АНА ТІЛІМІЗ БОСАҒАДАН ТӨРГЕ ҚАШАН ОЗАДЫ?
АНА ТІЛІМІЗ БОСАҒАДАН ТӨРГЕ ҚАШАН ОЗАДЫ?
Ол мәселені айта, айта тілімізге теріскен шықты. «Шәрбат, шәрбат дегеннен ауызға тәтті дәм келмейді» деген сияқты көтерілген мәселе, айтылған сөз, сан мәрте жазылған ой-пікір қоғамымызда еш қолдау таппай отырғаны қапаландырады. Елімізде негізгі іс-шаралар, Парламенттегі отырыстар, конференциялар мен конгрестер бұрынғы Кеңес заманында қалыптасқан дәстүрден еш арыла алмай келеді. Қай жерде болмасын орыс тілі үстем, басым болып тұр. Таяуда өткен референдум қарсаңында халықпен кездесулер аз болмады. Сонда көпшілік, «Қашан қазақ тілі еркін мемлекеттік тілімізге айналады?» деген сұрақтарға жауап таппай қиналғанымыз бар. Негізгі заңымызға біраз толықтырулар мен өзгерістер енгізілгенін біле отырып, қазақ тілі төңірегінде еш өзгеріс болмағаны біраз халықтың ішкі қыжылын шығарғаны белгілі. Әттең, өкінішке қарай, тіл мәселесі «жабулы қазан, жабулы» күйінде өзгерусіз қала берді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады» деген қанатты сөзі бар. Осы айтылған сөздің жаны бар. Егер тіл мәселесін жөнге қоймасақ тәуелсіздігіміздің болашағы бұлыңғыр. ...Жылдағы дәстүр бойынша қаңтар айының басында 2022 жаңа жылды қарсы алып, бір-бірімізді құттықтап, отбастарымызға бақ-береке, денсаулығымыз мықты болып, еңбегіміз жемісті бола беруін тіледік. Әрине, дәстүрлі Жаңа жыл кештері, корпоративтік банкеттер әр ұжымда болғаны да белгілі. Жас балалар үшін Жаңа жыл шыршалары әр облыста, қалаларда қызықты өтті. Барлығына хош делік! Сол жаңажылдық шыршаға драма театрына барып келген бесінші сынапта оқитын кішкене немерем Әзімхан: – Ата, шырша кеші орысша-қазақша өтті. Бірін түсінсем, бірін түсінбедім. Ағайлар неге барлығын қазақ тілінде өткізбейді? Шыршаға жиналғандардың барлығы қазақ мектептерінің оқушылары ғой, – деп төтеден сұрақ қойды. Шынымды айтайын, оның бұл сұрағына алғашқыда не деп жауап берерімді білмей састым. Кейін сұрап білсек, шынында да шырша қазақша-орысша аралас тілде өтіпті. Оны ұйымдастырған театр басшылығы екен. Көп жылдардан бері бір театрда қазақ және орыс труппалары қатарласып еңбек етеді. Театр әртістері балаларға жаңажылдық қойылымдарды қойып, қазақ әртістерімен бірге орыс актерлері де нәпақасын тапсын деген ниетпен жасалған іс-шаралары екен. Бұл не? Жалтақтық қанымызға сіңіп кеткендік пе, әлде әлі де бұрынғы құлдық санадан айырыла алмай жүргеніміздің белгісі ме? Жаңа жыл қарсаңында корпоративтік банкеттер де әлі күнге дейін орыс тілінде жүргізіледі. Дед Мороз бен Снегурочка (Аяз ата мен Ақша қар) келіп, бастан аяғына дейін репертуарын ресми тілде, яғни орыс тілінде жүргізуде. Сол сәттерде, қай мемлекеттің азаматы екенің, қай елде тұрып жатқаның есіңе түсіп, жүрегің қан жылап, тіпті, езіліп, санаңа салмақ түсіп, намысың қан қысымыңды көтереді. Неге қазақ актерлері осындай кештерге арнайы бағдарлама дайындап, әлгі орыс актерлері қалталарына басқан қаржы қазақ жігіттері мен қыздарының қалтасына түспейді? Қашанға дейін өзімізге-өзіміз ие бола алмай, бейшара халде жүре береміз? Қазақ қашан сілкінеді? Толқынды толқын, ойды ой, сөзді сөз қуады. Таяуда Алматы қаласына белгілі хирург-профессор ағамыз 80 жасқа толуына арналған тойына шақырды. Тойда жүзге жуық қонақ, олардың арасында елімізге есімдері жақсы таныс зиялы қайраткерлер де болды. Бір өкініштісі, той асабасы қазақ бола тұрып, тойдың басым бөлігін орыс тілінде өткізді. Баяғы әдетпен тағы да жан-жағыма зерделей қарасам, жиылғандардың арасында өзге ұлт азаматтарының саны төрт-бесеуден аспайды екен. Тілек, құттықтау сөз айтқандар да барынша орысша немесе жартылай дүбәра тілде сөйлеп, шынымды айтайын, тойды жұлма-жұлма етіп, жиынның берекесін кетірді. Қазақ болып тұрып, орыс тілінде сөйлегенді біразы өздеріне дәреже, мәдениеттіліктің белгісі деп ұғатыны қынжылтты. Елдің мақтанышы, ел тұтқасы болып жүрген зиялы қауымның бірі асабаға «тойды қазақша жүргіз, қарағым» деп ескертіп, ұсыныс жасамады. Қазақ тілі көлеңкеде қалып, мүсәпір халде екенін тағы да ұқтым. Әлгі той үстінде туған көптеген ой менің жанымды жегідей жеді. Осы орыстар алдындағы бодаулықтан қашан ажыраймыз? Оған не себеп? Өз тілімізді өзіміз қадірлемесек кім қадірлейді? Қазақ тілі қазақтарға керек болмағанда, оу, ол кімге керек? Содан кейін кімге өкпелейміз? Қазақша сөйлеуден неге қаймығамыз? Неден қауіптенеміз? Тағы да тағы сұрақтар менің берекемді алды. Алматыда қазақ бола тұра қазақ тілін білмейтін, сөйлемейтіндер көп екеніне налып, олардың санасы оянбай отырғанына қынжылдым. Тойдың соңын күтпей, орнымнан тұрып кетіп қалдым... Менің есіме журналист Жарылқап Қалыбайдың төңірегінде осыдан біраз жыл бұрын болған дау-жанжал түсті. Ұшаққа отырған журналист стюардессаға қазақ тілінде сұрақ қояды. «Мен сенің тіліңді білмеймін, білуге міндетті емеспін» деп стюардесса жанына бататын сөз айтады. Сұрағына ана тілінде жауап ала алмаған жолаушы реніш білдіреді. Содан жанжал басталады. Аяғы сотпен бітеді. ҚР «Авиация туралы» Заңның 56-бабының, 6-тармағында «Азаматтық ұшақ бортындағы қызметкерлердің барлығы мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі керек» деп тасқа басқандай етіліп жазылып тұр емес пе? Ендеше неге ұшақтың қызметкері заңды орындамайды. Біз қазақ пейілі кең, көңілі дархан халықпыз ғой. Егер әлгі қызметкер жылы қабақпен ишарат танытып: «Сәлеметсіз бе» деп амандасса, жадырап шыға келмейміз бе? Ал ұшақтағы қызметкер, демек ұлттық әуе компаниясының басшылығы бұл іске ешқандай да назар аудармайды. Бізде заңдық тетіктер баршылық, бірақ соны іске асыру, жұмыс істеткізу, орындау биліктің ғана емес, қоғамның да міндеті емес пе? Әрбір саналы, ойлы жанның заңды орындауы міндетті деп түсінгеніміз жөн. Бірде облыстық аурухана жанындағы кітапханаға бас сұқтым. Келер жылдың газет-журналдарына жазылу қызу жүріп жатыр екен. Өзіме керекті газет-журналдарға жазылып болып, кітапханашы Ләззатқа мынадай сұрақ қойдым: – Ұжымымыздың қызметкерлерінің 90 пайызынан астамы өзіміздің қаракөз қазақтар. Қазақ газеттерінен орыс тілде шығатын республикалық «Казахстанская правда», «Время и люди», облыстық «Знамя труда», қалалық «Jambyl-Taraz» газеттеріне (орысшасына) жазылуы едәуір көп. Орыс тілді журналистер жұмыссыз қалады деп жандарыңыз ауырады ма? Оған не себеп? Сол газеттер тау-тау болып аурухана бөлімшелерінде ешкім оқымай бұрқырап бос жатыр емес пе? Неге осыған көңіл бөлмейсіздер? – Ағай-ау, ол барлығымызға мәлім. Бірақ бізге тапсырыс жоғарыдан, яғни әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінен келеді. Оны орындамасаң әжептәуір сөз болады, қысымға түсесің. Содан үндемей, берілген тапсырманы орындаймыз. Құлаққа тыныштық керек, – деп жауап берді Ләззат ағынан жарылып. Оу, сонда, кімнің не оқуын, қай тілде оқуын ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері реттеп отыруы керек пе? Газет пен журналдарға жазылу неге бұрынғы компартия заманындағыдай ескі үрдіспен жүргізілуде? Бұл саясатпен қазақ газеттерінің тиражын және оқушыларын қайтып көбейтеміз? Қолдан, жасанды түрде орыс тіліндегі баспаларды қолдап отырғаннан не ұтамыз? Кімнің, не үшін өзге ұлттың «кетпенін шауып» жүрміз? Демек, бізде құлдық сана бойымызға әбден сіңіп, құлдық психологиялық жүйеден алшақтап кетпегеніміз рас екен ғой. Кейде маған біздің қазіргі қоғамымызды әлі де өткен дәуірдегідей орыстар билеп отырған сияқты көрінеді. Түркі халқының мақтанышы, елжанды Кемал Ататүрік: «Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн», деп қадап айтқан екен. «Билік қазақ тіліне неліктен селқостықпен қарап отыр?» деген сұраққа қазақ тілінің жанашыры, белсенді қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы былай деп жауап беріпті: – Біреуді кінәлаудың қажеті жоқ. Мысалы, Қазақстандағы билікке елді басқару үшін қазақша сөйлеуі керек. Осы алдында тұрған тарихи міндетті олар түсінбей отыр. Мәселен, Елбасының 2006 жылғы Жолдауын қара, журналистерге берген сұхбатын қара, бәрін айтқан. «Nur Otan» партиясы үлкен доктрина дайындады. Соның ішінде «Руханият және дәстүр» деген үлкен бөлім бар. Бұдан артық не керек? Соны мына биліктегілер түсінбейді. Жеке бастары үшін орысша сөйлеу оңай. Ал билік басында отырып жеке басыңның қамы жақсы болғанын емес, халқыңа жақсы болуын қарастыруың керек. Міне, осы жағынан олардың парасаты жетпей отыр. Басты себебі өздерінің балаларының келешегінен қорқады. Өйткені өз отбасындағы балалар орыс пен ағылшын тілдерінде оқып жатыр. Басты себеп осы...». Сондай-ақ «Тілге шырылдап халық жауы болған екі адамды атағым келеді. Ахмет Байтұрсынұлы мен Халел Досмұхамбетов. Әлі күнге дейін олардың еңбегін пайдаланып жатқанымыз жоқ. Ғалымдар оқымайды, басшылыққа алмайды. Біз өзге елдермен достаспасақ, жаһандануға кіре алмаймыз. Жауға да, досқа барсаң да сені сүйейтін, сенетін достарың болуы керек. Міне, Елбасының саясаты оң жақ көршімен де, сол жақ көршімен де әлемдегі барлық дамыған елдермен дос болу. Ал достасу үшін ағылшынның да, орыстың да тілі керек. Бұрынғы Президент Н.Назарбаев: «Қазақ тілі – ғажап тіл… Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Оған көңіл де, қаржы да солай бөлінеді. Қазақ тілі – өзіміздің ана тіліміз», деген сөзі еске түседі. Осы бір айтылған сөз санасы, намысы бар әр қазақтың баласына қамшы болуы керек. Өйткені қазақтың рухы, қажымас қайраты, өліспей беріспейтін намысы қазақ тілінде», деп жазады белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы. «Даңғой, атаққұмар ел болдық. Кезінде Әлихан Бөкейхан бастаған алашордашылар ұлттық автономия құратын кезде жапондық ұлттық мемлекет үлгісін қолдану идеясын көтерген екен. Қазіргі Жапония қандай, жетпіс жыл кеңестік жүйеде өмір сүрген біздің еліміздің жағдайы қандай?..», дейді қазақ кәсіпқой боксшысы, WBA FedeCarіbe тұжырымының чемпионы Қанат Ислам өзінің «Парасат» (2013, №8) журналына берген сұхбатында. «…Біз осы қасиеттен біртіндеп ажырап бара жатырмыз. Қазіргі қазақ ұлттық мінезден айрылды. Бойымызда жағымсыз қасиеттер пайда болды. Шындықтың бетіне тура қарауымыз керек, ежелгі грек, қытай жылнамаларынан бастап өткен ғасырдағы тарихи зерттеулерде ержүрек, қонақжай, мәрт, шешен мінезімен танылған қазақ ұлтының бойына қазіргі таңда жағымпаздық пен жалтақтық, жалпақшешейлік, жалқаулық сияқты дерт жабысты. …Менің жанымды жегідей жеп жүрген жағдай – менің ұлтымның атымен аталатын, халқының басым бөлігін менің ұлтым құрайтын, менің ұлтымның жерінде құрылған Қазақстан мемлекетінде менің ұлтымның мүддесі ескерілмейді. …Осыдан бірер жыл бұрын Алматыда өткен айтыста Бауыржан Халиоллаға: – Бауыржан-ау, «тіл, тіл» деп қақсағанмен, Біздермен осы кімдер санасып жүр. Мемлекеттік тіліміз Мәсімовтің, Мұртының арасында адасып жүр,– деп едім. Мәсімов жылы орнынан жылжыды, ал қазақ тілі сол сорға батқан күйінен арылған жоқ?! Ортасы пешпен бөлінген қоржын тамының төргі бөлмесін келімсекке босатып беріп, өзі ауыз үйге шыққан қазақ бүгінде сол келімсектердің қорасын пәтер ретінде жалға алып тұратыны менің намысыма тиеді…», деп қынжылады арқалықтық айтыскер ақын Айбек Қалиев («Парасат», 2013, №7). Осы жерде белгілі әнші Саят Медеуов бауырымыздың өзінің туған ауылы Қордай өңірінен оралғаннан кейінгі ой-толғауына көңіл аударайық: «Ана тіліміздің мүшкіл халі жүрек ауыртады. Үкімет тілді дамытуға жыл сайын қыруар ақша бөліп жатыр. Керегі бар ма осының? Халқыңды құрметтеп, тіліңді үйреніп алмағандарды ақшамен сатып алмақ па? Бос әңгіме. Ақшаны желге ұшыру, жеу. Кейде «осы біздің Қазақстан деген мемлекет әлі бар ма, қалды ма?» деп ойланып қаламын. Көшеге шығып қараңыз. Қазақша, тіпті, орысша да емес, бір жазулар қаптап кеткен. Қытай, ағылшын… Мен өзім Тараз топырағында туғанмын. Бірде достарыммен туған елге барып, қаланың шетіндегі бір мейрамханада бас қостық. Сол ауылдық асхана мен әжетханасын ағылшын тілінде жазып қойыпты. Содан әлгі жердің әкімшісін шақырдым. «Мына жерде қай ағылшын сенің дәретханаңды таба алмай адасып жүр, қай ағылшын сенің асханаңның табалдырығын тоздырды?» дедім. Қазақша жазса қара жер қақ айырылып, жұтып қоярдай күйде жүр бәрі. Әлгі дәмхана әкімшісі «Бастық мен емеспін» деп құтылды. Бұдан бөлек біз сауда дүкендеріне, дәмханаларға «халал» деп жазғанды сәнге айналдырып алдық. Қазақтың «адал» деген сөзін қолдансақ мәртебеміз төмендеп қалатындай жағдайға жеттік. Санасыздығымыз сонша, араб, орыс, кәріс, қытайдың сөздерін жазып, өзіміздікін өзекке тепкенді жетістік санайтын болдық. Менің ойымша, қазақтың тілін үйрену қиын емес. Тек жоғарыдан төменге қарай бағытталған нақты іс-шаралар керек. Елімізде тұратын өзге ұлт өкілдеріне де, шетелден келетін азаматтарға қазақ тілін мәжбүрлі түрде үйретейік. Көшедегі жол белгілерін, дәріхана, мейрамханалардың аттарын қазақша жазып қойсақ, өздері-ақ лезде біліп алады. Жан бағу үшін үйренеді. Ал біз…Жалпақшешейміз. Бізде намыс оянбай, жоғарыдағылар қара қазақтың перзенттері екендіктерін түсінбейінше тіліміз көгермейді. Өз тілін, мәдениетін қадірлете алмаған ұлтты ешкім сыйламайды. Тіліңді менсінбегендер төріңді де, тұтас еліңді де қадірлемейді. Мысалы, біз кейбір тамаша орыс әндерін тыңдай береміз. Себебі мағынасын түсінеміз. Ал орыстар қазақтың әні түгілі, сөзіне де пысқырмай келеді. Енді тіптен «керемет» болмақ. Орыс мектептеріндегі қазақ тілінің саны қысқарғалы жатыр. Шіркін, сол бастаманы көтерген министрді ойланбастан, сұрамастан бірден өлім жазасына кессе ғой. Ол ұлтына, халқына опасыздық жасады. Ондайлардың көк тиын құны жоқ. Бірақ ол министр де, оның жанындағылар да бұны түсініп отырған жоқ. Олардың пайымынша бұл мемлекетте тұтас қазақтың құны жоқ. Өмір осыны көрсетті. Орыс қазақты боқтаса да, шешен мен қазақ төбелесіп жатса да, тек қазақ сотталады. Неге? Себебі Қазақстанда қазақтың ғана сұрауы жоқ. Бір спортшы азаматымыз шетелде айыпталып жатыр. Ол дүбірлі додада алтын алса тұтас елі қуанады, тоқпақтай галстугы бар ағалары арқасынан қағады, ал спортшы жапа шексе ешкім пысқырып та қарамайды. Неге? Басқа ұлттың бәрінің құқы бар, өз қазағымызда ештеме жоқ. Орыс маған «орысша сөйле» десе оныкі дұрыс, мен орысқа барып, «қазақша сөйле» десем сотталып кетемін… Қазақстан Конституциясы қазақтан басқаның бәрін қорғайды. Тым бейшара халге түстік. Мен «Қазақстанда қазақтың мәртебесі өзгеден бір елі биік болса!» деп армандаймын. Айтқанның аузы, жылағанның көзі жаман. Егер министрді, басшыны сынасам, келесі бір концертке себепсіз шықпай қаламын. Біздің елде өткен жүзжылдықтың 37-ші қаһарлы жылдары тәрізді! Бірақ айтуға, жазуға міндеттімін. Өйткені дер кезінде айтылмаған сөз – жетім. Саясаткерлеріміз осы жағын неге түсінбейді? Қазақтың сөзін қазақ перзенттерінен басқа кім сөйлейді? Кей тірліктеріне қарап қазақтың саяси элитасын сырттан біреу мәжбүрлеп отырғандай көрінеді. Біреудің қолындағы қуыршаққа айналып, өз ұлтына қарсы жұмыс істеуде... Қазақтың басына бұғалық түскен… Бар қазақ басын ғана шайқап отыр, еркіңді бұғалық буындырған. Не бұғау, қайдан келді? Шынымды айтсам, жалпы қазақ қартайды ма деймін. Санасы езіліп, көресіні көре-көре шаршаған сияқты. Өзгелердің езгісіне түсіп, ары, намысы тапталып, жанышталып бара жатыр. Өз алдымызға ел болатын күн қашан туар екен. Біреудің қолтығынан шығып, біреудің қолтығына кіру саясаты бізге опа бермейді. Қолтықтың қолаңса иісіне биліктегілердің тұмсығы үйренген шығар, ал халық азаттықтың саф ауасын бір сәт болса да жұтты ғой… Бізді енді бір сақтаса – Құдай ғана сақтайды. Бір Алла қолдасын Қазақты!.. Кейде санымыздың аздығына да күйінемін. Қазағым алпауыт елдердің бір қаласының тұрғынындай-ақ. Неге екен? Қазақты көбейте көр деп мың жалбарынғанымызды Алла Тағала көргендей болып еді. Шетелдегі қандастардың бері ағылған көшіне билік саясаты тосқауыл қойды. Алла бергенді адам тоқтатты. Астапыралла! Ал басқалар өсіп жатыр. Көрші өзбек ағайындарды айтпағанда, еліміздегі дүнген мен ұйғыр ұлттарының саны зуылдаған жылдарға ілесіп, тез өсіп келеді… Жаны қазақ түсінбейтін осындай қарама-қайшылықтар өте көп. Жаныңды жегідей жейді… Дәрмен жоқ!» («Парасат», 2013, №11). Тәуелсіздік алдық, егемендікке ие болдық деп төсімізді керіп, бөркімізді аспанға атамыз. Бірақ отыз жыл өтсе де сөз, әрекет тәуелсіздігіне, әсіресе тіл тәуелсіздігіне қол жеткізбей келе жатқанымызды мойындауымыз керек. Ең сорақысы жоғарыдағы үлкен жиындар, алқалы отырыстар осы күнге дейін басым көпшілігі орыс тілінде өтіп жатқаны барлығымызға айдан анық. Бірен-саран шенеуніктер ғана анда-санда қазақ тіліне сүйенеді. Бүгінгі билік иелері бұл күндері «орыс тілді» және «қазақ тілді» делініп екі топқа бөлініп кетті. Таразыға салсақ, «орыс тілді» топ басым болып, әзірше солардың айтқаны жүріп тұр. Олар өзінің ана тіліне шорқақ, ал ағылшын тілінде кез келген ағылшын азаматын шатастырып, сайрап тұр. Оларға не дерсің? Ана тілімізді білмей тұрып, басқа тілде бұлбұлша сайрағанынан не пайда? Ұлттық намыс, ұят, ар қайда? Елін, жерін, тілін құрметтеген, жанындай сүйген аварлық ақын Расул Гамзатовтың «Егер ана тілім ертең өледі десе, мен бүгін өлуге дайынмын» деген сөздері түсінген адамға қандай керемет сөз! Осындай ұлтжанды жанның біздің арамызда аз екеніне қынжылып, тіліңді шайнап, күйінумен қанша уақыт жүре береміз? Қайран да, қайран қазағым!.. Қазіргі бейшаралықтан, ынжықтықтан қашан, қалай құтыламыз? Не амал бар? Ана тіліміз босағадан қашанғы сығалап тұра береді? Кейде, тіпті дүкендердің, мекемелердің, кеңселердің, ұжымның паспортын тек қазақ тілінде жазғанымыз орынды болар деген ой келеді. Қазақ елінде тұрып неге орынды, орынсыз орыс тілін жағаластырамыз? Кім бізге «тәйт» дейді? Неге әлі жалтақтықтан арыла алмай келеміз? Қашанғы «Ұлы халық» атанып жүрген көршілерімізге басымызды ие береміз? Білім саласындағы аралас мектептердің мәселесін де тым соза бермей, таяу жылдары шешкеніміз жөн. Аралас мектептің залалы қазақ балаларына аяусыз әсер етуде. Бұл да ойда болған жөн. Қазақ тілінің болашағына күмәнмен қарайтын қандастарымыз бұрынғыдай қазақ мектептерін қойып, балаларын, немерелерін орыс мектептеріне беруде. Өйткені орыс тілін білмейтін жастардың жоғары білімі бола тұра қазіргі өмірден орын табуы, қызметке орналасуы өте бұлыңғыр. Билік басындағылар орыс тілін терең білмеген, орыс тілінде құжат жүргізе алмайтын оларға осқырып қарайды, тіпті менсінбейді. Көптеген салада (медицинада, ішкі істер ведомствосында, әскерде және т.б.) құжаттар, іс қағаздары әлі тек орыс тілінде жүргізілуде. Сөйтіп ана тіліміз уақыт келе «өлі тілге» айналып кетпесе екен деген үрей сығалайды. Әнеу бір жылдары жас балаларды үштілділікке (қазақ, орыс, ағылшын) үйретейік деген талап қойылды. Тіпті сенатор Дариға Назарбаеваға үштілділік «тақиясына тар болып», «балаларымызға қытай тілін де оқытуымыз керек» деп ұсыныс бергені есімізде. Айналайындар-ау, ойласаңдаршы, ақыл-сезімі, ой-парасаты қалыптаспаған жас бала қалай төрт тілді меңгереді. Милары одан әрі «атала» болып кетпей ме? Барлық баланың қабілеті бірдей емес қой. Қарапайым қазаққа ана тілі тұрғанда, ағылшын, қытай тілі ертең керек пе? Неге соны ойламаймыз, сезінбейміз? Байқағанымыз, біздің елдің білім саласында жаңа реформаторлар жыртылып-айрылады. Әлгі, қазақтың «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, бүйректен сирақ шығарып, билікке көрініп қалғысы келген пысықайлар әртүрлі ұсыныс жасауға шебер-ақ. Әйтеуір, артын ойламайтындар, таяз ой түйетіндер бүгіндері басым болып тұр. Еріксіз ертеден, ата-бабамыздан келе жатқан «Ит сүйек жұтарда, артына қарап жұтады» деген сөзі ойға келеді. Мына мың құбылған беймаза, сайқымазақ уақыт бізді қайда алып барар екен? Бордай тозып, келе-келе ана тілімізден айырылып жүрмесек жарар еді деп ой қаузайсың. Біз білімді әрі білікті, ұқыпты және жауапты, іскер де еңбекқор жұрт болуымыз қажет. Бұл – ұлы Абай айтқандай, «толық адамның» айқын көрінісі. Оған қоса, әркімнің жеке қасиеті мен мақсаты елдік мүддемен тығыз астасып, патриотизмге ұласуы керек. Осы ойлар келешекті болжап, саналы пікір айтатын көпшілікті мазалайды. Қанша айтылса да, басылымдарда ұлтжанды азаматтардың жанайқайы мезгіл-мезгіл жарияланып жатса да, әйтеуір, ана тіліміз өз дәрежесінде қоғамымызда қолдау таппай-ақ қойды. Соны ойлайсың да, жүрегіміз жылап тұрып «Қашан осы бойымыздағы селқостықтан, тоғышарлықтан, енжарлықтан, жалтақтықтан, бодандық құрсауынан арыламыз? Сырттан кім келіп біздің ана тілімізді мемлекеттік дәрежеге көтереді? Бодандықтан арылар күн қашан туады?» деп намыс оты ойнап, қапаланатынымыз рас. Намысым менің, намысым, Қазақтың ары, нарысың! Тілің мен дінің, діліңді, Қорғай алмасаң бәрісің. Рухың биік болсыншы, Қазағым, менің намысым! – деп кезінде «Желтоқсан желі», «Анамның тілі», «Фариза», «Толғанай» және де басқа әндерімен елге танылған сазгер-ақын, жерлесіміз Әбиірбек Тінәлиевтің жырымен біз мақаламызды аяқтаймыз. Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл облысының Құрметті азаматы