Әлеумет

Меркіде мүмкіндік мол

Меркіде мүмкіндік мол

Меркі ауданында 14 ауылдық округ, 45 елді мекен бар. Мұндағы 89 мыңға жуық тұрғынның 69,6 пайызы қазақтар. Қалғаны өзге этнос өкілдері. Халықтың 17 мың 400-ге жуығы аудан орталығы Меркі ауылында тұрады. Жаңашылдықты жатсынбайтын әрі халқы еңбекқор ауданда жиырма шақты қоғамдық бірлестік өздерінің жарғыларына сәйкес жұмыс атқаруда.

Мәселен, екі үкіметтік емес ұйымның жұмысы этномәдени бағытында болса, тағы бірі халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарымен жұмыс істейді. Аталған екі этномәдени бірлестік 8 этносаралық және конфессияаралық қатынастарды, қоғамдық келісімді нығайту бойынша өз үлестерін қосуда. Сол секілді спорт саласында, жастар мәселесі және салауатты өмір салтын сақтау, қайырымдылық, ардагерлер мәселесі, оралман және мигранттарға қызмет көрсету бағыттары бойынша жұмыс атқарып жатыр. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар барлық мерекелермен тығыз қарым-қатынас орнатып, қоғамға ортақ шаруаға белсене араласуда. Осы жылы ауданда ауызсу жүйесін ағымдағы жөндеу мақсатында Құмарық елді мекеніне 42,9 миллион теңге және Қайыңдысай ауылына 64,5 миллион теңге қаражат қарастырылып, конкурс өткізу ұйымдастырылып жатқан көрінеді. Қарасу ауылын табиғи газбен қамтамасыз етуге 149,1 миллион теңге және Мыханды ауылына 108 миллион теңге қаражат қарастырылып, бүгінгі күнге Мыханды ауылында жұмыс толық аяқталыпты. Ал Қарасу ауылында құрылыс жұмыстары әлі де жүргізілуде, құрылысты 1 қазанда аяқтау жоспарланған. Ауданда жол жөндеу жұмыстары да ырғақты жүргізіліп келеді. Тәтті-Сарығобы жолының 85 шақырым профилін тегістеуге 160 миллион теңге, Меркі-Қасқасу-Сандық жолының да дәл осындай жұмысы үшін 58 миллион теңге, Ақкөз Қайнар ауылының кіреберіс жолын орташа жөндеуге 33,7 миллион теңге, Мыңқазан ауылының да кіреберіс жолын орташа жөндеуге – 15,4 миллион теңге, Жауғаш батыр ауылына кірер жолды орта жөндеуден өткізуге 113 миллион теңге бөлініпті. Бүгінгі таңда Жауғаш батыр ауылына кіреберіс жолдың жөндеу жұмыстары аяқталған. Қалған 4 нысан бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ақжол ауылында құны 452 миллион 417 мың 520 теңге болатын 80 орындық мектеп бой көтеруде. «ТемирСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмысын алдағы қараша айында аяқтамақшы. Аспара ауылында да 150 орындық мектеп салынуда. Құрылысын «Жігер» ЖШС жүргізіп жатқан нысанның құны 636 миллион 277 мың 607 теңгеге бағаланған. Ғимарат келер жылдың қаңтар айында пайдалануға беріледі. Үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін №48 мектеп жанынан 200 орындық, №21 мектеп жанынан 150 орындық жапсарлас ғимарат салу жұмыстары жүргізілуде. Мұны сөз етіп отырғанымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені аталған құрылыс жұмыстары арқылы жергілікті тұрғындар уақытша және тұрақты жұмыспен қамтылуда. Мәселен, ауданда жыл ішінде 1 миллиард 665 миллион теңгеге 30 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделсе, осы арқылы 58 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланыпты. Бүгінде 618,5 миллион теңгенің 14 инвестициялық жобасы жүзеге асып, 31 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ауылшаруашылық саласына инвестиция тарту жұмысы бойынша 2027 жылға дейін 77 жобаны жүзеге асыру арқылы 577 жаңа жұмыс орнын ашу мақсат етілген. Оның ішінде биыл 17 жобаны жүзеге асыру арқылы 88 адам жұмысқа орналасады деп жоспарланыпты. Оның ішінде 58-і біртіндеп тұрақты жұмысқа орналасып жатса, қалған 30 адам уақытша жұмыс орнымен қамтылуда. Жалпы ауданда халықты жұмыспен қамту ісі «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Аталған жобаны жүзеге асырудағы басты мақсат – кәсіпкерлік саласына тың серпіліс беру арқылы бос жүрген азаматтарға өз ісін ашуға мүмкіндік беру, оларды әртүрлі оқыту курстарынан, қайта даярлаудан өткізіп, жұмыспен қамту. Шағын және орта бизнесті дамыта отырып, экономиканың салаларын әртараптандыру, кәсіпкерлікті бәсекелестікке қабілетті ету. Бүгінде осы ұлттық жоба аясында Меркі ауданында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 4 574 тұрғынды тарту жоспарланған екен. Оның ішінде қысқамерзімді оқытуға – 130, жұмыс берушінің жұмыс орнында оқытуға – 40, онлайн оқытуға 133 адамды жіберу, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 400 меркілікті оқыту көзделіпті. Осы арқылы 100 адамға қайтарымсыз қаржы беру, 25 өренге 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беру, бос жұмыс орындарына – 2 716, әлеуметтік жұмыс орнына – 60, «Жастар тәжірибесіне» – 275, ақылы қоғамдық жұмысқа – 580, «Алғашқы жұмыс орнына» – 47, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына – 2, «Күміс жас» жобасы бойынша 66 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған екен. Осы орайда біз аудандық мансап орталығының директоры Ербол Дүйсебаевпен тілдесіп, халықты жұмыспен қамтуда межеленген жоспар қаншалықты деңгейде орындалып жатқанын сұрадық. Ол жұртты жұмыспен қамту жүйелі жүзеге асырылып жатқанын сөз етті. – Біздің орталыққа жыл басынан бері 3 544 адам қайырылса, оның барлығы да жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Осылайша жоспар 77,5 пайызға орындалды. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 694 азамат оқып, 49 адам грантқа қол жеткізді. 25 жас азаматқа жеңілдетілген несие беріліп, онлайн оқыту курсына 143 тұрғын жіберілді. Бос жұмыс орындарына – 1 533, әлеуметтік жұмыс орнына – 110, ақылы қоғамдық жұмысқа 808 адам жолданды. «Күміс жас» жобасы бойынша – 69, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен – 91, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында – 20, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы арқылы 2 азамат жұмысқа тұрды. Қысқамерзімді оқуға 130 адамға 23,9 миллион теңге бөлу жоспарланды. Жұмыс берушінің жұмыс орнында оқытуға 40, онлайн оқытуға 133 адам жолдану керек болса, меже артығымен 143 адамға орындалды. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша да жұмыс жүйелі жүруде. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз грант бойынша 100 адамға 138 миллион теңге бөлініп, 49 азаматқа 67,6 миллион теңге берілді. Субсидияланған жұмыс орындарын сөз етсек, әлеуметтік жұмыс орындарын құру бойынша қолға алынған іс аясында 110 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру жоспарланған еді. Аудандағы 22 жұмыс беруші жеке сектор – «Расул», «Табиғат», «Ажар» шаруа қожалықтары мен «Рамазан и К», «Уалиев Е.» секілді тағы да басқа жеке кәсіпкерлермен келісімшарт жасалып, 110 адам жұмысқа тұруға жолдама алды. Оның ішінде 16 азамат өз еркімен жұмысын аяқтаса, 11-і тұрақты жұмысқа орналасты. Қалған 94 азамат жұмысын жалғастыруда. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі жастар саны – 25. «Жастар тәжірибесі» бойынша 275 адамға жылдық жоспар түзіліп, орталық аурухана, аудан аппараты, орталық кітапхана секілді аудандағы 48 жұмыс берушімен, оның ішінде 9 жеке сектормен 98 азаматты жұмысқа орналастыру жөнінде келісімшарт жасалды. Қазір 26 азамат мерзімі аяқталуына байланысты жұмысын тоқтатса, 17-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Қалған 65 адам әлі еңбек етіп жатыр, – деді ол. Ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 81 мекемеге 580 адам жіберу көзделсе, оның ішінде жеке сектор саны – 49. Дегенмен аудан 808 адамды ақылы қоғамдық жұмысқа тартқан. Бүгінде аталған тұрғындардың ішінде 116 азамат мерзімі бітуіне байланысты жұмысты аяқтаса, 78-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Қалған азаматтар жұмысын істеп жүр. Олардың арасында жасы 35-ке дейінгі 208 тұрғын бар. – «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 47 адамды бөлу көзделсе, бүгінде 8 бюджеттік мекеме мен жеке секторға 20 адам жіберілді. «Күміс жас» бағыты бойынша бекітілген жұмыс орнына 66 адамға жылдық жоспар бөлініп, 44 мекеменің ішінде келісімшарт жасалып, 69 адам жұмысқа орналасты. 11 азамат өз еркімен жұмысты аяқтап, төртеуі тұрақты жұмысқа қалды. Қалған 58-і жұмысын жалғастыруда. Бос жұмыс орындарына орналасқан 1 533 адамның 625-і әйел, 719-ы 35 жасқа дейінгі жастар. Жалпы аудан бойынша жұмыссыз ретінде ресми тіркеуде тұрған 1 604 адамның ішінде әйелдер – 957, 35 жасқа дейінгі жастар саны – 555, – дейді Ербол Кәрібайұлы. Меркі ауданы бойынша 2022-2025 жылдарға арналған инфрақұрылымдық жұмыс орындарын құру өңірлік картасы аясында осы жылы 50 жобаға барлығы 367 жұмыс орны жоспарланыпты. Оның 135-і тұрақты, 232-сі уақытша жұмыспен қамтылатындар. Бүгінгі таңда аудан бойынша 32 жоба жұмыстарын бастап, онда 232 адам жұмыс атқаруда. Оның 86-сы тұрақты, 146-сы уақытша жұмысқа тұрған. Осы жылдың қыркүйек, қазан айларында қалған 18 жоба іске қосылып, оған 135 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр екен. Меркі ауданында халықты жұмыспен қамту, бос жүрген азаматтарды кәсіпкерлік негіздерінде оқыту, қысқамерзімді оқыту курсынан өткізу, бизнеспен айналысуына жағдай жасау бағытындағы шаруалар ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бұған ауданда екі қолға бір күрек таппай жүргендердің «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қолға алынған құрылыс жұмыстарында еңбек етуі, оның ішінде жаңадан салынатын нысанға қолғабыс етуі, жол жөндеу жұмыстарына жұмылдырылуы дәлел бола алады. Нұрым СЫРҒАБАЕВ