Соқыр сенім сан соқтырады
Соқыр сенім сан соқтырады
Жат ағым өкілдері «мәзхаб» ұғымының да мағынасын толық түсінбеген. Ханафи мәзхабын исламға жат нәрсе ретінде көріп, бидғат ретінде ұсынғысы келеді. Олардың пікірінше, мәзхабты ұстанбай, тек қана Құран мен хадис, сүннет талаптарын ғана ұстану керек. Мәзхаб бұрын Пайғамбар (с.ғ.с.) кезеңінде болмаған, бұл дегеніміз бидғат деп басқа сенушілерімізді адастыруда. Тек тікелей Құран және хадиспен амал ету үшін Имам Әбу Ханифа сияқты ғалым мүжтахид деңгейіне жетуі қажет. Ұлы мүжтахид ғалымдарының пікірлеріне назар аудармайтын және өз бетінше әрекет ететін сенуші өте оңай адасып, басқалардың адасуына себеп болуы мүмкін. Мәзхаб имамдары Құран мен сүннетке сүйене отырып, Алла Тағаланың тура жолына жетудің ең оңай және ыңғайлы жолын көрсетті. Сондықтан Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін сахабалар мен табиғиндер ғалымдарға және Пайғамбардың (с.ғ.с.) серіктестері арасында терең білім иесіне жүгінді. Құранда Алла Тағаланың өзі сенушілерге білімді, ғалымдарға жүгінуді бұйырды: «Егер сіз білмесеңіз, шынайы ілім иелерінен сұраңдар!» делінген. («Нахыл» сүресі, 43-аят). Ислам дінінде «ұстаз, тәлімгер, мұғалім» деген ұғым бар. Егер білімді адамға мұқтаж болмаса, онда әрбір сенуші тәлімгерсіз-ақ өз талабымен дінді игеретін еді. Сондықтан Алла Тағала дінді өз елшілері арқылы адамзатқа түсіндіріп отырды, ал біздің Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осындай тәлімгерлердің бірі болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін тәлімгерлердің рөлін сахабалар, табиғиндар және атбағұт-табиғиндар арасынан шыққан ғалымдар атқарды. Мәзхабтардың негізін қалаушылардың басты еңбегінің бірі – Құран мен сүннеттің талаптарын жүйелеу. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын терістеп, қазақ мұсылмандық мәдениетін жоққа шығару және мансұқтау үрдісі бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Ислам дінімен қатар, түркілік заманнан қалған әдет-ғұрыптар, шариғатқа қайшы келетін тәңірлік сенімнен қалған ырым-тыйымдардың көпшілігінің ғұрыптық жағы ғана бұрынғыша сақталып, сенімдік жағы, мазмұны мүлде өзгеріп кеткенін көбісі түсіне бермейді. Қазақи діни дүниетанымды өз бойларына сіңіре алмағандықтан және әртүрлі мұсылман мемлекетінен діни білім алып, солардың діни сенімін, діни танымын, діни тәжірибесін бойларына сіңіргендіктен қазір мұсылмандардың басы бір қазанға cыйыспайтын болды. Мұндай дертпен күресудің жолы асыл тектілігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды, бабадан қалған қазыналы әдет-ғұрпымызды ұрпағымыздың бойына сіңіріп өсіре алсақ, келешекте жастарымыз мұндай ағымдардың жетегіне ермейтіні анық. Аягөз ЕСЕН, облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу» орталығының инспекторы