Әлеумет

Мәрттік танытып, жұмыс орнын жастарға берген

Мәрттік танытып, жұмыс орнын жастарға берген

Қазіргі таңда зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа шықса да жұмыс істеген орнынан кеткісі келмей, айналсоқтап жүретін егде жастағы көкелеріміз жетерлік. Мұндай қадамға баратындар – көбіне кезінде қызметкер болғандар. Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз зейнетке шығуға 3 жыл қалғанда өз еркімен жұмыстан шыққан екен. Мойынқұм ауданындағы Бірлік ауылының тұрғыны Абдолла Асановқа жұмыс орны үш жылдың зейнетақы жарнасының 50 пайызын өтеп беру міндетін мойнына алған, ал ол осы сәтті пайдаланып, өзінен кейінгілерге мүмкіндік берген.

– Ұлтым әзірбайжан, жақында 62 жасқа толамын. 1979 жылы байланыс торабының өз ауылымдағы автоматты телефон стансасына мантер болып жұмысқа тұрдым. 1980 жылы Алматы қаласындағы қазіргі Алматы энергетика және байланыс университетіне оқуға түстім. Екі жылдан кейін әскер қатарына шақырылдым. 1984 жылы әскерден келіп, оқуымды қайта жалғастырдым. 1986 жылы аудандық байланыс торабына электр механигі болып жұмысқа тұрдым. Сол жылы Бірлік ауылындағы автоматты телефон стансасына учаске басшысы болып бардым. 1991 жылы осы мекеменің аймақтық байланыс жүйесіне ауысып, 2007 жылға дейін еңбек еттім. Сол кезде қарамағымда 4 мантер, 4 электр механигі болды. Біз Бірлік-Шу, Бірлік-Мойынқұм арасындағы халықаралық байланыс жүйесіне жауапты болдық. Кеңсеміз Шу ауданында еді. Дегенмен ол кездер тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болғандықтан жүйеде түрлі өзгерістер болды. 1994 жылы біздің мекеме байланыс саласынан дербес шаруашылық субъектісі ретінде бөлініп шығып, «Қазақстан телекоммуникациясы» Ұлттық корпорациясы негізінде 1996 жылы желтоқсанда «Қазақтелеком» ашық акционерлік қоғамы болып құрылды. 2000 жылдары қолданыстағы жабдықтарды цифрлық жабдықтарға ауыстыру жолымен байланыс жүйелерін жаңғырту, ұялы, жинақы және басқа байланыс түрлерін енгізу жұмысы шұғыл қолға алынды. 2007 жылы аймақтық байланыс жүйесі жойылып, мен Бірлік ауылына қайта бардым. Сол кезде біз қайтадан Мойынқұм ауданына қарадық. Онда инженер болып 11 жыл еңбек еттім. Қасымдағы монтердің штаты қалып, менің штатым ауданға ауыстырылды. Осылайша 2018 жылы «Қазақтелекомның» облыстық дирекциясының Мойынқұм аудандық филиалына инженер болып жұмысқа орналастым. Ол кездегі лауазымым басшының орынбасарлығы еді. 2021 жылға дейін тапжылмай еңбек еттім. Біздің компания тәртібі бойынша, 60 жасқа толғандырдың жұмыс істеуіне де, жұмыстан өз еркімен шығуына да болатын қағидасы бар. Басшылық менен жұмыста қалу-қалмауымды сұрағанда, ойлана келе, 2021 жылы 60 жасқа толғанда жұмыстан шықтым. Ақыры зейнетақы жарнасын акционерлік қоғам төлеп беріп жатса, онда жастарға орнымды берейін деп шештім. Қазір ауыл арасында жеке көлігіммен жолаушы тасып күн кешіп жатырмын. Табысым отбасымды асырауға жетеді, – дейді Абдулла Байбозұлы. Әйелі Гүлмира Асанованың ұлты түрік, үй шаруасындағы адам. Жұмысы – есік алдындағы бау-бақша мен үй құстарын күтіп-баптау. Мектеп жасында бір қызы бар. 9-сынып оқитын Назли Асанова ақынжанды. Өлеңдері «Мойынқұм таңы» газетінде жарияланады. Қазақтың батыр ұлы – Қ.Рысқұлбеков пен шопандардың атасы Ж.Қуанышбаевқа арнап шығарған өлеңдері бар. Абдолла Асанов бар бақыт пен береке-байлық еңбекте жатқанын айтады. Монтер, электр механигі, инженер болып еңбек еткенде когтиін арқасынан тастамаған кейіпкеріміздің жүріп өткен жолы өзгеге үлгі боларлық-ақ. Нұрым СЫРҒАБАЕВ