Дін

ИСЛАМ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ

ИСЛАМ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ

Жер бетіндегі барлық діндер бейбітшілік, рақымдылық, әділдік сияқты жоғарғы құндылықтарға негізделген. Солардың ішінде ең соңғы кемеліне келген әрі мейірім мен рақымдылықты ту еткен дін – Ислам діні. Ислам сөзінің балама мағыналарының бірі «бейбітшілік», «амандық», «тағаттылық» деген сөздерді білдіреді. Қазақ қоғамында дәстүрлі сәлемдесу түрінде «ассәләму ғалейкум» сөзінің түбірі «салима», «юслиму» Алланың саған бейбітшілігі болсын, амандығы болсын» деген мағыналарды білдіреді екен. Сонымен қатар «салам» Алла Тағаланың көркем есімімен толық сабақтас. Ал шариғаттағы мағынасы толық мойынсыну, Алланың алдында парыздарды орындау, одан басқа жалған құдайларға табынбауды меңзейді.

Ислам діні келгенге дейін Византия және Парсы секілді алып империялардың әскері жаулап алған халықтарына өздерінің діни наным-сенімін күштеп міндеттейтін болған. Кейін ислам діні келген уақытта адамзат баласын отарлау мен құлдық атаулыдан, зорлық-зомбылықтан азат еткен. Ислам діні бейбіт дағуатпен таратуға бұйырып, күшпен міндеттеуге түбегейлі қарсылық білдіреді. Оған дәлел – Алла Тағала Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінде «Дінде зорлық жоқ! Тура жол мен теріс жол ақиқат пен жалғанның аражігі ажыратылды» дейді. Атақты Құран тәпсіршісі Ибн-кәсир бұл аятты былай түсіндіреді: «Ешбір адамды ислам дінін мәжбүрлікпен қабылдатуға болмайды Себебі ислам – анық әрі нақты дәлелдермен айқындалған дін. Алла Тағала тура жолға салған пендесін ақиқатқа көзі жеткен күйде қабылдайды. Ал тура жолдан мақрұм қалған пендесін мәжбүрлікпен қинап дінге шақырудың пайдасы жоқ. Бұл аят алғашында аңсарлардың бір қауымына түскеніне қарамастан, оның үкімі барлық адамдарға ортақ» деген екен. Бүгінгі таңда «қарулы жиһад жасау керек» деген ұранды желеу етіп жүрген топтар өздерінің діни сенімдерін «мұсылмандар «кәпірлермен» соғыспайынша ислам өркендемейді, Ислам дағуаты тек қылыштың жүзі арқылы тарайды, дінге көнбегендерді зорлықпен көндіру керек» деген ұстанымдарға негіздейді. Олар тарихта исламның жер бетіне кең таралуы тек соғыс арқылы іске асты деп есептейді. Негізінде «ислам қылыштың күшімен тараған» деген ұран ислам дініне сырттан таңылған жала. Мұның астарында таза исламның артынан күйе жағу, исламофобиялық пікір туғызу, ислам дінін қатыгез, сұрапыл бейнеде көрсету саясаты жатыр. Шындығында, ислам діні қылыштың күшімен емес, бейбіт дағуат арқылы тараған. Қазіргі таңда 270 миллионға жуық халқының шамамен 90 пайызы ислам дінін ұстанатын Индонезия, Малайзия елдерінде тарихта көрініс тапқан, исламның алғашқы кезеңдеріндегі соғыстар дінді өзгелерге зорлықпен мойындату мақсатында емес, хақ дінді жеткізу жолындағы қарсыластарға жауап беру үшін жүргізілген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Дін – насихат!» деген. Алла Тағала Құранның «Нахыл» сүресінің 125-аятында: «Дінімді тек даналықпен әрі көркем түрде жайыңдар» деген. Ендеше ислам дінінде күштеп шақыру қағидасы жоқ. Әркім өз қалауымен дінге келуі керек. Иман мен ізгі амал күштеуге емес, көркем таңдау мен көңіл ризалығына бағынышты болғандықтан сенім үшін мәжбүрлеуге жол жоқ. Тек ұсыныс жасалып, дінге шақырылады. Құранда: «Егер Раббың қаласа еді, әрине, жер жүзіндегілердің барлығы түгелдей иман келтірер еді. Адамдарды иман келтіруге сен зорлайсың ба?» («Юнус» сүресі, 99-аят) деген аят бар. Сол себепті дінге кіруі үшін ешкімге күш қолданылмайды. Өйткені мәжбүрлі түрде жасалған иман – Алланың алдында шынайы иман болып саналмайды. Сөзіміздің соңында қазіргі заман ақпараттық майданның алаңына айналды. Кейбір жастарымыз өзімбілемдікке салынып әлеуметтік желілерден рухани сұрақтарға жауап іздеуінің салдарынан кейбірі деструктивті жат діни ағымдардың жетегінде кетіп, сол ағым мүшелерінің саяси мақсат-мүдделерінің жолында қолшоқпарға айналуда. Жат діни ағым мүшелерінің ең бірінші мақсаты – жоғарыда айтып өткендей, ислам дінінен жирендіру. Экстремист, террорист, құбыжық діні ретінде көрсету. Халықтың арасына бүлік салу арқылы мемлекеттің біртұтастығына нұқсан келтіру екені анық. Бұл қазіргі қоғамның үлкен қасіретіне айналып отыр. «Дінді дұрыс түсінсең –қасиетің, бұрыс түсінсең – қасіретің» демекші, асыл дінімізді шынайы түсінуге тырысайық. Баилхан ҚҰЛНАЗАРОВ, облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» басшысының орынбасары