ. Коронавирустық спайк ақуызы Әлеуметтік желілерде COVID-19-ға қарсы егілген ер адамдар ұрықтандыру қабілетінен айырылады деген ақпарат тарады. Бұл олардың жыныстық жасушалары SARS-CoV-2 коронавирусының спайк ақуызымен толығымен алмастырылатындықтан болады екен. Бұл рас па? Бұл ақпараттың көзі – зейнеткер дәрігер Арне Буркхардт. Зейнеткерлік демалысқа кеткенге дейін ол патологоанатом болған. Пандемия басталғалы COVID-19-дың алдын алу шараларына, кейіннен вакцинацияға қарсы мәлімдемелер жасай бастады. Оның сөздері Германия мен Грекияда жалған деп танылды. Буркхардттың егілген ер адамдар бедеулікке ұшырайды деген мәлімдемесі оның сөзімен ғана расталады. Оның айтуынша, ол зерттеу жүргізіп, биоматериал үлгілерін қараған, нәтижесінде қорқынышты заңдылықты анықтаған. Алайда ол ізденістерінің қорытындыларын жазбаша түрде ұсынбаған. Яғни Буркхардттың неше еріктімен жұмыс істегенін, биоматериалды қалай жинап, сақтағанын, қандай әдіспен зерттеу жүргізгенін тексеру мүмкін емес. Демек, эксперименттік ғылыми зерттеу болмаған, өйткені оның критерийлеріне сәйкес келмейді және оны жаңғырту мүмкін емес. Әртүрлі елдердің ғалымдары да COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған ерлердің жыныс жасушаларының сапасы мен санын талдады. Олар кәдімгі жыныс жасушаларының орнында масақ тәрізді ақуыздарды таппады. Өткен жылы Генуя университетінің ғалымдар тобы 101 ер адамнан вакцинацияға дейін және одан кейін алынған биоматериалдарды зерттеген. Жыныс жасушаларының сапасы мен санын салыстырмалы талдау барысында үлгілер арасында айтарлықтай айырмашылық анықталған жоқ. Сол жылы израильдік ғалымдар «Хадасса» медициналық орталығының ЭКО-бөлімшесінің пациенттері қатысқан зерттеу жүргізді. Бұл ретте бұрын COVID-19-бен ауырған және вакцинацияның толық курсын аяқтамаған ер адамдар қорытынды іріктемеге енгізілмеген. Қалғандарында тұқымдық сұйықтық үлгілері екі рет – вакцинацияға дейін және егудің толық курсынан кейін зерттелді. Нәтижелер биоматериал сапасында айтарлықтай өзгерістер болмағанын көрсетті. Демек, дәлелді медицинада егілген ер адамдар ұрықтандыру қабілетін жоғалтпайтынына сенімді айғақтар бар. Олай болса, Арне Буркхардттың пайымы негізсіз. Вирустың алғашқы ошағын жасырған Танымал қазақстандық «Telegram» чатта 2015 жылы болған коронавирустың алғашқы ошағын және Урал тауларына жасалған ядролық соққыны адамдардан жасырғаны туралы ақпарат тарады. Бұл рас па, анықтайық. 2015 жылы Оңтүстік Кореяда коронавирустың өршуі тіркелген. Бірақ біріншіден, оны ешкім жасырған жоқ, екіншіден, ауруды COVID-19-дың SARS-CoV-2 қоздырғышы емес, MERS коронавирусы тудырған. Коронавирустар – бұл вирустар тобы, оның 45 түрі бар. Олардың көпшілігі адамдар үшін қауіпсіз, төртеуі жалпы суық тиюді тудырады, қалған үшеуі – MERS, Sars-CoV және Sars-COV-2 ауыр ауруларға себеп болуы ықтимал. SARS-CoV-2-ден басқа барлық коронавирустар 2019 жылға дейін ашылып, зерттелген, демек, 2015 жылы Оңтүстік Кореяда коронавирус ошағының тіркелуі таңғаларлық жайт емес. Урал тауларына жасалған ядролық соққы туралы тезис дәлелденбеген. Хабарламада осы жарылыстың видеосына сілтеме тіркелген, іс жүзінде ол қастандық теорияларына арналған ресейлік «Telegram» арнасына апарады, ал онда мұндай видео жоқ. Урал тауларына ядролық бомба тасталғанына да ешқандай дәлел жоқ. 2017 жылы ресейлік БАҚ Оңтүстік Уралдың атмосферасындағы рутений-106 радиоактивті затының қауіпті деңгейі туралы жазған. Алайда кейіннен заттың концентрациясы шамалы болып, радиациялық қауіп туралы қауесеттер асыра айтылғаны белгілі болды. Ол кезде де ядролық бомба туралы әңгіме болған жоқ. Оқиғадан кейін бір жылға жуық уақыт өткеннен кейін орын алған жағдайды зерттеген арнайы комиссия радиоактивті изотоптың атмосфераға ену көзін анықтай алмады. Бірақ комиссия мүшелері оның шоғырлану деңгейі минималды екенін және адамдардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төндірмейтінін растады. Аймақта 2017 жылы ядролық бомба жарылған болса, оны жасыру өте қиын болар еді. Біріншіден, куәгерлер ядролық саңырауқұлақты, түтінді және жарылыстың басқа салдарын смартфондарға түсіретін еді. Екіншіден, жарылыс толқыны әсерінен міндетті түрде ғимараттардың қирауы болар еді. Үшіншіден, жарылыс кіндігіндегі барлық тірі жандар жанып кетер еді, өйткені ядролық бомба жарылған кезде күшті жылу сәулеленуі пайда болады. Төртіншіден, радиоактивті сәулеленудің күшті болуынан жарылыс эпицентріне жақын болған адамдар тірі қалмайды. Зардап шеккен аймақта болғандарда радиациялық немесе басқа аурулар дамитын еді. Урал тауларының жанында мұндай ештеңе болмағандықтан онда ешқандай ядролық бомба жарылған жоқ деп сеніммен айта аламыз. Хабарламада келтірілген үшінші тезисте әр президенттің қалай әрекет ету керектігін айтып отыратын «қожайыны» бар екендігі айтылған. Бұл – нағыз конспирология. Әлемді мықты, бірақ көлеңкеде жүрген адамдар басқарады деген теория «Deep State» немесе «терең мемлекет» деп аталады. Кез келген басқа қастандық теориясы сияқты ол да расталмайды. Қорыта айтқанда, таралған хабарламада келтірілген үш мәлімдеме өтірік болып шығады. SARS-COV-2-ні оқшаулаған ғалымға ақша төленеді Әлеуметтік желілерде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты бөліп алып, оқшаулағаны үшін 225 000 доллар грант бөлгені туралы ақпарат тарады. Кейінірек уәде етілген сома миллион долларға дейін өсті, бірақ бірде-бір ғалым SARS-CoV-2 бөліп шығара алмаған екен. Сондай-ақ хабарламада мутациялар, жаңа штамдар мен вакциналардың пайда болуы өтірік, өйткені коронавирус жеке вирус ретінде анықталмаған деп жазылған. Шындығында, таралған ақпарат – фейк. SARS-CoV-2 вирусы әртүрлі зертханалар мен елдерде бірнеше рет бөлініп алынып, оқшауланған және оның геномы толық сипатталған. Вирусты неге бөліп алу керек? Вирусты не екенін, қай топқа жататынын, қалай әсер ететінін, қалай өзгеретінін және адамның иммундық жүйесімен әрекеттесуін түсіну үшін егжей-тегжейлі зерттеу үшін оқшауланады. SARS-CoV-2-ні алғаш рет 2020 жылдың қаңтарында қытай ғалымдары бөліп алып, сипаттаған. Кейіннен ол АҚШ, Корея, Италия және Канадада оқшауланды. Яғни коронавирус ешқашан бөлініп алынбаған деген пікір қате. Сонымен қатар ДДҰ вирусты оқшаулау үшін миллион немесе 225 000 доллар бөлген емес. Бұл туралы ұйымның ресми сайтында да, басқа сенімді дереккөздерде де ақпарат жоқ. Демек, әлеуметтік желілерде тараған ақпарат – фейк. Біріншіден, коронавирус ешқашан оқшауланбаған деген мәлімдеме жалған. Екіншіден, ДДҰ вирусты оқшаулауға ақша бөлген жоқ. «Pfizer» директорының мәлімдемесі «WhatsApp»-та «Pfizer» фармацевтикалық компаниясының директоры кәсіпорын жасап шығарған COVID-19-ға қарсы вакцина мүлдем тексерілмегенін айтты деген ақпарат тарағанын білесіздер. Бұл шындыққа жанаспайды. Неге екенін түсіндірейік. Таралған ақпаратқа видео тіркелген, бірақ кадрларда «Pfizer» директорының мәлімдемесі жоқ. Оның орнына COVID-19-ға қарсы вакцинаның аурудың таралуын болдырмау қабілеті тексерілді ме, жоқ па деген сұрақ қойылады. Оны Нидерландтың Еуропарламенттегі мүшесі Роб Роос жолдайды. Оған «Pfizer»-дің халықаралық нарықтар жөніндегі президенті Джанин Смолл жауап бере бастайды, бірақ видео оның нақты жауабы аяқталғанша тоқтап қалады. Желіде оның толық нұсқасы бар. Онда Смолл ханым вакцина вирустың таралуын тоқтату қабілетін анықтау үшін тексерілмегенін айтады. Алайда бұл препарат пайдасыз немесе компания зерттеу жүргізген жоқ дегенді білдірмейді. Клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтар аясында ғалымдар вакцинаның бұрын ауру жұқтырмаған адамдарды COVID-19-дан қорғау қабілетін зерттеген. Нәтижелер препарат тиімді және ауру жұқтырған жағдайда аурудың ауыр ағымынан және өлімнен қорғау қабілеті жоғары екенін көрсетті. Яғни вакцинаны әзірлеудің мақсаты – вирустың таралуын тоқтату емес, адамдарды аурудың ауыр өтуінен және одан болатын өлімнен қорғау болды. Британдық «Full Fact» фактчекинг порталы «Pfizer» компаниясына жүгініп, түсініктеме алған. Олардың хабарлауынша, Смолл ханымның жауабы COVID-19-ға қарсы вакцина тексерілмегенін емес, оның тиімділігі туралы әдейі өтірік айтылғанын дәлелдейді. Демек, Джанин Смоллдың сөздері контекстен үзіп алынған және әдейі бұрмаланғанын білдіреді. Шын мәнінде, ол препаратты шығарар алдында ғалымдар SARS-CoV-2 вирусының таралуын тоқтатуды емес, бұрын ауырмаған адамдарда аурудың ауыр түрінің дамуын болдырмау мүмкіндігін зерттегенін айтқан. Пандемия және әлемдік тоталитаризм Желіде Еуропарламент депутаты Кристина Андерсонның сөзі тарады. Ол пандемия кезіндегі карантиндік шаралар өзіндік сынақ болды деп мәлімдейді. Осылайша әлемде тоталитарлық режим орнату қаншалықты оңай болатыны тексерілген. Бұл – конспирология. Кристина Андерсон COVID-19 пандемиясы, карантин және вакцинация туралы жалған мәлімдемелерімен белгілі. Яғни Андерсон бұл мәселеге қатысты біржақты пікірде, сондай-ақ конспирологиялық және ғылымға қарсы теорияларға сенуге бейім. Бұл оның алдағы тоталитарлық режим туралы сөздеріне де қатысты. Нақтырақ айтқанда, дәйексөзде әлемді басқаруға ұмтылатын «глобалистер» туралы айтылады. Мұндай терминология Жаңа әлемдік тәртіп туралы қастандық теориясының белгісі. Бұл идея мүлдем дәлелденбеген, ол бойынша, әлемде жасырын қоғам бар, оның мүшелері барлық әлемдік көшбасшылар үшін шешім қабылдайды және көлеңкеде қалып, бүкіл адамзаттың тағдырын шешеді. Карантиндік шектеулер мен локдаундар қандай да бір «сұр кардиналдардың» нұсқауымен емес, әртүрлі елдердің үкіметтерінің шешімімен енгізілді және адамдарды инфекциядан қорғауға бағытталды. Пандемия нәтижесіндегі зерттеулер локдаундардың COVID-19 таралуын тежеуге септігін тигізгенін көрсетуде. Пандемияның жоспарланғаны және онымен күресу шаралары адамдардың денсаулығын сақтауға бағытталмағанына дәлел жоқ. Мұндай теориялардың бәрі конспирологияға негізделген және нақты дәлелдері жоқ. Еуропарламент мүшесі Кристина Андерсон біржақты пікірде және COVID-19 туралы қастандық теорияларына сенеді, демек, оның сөздері сенімсіз және күдік тудырады. Қорыта айтқанда, таралған ақпарат – фейк. COVID-19 пандемиясы әлемде тоталитарлық режим орнатуға әкелмейді және оның мұндай мақсаты болды деген пікір ойдан шығарылған. Екпеден кейінгі өлім Әлеуметтік желі қолданушылары «The Lancet» ғылыми журналы COVID-19-ға қарсы вакцинациядан кейін қайтыс болғандардың 73,9 пайызы екпенің ағзаға зиянды әсерінен көз жұмғандарын дәлелдеген зерттеу жариялады деп жазды. Бұл рас па? Таралған скриншотта вакциналардың өлімге әкелетінін дәлелдеген зерттеудің атауы көрсетілген екен. Ол «COVID-19-ға қарсы вакцинациядан кейін қайтыс болғандарды тексеру нәтижелеріне жүйелі шолу» деп аталады Алайда «The Lancet» журналында бұл зерттеу ешқашан жарияланбаған, себебі бұл рецензияланған ғылыми жұмыс емес, препринт болған. Зерттеу туралы «Preprints with The Lancet» порталында жазылған. Онда ғылыми қауымдастық әлі мақұлдамаған рецензияланбаған жұмыстар ғана жарияланады. Порталда «Мұнда қолжетімді препринттер «Lancet» журналының жарияланымы болып табылмайды және «Lancet» журналының қарауында болуы міндетті емес». Қазіргі уақытта зерттеу мәтіні қолжетімсіз. «Preprints with The Lancet» мамандары тексергеннен кейін өшірілген. Мұның себебі ретінде «зерттеу нәтижелері зерттеу әдістемесімен расталмайды» деп көрсетілген. Демек, авторлар таңдаған әдіс вакцинациядан кейін қайтыс болғандардың 73,9 пайызы дәл осы препараттың салдарынан көз жұмғанын дәлелдемеген. Олай болса, Қазнетте таралған хабарлама жалған. «The Lancet» ғылыми журналы COVID-19-ға қарсы вакциналардың қауіптілігін дәлелдейтін зерттеу жариялаған емес. Қарастырылып отырған жұмыс рецензиядан өтпеген және ондағы тұжырымдар ғылыми тұрғыдан негізсіз болғандықтан алынып тасталған.